Тіліміздің үндесім әуезіне сақ болайық

Кез-келген тілдің дыбыс құрамында сол тіл үшін маңызы бөлек, тілдегі қызыметі (функциясы) жағынан құнды дыбыстар болады. Ондай дыбыстардың әліпби құрамында міндетті түрде орны, жіктелім кестеде меншікті түрде ұясы болу керек. Бұл – жазуға қойылатын басты талап.

Қазақ тілінің дауыстылар құрамында қазақ тілін – қазақ тілі етіп тұрған, орны бөлек, төрт дыбыс бар: ы, і, ұ, ү. Бұл төрт дыбыстың орны бөлек болып тұрған себебі – тіліміздің іргелі заңдылығы сингармонизмді сақтап тұрған төрт үндесім әуезді жүйеқұрауыш дауыстылар осылар. Егер осы төрт дыбыстың біреуі жоғалатын болса, онда қазақ сөзінің үндесім жүйесі (системасы) бұзылады. Ал әліпби құрамында өзінің меншікті таңбасы (әрібі) мен емілесі жоқ дыбыс ұрпақ ауыса келе жоғалатынын қырғыз, түрік тілдерінің, тіптен, қазақ тілінің өз тәжірибесі де көрсетіп отыр. Сондықтан да біз осы төрт дауысты дыбысымыздың таңбасы мен емілесіне мұқият болуымыз керек. Былайша айтқанда, төрт дыбыс тіліміздегі төрт үндесім әуездің иесі, қорғанышы мен оққағары. Кестеден көрініп тұрғандай, «а» тобындағы дауыстылар екі-ақ әуезді (жуан езулік пен жіңішке езулік) қамтып отыр, қалған екі әуездің (жуан еріндік пен жіңішке еріндік) орны бос тұр. Келесі «е» тобындағы дауыстылардың құрамында да бір үндесім әуезді (жіңішке езулік) белгілейтін дыбыс жоқ, орны бос. Олай болса осы дауыстылардың екі тобы да тіліміздің төрт үндесім әуезін түгел қамти алмайды екен. Ал «ы» тобындағы дауыстылар төрт әуезді түгел қамтып отыр, кестеде бос ұя жоқ, соның арқасында тіліміздің, өзге тілдерде жоқ, бірегей үндесім табиғаты жазуда болсын, сөйлеуде болсын жоғалмай, сақталып келеді (кестені қараңыз).

Бұған қоса, бірнеше дүркін (тіптен ұят болды) ұсынылып келе жатқан қазақ латын әліпбиінің құрамына дербес ене алмай, көшірінді орыс емілесінің құрсауынан құтыла алмай, қазақ жазуының бүгінгі тарихында жолы болмай келе жатқан екі ақиқат дауыссыз дыбыс тағы бар, олар кирилше айтсақ – й мен у (келесі кестені қараңыз).

п т қ(к) с ш

б д ғ(г) з ж

м н ң(ң) р л й(й) у

Орыс зерттеушілерінің “полугласные” деген атауы бізге “шала дауысты” делініп мұраға қалды. Орыс зерттеушілері неге “полугласные” деді, оған бұл жерде тоқталып жатпаймыз. Қазақ тілінде ол екеуінің жасалым ерекшелігі бар: бірінші, ауыз қуысында ақиқат жасалым кедергі жоқ, бұл жағынан олар дауыстыға ұқсайды; екінші, ол екеуі буын құрай алмайды, бұл жағынан олар дауыссызға ұқсайды. Ғылымда соңғы буын құрай алмайтын белгісі негізгі болып табылады, сондықтан да олар - дауыссыз дыбыс. Ендеше қазақ тілі үшін “шала дауысты” деген атаудың басы артық, пайдаланудың қажеті де, керегі де жоқ, фонетикалық (тілдік) мәні жоқ атаудан аулақ болу керек. Қазақ тілінде «созылыңқы/қысқа» деген дыбыстар да жоқ, ендеше орыстақы дағдыға айналып кеткен «қысқа й» деген атаудан да түбегейлі арылуымыз керек, оның атауын өзге дауыссыздарымызбен қатар «дауыссыз й» дейміз, сонымен болды.

