Әлімхан Әбжанов: Қазақша баяндама жасағаным үшін лауазымды шенеунік мені "тупой" деп атады
2020 ж. 19 маусым
8844
0
Бүгінде шымкенттік режиссер Серік Таласовтың «Жезөкше» бейнебаяны әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп жатыр. Қысқа киім туралы таласқа толы сол бейнебаян үшін қоғам қолдайтындар мен қолдамайтындар болып екіге жарылды. Ал намысымызды таптады деп реніш білдірген кейбір қыздар флешмоб ұйымдастырып, әлеуметтік желіге өздерінің қысқа киген суреттерін салуды бастап та жіберді. Кейбір шенеуніктер аталмыш бейнебаянға байланысты өз пікірлерін білдіріп те үлгерді. Олардың сөз сарынына қарасақ, мұндай бейнебаяндар жариялау дұрыс емес секілді. Ал елге белгілі кейбір азаматтар бұл мәселеге бейжай қарай алмай салиқалы пікірлерін айтып жатыр. Солардың ішінде «Ақжол» партиясының Шымкент филиалының төрағасы, ішкі істер органдарының ардагері Әлімхан Абжанов та бар.
Әлімхан Досыбайұлы "Қазақ үні" ақпарат агенттігіне келелі сұхбат беріп, қоғамдағы көптеген өзекті мәселелерге қатысты жауап берді.
«Жезөкшеден» кейін көшені жаяу араладым
– Әлімхан Досыбайұлы, Серік Таласовтың аты шулы «Жезөкше» бейнебаяны сізге қалай әсер етті?
– Қоғамда әйел қауымының қысқа киім кию мәселесіне қатысты екіұдай пікір бұрыннан бар. Сол мәселені режиссер бейнебаян арқылы түсінікті әрі көркем жеткізе білген.
Расында, бейнебаяндағы қыздың үстіндегі киім – жезөкшелер киетін кебін. Мен ширек ғасырдан астам уақыт полицей лауазымында қызмет еткен адаммын. Жеңіл жүрісті қыздардың бейәдеп іс-әрекеттерін шектеу мақсатында рейдке талай шыққан кезіміз болды. Сонда байқағаным, жеңіл жүрісті қыздардың барлығы бейнебаяндағыдай қысқа киім киіп жүретін. «Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек» киінген жезөкшелерді көрмеппін сол кезде. Бәлкім, ол кез сондай заман ба еді, білмедім. Әйтеуір, менде сондай түсінік қалыптасты. Содан осы бейнебаянды көргеннен кейін, расында ибалы қыздар да қысқа етекті көйлек кие ме деп, Шымкент қаласының көшелерін жаяу аралап шықтым. Олай емес екен. Екі жүз қыздың ішінен біреуі ғана «мини юбка» киіп алыпты. Қуандым. Шымкенттің қыздары мұндай жеңіл киімге әуес болмай шыққанына әсте тәнті болдым.
Шала қазақтардың үймелеген жері – билік
– Сонда қыз тәлім-тәрбиесі туралы жеткізгісі келген бейнебаянға қарсы шығып жатқандардың дені шала қазақтар мен ада қазақтар болғаны ғой.
– Солай десек те болады...
Мен Қазақстанның көптеген жерін араладым. Қазақтың қаймағы бұзылмаған қалалар жетерлік. Шала қазақтардың шоғыры жиналған негізгі қала Алматы ма деп қалдым. Сосын шала қазақтардың жиналған жері билік екен деген қорытындыға келдім. Сол бейнебаянға қарсы шығып жатқандардың көбі – орыстілді қазақтар, әсіресе, орыстілді қазақ әйелдері. Неге? Себебі дәстүрден ада. Статистикаға қарасақ, елімізде ажырасқандардың көбі орыстілді қазақтар екенін түсіну қиын емес. Өйткені әдет-ғұрыпты білмейді. Ұлттық құндылықтан жұрдай. Бір қызығы, ондайлар орысша сөйлегенімен орыс ұлтының әдет-ғұрпын ұстап та жүрген жоқ. Олар өздерін «современный» адамбыз деп танауын көкке көтереді. Күлкілі. Күлкілі емес-ау, сорақылық. Өз ұлтының құндылықтарынан баз кешкен адам тәлім-тәрбиеге, ізгі дүниелерге арқасын береді. Ондай типтегі адамдарды мемлекеттік қызметтен аластату керек деп ойлаймын. Бұл туралы ұлтымыздың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай: «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды» – деп айтқаны бар.
