Асыл мұралар бүгінде көптің игілігіне жұмыс істеуде

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті ғылыми кітапханасының «Сирек кітаптар мен қолжазбалар» бөлімінде елімізде ғана  емес, әлемде аса сирек кездесетін көне кітаптар мен қолжазбалар сақталуда. Әрине, бұл сөз Түркі халықтарының мәдениетіне қатысты айтылып отырғаны оқырманға түсінікті болар. Қорда Ә. Марғұлан, А. Машани, Т. Кәкішев, Р. Сыздықова, С. Нұрмағамбетова, С. Қирабаев, А. Сейдімбеков, т.б. елімізге танымалы ғалымдардың жеке кітапханалары жасақталған. Бұл аға буынға  көрсетілген құрмет қана емес, кітап қорын молықтыруға үлкен ықпал еткен бірегей шара болғаны анық. Ғалымдар кітапханаларынан авторлардың көз майын сарқып жазған шығармаларын, зерттеу жұмыстарына пайдаланған құнды ғылыми әдебиеттер мен қолжазбаларын оқуға болады.

Қордағы әр кітаптың  өз тарихы, тағдыры бар, ол өз алдына бір әңгімеге арқау болар дүние. Т. Кәкішев, Р. Сыздықова, С. Қирабаев қатарлы ғалымдар тірнектеп жинаған асыл мұраларын кезінде «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығына өздері аманаттаған. А. Машани, Ә. Марғұлан, С. Нұрмағанбетова, М. Қаратаев және т.б. ғалымдардың мұраларын ұрпақтары тапсырған көрінеді. Осы орайда бұл игі істің университет басшыларының ұлт руханиятына деген жанашырлығы арқасында жүзеге асқанын атай кеткен жөн. Бұл асыл мұралар бүгінде көптің игілігіне жұмыс істеуде.

Кітапхана ұжымы оқырмандарға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қордағы сирек кітаптар мен қолжазбаларды кешенді түрде зерттеуді қолға алды. Бөлім мамандары дайындаған академик М. Қаратаевтың библиографиялық көрсеткіші сол игі істің бастамасы болмақ. Кітаптар мен қолжазбалар тарихынан дерек беретін библиографиялық зерттеу аса ұқыптылық пен табандылықты қажет ететін, сондай-ақ, уақыт алатын жұмыс. Сондықтан, мұндай жіңішкелікпен істелетін іске екінің бірі бара бермейді. Алайда, өте  маңызды істің бірі екені даусыз.

Академик М. Қаратаевтың кітапханасында 1000-ға жуық басылым, мыңдаған кітап бар. Олардың денін ғалым көзі тірісінде оқып, ғылыми жұмыстарына пайдаланған. Бұдан тыс диссертациялық, дипломдық жұмыстарға жазған пікірлері, замандастарымен жазысқан хаттары, газет-журналдарда жарияланған мақалалары сақталуда. Қолжазбаларының өзі 64 папка. Оған пайдаланған заттары мен жеке басына қатысты құжаттарын қосыңыз. Библиографиялық көрсеткішті дайындауға негіз болған осы дүниелер. Бұл еңбектерді университет ғалымдары мен студенттері ғылыми жұмыстарына пайдалануда. Ертеңгі ұрпаққа, әсіресе, Қазақ әдебиетін және ғалымның шығармашылық зертханасын зерттеушілерге баға жетпес материал.

Бұл көрсеткіштің құндылығы ғалымның көзі тірісінде атқарған еңбектерімен тікелей байланысты. Академик М.Қ. Қаратаев 1910 жылы  Қызылорда облысында туып, 1995 жылы дүниеден өткен. 85 жылдық өмірінде Қазақ ғылымы мен әдебиеті үшін аянбай еңбек еткен ардақты ұстаз, абыз ғұлама. Ғалымның әдебиетке келуінің өзі бір тарих. 1923 жылы Жаңақорған бастауыш мектебін тамамдап, Орынбордағы медицина техникумына оқуға түскен. Білікті дәрігер болуы да мүмкін еді, алайда, әдебиетке деген құштарлығы басқа жағаға тарта берсе керек. Әдебиетке құштар шәкірт білгір әдебиетші М.П. Баталовпен танысқан. Осы жерде белгілі ғалымның назарын аудару екінің бірінің қолынан келмейтінін айта кеткен жөн. Демек, жас болса да әдебиет туралы білері аз болмаған. Талантты шәкіртке ықыласы ауған ғалым үлкен үміт күтсе керек. Әдебиетке бет бұруына М.П. Баталовтың ықпал болғанын М. Қаратаевтың: «Менің әдебиетке деген құмарлығымды ең алғаш байқаған М.П. Баталов болды. Баталов мені орыс әдебиетінің сарқылмас, мол бұлағынан сусындатты», - дегенінен байқамыз.

