Сот Әбішевті күзетпен ұстау шарасын өзгертпеді
2019 ж. 27 қараша
4593
19
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Ислам Әбішев ісіне қатысты кезекті сот отырысы өтті. Сот барысында судья Қажымұқан Мекемтас адвокаттардың Әбішев пен Түкиевті "күзетпен ұстау шарасын өзгерту туралы" өтінішін қанағаттандырмады.
Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігіне сот залынан белгілі журналист Өмірзақ Ақжігіт хабарлады.
Судья "күзетпен ұстау мерзімі 15 қыркүйекте біткен және ол дер кезінде создырылмаған" деген адвокаттардың өтінішіне негіз жоқ екенін айтты. Адвокаттардың айтуынша, судья қылмыстық-процессуалдық кодекстің 342-бабына сілтеме жасады, алайда бұл бап мүлде басқа негізді қарастырады екен.
- Сіз біздің айғақтарымыздың бірін де қарамай отырсыз. Өз құзіретіңізді асыра пайдаланып отырсыз, заңды белден басып отырсыз, бұл сіздің жекеменшік сотыңыз емес, бұл мемлекеттің соты. "Мен айттым, мен шештім" дегеніңіз жүрмейді, заңмен негіздеп беріңіз. Сіздің бұл шешіміңіз арқылы сот ретінде жеке өз басыңызға ғана емес, мемлекеттің абыройына нұқсан келтіріп отырсыз!.. Сіз түсіндіруге, сілтеме жасауға міндеттісіз!.. - деп мұндай Қаулы шығарудың себебін сұраған қорғаушыларға судья сот "320, 344-бапқа сәйкес сот қаулы етті" деп ғана қысқа қайырды.