Қостанайда полиция көлігімен болған жол апатының видеосы жарияланды

Қостанай облысының полиция департаменті қызметтік көліктің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасының видеосын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кеше Қостанай облысында полицияның патруль автокөлігі «ВАЗ 2115» маркалы көлікпен соқтығысқан болатын. 4 жасар бала оқиға орнында қаза тапты. «Қазір жол апаты бойынша қызметтік тексеру жүріп жатыр. Патруль көлігі жол үстінде дабыл белгісін қосып жүрген. Полиция жол апаты болған жерде орналасқан «Арагви» дәмханасының бейнебақылау камерасы арқылы оқиғаны зерттеп жатыр», - дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі маманы Кенже Қонысбай. Жол-көлік оқиғасы салдарынан «ВАЗ 2115» автокөлігіндегі 12 жасар жеткіншектің жарақат алғаны белгілі болды. Сонымен қатар тағы бір жолаушы медициналық көмекке жүгінді.