Байбота Қошым-Ноғай Ерлан Жүністің өзіне кім болатынын жеңгейдің алдында мойындады...

Фейсбукке оқушы кезімде және студент кезімде түскен екі фотомды салыстырып салып едім, Дәурен Қуат: «Оқушы Байбота мен Ерлан Жүніс екеуі ұқсайтын сияқты...», – деп коммент қалдырыпты. Іле-шала Мейірхан Мейрамбекұлы: «Мектеп оқушысы кезіңіз Ерлан Жүніс ағаға ұқсайды екен...», – деп жазыпты. Мен өзім де Ерлан Жүністен өзіме көп ұқсастық тауып аламын. Екеуіміз де ақынбыз. Екеуіміз де кітапқұмармыз. Екеуіміз де зерделі мақалалар жаздық... Бір кездері «Айқын» газетіне автор ретінде ат салысып жүрдім. Әйелім де газетке сканворд, түрлі танымдық ойындар жасап беретін. Реті келіп екеуіміз редакцияға бара қалдық. Бізге бір моп-момақан бала сәлем берді де, көп аялдамай ештеңе деместен кетіп қалды. Баспасөз бетінде жарық көрген суреттері есіме түсіп, Ерлан Жүніс екенін шырамыттым. Ол ұзаңқырап кеткен соң әйелім шынтағымнан түртеді: – Әлгі баланың көзқарасы сенің көзқарасыңнан аумайды! – Ерлан Жүніс деген ақын бала. Газетте жақсы мақалалары жарияланып жүр. Ізденімпаз жігіт, – деп сырттай таныстырып жатырмын. – Ақын дейсің бе? – деді әйелім менің бетіме тіктей қарап. – Қай жақтың жігіті. – Жамбыл облысынан болса керек. – Бұл баланың саған еш жақындығы жоқ па?.. Әйелімнің көңіліне бір күдік кірген сияқты. Өзім де жете біле бермейтін Ерлан Жүністі мен арқылы танығысы келіп жанығып барады. – Қой, ей! – дедім дереу. – Мен Жамбыл облысында Меркеден басқа жерге барған емеспін! Кейін ол Ерлан екеуіміздің біраз суретімізді салыстырып әуреге түсіп жүрді... Адам адамға ұқсай береді ғой. Тіпті бір-біріне егіз қозыдай ұқсас жандар болады. Ғалымдар әр адамның кемінде өзі секілді жеті «егізінің сыңары» бар дейді екен. Кейде сондай ұқсастықтар неше түрлі қауесеттер мен аңыздардың тууына себепкер болады... «Жалын» баспасында қызмет істейтін кезіміз. Фойеде бір топ жігіт темекі шегіп тұрмыз. Әңгімеден әңгіме туады. Біреу Қабдеш Жұмаділовтің Мұхтар Әуезовтен аумайтынын сөз етіп, «Мұхаң Қытайға қай жылдары барып еді?» деп жұртты сөзге тартты. Ол әңгіме аяқтала бергенде Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтың арасындағы бір кикілжің туралы сөз өрбіп, оның аяғы «Мұхтар Абайдың баласы екен ғой» деген қысыр әңгімеге ұласып кетті. Біреу олай дейді, біреу былай дейді... Қызылкеңірдек тартыс бітер емес. Әңгімеге алыстан құлақ салып, темекісін бұрқыратып тұрған Мейрам Асылғазин: – Мұхтар Абайдың баласы емес, Мағауияның баласы, – деді. Жұрт абыржып қалды. Арадан біреу Абайдың, Мағауияның, Мұхтардың туған-өлген жылдарын салыстыра келе: – Мүмкін емес! – деді. – Неге мүмкін емес? – деді Мейрам. – Онда ол неге аты-жөнін Мұхтар Мағауин деп жазып жүр? Әңгіме осы араға келгенде күлкіге ұласып тамамдалды. Қойшы, әйтеуір Ерлан Жүніспен екеуіміздің арамыздағы ұқсастықтарды мойындауға тура келеді. Ол да бір кездері ішімдікке үйірсектеп барып, арақты мүлдем тастап кеткен болса да таң қалмаймын... Ғалымдар адамдардың бойындағы ген әйтеуір бір ұрпақта қайталанатынын жоққа шығармайды. Ерлан екеуіміздің арғы тектерімізде бір байланыс болуы да ғажап емес қой! Немесе екеуіміз де түркішілдік рухта тектен-текке түйісіп қала береміз бе? Қалай болғанда да ол менің рухани БАЛАМ ғой!.. Байбота Қошым-Ноғай, Қазақ үні