Қара Мұстафаның дара немересі

Спорт деген бір сиқыр. Бұл ғажайып әлемге бір қадам басқан адам одан шығып кетуі нейғабыл. Оның жастар мен ересектерді үйіріп әкететін қасиеті бар. Спорттың қай түрі болсын, жақсы мінез қалыптастырып, әдеп пен мәдениетті бойға сіңіріп, сабырлы болуды үйретеді. Қысқасы, салауатты өмір салтына жетелейді. Спортты сүйген адам әлемді сүйеді, жақсы мен жаманды ажырата біледі, ешқашан дөрекілік пен балағаттың боданына тап болмайды. Өйткені, көне замандарда спорттық ойындар қырғи-қабақ соғыстарды да тоқтататын мәртебеге ие болған. Жалпы, спорт – өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін бірден-бір құрал. Ол сергітеді, шынықтырады, күш-қуат береді және болашаққа жолдама сыйлайды. Біз күш атасы – Қажымұқанның тікелей ұрпағы, Азия ойындарының екі дүркін жүлдегері, Қазақстан біріншілігінің 15 дүркін жеңімпазы, Спартакиада чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген жаттықтырушысы, Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері, Шымкент қаласының аға жаттықтырушысы Шаттық Айдарханұлы Қажымұқанмен Шымкенттегі спорт мектептерінің бірінде ұшырастық. Ол халқымыздың тарихында тұңғыш кәсіпқой балуан ретінде есімі алтын әріппен жазылған, тұтас ғұмырын күрес өнеріне арнап, ұланғайыр жері мен өршіл халқын бірінші болып өзге жұртқа танытып, өзінен бұрынғы қандастары баспаған топырақты басып, көрмеген елді көріп, өзге қазақ тақпаған алтын-күміс медальдарды мойнына тұңғыш ілген Қажымұқандай атасының жолын жалғап келе жатқан замандасымыз. – Мен спортқа 1989 жылы келгенмін, – деп ағынан жарылды Шаттық Айдарханұлы. – Республикалық, одақтық, халықаралық жарыстарға қатысып, біраз жетістіктерге қол жеткіздім. 2000-жылдан бері шығыс жекпе-жегінің каратэ-до түрінен бапкер болдым. Біразға дейін бапкерлік жауапкершілікті спортшы ретінде қабат алып жүрдім де, 2006-жылдан бері таза жаттықтырушылыққа көштім. Кішкене шегініс. Әлемнің алтыдан бір бөлігіне билігін жүргізген КСРО деген алып мемлекеттің ыдырауына шамалы уақыт қалғанда, шетелден толып келетін бейнефильмдерді жарыса көретініміз еріксіз есімізге түсіп кетті. Сонда олардың басым бөлігі каратэ-до шеберлері Брюс Лидің, Дольф Лундгреннің, Жан-Клод Ван Даммның, Чак Норристің және басқа да спортшы-актерлардың қатысуымен болатын. Барлық фильмдерді жатқа білетінбіз. Кинодан көргенді қайталап, каратэмен айналыссақ екен деп армандайтынбыз. Өкініштісі сол, ол кездері Кеңес билігі каратэні – аса қауіпті спорт түрі деп, онымен айналысуға мүлдем тыйым салып қойған болатын. Каратэні жан-тәнімен сүйген әуесқой жаттықтырушылар мен шығыс жекпе-жегінің осы түрін меңгеріп алсам екен деп талаптанған жастар заң алдында жауап беріп, қудалауға ұшырайтын. Сол кезден қалып кеткен ерекше қызығушылықтың әсерінен бе, әлде қазіргі жастардың жай-күйі алаңдататындығынан ба – әйтеуір, Қажымұқанның ізбасар немересінің бапкерлік шеберлігін өз көзімізбен тамашалап қайтқанды жөн деп таптық. Қанша дегенмен, жиырма жылдық тәжірибе – құрмет тұтатын беделді салмақ қой! – Иә, 20 жыл ішінде талай шәкірт тәрбиелеп шығардым. Олардың арасында жүздеген спорт шеберлері, спорт шеберлігіне үміткерлер, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері бар. Көптеген шәкірттерім есейіп, отбасы құрып, жұмысбасты болып кетті – енді олардың ұл-қыздары менде жаттығып, маған шәкірт атанып жүр, – деді бір сөзінде Шаттық Айдарханұлы. – Қазір Асадилов Дархан деген шәкіртім биіктерден көрініп жүр, жетістіктері жаман емес, жуырда Олимпиада лицензиясын қанжығасына байлады. Тағы бір шәкіртім – Юлдашев Данияр, Алла жазса, екінші лицензияға қол жеткізеді деген үмітіміз жүректерімізге жылу ұялатады. Осылай біз Шымкент қаласындағы Шәмші Қалдаяқов көшесінің бас жағында орналасқан жаттығу залына барып қалдық. Аулада оншақты жастың жаттығып жүргенін тамашалап, ішке кірдік. Іште бапкер небәрі бес-ақ жас спортшымен айналысып тұр екен – карантиннің қатаң талаптарына сай жаттығуға бес адамнан артық қатысуға тыйым салынған болатын. Қала-облыс чемпионы атағын бірнеше дүркін жеңіп алған бесеудің өнерін бір-жарым сағат тамашалап, тапжылмай бір жерде отырдық. Карате деген – бір ерекше әдемі спорт түрі екен ғой! Әлгі есімізге алған бейнефильмдердегі қимылдар қайта көз алдымызға келді. Тек қана каратэге тән айқайлаудың өзінің бір ерекшеліктері бар екен. Кішкене шегініс. Жалпы