ӘЛІПБИ АУЫСТЫРУ – ЖАЙ ҒАНА ҚАРІП АУЫСТЫРУ ЕМЕС

Кезінде Халел Досмұхамедов әдеби тілдің дамуы жайлы былай деген екен: «Әдебиет тілінің қаруы – баспа мен мектеп. Баспа мен мектеп деген адам шошынарлық өте қайратты қару. Баспа мен мектепте қолданған тіл елге ақырында сіңбей қалмайды. Мектеп пен баспаның тілі дұрыс тіл болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді; мектеп пен баспадан қолданған тіл шатасқан тіл болса, ол ел – сорлы ел. Бұндай елдің тілі бұзылмай қалмайды». Халел айтып отырған өте қайратты қару «баспа мен мектеп тілі» деп отырғаны ол «жазу тілі». Яғни, жазудың тілді дамытудағы ролі өте жоғары екенін ғалым дөп басып айтып отыр. Бүгінгі қазақ кирилл әліпбиін латын әліпбиіне ауыстыру барысында біз осы Халел айтқан жазудың тілімізді дамытудағы маңызын ұмытпауымыз тиіс. Себебі, жазу дұрыс болса, тіліміз көркейеді, жазу «шатасқан» болса, тіліміз де сорлайды. Жазуымыз дұрыс болмай тіліміз сорлағаны да рас.

Біз қазақ халқы көнетүркілік жазуды, бір кездердегі араб жазуында болғанымызды есептемегенде, жас жазулы елміз. Біздің алдымызда жазу ережелері сан ғасырлар бойы әбден қалыптасқан, кемелденген бай тәжірибелі ағылшын, орыс секілді тілдер бар. Жазу емлелерін қалыптастырған «практикалық» кезеңімізде біз осы тілдердің шылауына ілініп кеттік. Қазақтың ұлттық жазуын қалыптастырған Ахмет Байтұрсынов еді. Әттең, оны ескермедік. Сөйтіп қазақтың ұлттық жазуын емес, үнді- европа тілдерінің заңдылықтарының аясынан шыға алмаған жазу қалыптастырдық. Ол тілдердің жазу теориясы эволюциялық жолмен заңды түрде қалыптасқанын есермедік. Мысалы, алпауыт ағылшын тілінің жазу емлесі тарихта бір-ақ рет өзгерген екен. Оның өзі сонау 12-ғасырда жасалған екен. Содан бері сол ережеге бағынған ағылшын тілінің дыбыстық жүйесі әлденеше ғасырлық өзгеріске ұшыраса да, жазуда сол 12-ғасырдағы ережені басшылыққа алып, жазудың тарихи принципін негізге ала отырып, бірнеше миллионға жеткен халықтың тілдік бірлігін ұйыстырып, диалектілерін жазусыз қалдырып отырғандығымен ұтып отыр. Жазу мен айтудың айырмашылығы олардың ұлттық құндылығына айналып кеткендей. Өзіміз үлгі алып, әліпбиін де алып, жазу ережелерін де өзімізгі жақындатып отырған «ұлы» орыс тілінде де айту мен жазудың айырмашылығы жер мен көктей. Себебі, бұл тілдің де Кирилл мен Мофидий негізін салған жазуларына пәленбай ғасыр өтті. Яғни, бұл тілде де жазу мен айтудың арасында жер мен көктей айырмашылықтар қалыптасты. Оның үстіне грамматология теориясының негізін қалыптастырған бұл тілдердің флективті тілдер екенін ескерсек, жазу мен айтудың арасындағы айырмашылықтардың тереңдей түсуі заңды екені анықтала түседі. Міне, сондықтан бұл тілдерде сөз ішіндегі дыбыстардың кірігуге бейімділігі дыбыстардың түрлі реңкте құбылуын арттыра түседі де, жазуда қыйындықтар туғызады. Сол үшін де аталған үнді

европа тілдерінің бірқатарында, соның ішінде орыс тілінде де естілетін дыбыстар өте көп. Бұл тілдердің жазудағы ең басты проблемасы осында болып отыр. Себебі, ол құбылып естілетін дыбыстардың барлығына таңба беру мүмкін емес. Мысалы орыс тілінде кейбір дыбыстар бар, олар өзінің әріптік таңбасы жоқ. водяной немесе вода сөздеріндегі екі түрлі дыбыс бір ғана О дыбысының құбылған бір түрі (аллофоны) болып табылады. Яғни, орыс жазуында бір ғана О таңбасы бірнеше формада дыбысталып, құбылады. Жоғарыдағы үш сөздің өзінде бұл дыбыс үш сөзде үш түрлі дыбысталады . Мысалы, бір О дыбысының өзі орыс тілінде түрліше құбылады. Айталық, атОм «Атым», ОгОрОд «Агарод», ОкнО «Акно», ОбразнО «Образна» деген сөздердегі О дыбысы әр басқа (А да емес О да да емес, 4сөзде 4 басқа дыбыс) естіліп тұр. . Бұл дыбыстың әр сөздегі түрліше дыбыстық құбылуына қатысты түрліше таңба беру мүмкін емес. Сондықтан бұл тілдердің жазу теориясында «ықшамдау» басты проблеманың бірі боп табылады. Жазу теориясы ертеден қалыптасқан бұл тілді зерттеуші грамматолог ғалымдар дыбысқа қарағанда әріп аз болу керек, жазу ықшам болу керек дегенді де сол өз тілдерінің заңдылығынан шығарып айтып отырғандығы анық. Ол тілдер үшін бұл өте дұрыс шешім екендігі даусыз.