Су, бу, ту дегенде үндесім әуезді көрсететін бағдар белгі (маркер) жоқ, сонда не болғаны, шамасы «жасырын» дыбыс деген жаңа әдістемелік ереже ойлап табуға мәжбүр болатын шығармыз. Мұндай жағдай көп қой, жи, ми, ти, би деген сөздердің үндесім бағдары (маркері) жұмбақ болып «жасырын» қала береді ме? Осы сөздердің жазылымындағы (орфографиясындағы) «жасырын» қалып отырған жоғарыдағы төрт дауысты мен екі дауыссыз дыбыс. Осындай бейрет жазылым үлгілерін реттеу үшін қазақ тілінің анықтағыштарында ондаған басы артық ескертпе-ержелер беріліп келеді. Қолдан «жасырып-бұзып» жазып, жоқ жерден басы артық еміле құрастырып жататындай басымызға не күн туды! Сөзіміздің фонетика-морфологиялық құрылымын сақтап жазуға мұршамыздың келмегені ме, әлде шынын айтайық, сауатымыздың жетпегені ме, жоқ, әлде «аға» тілдің әлі де болса, еңсе көтертпей, мойын бұрғызбай келе жатқан еміле билігі ме?! Мысалы, бір ғана су, жүру т.б. дегенде үш дыбысымызды [u, ü, w] «жұтып» жіберіп отырмыз: сУ дұрысы [sUW], жүрУ дұрысы [jürÜW], ал «й» дауыссызының жайы да оңып тұрған жоқ, жи, би т.б. дегенде тағы да үш дыбысымызды [ɪ, i, y] «жымқырып» қалып отырмыз: жИ дұрысы [jΙY], бИ дұрысы [bİY]. Жалған жасырынбақтың арқасында сөздің жазылым тұрқында (орфографиясында) ұ[u], ү[ü], у[w], ы[ɪ], і[i], й[y] дыбыстарының таңбасы жоқ, жоқтың салдарынан сөздің үндесім әуезі бұзылып, сингармонизмнен қоса айрылғалы отырмыз. Өйткені су дегендегі жуан еріндік әуезді, жүру дегендегі жіңішке еріндік әуезді көрсетіп тұрған ұ[u] мен ү[ü], жи дегендегі жуан езулік әуезді, би дегендегі жіңішке езулік әуезді көрсетіп тұрған ы[ɪ] мен і[i] дауыстыларының өзі де, орны да жоқ. Тілдегі ақиқат дыбыстың ақиқат таңбасы сөздегі өз орнында тұру керек. Тіліміздің фонетика-грамматикалық табиғатына зер салатын болсақ, қазақ тіліндегі ый/ій [ɪy/iy], ұу/үу [uw/üw] дегендер дербес-дербес екі дыбыстың тіркесі, олардың арасынан морфем жігі өтеді, буын жігі өтеді, тасымал жігі өтеді. Ендеше басы бірікпейтін қос дыбыстың тіркестерін қалайша кирилдің «у/и» таңбаларымен белгілей саламыз. Жоғарыда айттық, меншікті таңбасы жоқ дыбыс бірте-бірте жойылып кетеді. Нақты айтатын болсақ, қазақтың жуан әуезді [uw], жіңішке әуезді [üw] ЕКІ төл дыбыс тіркесі орыс тілінің бейәуез БІР «у» дауыстысына, ал жуан әуезді [ɪy], жіңішке әуезді [iy] ЕКІ тіркесі орыстың

тілінің тағы бейәуез БІР «и» дауысты дыбысына айналып кетері сөзсіз. Сөзсіз емес-ау, айқын, осы емілемен сауат ашқан жас ұрпақтың тіліне қараңыз, олар «мый» деуден қалып, «ми» деуге көшті, бұл – бірғана мысал. Қазақ тілі үндесім әуезді (сингармонизм) тіл, ендеше қазақ жазуының әліпбиі мен емілесі осы үндесім әуезді сақтаудың тікелей амалы болу керек.

Бір дыбысқа бір дыбыс кетіп жатса жарайды, ал бақандай төрт төл үндесім дыбыс тіркесіміздің құрбан болып бара жатқанына сауаты бар фонетист-маман шыдамайды.

Осы бір күрмеулі «жұмбақ» арыдан келе жатқаны белгілі... Ал мызғымастай болып орнығуы көшірінді орыс әліпбиі мен емілесінен басталғанын бәріміз білеміз, жылы да белгілі – 1957 ж. Ал сол жаңсақ еміленің қабылданғалы отырған латын жазуымызға қалай және неге еніп кеткелі тұрғанын, сондай-ақ әрбір әрібі ғылыми тиянақталған тіл мамандары ұсынып отырған «Ұлттық әліпбидің» неге жоғары жаққа жетпей, жоғары биліктің көзіне ілінбей жатқанын біреу білсе, біреу білмейді.

