Белгілі қазақ олигархы "зорланған" баланы өз қамқорлығына алды
2018 ж. 17 наурыз
27852
60
Қазақстандық кәсіпкер, еліміздегі ең ірі BI Group құрылыс компаниясының төрағасы Айдын Рахымбаев Сарыағашта "зорланған" баланың ісіне араласты. Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталының тілшісі хабарлайды.
"Аналар үйі" қоғамдық қоры Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев баланы өз қамқорлығына алғанын және оның толық қауіпсіздікте екенін айтты.
"Міне, енді бала шынымен толық қауіпсіздікте, ол өзінің анасымен бірге біздің "Аналар үйінде", оның күзету мейлінше күшейтілген!!! Баланы дені сау емес З. Балиева тәтеден әрең алып қайттық, бір таңғаларлығы Астанада баланы ОҚО-дан келген полицейлер күзетіп, бізге бергісі келмеді", - деп жазды ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Еске сала кетейік, осыған дейін Сарыағашта әжесі немересінің жоғары сынып оқушылары тарапынан зорлық көргенін айтқан болатын. Алайда, жергілікті медициналық сараптама бұны теріске шығарға. Кейіннен бұл іске қоғам белсенділері араласып, балаға тәуелсіз медициналық сараптама жүргізуді ұсынды. Аружан Саин бастаған белсенділер баланы Алматыға алдырмақ болды. Алайда, әжесі мен баласын жергілікті полиция қызметкерлері поезға отырғызбай, бөлімшеге алып кеткені хабарланды. Кейін балалар омбудсмені Зағипа Балиева Шымкентке ұшып, баланы Астанаға алып кеткенін айтты.