АЛМАТЫ маңындағы КАЛИНИН ЕСКЕРТКІШІ ҚҰЛАТЫЛДЫ

Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау аулындағы М. И. Калининнің ескерткіші құлатылды. Оның орнына "Алаш арыстарына" арналған ескерткіш қойылмақ.

Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігіне "Желтоқсан ақиқаты" қоғамдық бірлестігінің бұрынғы төрағасы Бейсенғазы Сәдуұлы хабарлады.

Тұздыбастаудан өтетін жол бойындағы Калининнің ескерткішін алып тастау туралы бастамалар бұдан бірнеше жыл бұрын көтерілген.  "Желтоқсан ақиқаты" қоғамдық бірлестігі  Калининге арналған ескерткіштің орнына Алаш арыстарыналған  ескерткіш қою бастамасын көтеріп келген.

Еске сала кетейік, бұған дейін "Қазақ үні" ақпарат агенттігі Калинин ескерткішінің алынуы туралы бастаманы бірнеше рет көтерген болатын. Порталда жарияланған "Калинин ескерткіші алынсын!" атты танымал журналист Марат Тоқашбаевтың мақаласы да қоғамды қызу пікірталас тудырған еді.

- Калининге қойылған ескерткіш 2017 жылы алынуы керек еді. "Алаштың" 100 жылдығына арналған ескерткіштің жобасы да дайын болған. Алайда, әкімшілік тарап бұл орынға жол айрығы түседі деп тоқтатқан болатын. "Алашқа" арналған ескерткішті қоюдың сәті бүгін түсіп отыр", – деді қоғам белсендісі Бейсенғазы Сәдуұлы.