Сәтпаев қаласындағы бұзақылық бойынша 15 адам ұсталды

ҚР ІІМ Сәтпаев қаласындағы бұзақылық бойынша 15 адамның ұсталғанын жеткізді, деп хабарлайды "Қазақ үні".

24 шілдеге қараған түні Сәтбаев қаласында бір топ азамат бұзақылық жасады. Тас-таяқпен қаруланған жастар тобы бес жасар қызды зорлады деген күдікпен ұсталған адамды өз беттерімен жазалауға ұмтылып, полиция ғимаратына кіруге әрекеттенген.

Полиция қызметкерлері бұл бұзақылықтың жолын кесті. Алайда басбұзарлар жолындағыны қиратып, айтарлықтай материалдық зиян келтірді. Олар қақпаны, ауладағы адамдар отырғыштарды, қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған ескерткішті, полиция ғимаратының аумағындағы шамдарды, терезелердің әйнектерін сындырған.

Сондай-ақ, сыртқы бейнебақылау камералары мен қызметтік автокөлік бүлінген. Келтірілген залалдарды бағалау жүргізілуде. ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы (“Бұзақылық” “Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру”, “Құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қол сұғушылық”) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Қазіргі уақытта бұзақылық әрекеттерді ұйымдастырушылар мен белсенді қатысушылар анықталып, ұсталды. УҰИ-ға 15 адам қамалды. Барлық тергеу әрекеттері қолданыстағы заңнама аясында жүргізілуде.

Ұсталғандарға қатысты азаптау және құқыққа қарсы әрекеттер жасау туралы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратылып жатқан хабарламалар негізсіз. Хабарламалардың авторлары мен жалған ақпаратты таратушыларға қатысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны ескертіледі.

Ішкі істер органдары Сәтбаев қаласында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдағанын атап өту қажет. Полиция қызметкерлері атыс қаруын қолданбай, ұстамдылық танытып, қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесті.

Тергеу жалғасуда.

Кінәлі адамдар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жазаға тартылады.