Жақсы адам, жайсаң жан еді...

Тағы да суық хабар!  Бұл өмірден ел ағасы, еңбек ардагері, абзал азамат Жасұзақ Ізтілеуов  көкеміз де өтіпті...Арты қайырлы болсын!  Алла алдынан жарылқасын! Жақсы адам, жайсаң жан еді, жарықтық. Әке-шешемізбен бірге оқып, бірге өскен еді... Барлық қуаныш-қайғымызды бірге бөлісіп жүретін. Ағайынға қамқор, ел ағасы еді.  Бір-екі  жыл бұрын 80 жасын дүрілдетіп тойлап едік алыс-жақыннан бар ағайын жиналып...  Менің 50 жасқа толған мерейтойымда Шардара ауданында да , Алматыда да бірге болып, Ағайындар атынан ақсақалдық ақ батасын берген еді. Көкірегі ояу, көзі ашық, көнекөз қариялардың соңғы тұяқтарының  бірі еді... Жасұзақ Ізтілеуов 1939 жылы 7 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы Қызылқұм ауданы, Алғабас колхозында туған. 1959 жылы Мырзакенттегі  (ол кезде "Славян")  3 айлық шоферлық курсты бітірді. Ол кезде мектеп бітірген соң, 3 жыл жұмыс  істеу керек деген талап болатын. 1960 жылы әскерге аттанды. 1964-1968 жылдары Ташкент Халық шаруашылық институтының экономика факультетін бітіріп, Шардара құрылыс  комбинатына  аға экономист болып қызметке тұрды. 1971 жылы Шардара  кеңшарына бас экономист қызметіне ауысады. 1975 жылы "Целинный" кеңшарының  партия ұйымы хатшысы қызметін атқарды.  Кейін экономист қызметін атқарып, зейнетке шықты. Одан соң да қарап жатқан жоқ. "Қазақстан"  ауылы, қазіргі Алатау батыр ауылында  Ардагерлер кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарды. 2019 жылы 28 қарашада қазіргі Түркістан облысы Шардара ауданының 55 жылдығына орай "Шардара ауданының Құрметті азаматы" атағымен  марапатталды. Елдің жағдайын білетін, әрдайым ақыл-кеңесін беріп жүретін,  елдің мемлекеттік саясатын қолдап,  ұлтымыздың салт-дәстүрін өнеге етіп, насихаттап жүретін шежірелі, қазына қария еді. Енді міне,  елге болсын деп өмір сүрген елгезек, еңбекқор, білікті Жасұзақ  ағамыз да 82 жасында келмес сапарға аттанды. Ардақты ағамыздың алды  пейіш, арты кеніш болғай! Алла өзі панасына алсын! Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Пейіште нұры шалқый бергей! Отбасына, туған-туыс, ағайындарға, араласып жүрген әнші, актер, ұстаз Димаш бауырымызға  көңіл айтамыз! Құдай ұрпақтарына ұзақ ғұмыр берсін. Соңғы сапарына қаумалап шығарып салған  қалың елмен бірге қоштасып қалар, топырақ салар жөніміз бар еді... Қиын заман, карантин қолбайлау болып тұрғаны өкінішті. Әйтпегенде, баруымыз керек еді қайда жүрсек те... Иманы саламат болсын! Қазыбек ИСА qazaquni.kz