«Ұлттық әліпбиді» ұсынып-қолдап шырылдап жүрген мамандардың өз ұстанымы бар. «Ұлттық әліпбишілердің» пікірінше әліпби мен еміле ең алдымен сөздің (тілдің) фонетика-морфологиялық (дыбыс, буын, морфем, тасымал) табиғи құрылымын бұзбай, керісінше, тиянақты және тұрақты түрде сақтап отыруы керек. Сөз құрамындағы дауысты/дауыссыз дыбыстар, буын түрлері, морфем үлгілері өз таңбаларымен өз орнында тұру керек. Мысалы, сұу [suw], қый [qɪy], сұуұу [suwuw], қыйылұу [qɪyɪluw], сонда буынға табиғи жолмен бөлінеді [su-wuw], [qɪ-yɪ-luw], осы ретпен тасымал жүреді. Теориялық ұстанымдары, біріншіден, біздің тіліміз үндесім әуезді тіл, үндесімді сақтау үшін әрбір дыбыс (әріп) жұтылып кетпей өз орнында «мен мұндалап» көрініп тұру керек, екіншіден, тіліміздің басты өзіндік (типологиялық) белгісі – жалғамалық (агглютинация) – жоғалмауға тиіс, ешбір қазақ көпбуынды сөзді айта алмай тұншығып, оқи алмай көзі тұнып жатқан жоқ. Үндесім әуез бен жалғамалылық жойылса қазақ тілі де жойылады. Қазақ сөзінің төл айтылымын сақтап жазудың амалы – «бір дыбыс – бір таңба (әріп)» ұстанымы.

Шынын айту керек, қазіргі кирилл қоғамның үдесінен шығып, биліктің «тілін» тапқан «әліпбишілердің» пікірінше әліпби мен еміле жазу мен оқуға жеңіл, басқаша айтқанда сөздің жазылымы (орфографиясы) «үнемді» және «ықшам» болу керек. Сондықтан кейбір дыбыс тіркестерін бір таңбамен (әріппен) белгілеу керек деп, кирилл ұстанымын басшылыққа алады. Сонда әріп тізбегі ықшамдалады. Мысалы, сұу [suw], қый [qɪy] сөзіндегі үш дыбыстың орнына үнемдеп су [su], қи [qi] деп екі әріппен жазған ұтымды болмақ. Осы жолмен суу (сұуұу), қиылу (қыйылұу) дегендегі соңғы буынды ықшамдап бір у әрібімен жазған дұрыс, сөз қысқарады. Буынға су-у, қи-ы-лу болып бөлінеді (төрелігін көзі ашық ұстаз-мұғалімдерге қалдырдық), дауысты/дауыссыз, морфем, тасымал реті де осылай реттелмек. Сөздеріміз осы ретпен әрі «үнемді», әрі «ықшам» жазылады. Теориялық ұстанымдары, біріншіден әріп үнемдейміз, екіншіден біздің тіліміз жалғамалы тіл, ендеше

шұбалаңқылықтан құтыламыз. Үнем мен ықшамның төте амалы - дыбыс тіркестерін кирилл үлгісімен «и/у»[i:/u:] таңбаларына алмастыру.

Жалған «әдістемелік» жеңілдікпен (жазуға жеңіл, оқуға оңай?!) көпшілікті алдаусыратуға болмайды. «Үнем, ықшам» тәрізді «тәтті» сөздерге алдануға тағы болмайды. Және «үнем» мен «ықшамға» ұрынып отырған тек жоғарыдағы төрт дауысты, басқа дауыстылар әзірге аман қалып келеді. Әлде «сыйырға туған күн бұзауға да туар ма» екен... Жазылымы оңай – әріп, игерілімі жеңіл – еміле ешбір тілде жоқ, қазақ тілі соның бірі. Өз тіліміз – өзіміздің табиғи тағдырымыз. Дұрыс, тіліміз жалғамалы тіл – созып жазудан қашып қайда барамыз, тіліміз әуезді тіл – өз болмысымыздан өзіміз үркіп қайда тығыламыз. Бірақ кирилдің «и/у» тәрбиесімен ауызданған қазіргі ұрпақ үшін сол «и/у» жүрген жердің бәрі дұрыс, ұсынған адамның бәрі ғұлама көрінеді. «Үнем» мен «ықшамды» қолдап отырған «көпшілік те» солар.