Билік оларды «байлап-матап» отыр
– Әлімхан Досыбайұлы, ұлттық құндылық деп қалдыңыз. Сіздіңше, сол айтып жатқан ұлттық құндылық дегеніміз не? Оның құнын қалай айқындаймыз?
– Әрбір халықтың мыңдаған жылдық тарихи өмірінде қол жеткізген ең құнды дүниелері бар. Олар – рухани қасиеттер, моральдық нормалар. Олар ұлттың статусын айқындайды. Осылар арқылы мемлекет ұлттық идеяны қалыптастырады, жүзеге асырады. Ұлттық идеясы жоқ елдің болашағы – бұлыңғыр. Қазір елімізде ұлттық құндылықтар негізінде жасалған ұлттық идея жоқ. Оған Серік Таласовтың аты шулы бейнебаяны дәлелдеп берді. Қоғам ақ пен қара болып екіге жарылды. Сондықтан да біздің мемлекет бұл мәселеге салғырт қарамай дереу ұлттық идеяның негізгі бағыттарын жасап, жүзеге асыру қажет. Мәңгілік ел боламыз деп шулап жүрміз. Ал Мәңгілік ел болу үшін сол елдің жері, ұлттың төл тарихы, мәдениеті-дәстүрі және ана тілі айқындалу керек. Біздің билік осы құндылықтарды «байлап-матап» отыр.
Бейнебаянда режиссердің көтерген мәселесінің негізі қыздың киімінде тұрған жоқ. Одан да тереңде жатыр. Сол жағдай мемлекеттен қазақтың ұлттық
құндылықтарын жаңғыртуды, өзінің ішкі және сыртқы саясатын ұлттық сипатта жүргізуді талап етіп тұр. Барлық мемлекеттің өзіне тән ұлттық сипаттағы саясаты бар. Мәселен, Германияда неміс тілін білуің шарт. Ал Ресейде орыс тілінсіз, Чехияда чех тілінсіз, Қытайда қытай тілінсіз күн көру қиын. Барлық елде осындай. Ал Қазақстанда неге бұлай емес? Сондықтан мемлекет саясаты ұлттық сипатқа ойысу керек. Ол үшін мемлекеттік қызметтерге ұлттық құндылықтардан тамыр алған, қазақтың тарихын, тілін құрметтейтін мамандарды тарту керек деп ойлаймын.
Бұлар елдің санасын улап жатыр
– Кейбір елге танымал адамдар қазақта мемлекет болмаған, тіпті тарихы, жазуы жоқ деген сықылды пікірлер айтып жүр. Ал кейбір шенеуніктер ұлттық құндылықтардан мүлде мақұрым. Тіпті арасында ана тілін білмейтіндер де бар. Бұған не дейсіз?
– Қазақтың тарихы тайға таңба басқандай айқын. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Өзім тарихи, тағлымды кітаптарды оқуға әуеспін. «Шахнамадан» бастап Мұрат Аджидің кітаптарына дейін оқып шыққанмын. Алғаш өркениет іргетасын біздің бабаларымыз қалаған. Бізден тәлім-тағлым алмаған әлемнің бірде-бір жұрты жоқ. Батыстың грек, латын, герман, ағылшын, француз, орыс секілді халықтары, Оңтүстіктегі парсылар, арабтар, еврейлер, Шығыстағы қытай, үнді, жапон, корей сынды жұрттар біздің бар мәдениетімізді, өркениетімізді алды. Өнерімізді, жазу-сызуларымызды меңгерді. Ашқан жаңалықтарымызды игерді. Ғалымдардың дерегі бойынша, Ресейдің іргетасын қалаушылардың 99 пайызы түркілер болған екен. Сол орыс тіліндегі көптеген сөздер – біздікі. Қазына, багадыр, арбат, деньги, таможня, ямщик, ямской сынды протоқазақ сөздері орыс тілінде сақталған деп жазған тарихшы Лев Гумилев.
