Сирек  кітаптар мен қолжазбалар сөйлейді

Университеттің ғылыми зерттеу және білім беру ісінің дамуы кітапхана жұмысына тікелей байланысты десек, кітапхананың ғылыми потенциалы онда сақталған кітап қорына тәуелді екені даусыз. Қалай айтсақ та, қордың молдығы аса маңызды. Сондықтан, кітапхана қызметінде осы мәселеге көбірек көңіл бөлінетіні рас. Бұл орынды, алайда, сақталған кітаптардың құндылығына да назар аударған жөн. Әлемде кітап құнының тұрақты  стандарты да, оны бағалайтын нақты өлшем де жоқ. Мәселенің түйіні зерттеу нысанына байланысты анықталады. Техникалық мамандықтар, жаңа технологиялар, инженерлік, т.б. салаларда кітап қанша жаңа болса, сонша құнды болмақ. Теориялық зерттеулер үшін де соңғы шыққан еңбектердің  жөні бөлек. Алайда, бұл қағидаға көне бермейтін салалар да жоқ емес. Мысалы, тарихи тұлғалардың, патшалардың, хандардың, батырлардың, ғалымдардың және т.б. өмірі туралы зерттеулер немесе тіл тарихы, әдебиет тарихы, түркология, т.б. ғылым салалары үшін көне кітаптар мен тарихи қолжазбалар ешқашан мәнін жоймақ емес. Осы тұрғыдан келгенде сирек кітаптар мен қолжазбалардың маңыздылығы дәлелдеуді қажет етпейді. Сондықтан, кітапхана ісінде сирек кітаптарды жеке сақтау үрдісі қалыптасқан. Бұл ежелден келе жатқан дағды. Оқырмандарға қолайлылық тудырып қана қалмай, жұмыстың жүйелілігі үшін де керек. Осындай себептерге байланысты Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасы сирек кітаптар мен қолжазбалардың жеке қорын ұйымдастырған. Бүгінде ол аса мол кітаптар мен қолжазбаларға ие жеке бөлімге айналып отыр.

Бөлім қызметінің басты бағыттарын мынадай бірнеше жақтан көруге болады.

Бірінші, Қазақ және түркі халықтарының, Қазақстан Републикасының   тарихы, әдебиеті, тілі мен мәдениетiне қатысты кiтаптар мен басылымдарды жинақтау, сондай-ақ, оны талапқа сай сақтауды қамтамасыз ету. Бұл осы бөлімнің ғана емес, жалпы кітапхана жұмысының басты бағыттарының бірі. Осы тұрғыдан қарағанда бұл бөлімдегі кітап қоры ауыз толтырып айтуға тұрарлық мөлшерде. Қордағы кітаптар мен қолжазбалардың саны 25 мыңнан асады. Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалардың мұндай қоры аса көп болмаса да, университет кітапханасы үшін аз емес. Ал, Қазақстанда ғана емес, әлемде аса сирек кездесетін 5033 дана кітап пен 1293 дана қолжазбаның бір орталыққа жиналуы да аса маңызды. Бөлімдегі бұл сирек қордың басты ерекшелігі көп тілділігі мен көп түрлілігі. Айталық, орта ғасырлық түркі жазба тілі (шағатай тілі), қытай, монғол, араб, парсы, қазақ (араб, латын, кирилл қарпіндегі), түрік, өзбек, қырғыз, татар, башқұрт, хакас, ұйғыр, неміс, француз, ағылшын, орыс, украин  тілдеріндегі жазбаларды табуға болады.