елімізде соңғы кездері каратеге деген қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Жас жеткіншектеріміз де көше кезіп кетпей, арақ пен темекіге, ұрлық пен бұзақылыққа қарай бет бұрмай, керісінше спортпен айналыса бастаса, әрине, қоғамның көптеген күрделі проблемалары ұтымды шешімдерін табар еді. Осы орайда, каратенің Олимпиада бағдарламасына қосылғанын, бұл спорт түрінің мәртебесі артқанын алдымен қуана қабылдаған да жастар жағы болды. Өйткені, көптеген спорт мектептері қосымша ашылып, ауыл-қала жастарының спортпен айналысуына мүмкіндік кеңи түсті. Шығыс жекпе-жегінің теңдесі жоқ майталманы Мұстафа Өзтүріктей спортшыларымыз көбейе түссе, бүкіл еліміздің де мерейі үстем болар еді. Айтпақшы, Шаттық Айдарханұлы Мұстафа Өзтүріктің шәкірттерінің бірі. Яғни, қазақ спортының өсу баспалдақтары жақын арада таусыла қоймайды деген сенім бар. Потенциалымыз бен ынта-жігеріміз жеткілікті. Осыған көзіміз жетті. Марат Азамат сияқты екі дүркін Азия чемпионын, халықаралық дәрежедегі спорт шеберін Шаттық Айдарханұлы бірнеше жылдан бері жаттықтырып келеді. Жалпы талпынысы өте жақсы, болашақ әлем чемпионы десе де болады. Жуырда ғана жасы 18-ге толған спортшы күтпеген жерден жаңа сындарға ұшырайды. Өйткені, бұған дейінгі жетістіктерінің бәрі – юниорлар мен кадеттер арасындағы мәртебесі. Кәмелет жасына келгеннен соң, оның спорттағы қадамдары біршама ауырлайды. Өйткені, ол бұдан былай тек ересек спортшылармен күш сынасады. Ал, ересектер арасында 20, 25, тіптен 30-дан асқан тәжірибелі спортшылар аз емес. – Олардың арасында чемпиондыққа бірнеше мәрте қол жеткізген талантты азаматтарымыз бар. Көреміз, қалай болатынын. Кейбір балаларымыз, мәселен, Асадилов Дарханды айтатын болсақ, 18-ге толған кезде ешкімді жатсынбай, ортаға бірден кіріп кетті. Сол сияқты, кейбірі бір жылдан соң, тағы кейбірі – екі жылдан соң, сол сияқты кейбірі – үш немесе бес жылдан соң нәтиже көрсетіп жүреді. Әр спортшының өз ерекшеліктері болып жатады, – деп балалардың бас бапкері өз ойымен бөлісті. Аптасына алты күн бір-жарым сағат уақыт жаттығуға үзбей қатысатын жастарымыз үйлеріне кішкене шаршаңқырап қайтып жатады. Оның үстіне, оқитын сабақтары бар. Сондықтан, олардың көше кезіп, құр уақыт өткізіп, пайдасыз басқа нәрселермен айналысуларына мүлдем мүмкіндік жоқ. Ол аздай, сабақтары нашарлай бастаған жас спортшыларға спорт залына кіруге тыйым салына бастайды. Яғни, каратемен бірге өсіп, каратемен бірге тәртіпке бас иіп келе жатқан бозбалаларымыз – ертеңгі күннің жарқын болашағы десе де, болатындай. Кішкене шегініс. Тақырыпқа шығарылған «Қара Мұстафамыз» – Қажымұқан Мұңайтпасұлының көптеген лақап аттарының бірі. Оның «Ямагата Муханура», «Қызыл бетперде», «Мұқан», «Қара Иван» атануының өзіндік тарихтары бар. Мәселен, «Муханура» деген лақап атты оған Иван Лебедев қойған. Ал, «Қара Иван» деген атты спорттағы бауырлары – Иван Поддубный, Иван Заикин және Иван Шемякинмен бірге өнер көрсеткен кезде «төрт Иван» деп атануы үшін алған. Жаны жай тапқан соң Қажымұқан Шымкенттің іргесінде, үшінші мегаполистен 40 шақырым жерде, Темірлан төңірегінде жерленді. «Қара Мұстафаның дара немересі» деп белгілі бапкер, атақты спортшы Шаттық Айдарханұлын айтып отырмыз. Дара болатыны сол – бүкіл әлемге әйгілі атасының жолын қуған жалғыз ғана ұрпағы. Және жолын қуып қана қоймай, спортшы ретінде де, жаттықтырушы ретінде де халықаралық жарыстарда әжептеуір жетістіктерге қол жеткізген. «Ендігі меже – Олимпиада» деп қояды өзі. Шаттық Қажымұқанның үздік шәкірттерінің бірі, 2002-жылы дүниеге келген Азамат Серікұлы Марат қазір «Мирас» университетінің 2-курс студенті. Индонезияда өткен Азия ойындарында жүлделі екінші орынға көтерілсе, Хорватияда өткен жарыстарда жеңімпаз атанды. Каратемен айналысқанының арқасында Дубай, Хорватия, Түркия, Испания, Германия, Словакия, Чили және басқа да көптеген елдерді аралап, көріп қайтқан жағдайы бар. Иә, мына бозбалалар үшін ата-аналары ешқашан уайым-қайғы жемейтін болу керек. Өйткені, тепсе темір үзетін шағында қолдары жаттығудан, ойлары білім алудан еш босамайды. Яғни, көшеде босып жүрген кей жастардың арасынан біз бұндай азаматтарды кездестірмейтініміз айдан анық. Алла оларға да, оларды осы дәрежеге жеткізген жаттықтырушысына да қуат берсін!..   Әсет ӘССАНДИ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Шымкент қаласы. qazaquni.kz