Халықаралық генография жобасы бойынша жүргізілген зерттеулерге сәйкес, алғашқы адамдардың бірі Шығыс Африкада дүниеге келген. Осыдан 65 мың жыл бұрын сол адамдардың үлкен бір тобы қазіргі Қазақстан аумағына келгенін дәлелденді. Содан соң Еуропаға, Америкаға, Азияға тараған. Міне, осыған қарасақ, адамзат өркениеті қазақтың даласынан бастау алғанын түсінуге болады. Қазақ – қарашаңырақта қалған жұрт. Сондықтан оның тарихы жоқ деу – білімсіздік.
Осы жерде айта кететін мәселе, жоғарыда айтып өткен тың тарихи деректерді еліміздегі телеарналар көрсетпейді, басылымдар жазбайды. Қазір арналардағы бір тиынға пайдасы жоқ бағдарламалардың көптігінен жаңыласың. Ұлттық идеологиямыздың әлсіздігінен «сымақтардың» дәурені жүріп тұр. Ал «Нұр кз», «Тенгриньюс», «Стан кз» деген сайттардың ақпараттары жағымсыз, бейәдеп, қылмысқа толы. Атып кетіпті, зорлап қойыпты, тонапты, ұрлапты сарындағы жаңалықтарға бейім мұндай сайттарға заңмен тиым салу керек. Әйтпесе, елдің санасын улап тынатын болды. Олар неге жағымды, тәлім-тәрбие туралы ақпараттарды жазбайды? Мемлекеттен қаржы алып отыр емес пе? Бұл сайттар режиссердің сол бейнебаянын сынаушылардың қатары көп деп ақпарат беріпті. Олай емес, керісінше, қолдайтындар саны тіпті көп. Міне, олар осылай өтірік ақпарат беріп, елді алдайды. Үкімет сондайларға қыруар қаржы бөліп жатыр. Осыған қарасаң, Қазақ елінің тарихын насихаттап, өскелең ұрпақты ұлтжанды етіп тәрбиелейтін, әрқашан мемлекеттік мүддені көздеп, мемлекеттік тәуелсіздігіміздің мәңгі баянды болуын насихаттайтын дүниелерге биліктің өзі қарсы шығып, жөргегінде тұншықтырып жатқандай. Жас ұрпақ тарихты тану арқылы ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді емес пе? Халық батыры Бауыржан Момышұлы: «Біздің тарихымыз батырға бай тарих, халқымыз батырлықты биік дәріптеп, азаматтық пен кісіліктің символы, үлгісі санаған. Батырлық деген, ерлік деген ұрпақтан ұрпаққа ата дәстүр болып қала бермек. Өткенін білмеген, тәлім – тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы – тұл, келешегі тұрлаусыз. Біздің қазақ халқы – батыр халық», – деген екен. Сондықтан ұрпақты отаншылдыққа, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастыққа, адалдыққа, шыншылдыққа, өз мүддесін ел мүддесінен жоғары қою сияқты қасиеттерге тәрбиелеу мемлекетке, қала берді, әрбірімізге парыз болу тиіс.
Жалғызбастылық – жаман «мода»
– Иә, қазақ «тәрбие басы – талбесік» деп жатады, қала берді «Ұлтыңды сақтаймын десең қызыңды тәрбие» дейді. Ал ағайынның арасын жақындатып, ерінің мерейін үстем етіп жүретін әйел қауымы ұялмайтын ұрпақ тәрбиелейтіні де шүбәсіз. Бүгінде сол әйел қауымына берер бағаңыз қандай?
– Жалпы, тәрбие iсi – мемлекеттiк iс. Оған бейжай қарауға болмайды. Өйткені, отан отбасыдан басталады. Жеткіншектің тұлға болып қалыптасуына ата-ана, ауыл аймағының ықпалы зор. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады десек те ол күллі қоғам жұмылатын іс деп ойлаймын.
