Жастар халықты маска тағып жүруге шақырды

Қазақстан халқы Ассамблеясының "Жаңғыру Жолы" жастар қозғалысы #МаскаТағыңыз үгіт-насихат шарасын өткізді. Мұндағы мақсат – көпшілік орында, көшеде бетперде таратып, халықты карантин тәртібін қатаң сақтауға шақыру. Өзіне және айналасындарға жанашыр болуды тағы бір мәрте еске салу және індеттің ары қарай өршіп кетуіне жол бермеу. Іс-шара барысында барлық облыстағы ҚХА белсенділері көшеге шығып, жол үстіне, үй қабырғаларына «Маска тағыңыз! Денсаулығыңызды сақтаңыз!» деген жазбалар қалдырды. Қоғамдық орындарда жеке гигиенаның маңыздылығын түсіндіріп, жиі антисептик қолдануға, қолғап киюге шақырды. Вирустың алдын алу шараларының маңыздылығына мән берді. Бұдан бөлек, «Жаңғыру Жолы» Жастар қозғалысының еріктілері пандемия барысында әлеуметтік жағдайы нашар топтарға, провизорлық стационарларға және жағдайы төмен отбасылар мен ақ халатты абзал жандарға көмек көрсетуде.