Салпаңқұлақтардан сақтаныңыздар!!!
2009 ж. 08 қараша
35983
9
Бүгінде тапсырыс бергендердің табанын жалайтындар түк таппаса, дастархан басындағы үйішілік әңгімелерді де саясатқа пайдалана бастады. Олар үй аралап, көлік жағалап, ел адақтап жүріп, есіктен сығалап, тесіктен тыңдап, ойдан-қырдан естігенін жоғарыға немесе арнайы органдарға жеткізумен айналысуда.
Тіпті көше парақшалары емес, өздері жұмыс істейтін кәдімгі заңды куәлігі бар басылымдарға да басындағы қияли сандырағын басып жіберетін салпаңқұлақтар шыға бастады. «Бұның не? Бұл қай сандырағың? Еркекке ұқсайтын еді ғой ұсқының? Сотқа берсем, қайтесің?» – дегенде: «Қағыс естіп қалып, шатасып кетіппін...» деп, салпаң құлағы салбырап тұра берсе, таң қалмай-ақ қойыңыз. Қазақтың «қатын қағыс естиді» деген мақалын оларға қайталап, қайран сөзді қор қылудың қажеті жоқ екенін де сезінесің. Ал сондай жел сөздердің өзін желпініп отырып, газетіне басатындардың басшысы қағыс еститіндердің қатарында болса да, жеп отырған нандарын адалынан жеу керек емес пе? – деп те ойға батасың. Тіпті оның: «мен сияқты белгілі бәлеқордың алдында бәленше мынадай әңгіме айтыпты» дегенге ел сене қояр ма екен?» – деп ойлауға да санасы жетпейтініне таң қаласың. Шамасы жоғары лауазымды шенеуніктердің әңгімесін жасырын жазып алып, Рахаттанатындарға ессіз еліктейтін байғұс болса керек… Өздерінің әдістері де қарапайым. Бес-алты адам оңаша әңгіме айтып отырған жерге шай сұрап па, нан сұрап па, есіктен сығалайды. Қазақ болған соң төрге шақырасын. Ал оның асыңды ішіп отырып, рахаттана аяғыңды теуіп отырғанын – шала-пұла естігендерін өңін өзгертіп пайдаланатынын ол кезде байқамауың да мүмкін… Төменетектінің өзі ұялатын төменге дейін түскен... ол енді тіпті төсек астына кіріп, тың тыңдап, еркектердің оңашадағы серіліктері мен әңгімелерін де ар-ұяттан азат басылымына жариялап жатса, талып қалмай, дайын болыңыз...
Әрине, бұндай тапсырыстардың соңында кім тұрғанын жақсы білесің... Ұлы ақын Пушкиннің өзіне негізсіз жала жапқан жалақорға: «салбыраған құлағыңнан таныдым» – дегеніндей, жылмиған рәпаты елестейді. Абайға Оразбайдың қамшы сілтегенін де білеміз. Ондай ораздардың оразасы барларға ор қазуы бүгін де жалғасып жатыр... Әркімнің аузын аңдып, күткеніндей сөз шықпаса, ойындағысын қосып жіберетін және онысын қарғыбаулы шынжыры сылдырлап жүрсе де, «шындықты жариялау» деп түсініп, ресми сөз бен жел сөзді айыруға сауаты да, ары да жетпейтіндер аз емес. Олар дәл қазір тіміскіленіп, иісшіл иттей құлағы салбырап, сіздің де қасыңызда отыруы мүмкін... Сондықтан, салпаңқұлақтардан сақтаныңыздар!
Қазыбек ИСА