1930-1933 жылдары ғалым Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтында, 1934-1936 жылдары Ленинградта мемлекеттік тарих, философия және әдебиет институтының аспирантурасында оқиды.

1936 жылдан бастап қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясына ден қояды. Әдебиеттің жанрлық түрлеріне терең талдау жасап, теориялық тұжырымдар жасауға ұмтылған кезі осы. Зерттеулері жұрт назарына ілінген жас ғалым 1936-1937 жылдары ҚазССР Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы, кейін төрағасы болып қызмет атқарады. Алайда, ғалымның онан кейінгі жолы мейлінше күрделі болғанын өмірбаянынан оқимыз. 1937–1955 жылдары «халық жауы» деген жала жабылып, Краснояр және Жамбыл облыстарында айдауда болған екен. Бұл жаладан 1956 жылы ақталады. Содан кейін шығармашылық жұмысқа белсене кіріскен білікті ғалым әдебиеттану, әсіресе, әдеби сын саласында мейлінше табысты еңбек етіп, ұшан теңіз  жұмыс тындырған.

М. Қаратаевтың ғалым ретіндегі бір ерекшелігі – байқағыш, алымдылығы. Еңбектерінен әдебиет тарихы мен сынына қатысты бұрын зерттелмеген, тіпті, басқалар ескермеген мәселелерді танып, ғылыми тұрғыда көтере білген көрегендігі мен мұндалап тұрады. Көркем шығармадағы шеберліктің күнделікті тұрмысты бақылауға байланысты туатын тұстарын танудағы озық ойлары мен теориялық байламдары мәңгі құнын жоймақ емес. Мұны «Шеберлік шыңына», «Дүниетаным мен шеберлік», «Домбырадан кітапқа дейін», «Әдебиет және эстетика», «Биіктер алда» монографияларын және «Сын атасы – Виссарион», «Плехановтың эстетикалық көзқарастары» сияқты еңбектерінен көруге болады. Сыншы ретінде көркем шығарманың идеялық мазмұнына дендей кіріп, социологиялық талдауларға көбірек бой ұратыны бар. Бұған орыстың ұлы революционер-демократтары В.Г. Белинский мен Н.Г. Чернышевскийді ұстаз тұтуы себеп  болса керек. Алайда, көркемдікке деген талғамын төмендетпей, әдебиетке эстетикалық ұстаным тұрғысынан қарауды бірінші орынға қойғанын байқаймыз. Сындарында саяси қағидаларға көбірек жүгінсе де, әдебиетке қойылатын көркемдік өлшемдерден бас тартпай, қайта аса білімпаздықпен айқындап отырады. Тіпті, сонау жас шағында, 1937 жылы Жазушылар одағының І пленумында жасаған «Қазақ әдебиет сынының міндеттері» деген баяндамасынан да бұл ұстанымын анық байқаймыз. М. Әуезов, І. Жансүгіров, Б. Майлин еңбектерін көбірек талдауы да тегін болмаса керек.

М. Қаратаев еңбектеріндегі оқырман назарын еріксіз аударатын тағы бір ерекшелік бар. Ол – қазақ әдебиетінің барлық саласын қамтып жататын ауқымдылығы. Жас кезінен басталған әдебиет туралы ізденістері "Туған әдебиет туралы ойлар", "Шеберлік шыңына", "Социалистік реализмнің қазақ прозасында қалыптасуы", "Эпостан эпопеяға" қатарлы іргелі зерттеулерге жалғасып, арнасы мол өзенге айналған. Жеті жүзден астам мақаласы, қырықтан аса кітабы жарық көріпті. Оның ішінде кезінде көптің ықыласына бөленген көркем шығармалары мен әдеби аудармалары да бар. Бұл ретте, "Даладағы дабыл" публицистикалық романын ерекше атауға болады. Ғылым мен көркем әдебиетте қатар қалам тербеген жазушы әлем әдебиетін қазақша сөйлетуге де белсене араласып, өзін шебер аудармашы ретінде де танытады. 1936 жылы М. Горькийдің «Менің университеттерім» повестін аударса, 1956 жылы М. Шолоховтың «Тынық Дон»  романының үшінші кітабын аударды.

