ҚАРАЛЫ КҮН - ЕШКІМ ДЕ, ЕШТЕҢЕ ДЕ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ!

Өмірлерін сақтап қалар дәріге қолдары жетпей үзіліп кеткен, пандемия соғысында құрбан болған мыңдаған адамдардың өліміне кінәлі Ел Денсаулығын сақтауға тиіс Денсаулық сақтау министрлігінің "СК-Фармация" басшылары! Оларды және оларға қолдау жасаған министрлікте, үкіметте отырып, халық қасіретінен қаржы жасап, мола үстінде ақша санап отырғандарды бәрін жаңа қазылған қаптаған қабірлердің басына апарып жазалау керек! Олардың халыққа жасаған қаскүнемдіктері ешуақытта ұмытылмайды! Осыдан тоқсан жыл бұрынғы ұлтымыздың 4 миллионынан айырған Ашаршылық геноцидін қандықол кеңес империясынан, қанішер Голощекиннен көрсек, енді Тәуелсіз елде жемқорлыққа батқан өз қазағымыз өзімізді қыруға кірісіп кеткенін көріп отырмыз өкінішке орай... Осы ойларым айтылған бүгінгі "ШЕГІНЕРГЕ ЖЕР ЖОҚ - ЕЛ ТАҒДЫРЫ ҚЫЛ ҮСТІНДЕ" атты мақаламды оқыған Алаштың арқалы ақыны Светқали Нұржан "Жанайқайың жаны барларды оятқандай екен"-деп жазыпты. Иә, жаны бар адам шыдап тұра алмайтындай жағдайлар өтуде біздің елде. Әсіресе, Біздің үкіметтің тірлігіне қарасаң, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ СК-ФАРМАЦИЯ компаниясы Халыққа арналған жансақтау дәрісін тонналап жасырып қойып, жаназаның көбеюін "қамтамасыз" етеді. Ал елорда жаназамен жарысып отшашу шашып ойнайды. ТЕК ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҒАНА ШЫДАЙТЫН МАСҚАРАЛАР! Мұндай үкіметің болса, жаудың керегі жоқ! Тіпті, жаудың өзі жақын тартып кететін шығар... Бүгін 13 шілде - көк туымыз түсірілген Қаралы күн! Сағат 12-00-де еліміз бойынша коронавирус құрбандарына арналған бір минуттық Үнсіздік орнады. Еліміздегі барлық мешіттерде құран оқылуда, Алла дұғамызды қабыл етіп, құрбан болғандарды панасына ала бергей. Бірақ барлық мешітте, әр шаңырақта бір уақытта құран оқылуы керек еді... Өз елінде бейбіт күнде төтеннен келген ауыр індеттің және берекесіз басқару жүйесі мен жемқорлықтың құрбаны болғандар алдында бәріміз де кінәліміз, сондықтан кешірім сұраймыз. Марқұмдардың пейіште нұрлары шалқып имандары саламат болсын! Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды! Алла Алашты өзің сақтай гөр! Қазыбек ИСА, "Қазақ үні"