Белгілі ақын Қазыбек Исаның өлеңдері өзбек тіліне аударылады

Белгілі ақын Қазыбек Исаның өлеңдері шет тіліне аударылады. Бұл туралы Өзбекстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары, ақын Надиржан Жанұзақ мәлімдеді, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.

Ташкентке жұмыс сапарымен барған Қазыбек Иса Өзбекстан Жазушылар одағының басшылығымен жүздесіп, екі ел әдебиетінің жай-күйі, мәдени байланыстар жөнінде пікір алысты.

Әңгіме барысында Надиржан Жанұзақ "Ешлик" (Жастық") журналының Бас редакторы, талантты ақын, аудармашы Фаxриддин Хайыпқа Қазыбек Исаның өлеңдерін өзбек тіліне тәржімалау керектігін айтып, ақынның кітабын шығаруды жоспарлаға қоюды тапсырды.

- Фаxриддин Хайыптың кабинетінде оның шақыруымен белгілі ақын, аудармашы, қоғам қайраткері Әзім Сүйінмен кездестік. Ол кісі өзбек-қазақ жазушыларының көп жыл байланысы үзіліп қалғанына қынжылып, бұрынғыдан біраз әңгіме шертті. Өзбек жазушылары Надиржан мен Әзім аға Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет ағамызға дұғай сәлем айтты. Әзім Сүйін Ұлағаңмен шетел сапарларында көп болғанын тілге тиек етті. Фаxритдин Қазақстанда ақын Мұратxан Шоқанның жетекшілігімен шыққан өзбек ақындарының "Жүз өлең" кітабын көрсетті, - деп пікір білдірді Қазыбек Иса Ташкент сапары туралы.