Ғалым әдебиетті оқыту мен зерттеу ісін ұйымдастырушы ретінде өмірінің біраз жылын ғылыми-педагогикалық жұмысқа арнады. М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қазақ совет әдебиеті бөлімін басқарады. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің Қазақ және орыс әдебиеті кафедрасын және Қазақ әдебиеті кафедрасын басқара жүріп, Орта және жоғары оқу орындарына арналған бірнеше оқулықтар жазады. Қазақ ССР Ғылым академиясында ұзақ жылдар «Қазақ Совет энциклопедиясының» бас редакторы міндетін атқарады.

Қазақ әдебиеті туралы сөз болғанда 1960 жылдары жарық көрген «Қазақ әдебиеті тарихының» алты томдығы ерекше ауызға алынады. Осы еңбектің  бірінші томының екі кітабы және үшінші томының екі кітабын дайындау ісіне М. Қаратаев басшылық етеді. Ғылымның бүгінгі деңгейінен қарағанда аталған еңбектің олқы соғатын тұстары болуы ықтимал. Алайда, ол әдебиет тарихын түгендеуге түрен салған ізденіс екенін ұмытпаған жөн.

М. Қаратаев әдеби сыншы ретінде әлемге таныған тұлға. Кезінде КСРО ғылым академиясының Қазақ филиалы президиумының мүшесі, Қазақ әдебиеті секторының меңгерушісі болады. 1974 жылы Халыкаралық әдеби сыншылар қауымдастығына мүшелікке қабылдануы кездейсоқ емес еді. Білікті ғалым ретінде Біріккен Араб әмірлігінде, Германияда, Польшада, т.б.  елдерде қазақ әдебиеті туралы  лекциялар оқиды.

ХХ ғасырдағы Қазақ әдебиетінің дамуына әдеби сынның жетекші ықпалы болғаны баршаға аян. Ал, қазақ әдеби сынының қалыптасуын академик М. Қаратаевтың еңбегінен бөле қарауға болмайды. Ол қазақ әдеби сынының негізін салған ұлы сыншы, көрнекті қоғам қайраткері, ұлағатты ұстаз.

Ғалымның зерттеулерінде «социалистік реализм» принциптері көбірек дәріптеледі. Алайда, заман талабынан туған, яғни, шарасыздықтан айтылған мұндай  біржақтылы пікірлер оның еңбектеріне  көлеңке түсіре алмайды.

Бүгінгі және келер ұрпақ М. Қаратаев еңбектері мен оқыған кітаптарын зерттемей ХХ ғасырдағы қазақ  әдебиетінің тағдырын тани алмақ емес. Библиографиялық көрсеткішті  құрастырудың қажеттілігі осында.

Библиографиялық көрсеткіште қолжазбалар тізімі жасалып, ғалымға қолтаңбамен берілген кітаптардағы мәтіндер қоса берілді.  М. Қаратаев  туралы өз замандастарының ғылыми пікірлері, ой-тұжырымдары, ыстық ықыласқа толы лебіздері жинақталды.

Көрсеткіш ғылыми қызметкерлерге, оқытушыларға, студенттерге, кітапханашыларға және қазақ әдебиетінің тарихына қызығушылық танытқан жалпы оқырман қауымға арналалды.

Көрсеткіштегі басылымдар казақ, орыс және басқа тілдегі кітаптар, авторефераттар әліпби ретімен берілді.

Бұл библиографиялық көрсеткіш ғалымның ғылыми ой-пікірінің қалыптасу, даму процесін тануда және шығармашылық потенциалын түсінуде аса маңызды еңбек болмақ.

Иманғазы Нұрахметұлы,

Ф.ғ. к.,  Л.Н. Гумилев атындағы 

Еуразия  Ұлттық Университеті

Ғылыми кітапханасы