Ал, тілі жазуға байлана қоймаған біздің қазақ тілінде осы орыс тілінің ізіне еріп, ықшам әліпби жасау, ықшамдап жазу деген грамматологиялық теорияның соңына түсіп алдық. Қазақ әліпбиіндегі әріптердің санын қысқарту жайлы ұсыныстар осы тұжырымға сүйеніп айтылып келгені анық. Соның арқасында біздің бірқатар ғалымдар әріп санын қысқартуға бұрыннан ақ жиі жиі әуестенген. Соның нәтижесінде академик Н.Т.Сауранбаев ә-ө-у-ү- әріптерінің орнына я,ю,у,е таңбаларын (сірә – сіря, дән-дян, жүн-жен, күн-кюн), һ әрпінің орнына а және х әріптерін (жаһан-жаан, уһ-ух) қолданып, әліпбидегі 41 әріпті азайтып, 36 әріпке түсіруді ұсынса, Шамғали Сарыбаев Қ мен К дыбыстарын бір ғана К таңбасымен беруді ұсынған еді. (Ә.Құрышжанов. Н.Т.Сауранбаев - Алматы,1974 ж.,28 б.). Бұл тектес ұсыныс С.Аманжоловтың жаңа әліпби жобасында да орын алған (С.Аманжолов. Орыс графикасын негізделген қазақтың жаңа әліппесі. А-ты. 1940 жыл).

Ықшамдап жазуға тырысып, 1930 жылдары «ы», «і» әріптері бітеу буында жазылмасын деген ұсыныс та айтылды. Сол бойынша «қыс» орнына «қс», «мылтық » орнына «млтқ», «мысық» орнына «мысқ» деп жазу арқылы бірталай артық әріптерден құтылып, оқуды жеңілдетуге болады деген ұсыныс бағымызға қарай қабылданбай қалды. Өкінішке орай, «ы», «і» әріптерін тұйық буында жазбаса да болады. Сонда, «скылат», «станса», «Сталин», «Рғыз» деп жазатын боламыз деген ереже қабылданып, тіліміздің табиғатына орасан нұқсан келтіргенін көріп отырмыз. «Шетелдік сөздерде «ы» мен «і» сөздің дыбысталуын бұзып, жалпыға бірдей болып жазылатын интернационалдық

сөздерді өз жазылуынан алыстатып жібереді. Сонда «метр», «Маркс», «грам», «програм», «трес» деп жазатын боламыз. Бұл сөздердің орысшасына үйреніп қалған адамдарға оңай болады» деген желеумен емле ережемізге естіліп тұрған дауыстыларды төл сөздердің өзінде ықшамдап жазуды енгізіп жібердік. Нәтижеде, тіліміздің әуезділігі әлсіреп, шеттілдік сөздерді игерудегі әлеуетіміз жоққа айналып шыға келді.

Бүгінде ғалымдарымыз ықшамдап жазу мәселесін А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, Т.Сауранбаев секілді ғалымдарымыздың қолдағанын тілге тиек етеді. Бұл тұста Ахмет Байтұрсыновтың қолданған емлесі араб жазуының негізінде ұсынылғанын ескергілері келмейді. Араб жазуында дауыстылар дауыссыздардың көлеңкесінде жүретіні ол кезеңде заңды көрінетін. Байтұрсынов осы заңдылықты қазақ тілінің тәжірибесінде қалыптасып қалған үлгісін сақтауды ғана ұсынғанын аңғарамыз. Ал, Қ.Жұбанов пен Т.Сауранбаевтардың ықшамдап жазуды ұсынуы сол кезеңде тіл білімінде Я.Маррдың тілдің сатылай даму теориясымен, яғни, біздің түркі тілдері жалғамалы сипатын жойып, флективті сатыға көшіп бара жатыр деген қағидатпен ұштасатынын ұмытпағанымыз жөн. «Ықшамдап жазу» тұжырымы тіліміздегі Ахмет айтқан «бір дыбысқа бір таңба» қайшы келіп тұр. Бүгінгі бекітуге ұсынылып отырған әліпбиде де осы өрескелдік қайталанып, И( I) және У (U) таңбалары екі дыбысты таңбалайтын боп қала бергелі тұр. Әрине, онда тұрған не бар екен деуге де болар еді. Шынында Су, МИ деп жазып үйреніп қалдық қой, оны СҰУ, МЫЙ деп қиындатудың неге керегі бар деуге әбден болады. Алайда, қоғамдағы көпшілік қауым, тіпті тілші ғалымдардың өзі оның арғы жағында тұрған жоғалып бара жатқан сингормонизм бар екенін аңғара бермейді. Ал, сингормонизм Халел Досмұхамедов айтпақшы «тіліміздің қарауылы!», қазіргі тілмен айтсақ «Тіліміздің нағыз таможнясы!». Дәл осы тіліміздегі сингармонизімнің арқасында қаншама арабтан келген сөздер ешкім танымастай боп өзгеріп, тілімізге бейімделіп, өз сөзіміз боп кетті. Бүгінде қай сөздің арабтан келгенін тек сөздіктер арқылы ғана анықтауға болады. Яғни, тіліміз сол арқылы байый түсті. Өз тіліне бейімдеу заңдылығы барлық тілдерде бар. Сол арқылы әр тіл кірген сөздерді жұтып қояды. Әр тіл оны сол тілдің жазудағы бейімдеудің «тілдік механизімі» арқылы іске асырады. Ықшамдап жазудың қаупі осы тіліміздің кірген сөздерді игерудегі «тілдік механизімін» әлсіретіп, жоғалтуында жатыр. Жоғалған «тілдік механизм» дегеніміз не? Оны түсіну үшін 20-ғасыр басындағы тілдік жағдаятқа бір назар аударайық. Тілімізге жазу ережелері әлі билік құрмаған сол 20-ғасыр басында кірме сөздер сол тілдік механизім арқылы табиғи игеріліп жазылып жатты. Ол кезеңде сөйлеу тілімізде негізгі үндесімділік заңдылығы (сингормонизм) жазуға билік құрып тұрған кез еді. Тіліміздің үндесім заңдылығы сөз ішіндегі ы, і, ұ, ү дыбыстарының еркін есітілуі ол кезеңде шеттен келген қандай да болмасын сөзді өз табиғатына оңай бейімдеп алып отырды. Соның нәтижесінде о баста

Русь сөзін Орыс, поезд сөзін «пойыз», стол сөзін «Үстел», ботинканы «бәтіңке», кострюльді «кәстірөл» етіп жіберген сингормонизім бүгінде орыстың ықшамдап жазу теориясының жетегінде кетіп, өз тілімізден де ығыстырыла бастады. Нәтижеде, сыйыр емес сиыр, қыйын емес қиын, мый емес ми, сұу емес су, ұу емес у деп жазуға әбден бейімделіп алдық. Өз тілімізде әлсіреген сингармонизм кірген сөздерді қайдан игерсін. Арабтан келген мың сандаған сөздерді сөйлеу тіліміздің сингармонизмі арқылы жұтып қойған қазақ тілі, орыс тілі арқылы келген мың сандаған орыс сөзін игеру қабілетінен айырылып қалдық. Оның үстіне өзімізде жоқ кирилл таңбаларын тағы енгізіп алдық, ол аз десеңіз, қазақ емле ережесіндегі басты ұстаным болып келген фонетикалық ұстанымды (айтылу бойынша жазу) да қосалқыға айналдырып, басты жазу ұстанымы етіп морфологиялық ұстанымды (түбірін сақтап жазу ұстанымы) алдыңғы қатарға шығардық. Сөйтіп орыс сөздерін енді түбірін сақтап жазатын болдық та, өз тілімізге бейімдеуді жоққа айналдырдық. Қазақ тілінің осы «тілдік механизмін» дұрыс таныған тіл жанашырлары сол кезеңде кірме сөздерді (терминдерді) жазудың басты ұстанымы сөйлеу тіліндегі үндесім заңдылығына бағынуы қажеттігін көрсетіп, жазуда фонетикалық ұстанымды басты басшылыққа алатын өте дұрыс шешім қабылдаған еді. Жазу теориясы ертеден қалыптасқан, тілдері сан қыйлы фонемаларға бай үндіевропа елдерінің жазу теориясы үшін өте қолайлы болып табылатын «оңтайландыра жазу» ұстанымы қазақ тілінің табиғатына сай келмейтіндігін, үнемдей жазу қазақ тілінің үндесімділік (сингормонизм) заңына нұқсан келтіріп, тіл әуезділігін «бүлдіретіндігін» ұлт жанашырлары терең түсінген екен. Осыны ескермеудің нәтижесінде кірген сөздер біздің тілімізге өз заңдарын сақтап кіруі нормаға айналғаны соншалық, ауыл аймақтағы халықтың тілінде сақталып отырған аздаған сингармонизм билігіне «кемпірлердің тілі» деп күле қарайтын дәрежеге жеттік. Ал сол «кемпірлердің тілі» деп отырғанымыз нағыз біздің өз тіліміздің сингармонизм заңдылығы.