Ендеше қазіргі қоғамдық деңгейде көтеріліп отырған «сана жаңғырудың» аясында «әліпби жаңғыруды» қолға алу керек болады. «Ұлттық әліпбиді» көз үйренген кирилл әліпбиден, ұлттық емілені жаттанды болған кирилл емілесінен ажыратып алып, «жаңа сана» қалыптастыру оңай болмайды. Алғашқы кезде осы қиындықты жеңуге тура келеді.

Қара күшке көнбейтін, ғылымның күшімен, қаламның ұшымен, жеке ғұлама ғана бітіре алатын іс болады, соның бірі – әліпби.

А.Байтұрсынұлы қазақ ұлттық әліпбиін бір өзі құрастырды.

Ә.Қайдари қазақ ұлттық латын әліпбиін бір өзі құрастырды.

Мұны айтып отырған себебіміз – соңғы кезде әліпби мәселесі аламан дауға айналып барады, қол жинап, дауысқа салып шешуге дейін жеттік. Жоғары жаққа «көпшілік» дауыс шешті деп жеткізіп отыратынды шығардық, ал «көпшілік» шешкен үш жобаның жолы болмағаны белгілі. Шынын мойындау керек, күманды жобаларды жоғары жаққа жеткізбей тоқтататындай бізде, тіл мамандарында, мүмкіндік жоқ, қол қысқа. Айтылған сөз айтылған жерде, жазылған сөз жазылған жерде аяқсыз қала беретініне әбден көндіктік, ең болмаса, «әліпби талқысынан» сыртта қалып отырған көпшілік көңіл бөле жатар.

Түрік (түркі емес) жазуына қатысты 1991-1993 жылдары әртүрлі деңгейде өткен жиындардың нәтижесінде тәуелсіз түрік мемлекеттерінің ғалымдары (Қазақстан тарпынан акад. Әдуали Қайдари, акад. Өмірзақ Айтбайұлы, проф. Көбей Құсайын, проф. Ерден Қажібек қатысты) түрік дыбыстарын түгел қамтитын 34 таңбадан тұратын ОРТАҚ ӘЛІПБИ үлгісін ұсынды. Мұндағы мақсат – егер түрік мемлекеттері латын графикасын қабылдайтын болса, онда қажет әріптерді осы 34 таңбаның ішінен алғаны жөн. Сонда түрік халықтарының жазуы бір ізге түседі (бірегейленеді). Сонымен қатар, тағы бір маңызды мәселе шешіледі, ортақ жазу түрік халықтарының басын біріктеретін ұтымды амалдардың бірі болып табылыды.

Сонымен, қазақ тілінде 9 дауысты дыбыс, 19 дауыссыз дыбыс бар. Бар болғаны 28 төл дыбыс. Қазақ тілінің төл дыбыстарының таңбалары ортақ түрік әліпбиінің ішінен толық табылып тұр. ОРТАҚ ӘЛІПБИДІҢ құрамынан алынған

қазақ әліпбиін «Ұлттық әліпби» деп атадық. Қазақ әліпбиі мен оның емілесі түрік жұртымен сонда ғана бір ізге түседі (кирилл әліпби ізімен жүрсек саяқ кетеміз).

Қазақ ұлттық латын әліпбиі

Aa, Ää/Әә, Bb, Dd, Ğğ, Gg, Ee, Jj, Zz, Yy, Qq, Kk, Ll, Mm, Nn, Ŋŋ, Oo, Öö, Pp, Rr, Ss, Tt, Uu, Üü, Ww, Iı, İi, Şş.

Осы әліпбимен жазылған мәтін үзінділеріне көз жүгірітіп көріңіз, көз сүрінер бірнәрсе табасыз ба? Сөздің фонетика-грамматикалық тұрқын – сөздің үндесім әуезін, буын-морфем тұрқын, тасымал ретін (бұлар - жазуға қойылатын бұлжымас талаптар) - бұзып тұрған тұсы бар ма екен? Өзім-ақ жауап берейін жоқ, таппайсыз. Ендеше әліпбидің несі кем?

Мәтін ішіндегі үнемдеп-ықшамдауға ұрынып қалатын дыбыс тіркестерін қою түспен бөлектедік, оқушы қауым өздері байыптап көрсін, үнемдеп-ықшамдап әлек болатындай қаптап тұр ма екен.

ABAY JOLΙ (üzіndі).

