Әдеби туындыларды шет тілдеріне аударудағы кемшіліктер қандай?

Әдебиет халықтың сан жылдық мәдениеті мен руханиятын әдемдік қауымдастыққа көрсететін үлкен құрал. Дегенмен, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері қазақ тілінде жазылған әдеби шығармаларды шет тілдеріне аудару және басып шығару мәселесіне көп назар аударылмады. Оған, бір жағынан, Қазақстан әдебиетінде 1991 жылдан осы күнге дейін жалғасып жатқан дағдарыс себеп болды. Екінші жағынан, мемлекет тарапынан көрсетілген көмек бар болғанымен, ол жазу саласында жүргендерге қажетінше жете бермеді. Дарынды ақын- жазушылар шығармаларын шетелдік тұрмақ ел ішіндегі оқырманға жеткізу үшін көп жағ- дайда өздері әрекет етті. Жекелеген авторлар шығармаларын өз қаржыларына немесе демеушілердің көмегімен аударып, шетелге танылу үшін өз күштеріне ғана сенім артты. Сондықтан қазақ тілінен басқа тілдерге жалпы қанша әдеби шығарма, кітап аударылғаны туралы нақты дерек жоқ. Оған қоса, қазақ авторларын шетелге таныстыру үшін кешенді жұмыс атқаратын жауапты мекеме жоқ болды.

Қазақ ақын-жазушыларының басын біріктіретін екі негізгі ұйым, Қазақстан жазушылар одағы мен Қазақ ПЕН-клубы, соңғы 3-4 жылдың ішінде ғана әдеби аудармалармен айналысып нақты нәтижелер көрсете бастады. Оған дейін әдеби аударма мәселесі күн тәртібінен түспегенімен, кешенді қаржылай қолдау болмады. Мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қабылдағаннан кейін басталды. Осы бағдарлама шеңберінде құрылған екі мекеме, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссия және Ұлттық аударма бюросы, жоғарыда айтылған мәселелердің біртіндеп шешілуіне үлес қосып жатыр. Комиссия осы жұмыстардың орындалуын кешенді түрде қадағалап жатса, аударма бюросы қазақ авторларының шетелге танылу және шетелдік озық шығармаларды қазақ оқырмандарына таныстыру бойынша жақсы нәтижелер көрсете бастады. Аталған бағдарлама аясында жасалып жатқан жұмыстың бірі қазіргі қазақ әдебиетін БҰҰ- ның ресми алты тіліне (ағылшын, араб, француз, испан, қытай, орыс) аудару болып табылады. Ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева бұл бастама халқымыздың тарихы мен мәдениетін әлемге танытуға зор мүмкіндік беретінін айтты. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін бағдарламаның «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында 30 жазушы, 30 ақын таңдалып алынды. Олардың шығармаларынан құрастырылған әрқайсысы шамамен 500 беттен тұратын «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» және «Қазіргі қазақ прозасының антологиясы» деген атаумен екітомдық жинақ жарық көрді. Ол әлемдегі 90 мемлекеттің әдеби және мәдени мекемелеріне таратылатын болады. Нәтижесінде дүние жүзінің 2,5 млрд. астам халқы қазақ әдебиетімен танысуға мүмкіндік алады.

Қазіргі кезде атқарыла бастаған жоба бойынша нақты нәтижелер де көріне бастады. 2019 жылдың наурыз айында Лондон кітап көрмесінде Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің қолдауымен Кембридж университетінің Cambridge University Press баспа үйі мен Ұлттық аударма бюросы бірлесіп жүргізген жұмыстың нәтижесінде қазіргі қазақ әдебиеті антологиясының ағылшын тіліндегі нұсқасының тұсаукесер рәсімі өтті. 2019 жылдың қыркүйек айында Мадридте Сервантес институты штаб-пәтерінде антологияның испан тіліндегі таныстырылымы өтті. Екітомдық жинақты испан тіліне аудару және аударма сапасын тексеру Испания Мәдениет министрлігінің қолдауымен жүзеге асты, ал Сервантес институты жалпы редакциялық жұмысты атқарды. Жинақты басу үшін жобаға жауапты қазақстандық мамандар бірнеше испандық баспа үйлерінің ұсыныстары арасынан «Visor-Libros» баспа үйін таңдап алған. БҰҰ- ның ресми алты тілінің тізіміне кіретін испан тілі Испаниядан бөлек Латын Америкадағы 18 мемлекеттің ана тілі саналады. 10 мың тиражбен жарияланған антология испан тілді мемлекеттердің бәріне тарайтын болады. Соның арқасында испан тілді шамамен 600 млн. халық әдебиет арқылы қазақ халқының рухани мұрасымен танысатын болады. М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті (ММУ) баспасы арқылы жарыққа шыққан антологияның орыс тіліндегі нұсқасының тұсаукесері 2019 жылдың қазан айында Мәскеу қаласында өтті. Аударма жұмысын Ресей жазушылар одағы мен ММУ баспасы бірлесіп жасаған. 20 мың тиражбен шыққан антологияның орыс тіліндегі нұсқасы 14 елдегі 3500-ден астам кітапхана, университет және ғылыми орталықтарға таратылатын болады. Аида Балаеваның пікірінше, «Ресей және ТМД мен Балтық жағалауы елдерінің орыс тілді оқырмандары осы әдеби антология арқылы қазақ халқының ұлттық келбеті, мәдениеті мен салт-дәстүрін тереңінен тануға мүмкіндік алады». Негізінен қазақ әдебиетінің орыс тіліне аударылуы өте маңызды. Екі елдің оқырмандары орыс тілін білсе де, қазақ ақын- жазушыларының ресейлік әріптестерімен қарым-қатынасы кең көлемде қалыптаспаған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Қазақстан-Ресей әдеби альманахы жарыққа шыға бастады.

