"Біздің елде екі тілді білуге міндеттісің!" - Қандасқа қыр көрсеткен кім?

Алматыда мемлекеттік тіл төңірегінде дау шықты. Қалада қатынайтын қоғамдық көліктердің бірінде орын алған жанжал туралы белгілі заңгер Ләззат Кендебайқызы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.

Адвокаттың жазуынша, Салтанат Ташимова есімді белсенді қоғамдық көлікті жүргізуге орыс тілін білетін адамдарды қызметке алу керек деп шу шығарған.

- Маған қазір Алматыдағы таксопарктен хабарласты. Полиция қызметкерлері аталған таксопаркке келіп, 207 санды, 889-шы нөмірлі автобус ішіндегі видеобақылау камераларын іс материалдары ретінде алып кеткен. Автобус жүргізушісі Қастер Серік есімді шет елден оралған қандасымыз екен. Орыс тілін білмейді. Әлгі қоғам белсендісі (өкінішке қарай, ол да өзіміздің қандас) Салтанат Ташимова таксопарк басшылығына “неге жұмысқа орыс тілді білетін жүргізушілерді қабылдамайсыңдар?” - деген айып тағып отыр екен, - деп жазды Л. Кендебайқызы.

Сонымен қатар, жазба авторы бұл талаптың заңға мүлдем қайшы екенін де тізбектеп тұрып оқырмандарға жеткізді.

- Біріншіден, Конституцияның 19-шы бабында тіл таңдау еркіндігі, яғни елімізде өмір сүретін кез-келген азамат өзі еркін сөйлейтін тілде жауап беруге құқылы екендігі көрсетілген. Екіншіден, оқиға Ресей мемлекетінде емес, Қазақстан Республикасында, яғни жергілікті ұлт - қазақтар болып табылатын мемлекетте орын алып отыр. Үшіншіден, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі - орыс тілі емес, ҚАЗАҚ ТІЛІ! - деп жазды ол.

Атап өту керек, бұл оқиғадан кейін адвокат жергілікті учаскелік полицейге хабарласып, істің мән-жайын анықтап беруді сұраған екен.

- Учаскелік полицеймен хабарластық. Талғар ауданына қарасты бір елді-мекеннің (атауын ұмытып тұрмын, оқиға болған жер) полиция бөлімшесінің қызметкері Думан деген жігіт екен. “Автобус жүргізушісіне, таксопаркке қатысты арыз түсірген жоқ, Ташимова сол жерде қақтығысқан апайға қатысты арыз түсірді” - дейді полиция қызметкері. - Қазіргі таңда сараптама тағайындалып, қорытындысын күтіп отырмыз, қай баппен қозғайтынымыз содан кейін белгілі болады” - деген жауап алдым. Апайдың да нөмірін алып, сөйлестік. Ол кісі де қоғам белсендісінің үстінен қарсы арыз түсіріпті. Қысқасы, қоғамдық орындағы екі әйелдің қақтығысы ретінде әкімшілік материал боп тіркелген болып тұр.

Ал Қастердің айтуынша, учаскелік полицей оны бөлімшеге апарған, сұрақ-жауап алған, автобустың ішіндегі видеокамераны тәркілеген. “Біздің елде екі тілді (қазақ, орыс) білуге міндеттісің” - депті. Мен ол кісіден “біздің мемлекетте міндетті түрде орыс тілін білу керек деген заң нормасын көрсетіңізші”- деп едім, “олай деген жоқпын, дұрыс түсінбеген болар” - деп, ат-тонын ала қашты. Мәселе дау шығаруда емес, намыссыздығымызда болып тұр ғой. Соған күйінесің. Осы оқиғаның ішінде қазақтан басқа ұлт өкілі жоқ. Бәрі өзіміздің қаракөздер. Шет жерден ата-бабамның жері, отаным деп келген қандастарға өз елімізде тұрып, “орысша білуге міндеттісің” - деп өзіміз-ақ апшысын бидайдай қуырып, шеттетсек, басқа ұлт өкілдеріне, Боратқа не деп өкпелейміз?.. - деп жазды адвокат Ләззат Кендебайқызы.

Қазақ үні