«Қызға қырық үйден тию» деген сөз бар қазақта. Тәрбие абыройыңды жауып, дұрыс киінуден, яғни тыйым салудан басталады. Дұрыс тәрбие көрген қыз дұрыс жігітті таңдап, тұрмысқа шығады. Қазір не Құдайдың, не Үкіметтің некесінде жоқ жастар бірге тұрып, отбасы құра беретін болды. Әйел балалы болған соң екеуі түк болмағандай екіге айырылып кете береді. Мұндайларды көргенде бұл неғылған неке деп шошисың.
Мен білетін бір компанияда жасы 35-ке келген бір бухгалтер әйел бар еді. Сол бірге жұмыс істейтін құрбысына «сенің күйеуің әдемі, маған бере тұршы, бала туып алайын» деп ұсыныс айтқан екен. Бұл неткен шектен шыққан азғындық десеңізші! Кейін сол әйелдің дегеніне ақыры жеткенін естідім. Тұрмысқа шықпай бейтаныс еркектен бір бала туып алыпты. Арсыз адам арсыздығын жасайды емес пе. Кейін сол бухгалтер әйел ақша ұрлап, істі болған соң жұмыстан шығып кетіпті.
Жалғызбасты ана деген қазақта болмаған. Орыстардан келген бұл жаман «мода» қазақтың қанына сіңіп барады. Мұндайларға мемлекет түрлі көмектер беріп, қолдау жасап жатыр. Әлгі қысқа юбканы қолдайтындар осындай «құтырған» әйелдер деп ойлаймын. Әрине, ибалы, иманды қазақ әйелдері де баршылық. Еркекпен құқығым бірдей демей, ұл-қызын тәрбиелеп, ерін құрметтеп отырған қазақ әйелдеріне алғысым шексіз. Ондай әйелдер кез келген еркектен биік деп ойлаймын. Өйткені, әйел – өмірге адам әкелетін тұлға. Олардың ер азаматтан артықшылығы сонда. Кез келген мықты еркектің өзі әйелдің алдында осы жағынан әлсіз. Сондықтан ондай қазақ әйелдері барлық құрметке лайық.
Ажырасқандардың ақылы елге қажет пе?
– Қазір қоғамда ажырасу үрдіске айналып бара жатқандай. Кейбір шенеуніктердің, елге танымал адамдардың отбасылық өмірі оңып тұрмаса да елге тәлім-тәрбие туралы мораль айтып жатады. Бұл қаншалықты әділ деп ойлайсыз?
– Жалпы, өз басым ажырасуға қарсымын. Әулетімізде ажырасқандар жоқ. Балам үйленгенде оған келіншегіңе кет дегенді ұмытасың, келінге кетемін дегенді ұмытасың деп талап қойдым. Әулетінде бір адам ажырасса, біз не қызын алмаймыз, не қызымызды бермейміз. Бұл – әулетімізде қалыптасқан дәстүр.
Менің қайынжұртымда он жан бар – 4 қыз, 6 бала. Олардың әрқайсысында 5-6 баладан бар. Баламның бөлелері – 40 шақты. Олардың ешқайсысы ажыраспаған. Сосын бір класта 54 бала мектеп бітірдік. Құрдастарымның үйленгендері үйленіп, тұрмысқа шығатындары тұрмысқа шықты. Олардың арасында бірде-біреуі ажыраспаған. Қазір барлығы үйлі-баранды болып отыр.
Бүгінде Шымкенттегі Абай ауданының соты бір жақсы үрдісті бастады. Екі жасты ажырататын сот болған соң Сайдыбаттал Тоқбергенов деген судья ел ішіндегі игі жақсы азаматтарды медиаторлыққа тартып, көптеген жастардың ажыраспауына себепкер болып жатыр. Осы игі бастамадан кейін ажырасу 40 пайызға дейін азайған екен.
Десек те көптеген шенеуніктердің ішінде ажырасқандар, ұл-қыздары «норкаман» болып кеткендер жетерлік. Мұндай шенеуніктер ешкімге үлгі емес. Елге тәлім-тәрбие туралы ақыл айтуға моралдық тұрғыда хақысы жоқ деп ойлаймын. Ондай адамдарға білдей мекемені, министрлікті басқарту дұрыс емес. Меніңше, Кеңес одағы кезіндегідей мемлекеттік қызметшілердің отбасылық әдебін қайта енгізу керек сияқты. Ол кезде ажырасу, жеңіл жүріспен айналысу секілді жайттар жоқтың қасы еді. Бұл Кеңес одағының үлгі аларлық жақсы жағы еді. Осы үрдісті мемлекет қайта қалыптастырса, онда оң нәтиже болатына сенімдімін.