 Бұл кітаптар мен қолжазбалардың көбі Орта Азия тарихына және түркі халықтарының рухани мәдениетіне тиесілі. Көбі түркі және қазақ тарихына, әдебиетіне, этнографиясына, ұлттық өнер түрлеріне қатысты. Сондай-ақ,  исламтану бағытындағы ортағасырлық авторлардың еңбектері. Бұлардың ішінде Әл-Фарабидің, Софы Алдиярдың философиялық және өнертануға қатысты еңбектерінің жөні бөлек. Әл-Фараби қолжазбалары, Отырартөбеден қазылып алынған кітаптар, исламтану бағытындағы орта ғасыр ойшылдарының еңбектері ғалымдардың қызығушылығын тудырары даусыз. Бұдан басқа ХІХ–ХХ ғасырдағы оқымыстылардың құнды еңбектері мен қолжазбалары сақталған. Бұл ретте Зәки Уәлиди Тоған, Ақжан Машани  қатарлы ғалымдардың еңбектері ерекше атауға лайық. Аталған еңбектер бүгінде ұмыт болған орта ғасырлық ғылым жүйесін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл сөзімізге дәлел ретінде А. Машанидың әбжат туралы зерттеулері ислам ғылымының орта  ғасырларда кең қолданылған осы бір ғажайып әдіснамасын бізге жалғап тұрған көпір екенін атай кеткен жөн.

 Екінші, сирек  кітаптар мен қолжазбалар бөлімі қорды электрондық каталогқа енгізу, тақырыптық деректер базасын (ДБ) жасау, анықтамалық-іздестіру аппаратын ұйымдастыру және жүргізу ісін де жүйелі жүргізіп келеді. Оқырмандарға заманға сай қызмет көрсету үшін орнын өгейтуге болмайтын жұмыстың бірі  осы.

Үшінші, қор жинау кітапхана ісінің басты бағыты болғанмен, қол жеткізер соңғы мақсаты емес. Қанша  көп болса да сөреде тұрған кітап құн жаратпайтыны анық. Рухани байлықтың өзіне тән ерекше қасиеті осы. Пайдаланған сайын құнданып, қанша көп адам бөліссе, сонша елге тигізер пайдасы көбейе бермек. Кітап оқырманға жетсе ғана ондағы білім ел игілігіне жарайды. Демек, қордағы бар дүниелерді оқырмандарға насихаттау аса маңызды. Сирек  кітаптар мен қолжазба қорының мамандары осы мақсатқа жету үшін тынбай еңбектенуде. Оған жиі-жиі өтетін тақырыптық көрмелер, экскурсиялар, дәрістер дәлел. Студенттер мен оқытушы-ғалымдарға үнемі кеңес беріп, қандай  кітап барлығын, қайда тұрғанын және оны пайдалану ережелерін түсіндіру үлкен ыждағат пен мол білімді және табандылықты қажет ететін жұмыс. Бөлім қызметкерлерінің басты міндетінің бірі осы.

Төртінші, оқырмандарға қызмет көрсету бағыты. Көпшілікпен жұмыс істеу өте жіңішкелікті қажет етеді. Сирек қордың жұмысында жоғарыда айтылғандардан тыс үнемі назарда ұсталатын қалыптасқан ережелер бар. Яғни, жұмыс барысында айқын мақсат, қатаң талап болуға тиіс. Бұл ретте ақпараттық сұраныс пен әлеуметтік қажеттілік басты назарда ұсталады. Сонымен бірге, кітапхананы пайдалану ережелерін қатаң сақтау талабын бұлжытпай орындау аса маңызды. Сондықтан, бөлім қызметкерлеріне артылар  жауапкершілік жүгі ауыр. Бір жағынан  оқырманның  сұранысына сай қызмет көрсетсе, екінші жағынан ескі жазбалардың  жыртылып, тозып, жоғалмауына да жауапты. Бұл өте ұқыптылықпен қадағалауды талап ететін жұмыс. Өйткені, өте абай болмаса, әбден тозығы жеткен ескі кітаптар мен қолжазбалардың жыртылып кету қаупі жоғары. Кітапхана ісінің осындай  сырт көзге көріне бермейтін қыры көп  екенін айта кеткен жөн.

Қоғамның сұранысын қанағаттандыру мақсатында қазір ғалымдар кітапханаларындағы еңбектердің және қолжазбалардың библиографиялық көрсеткіштері дайындалу үстінде.

Иманғазы Нұрахметұлы,

Ф.ғ.к., Л.Н. Гумилев атындағы

Еуразия Ұлттық Универсиеті

Ғылыми кітапханасы