«1 МИНУТ» ТЕЛЕЖОБАСЫНЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы қазақ тілін насихаттауға бағытталған «1 минут» танымдық тележобасының онлайн таныстырылымын өткізді.

Шараны Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Қаба құттықтау сөзімен ашты. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» деген сөзін еске сала келіп, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні қарсаңында, Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай көрсетілетін жобаның еліміздің мәдени өмірінде елеулі оқиға болатынына тоқталды.

 «Халқымыздың бойындағы асыл қасиеттердің алтын ұясы – ана тіліміз. Бүгінгі шара  – қазақ тіліне деген қамқорлықтың белгісі. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды» деп жатамыз, керісінше, тіл майданында аймақтардағы Тіл басқармалары, тіл патриоттары, тілі үшін шырылдап жүрген жеке тұлғалар үлкен рөл атқарады. Көрерменге жол тартып бара жатқан бұл жобаның басы-қасында болған барша әріптестеріме алғыс айтамын», – деді Тіл комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Қаба.

Астана телеарнасынан көрсетілетін «1 минут» хабарының таныстырылымына арналған жиынды жүргізіп отырған Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, белгілі ғалым Ербол Тілешов «Жобаның мақсаты – кейбір сөздердің дұрыс айтылып, дұрыс жазылуына көңіл аударту, жалпы қазақ тілінде сауатты жазуға, сөйлеуге машықтандыру, тіл мәртебесін көтеру» екенін атап өтті.

Шоу туралы жоба жетекшісі, белгілі журналист Нартай Аралбайұлы ақпарат  берді: «Қай елді қарасаң да, журналистік шоу жақсы дамыған, бізде неге жоқ деген сұрақ көптен көкейімізде жүруші еді. Тіл саясаты комитеті мен «Тіл-Қазына» орталығының бастамасы барша тіл жанашырларын қуантып тастады. Дүниежүзіндегі осы мазмұндас бағдарламалардың біразын шолып шықтық. Әрине, көзсіз көшіре салуға болмайды ғой, брейн-ринг ойыны тәсілін таңдадық. Атау қояр кезде поэтикалық атаулардан саналы түрде бас тартып, ел ішінде «1 минуттан кейін келемін» деген секілді жиі қайталанып айтылып жүрген сөзге тоқтам жасадық».

Бұдан кейін режиссер Қуаныш Кешубай түсірілім барысындағы дизайндық жұмыстардың қыр-сырына тоқталды.

Тележобаға қатысушы команда капитаны, талантты ақын, танымал ғалым Жанат Әскербекқызы түсірілім кезіндегі қызықты жәйттерді әңгімелей келе: «Толқу болады, әрине. Алайда түсірілім барысында көңілге қуаныш сыйлаған сәттер көп болды. Бұл жұрт қызығып қарайтын, азаматтарға жақсы ақпарат беретін жоба болады деп ойлаймын», – деді.

«1 минут» танымдық тележобасы қыркүйек айының алғашқы сенбі-жексенбі күндерінен бастап «Астана» телеарнасынан көрсетіле бастайды.