«Қазақ орфографиясы ережелерінің концепциясы» жобасында Қазақ жазуының кирилден латыннегізді әліпбиге көшуінің себептері мен мақсатын ұлттық рухты жаңғыртумен байланыстырады. «Қайсыбіріміздің ойлағанымыздай, кирилдегі 42 әріпті 32 етіп, жамап-жасқап,үйренген дағдымен жүре беруге де болар еді, бірақ санада қалған түйткілден арылмай рухани түлеу болмайтыны белгілі... Әліпби ауыстыру – жай ғана харіп (шрифт) ауыстыру емес, қазақ жазу-сызуы өткен кезеңдерде де 29-32 әріптен тұратын әліпбиді де пайдаланған, бірақ ұлттық сипатынан айырылмаған еді. Жұртшылыққа мәлім, қазіргі кирилшедегі әліпби әріптерінің үштен бірі орыс тілінен енген сөздерді бұлжытпастан, орыс орфографиясының ауанымен таңбалауға мәжбүрледі. Сөйтіп, жазба тіліміз ұлттық сипатынан айырылған жартыкеш жазу болды... Осының салдарынан ...өзге тілдерден енген атаулар мен сөздерді мағыналық-дыбыстық жақтан игерудің ана тіліміздегі тілдік механизмі жұмыс істемей қалды деп көрсетілген ол жобада. Демек, латын әліпбиіне көшудің басты мақсаты тек әліпби ауыстыру ғана емес, қазақ жазуын қайта реформалап, ұлттық жазу қалыптастыру екені бұл жобада анық көрсетілген.

Ендігі жерде біз әліпби ауыстырып қана қоймай, қазақ жазуында кеткен олқылықтардың орнын толтыруымыз қажет. Ықшамдап жазуға құмарлық бізге өз зардабын тигізді. Қазіргі жастар ми, жи, қи деп сөйлейтін болды. Сөз арасында қыстырылып келетін дауыстылар есітілмей бара жатыр. Енді, ықшамдауға құмарлықты тоқтатып, дыбыстардың заңды орнын қалпына келтірейік. Қиын емес, қыйын; киін емес, кіиін; жиын емес, жыйын; ми емес мый, су емес сұу, у емес (яд) ұу т.б. Өз заңдылығымыз өзімізге жат көрініп қалған бүгінгі таңда бұл ұсыныс ерсі көрінгенмен, жаңа емле ережемізге қайта енгізсек, сөйлеу тіліміздің әуезділігі біртіндеп өз орнына келері анық. Әр тілдің ішкі заңы өзін сақтауға деген иммунитеті болады. Осындай иммунитет қазақ тілі үшін ролі өте жоғары-ол осы сингармонизм. Әлемдегі барлық тілдердің кірме сөздерді игеріп алатын өз заңдылықтары бар. Осы заңдылықтарын жазуда сақтау арқылы олар өз тілдерін байытып, басқа сөздерді жұтып қойып отыр. Демек, біздің тіліміз үшін екі дауыссызды қатар жаздырмайтын сингармонизм тілімізді сақтайтын нағыз иммунитетіміз. Жазу деген ең алдымен дағды екені рас. Алайда жаңа әліпбиге ауысу тек қана әріп ауыстыру емес, ұлттық жазуымызды реформалау деп отырмыз. Жазу теориясын тереңнен зерттеуші ғалым Нұргелі Уәлидің сөзімен айтар болсақ «үйренген дағдымен жүре беруге де болар еді, бірақ санада қалған түйткілден арылмай рухани түлеу болмайтыны белгілі...». Жетпіс жыл орыстанып кеткен тіліміз ендігі жерде ағылшын мен қытай экспансиясына ұшырауы ғажап емес. Бұның алдын алу үшін біз ең алдымен жазу арқылы әлсіреген сингормонизм заңдылығын қайта қалпына келтіруіміз керек. Көп уақыт өтпей ақ бұны қалыпқа келтіруге болады. Ендеше, бұл жолы біз ешкімге жалтақтамай, тек өзімізге ғана қолайлы ұлттық жазу емлемізді қалыптастыруымыз керек деп ойлаймыз. Сонда ғана біз латын жазуына көшу арқылы ұлттық санамызды жаңғырта алсақ керек.

Қ.С.Қалыбаева,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры,

ф.ғ.д., орфографиялық жұмыс тобының мүшесі

Қазақ үні