Альманахтың осы күнге дейін үш саны жарыққа шыққан. Осы альманах арқылы да Ресей құрамындағы түбі бір түрік халықтарымен де әдеби байланыс жанданып келеді. Парижде өткен антологияның француз тіліндегі нұсқасын таныстыру рәсімінде сөйлеген сөзінде Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы БҰҰ- ның алты тіліне аударылған антологияны аудару жұмысына сол елдердің алдыңғы қатарлы аудармашылары мен әдебиетшілері тартылғанын айтты. Аудармашыларды таңдау барысында олардың Қазақстан тарихы мен мәдениетін білуіне назар аударылған. Кейбір аудармашылардың Қазақстанда болуына да жағдай жасалған. Жұмыс барысында аудармашылар мен авторлар арасында байланыс орнатылған. Бұл жұмыс аяқталған соң да, авторлардың басқа шығармаларын аударуға қызығушылық танытқан шетелдік баспа үйлері табылған. 2019 жылдың қараша айында Каирде Мысырдың Мәдениет істері жөніндегі жоғарғы кеңесінің штаб-пәтерінде аталған антологияның араб тіліндегі нұсқасының тұсаукесері өтті. Қазақ әдебиеті жинағының аудармасы мен басылымымен аталған кеңес және «МедиаХаб» баспа үйі айналысқан. Осы баспа үйінен жарық көрген антология Араб Лигасына мүше 22 мемлекеттің 4 мыңға жуық кітапхана, университет және ғылыми орталықтарға таратылатын болады. Басқа сөзбен айтқанда, араб елдеріндегі шамамен 500 миллион оқырман қазақ әдебиетімен танысатын болады. Антологияның қытай тіліндегі нұсқасына келетін болсақ, оның аудару жұмыстары толығымен аяқталды. Қытай үкіметі тарапынан идеологиялық жағынан тексеріліп болған соң, жинақ басылып шығарылады деп күтілуде. Қазақстанның әдебиет саласы бойынша басқа мемлекеттермен құрған шығармашылық одақтары өте аз, бірақ мұндай жағдай басқа елдерге де тән. Мемлекеттер өзара саяси, экономикалық, т.б. бағыттарда түрлі одақ құру арқылы қарым-қатынасын дамытқанмен, бірін бірі әдебиет, мәдениет арқылы тануда артта қалып ке- леді. Осы тұста, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ әдебиетін шетелге таныту көп елге үлгі іс болды.

Түркі тілдес халықтар арасында қазақ ақынжазушыларының негізінен түрік әріптестерімен жекелей қарым-қатынастары жақсы. ТҮРКСОЙ және Еуразия жазушылар одағы секілді іргелі ұйымдар халықтар арасындағы әдеби достықты дамытып келеді. Нақты саны белгісіз болса да, жылына 3-4 қазақ ақын-жазушысының шығармалары түрік тіліне аударылады. Еуразия жазушылар одағы жанынан жарық көретін «Кардеш калемлер» журналы қазақ ақын-жазушыларының басқа елде танылуына көп көмек көрсетіп келеді. Түркиядан кейін Қазақстанмен әдеби байланысы жоғары деңгейде дамып келе жатқан ел – Әзірбайжан. Қазақ және әзірбайжан тілдері арасында тікелей аудармашы өте аз болғанына қарамастан, екі елдің жазушылар одағы жоғары деңгейде жұмыс істеп келе жатыр. 30 ақын, 30 жазушының тәуелсіздік жылдары жазылған шығармаларын жинақтап шетелге таныту қазақ мәдениеті үшін үлкен серпіліс. Кеңес Одағы тараған уақыттан бері қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтеру бойынша кешенді жұмыстар атқарылмаса да, соңғы жылдары мемлекет тарапынан қолдау көрсетіле бастады, біршама оңды қадамдар жасалды. Сонда да, шешімін таппай тұрған мәселелер бар. Мысалы, қазақ әдебиетін шет тілдеріне және шетел әдебиетін қазақ тіліне аудару біріздендірілмеген. Нәтижесінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шет тілдерінде жарыққа шыға бастаған антология төңірегіндегі сыни пікірлер пайда болды. Сондықтан әдеби аударма мектебін дұрыс қалыптастыру керек. Бұл саланың артта қалуының бір себебі – қазақ ақын-жазушыларының арасында шет тілін білетін мамандардың жоқтығы.

Дегенмен, құрылған уақыттан бері көптеген жақсы жұмыстар жасап келе жатқан Ұлттық аударма бюросының сыни көзқарастарды ескеріп жақын уақытта осы мәселелерді біртіндеп шешетініне сенім мол. Стратегиялық тұрғыдан алғанда, әдебиет ұзақ мерзімді идеология болып табылады, сол себепті қазақ әдебиетінің әлемге танылуы Қазақстанның гүлденуіне өзіндік үлесін қосады.

Еркінбек Тұрғынов, Қазақ үні