«Махалланың» мақсаты зор
– Көрші Өзбекстанда Отбасы істері министрлігі бар екен. Бізге де осындай министрлік қажет шығар?
– Әрине. Осыған байланысты кезінде Президентке хат жазғанмын. Хатта Өзбекстандағы «махалла жүйесін» мысал еттім. Сол махаллалық бір бала оқуға түсетін болса, махалла төрағасынан мінездеме, малы-мүлкі туралы анықтама алады. Ол жақта махалла төрағасынан бастап ақсақалдарға дейін тәрбие мәселесімен айналысады. Сондықтан болар махалла төрағасының, өзбек ақсақалдарының ел ішінде абыройы жоғары.
Өзбекстанда қазір қылмыс азайған. Кеңес дәуірінде Өзбекстанда Қазақстаннан қарағанда қылмыс көп болатын. Тәуелсіз алған соң Ислам Кәрімов «махалла жүйесін» орнатқан соң қылмыс азайды. Қазір Өзбекстанда 40 мыңнан астам махалла бар. Оларды Отбасы істер министрлігі біріктіреді. Ұлттық құндылықтар негізінде жасалған осындай жүйе бізге де керек. Ұлы Абай атамыз: «Балаға мінез үш алуан ортадан жұғады: біріншісі – ата-анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – араласқан
достарынан» деген екен. Ұрпақ тәрбиесіндегі ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрі мен тағылымдарын, мәдениетін, тарихын насихаттамай келер буынға дұрыс тәрбие-тағылым беру мүмкін емес. Сондықтан ұлттық құндылықтармен тәрбиелеу – қазір өмір талабы және қоғам қажеттілігі.
Қазақша таза сөйлейтін адам – «тупой»
– Оныңыз рас. Өзбекстанда тәрбие ісі мемлекет бақылауында. Соның әсері де болар ол жақта халық саны жыл сайын артып жатыр. Тіпті оларда тіл туралы мәселе де жоқ. Осыған қарасақ, өзбектерде бізден гөрі ұлттық иммунитет күшті сияқты.
– Солай десек те болатын шығар. Біз де тәуелсіздік алғаннан бастап ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртуымыз керек еді. Әлде де кеш емес.
Бірде жұмысқа Рязань қаласынан орыстың бір жас қызы келді. Ол екі қазақтың орысша сөйлесіп жатқанын көріп таң қалған. «Бұл қазақтар бір-бірімен неге қазақша сөйлеспейді? Ал қазақша сөйлейтіндердің өзі орысша қосып сөйлейді екен» дегеніне не дерімді білмедім. Бірақ Қазақстанда тұратын көптеген өзге ұлттардың өкілдері қазақша сөйлейді. Мәселен, менің көлік жүргізушім Виталий – неміс ұлтынан. Қазақша менен артық білмесе, кем білмейді. Біздің елге ақыл айтқыш көп зиялыларымыз, депутаттарымыз, министр, әкімдеріміз, өнер жұлдыздарымыз, мемлекеттік қызметкерлеріміз Мемлекеттік тілді қорғауға қорқып отырғанда, менің неміс жүргізушім Виталий Шредер Мемлекеттік тіл туралы заңды талап еткен "Қазақ үні" сайтындағы 121 мыңнан асқан Ашық хатқа қол қойды!
Мұндай қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері жұмыста жетерлік. Ал шовинистік пиғылы бар кейбіреулері ғана қазақша әдейі сөйлегісі келмеді. Сосын сөйлегісі келмейтіндер – орысша оқыған қазақтар. Сол орысша сөйлейтін қазақтар өздерінше жеке ұлт болып қалыптасып келеді. Түрі қазаққа ұқсайды, бірақ тілі – орысша. Оларды не орыс, не қазақ дей алмайсың. Ондайларды не орыс қоспайды, не қазақ қоспайды. Екі ортадағы бір дүбәрә дерсің. Қазір билікте солардың көбі отыр. Олардың ұғымы бойынша қазақша таза сөйлейтін адам – «тупой». Мен қызметте жүргенде әлдекімдер маған солай айтқаны бар.
