Еліміздегі сақтандыру нарығы қалай дамып жатыр - Сарапшы пікірі

Көптеген дамыған елдерде сақтандыру экономиканың маңызды стратегиялық салаларының бірі болып табылады. Сақтандыру компанияларының қаржылық күші оларды ең күшті несие ұйымдарына айналдыра алады. Жалпы алғанда сақтандыру нарығын бағалау нақты сақтандыру сомасының көлемі мен өсу қарқынына негізделеді. Әлемдік сақтандыру нарығының тағы бір маңызды көрсеткіші – сақтандыру сомасының ЖІӨ-дегі үлесі. Мысалы, 2018 жылы жаһандық тікелей сақтандыру сомасы әлемдік ЖІӨ-нің 6%- ынан астамын құрады. Жыл сайын әлем бойынша шамамен 5 трлн. долларлық сақтандыру сомасына келісім жасалады. Осыған байланысты, сақтандыру саласының әлемдегі ұзақ мерзімді инвестициялық сала ретіндегі рөлі күннен-күнге маңызды бола түскенін айтуға болады.

Қазіргі таңда елдердің сақтандыру нарығының даму болашағын болжау қиын, өйткені олар көбіне ел экономикасының жағдайы мен оның даму деңгейі сияқты факторларға байланысты. Сақтандыру нарығы сақтандыру компанияларының полистерді сатудан алатын қаражаттан төлейтін нақты сақтандыру сомасының көлеміне қарай бағаланады. Қазақстанның сақтандыру нарығы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында басталып, уақыт өте келе дами бастады. Тәжірибе мен қаржылық ресурстардың жеткіліксіздігі салдарынан Қазақстанның сақтандыру нарығы алғашқы жылдары нашар нәтиже көрсетіп, оған тиісті назар аударылмады. Сақтандыру салысының қажетті деңгейде дамымауының тағы бір себебі – сол кезеңдегі экономикалық жағдайдың әсерімен мемлекет тарапынан сақтандыру саласына жеткілікті түрде қолдау көрсетілмеуі. Барлық осы себептер саланың әлемдік сақтандыру нарықтарынан артта қалуына әкеп соқты. Ұқсас жағдайды Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін тәуелсіздік алған басқа елдерден де байқауға болады.

Алайда, ел экономикасының біртіндеп дамуы, азаматтардың кірістерінің артуы, тауарлар мен қызметтер өндірісінің өсуі, сондай-ақ аймақ елдеріндегі сақтандыру нарығының кеңеюі нәтижесінде сақтандыру саласының даму процесі де жеделдеді. Осыған орай, 2010 жылдан бастап елдегі сақтандыру компанияларының барлық қаржылық көрсеткіштер бойынша оң динамиканы көрсеткені байқалады. Қазіргі таңда сақтандыру секторын Қазақстанның қаржы нарығында ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі деуге болады. Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметтері бойынша, соңғы бес жылда сақтандыру компанияларының өсу қарқыны жеделдей түсті және олардың активтері екі есеге артып, шамамен 1 трлн. теңгеге жетті. 2018 жылы үздік қазақстандық сақтандыру компаниялары рейтингіне 26 компания кірді. 2017 жылы жиынтық активтердің ЖІӨ-дегі үлесі 1,74% болса, 2018 жылы 1,88%-ға дейін өсті. Осы компаниялардың салалық таралуын қарастырсақ, олардың 20-сы жалпы сақтандыру компаниясы, ал 6-уы өмірді сақтандырумен айналысады. Сақтандыру компаниялары жариялаған статистикаға сәйкес, 2018 жылы сақтандырудың барлық түрлері бойынша сақтандыру сомасының жиынтық мөлшері 2017 жылға қарағанда 11,2%-ға азайып, 258,1 млрд. теңгеге дейін төмендеді.