Üş kündik joldɪŋ bügingi, soŋğɪ künine bala şәkirt barɪn saldɪ. Qorɪqtan kün şɪğa atqa mineyik dep asɪqqan-dɪ. Bunɪ qaladan alɪp qaytqalɪ barğan ağayɪnɪ Baytastɪ da taŋ atar-atpasta özi oyatɪp turğɪzɪp edi. Kün uzɪn attan da tüspey, özge jürginşilerden oq boyɪ alda otɪrğan. Key-keyde özine tanɪs Kök-üyirim men Buwratiygen, Taqɪrbulaq sɪyaqtɪ qonɪs-qudɪqtardɪŋ tus-tusɪna kelgende bala oqşaw şɪğɪp, astɪndağɪ jaraw qula bestisin ağɪzɪp-ağɪzɪp ta aladɪ…

-Mɪna balanɪŋ awɪlğa asɪğuwɪn-ay!

Nursultan Nazarbayev (üzіndі)

...Asqaq Alatawdɪŋ bawrayɪ alma men qɪzǧaldaqtɪŋ «tarɪyqɪy otanɪ» ekeni ǧɪlɪmɪy turǧɪdan dәleldengen. Qarapayɪm, biraq bükil әlem üşin özindik mәn-maŋɪzɪ zor bul ösimdikter osɪ jerde bür jarɪp, jer jüzine taralğan. Qazaqstan qazir de әlemdegi alma atawlɪnɪŋ arğɪ atasɪ - Sibers almasɪnɪŋ otanɪ sanaladɪ. Dәl osɪ tuqɪm eŋ köp taralğan jemisti әlemge tartuw etti. Bәrimiz biletin alma – bizdegi almanɪŋ genetikalɪq bir türi...

Q-J. Toqaev (üzіndі)

Qazaq tiliniŋ memlekettik til retindegi röli küşeyip, ultaralɪq qatɪnas tiline aynalatɪn kezeŋi keledi dep esepteymin. Biraq munday dәrejege jetüw üşin bәrimiz daŋğaza jasamay, jumɪla jumɪs jürgizüwimiz kerek. Sonday-aq, til ülken sayasattɪŋ quralɪ ekenin umɪtpağan jön. Keler jɪlɪ atalɪp ötetin mereytoylar men elewli oqɪyğalarğa dayɪndɪq jumɪstarɪ bastaladɪ. El ömirindegi osɪnday elewli oqɪyğalar jas urpaqtɪ nağɪz otanşɪldɪqqa tәrbiyelewge jol aşadɪ dep senemin.

Қазақ жазуының әліпбиі мен емілесінде жолы болмай жүрген екі дыбыс бар екенін жоғарыда айттық, олар кирилше айтқанда – «й» мен «у». Осы екі дыбыстың дауыссыз екенін өзгелер түгілі, тіл иесі қазақтардың өзі, тіптен қазақ тілі пәнінің мұғалімдері, түсінбей келеді: бірде дауысты, бірде дауыссыз деп

өзімізді өзіміз алдап келеміз. Көпшілікке кінә тағудан аулақпын. Егер бірінші сыныптан бастап «су», «ту», «бу», «жи», «ми» дегендегі «у» мен «и» дауысты дыбыс деп үйретіп келсек (маған сенбесеңіз ӘЛІППЕНІ бір ақтарып шығыңыз), олар үшін дауысты болмағанда не болады.

Бұл бір адамның немесе бір автордың кінәсі емес, бәріміздің кінәміз, мүмкін ортақ КҮНӘМІЗ де шығар.

Тағы қайталайық, жазу аз болып жатқан жоқ, айту одан да көп, бірақ айтылған сөз айтылған, жазылған сөз жазылған жерде қалып жатыр. Сонда да болса айтыла бермек, жазыла бермек. Бұл – бос салғыласу емес, кирилл мен латын арасындағы өліара мезгілде бейамал күн кешіп отырған көпшіліктің (мүмкін биліктің) бірінің болмаса, бірінің құлағына жетер, көзіне ілігер деген үміт қана.

Төл жазу (төл әліпби мен төл еміле) сөзіміздің айтылым-естілім тұрқын бұзбай келесі ұрпаққа табыстайтын аманатымыз болу керек. Ендеше аманатымызға адал болайық, ағайын.

Дегенмен «әліпби жаңғырудың» әзір іске аса қоятын түрі жоқ, ақырын күтейік...

Әлімхан ЖҮНІСБЕК,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызыметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор