Әкім сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілік туралы ескертілді
2020 ж. 10 қаңтар
2406
0
Мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың алдын алу және ескерту мақсатында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті өңірлік Ақпараттық-ағартушылық штабымен бірлесіп Зеренді ауданы әкімінің аппаратында семинар-кеңес өткізді, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігінің тілшісі.
Семинар барысында Департаменттің алдын алу және парасаттылық басқармасының басшысы Бақытжан Әмірханов сөз сөйлеп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басым бағыттары туралы айтып, қатысушыларды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасына жаңа түзетулер туралы хабардар етті.
«Осы жылы Штабтың жұмысы Зеренді ауданынан басталғаны кездейсоқ емес. Өздеріңізге белгілі, өткен жылы пара алғаны үшін Зеренді ауданының бұрынғы әкімі мен оның орынбасарлары сотталды. Сондықтан, бірінші басшылардың бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін дербес жауапкершілігіне, сондай-ақ ұжымда алдын алу шараларын дұрыс қолданбағаны үшін жауапкершілігіне қатысты жаңашылдықтар туралы мәселе осы ауданда ерекше өзекті болып отыр», - деп атап өтті Бақытжан Әмірханов.
Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік пен парасаттылықты қалыптастыру туралы облыстық Ақпараттық-ағартушылық штаб мүшесі, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Ақмола облысы бойынша филиалының директоры Белла Газдиева сөз сөйледі.
«Қазіргі уақытта мемлекет қоғаммен өзара іс-қимылдың, әкімшілік кедергілерді қысқарту мен жұмыс сапасын арттырудың жаңа жолдарын ашады. Мемлекеттік аппарат пен қоғамның тығыз ынтымақтастығын құру сыбайлас жемқорлық көріністері жоқ күшті мемлекет құрудың негізгі факторы болып табылады. Бұл орайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы құқықтық, әлеуметтік және мәдени аспектілер туралы азаматтарды ақпараттандыру және ағарту бойынша кездесулер өткізу қажеттілігі туды. Ол үшін республикалық және аймақтық деңгейде Ақпараттық-ағартушылық штаб құрылды», - деді Белла Газдиева.
Сондай-ақ спикерлер әрбір мемлекеттік қызметші өз ойын, мінез-құлқы мен іс-әрекеттері үшін жауапты болуы, ең алдымен өз алдында адал және лайықты болуы тиіс екенін атап өтті.
Сонымен қатар, кездесуге қатысушыларға Департаменттің «Бізге ақша емес, әке керек, бізге ақша емес, ана керек!» атты парақорлықтың алдын алуға бағытталған бейнематериал көрсетілді.
Кеңес соңында Зеренді ауданының әкімі Бауыржан Ғайса мемлекеттік қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша барлық қажетті шаралар қабылданатынын, сондай-ақ Штабтың іске асырылып жатқан бастамаларын қолдайтынын баяндады.