Компаниялардың нарықтағы үлестерін салыстыратын болсақ, «Еуразия» сақтандыру компаниясы 68,5 млрд. теңге немесе 26,6%-дық нарықтағы үлесімен бірінші орынға жайғасса, одан кейінгі орындарды сәйкесінше 44,5 млрд. теңге немесе 17,3%-дық нарықтағы үлесімен «Халық-Казахинстрах» сақтандыру компаниясы және 31,2 млрд. теңге немесе 12,1%-дық нарықтағы үлесімен «Қазақмыс» сақтандыру компаниясы иеленді. 2018 жылы сақтандыру төлемдері 2017 жылмен салыстырғанда 13,7%-ға артып, 79,8 млрд. теңгеге жетті. Өтемақы саласында «Еуразия» сақтандыру компаниясы 33,4 млрд. теңге немесе 41,8%-дық нарықтық үлесімен бірінші орынды, «Халық-Казахинстрах» сақтандыру компаниясы 10,2 млрд. теңге немесе 12,8%-дық нарықтық үлесімен екінші орынды және «INTERTEACH» сақтандыру компаниясы 4,7 млрд. теңге немесе 5,9%-дық нарықтық үлесімен үшінші орынды иеленді. Осы мәліметтерге сәйкес, Қазақстандағы сақтандыру саласында екі негізгі компанияның танымал екендігін байқауға болады. Активтер саласында да «Еуразия» сақтандыру компаниясы мен «Халық-Казахинстрах» сақтандыру компаниясы сәйкесінше 251,2 млрд. теңге және 115,4 млрд. теңгемен алдыңғы екі орынды иеленсе, «Виктория» сақтандыру компаниясы 94,3 млрд. теңгемен үшінші орында. Қазақстанда заманауи цифрлық технологиялардың дамуымен сақтандыру компаниялары электронды сақтандыруға көп көңіл бөле бастады.

Мәселен, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап автокөлік иелеріне сақтандыру полистерін толығымен интернет арқылы сатып алу мүмкіндігі ұсынылды. Алайда, электронды сақтандыруды сатып алу деңгейі әлі де төмен болып отыр. Мұның себептері ретінде кейбір заңнамалық проблемаларды және тұтынушылардың әлі де қағаз жүзінде сақтандыру келісімшарттарынан бас тартпауын атауға болады. Сақтандыру саласының мәліметтері бойынша, 2019 жылдың бірінші тоқсанында шамамен 1 млн. дана электронды полис сатылып, сатылым мөлшері жылдық орташа сақтандыру сатылымының шамамен 20%-ын құрады. Олардың ішінде сақтандыру компанияларының сайттарынан сатып алынған электронды полистердің үлесі бар болғаны 0,6%-ды ғана құрайды. Осы жерде сақтандырудың барлық деректері, соның ішінде интернет арқылы сатып алынғандары туралы мәліметтер бірыңғай сақтандыру деректері базасында сақталатынын атап өткен жөн. Алайда, тұтынушылар арасында интернет арқылы сақтандыру көрсеткіші әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Десе де, 2019 жылдың соңында интернет арқылы электронды полистердің сатылымы 2-5% аралығында болады деп болжануда. Электронды сақтандырудың дамып, кең етек жаюы алдағы кезеңде сақтандыру саласының барлық аспектілеріне оң әсерін тигізеді деп күтілуде. 2020 жылдың басынан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Алдағы бес жылда медициналық қызметтерді нығайтудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша денсаулық сақтаудың үш сатылы жүйесі қарастырылуда.

Бірінші кезеңде мемлекеттік және жергілікті бюджеттен кепілдендірілген тегін медициналық көмек мөлшерін қаржыландыру көзделеді. Екінші кезеңде міндетті медициналық сақтандыруды мемлекет, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің жарналары есебінен қаржыландыруды көздейді. Ал үшінші кезеңде жеке сақтандыру пакеттерін дамыту қарастырылады. Осы бағдарлама арқылы мемлекет жеке сақтандыру компанияларының денсаулық сақтау жүйесіне қатысуын арттыруды жоспарлап отыр. Қазақстан Ұлттық банкінің ұсынысы шеңберінде 2025 жылға қарай сақтандыру секторын дамытудың жол картасы дайындалды. 2019 жылдың басынан бері сақтандырушылар осы жоспарды жетілдіруге белсенді қатысты. Аталмыш жол картасы саланың тез әрі сапалы дамуына және тұтынушылардың сақтандыруға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Екінші жағынан, осы салаға шетелдік компаниялар кіреді деп күтілуде және бұл 2020 жылға арналған перспективаларға оң әсер етуде. Соңғы бес жылдағы көрсеткіштер сақтандыру секторының баяу болса да нық қадамдарымен дамып келе жатқандығын көрсетеді. Сонымен бірге, сақтандыру секторына мемлекеттік бақылаудың күшеюімен, жыл өткен сайын компаниялардың саны азайып бара жатыр.

Бұл бәсекеге қабілетті және тәжірибелі компаниялардың нарықта қалуына және сапалы қызмет көрсетуіне мүмкіндік береді және жаңа бәсекелестік ортасының қалыптасуы нәтижесінде тұтынушыға сапалы қызмет көрсетіліп, сақтандыру саласына қосымша серпін әкеледі.

Жандос Ранов, Қазақ үні