– Сізге «тупой» деп айтқан ба сонда?! Неге?
– Мен облыстық ішкі істер департаментінің басшысы болып жүргенде Астанаға барып, Ішкі істер министрлігінде қазақша баяндама оқыдым. Сол кездегі басшы орынбасарларының біріне: «Неге қазақша баяндама жасаған? Орысша білмейтін «тупой» ма өзі?» деген ғой. Бұл он жыл бұрын болған жағдай. Мұндай басшылар қазір де бар.
«Современниміз» деп елді бүлдіріп жатыр
– Осындай шала қазақтар мен ада қазақтардың кесірінен мемлекеттік тіл дамымай жатқаны анық.
– Тіл ғана емес, демография да өспей жатыр. Мен сізге нақты нәрсені айтайын. 2012 жылы Белоруссияға іс-сапармен бардым. Кеңес одағы ыдырағанда ол елде 12 миллионға жуық адам тұрған екен. 20 жылда 2 миллионға азайған. Белоруссияда не соғыс жоқ, не дағдарыс жоқ. Бірақ халық саны азайып жатыр. Мектепте оқитын балалар саны жетіспейді. Бір мектеп директорымен сөйлестім. Ол мектепке 2004
жылы директор болып келген екен. Ол сол кезде мектебінде 435 бала оқығанын, ал 2012 жылы 170 бала оқып жатып жатқанын айтты. Мектептегі балалар саны 8 жылда үш есе азайған. Сол мектеп жабылуға жақын. Бір таңқаларлығы, 2012 жылға дейін Белоруссияда 30 жылда 1-ақ мектеп салынған екен. Ал бізде 800-ден астам мектеп салыныпты.
– Бұның сыры неде?
– Бұл гендерлік саясаттың кесірі. Бұл большевиктер билікке келіп, әйел мен еркекті тең деген ұраннан бастау алған. Белоруссияның Катын деген жеріне бардық. Соғыс кезінде фашистер 40-тан астам үйді адамымен қоса түгел өртеп жіберген екен. Сол жердегі тақтайшадан әр отбасында 7-8 баладан болғанын оқыдым. Соғысқа дейін белорус әйелдері көп бала тапқан. Ал қазір бір-екі баладан аспайды. Ажырасу көп, байсыз жүрген әйелдер одан да көп. Оның арты ұлттың жойылуына әкеледі. Қазір олар 8 миллион болса, 20 жылдан соң тағы 2 миллион қысқарса, 6 миллионға бір-ақ түседі. Бұлай кете берсе, белорус ұлты соғыссыз-ақ жойылады. Халық көбеймесе, адам болмаса мемлекеттің қажеті не? Мұндай жағдай Ресейде де бар. Бұл елде кавказдықтар мен ортаазия халықтары қаптап жүр. Таксист болып жүргендер – кавказдықтар, сауда орындарында жүргендер – кілең қырғыздар, құрылыс пен қара жұмыста жүргендер – тәжік пен өзбектер. Орыстар «современный» болып не ұтты? Ештеңе. Сондықтан қазақ көбею керек. Кең байтақ жерді ата-бабаларымыз бізге қалдырып кетті. Халық болмаса, бұл жердің иесі кім болады?
Құдайға шүкір, Оңтүстікте, Шымкентте қазақтардың өсімі жақсы. Неге? Өйткені, біз «современний» емеспіз, сондықтан өсіп жатырмыз (күлді).
Бізде әдет-ғұрып, қазақы дәстүр сақталған. Әулет деген ұғым бар. Әулеттегі әрбір адамның тағдыры бәрімізге ортақ. Әулетте біреу үйленемін десе, үлкендер жағы міндетті түрде араласады. Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов: «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деген екен. Осы бір ауыз сөздің өзі көп нәрсені меңзеп тұр емес пе?
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Тимур Ахан,
Қазақ үні