Қытайда қазақ режиссері соңғы кездегі бюджеті қомақты телесериалды түсіріп шықты

Бейжің қаласында тұратын қандасымыз, жас режиссер Өркенбек Бейсенбайұлы Қытай елінде кино саласы бойынша жемісті еңбек етіп, талантымен жұртқа танылып жүр.

Бейжің кинематография академиясының түлегі, талантты жас режиссер Өркенбек Бейсенбайұлы биылғы жемісті шығармашылық жұмыстарының бірі, бюджеті 460 миллион юань (65 миллион 800 мың доллар) болған, 60 бөлімді «Нысанаға алу» атты телесериалдың түсірілімі туралы "ҚазАқпарат" тілшісіне айтып берген екен.

Оның айтуынша, Қытайдың танымал режиссері Убәй оны осы жобаға қатысуға шақырып, «Нысанаға алу» фильмінің күрделі бірнеше оқиға сюжетін түсіріп көруді тапсырған екен.

- Бұл фильмнің сценариі 2011 жылы жазылған екен. Содан қаржы мәселесі шешіліп, режиссерін тапқанша 7-8 жыл өндіріске алынбай қалған. Бұл фильмнің сценарийі өте сапалы, сәтті жазылған. Сөйтіп шығарма 2018 жылы ғана Убәй режиссердің қолына түскен. Туындыға Қытай жеріндегі 1949 жылғы соғыс кезеңі арқау болған. Ал фильмнің бюджеті - 460 миллион юань. Бұл Қытайдағы осы дәуірді бейнелеген фильмдердің ішіндегі ең көп қаржы жұмсалған туынды болды, - дейді Өркенбек.