Бибігүл Жексенбай: Карантин шараларын сақтауға санамыз жетпей жатыр

Қазақстан Президентінің сөйлеген сөзі - коронавирустық пандемияға байланысты қоғамдық дертті анықтайтын өзіндік ДИАГНОЗ. Мемлекет басшысы қазіргі жағдайға нақты талдау жасай отырып, жақын болашақта алдымызда тұрған міндеттерді саралады. Ерекше назар аударатын жәйт, өз сөзінде Президент індетпен күресте ешқандай ұсақ-түйек жоқ екендігін айтты. Яғни, кез-келген деңгейдегі аздаған кемшіліктің залалы жалпы елге үлкен екенін барлық жауапты адамдар сезіну керек деген сөз. Қоғамдық пікірге дер кезінде құлақ асып, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізе алмаған Үкімет пен әкімдер жұмысы сын көтермейді. Оларға қалыптасқан жағдайды екі апта ішінде түзетуге уақыт берілді. Кресло сақтағысы келгендер, бел шеше жұмысқа кірісу керек. Қағаз есептердің уақыты өткендігі айқын. Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы пандемияға дайындықты дұрыс жүргізбеген. Уақытты босқа оздырып алғандығымыз жоғары деңгейде мойындалып отыр. Ел еңіреп жатқанда, дәрі-дәрмекті тығып, жасанды тапшылық тудырған «СК Фармация» мен Міндетті медициналық сақтандыру қоры жауапқа тартылады. Арнайы комиссия құрылып, қалыптасқан жағдай бойынша кемшіліктер мен қателіктерді анықтайды. Қоғамдық тәртіп сақтау мәдениеті өте төмен. Карантин шараларын сақтауға әлі санамыз жетпей жатыр. Мемлекет басшысы, цифрландыру мәселесін де, жаңа оқу жылына дайындықтың да төмендегін, егін жинау науқанын да назардан тыс қалдырмады. Қазақстан Президентінің "халықтың үніне құлақ түретініне" көз жеткіздік . Ендігі өзге билік өкілдерінің "есту қабілеті" қандай екендігінде болып тұр. Көтерілген бұл мәселелерді аз уақытта Үкіметіміздің шешуге қауқары жетер ме екен? Оны екі апта көрсетер... Бибігүл Жексенбай, Қазақ үні