Тоқаев: Үкімет карантин режимін сақтау шараларын күшейтуге міндетті

Үкімет қатаң карантин режимін сақтау жөніндегі шараларды күшейтуге міндетті. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Қазақ үні".

«Бүкіл әлемде пандемия өршіп тұр. Ол Қазақстанды да айналып өтпеді. Індет жүздеген еңбеккер мен зейнеткерді, қарттар мен жастарды, атақты азаматтарымыз бен қарапайым адамдарды арамыздан алып кетіп жатыр. Даңқты палуан, қоғам қайраткері Ж.Үшкемпіровтің қазасы туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Осы дерттен қайтыс болған азаматтардың қазасы қабырғама батты. Коронавирус пен өкпе қабынуы салдарынан қайтыс болғандардың саны әлі де жоғары. Үкімет азаматтардың карантин режимін сақтау жөніндегі шараларды күшейтуге міндетті. Онсыз пандемияға қарсы күресте жеңіске жету мүмкін емес»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетейік, бүгін Қазақстан бойынша қатаң карантин режимі тағы екі аптаға созылды. Әр аймақтың бас санитар дәрігерлерінің қаулысы бойынша 3 тамыздан бастап елде шектеу шаралары енгізіледі.