Телеарналар арқылы халыққа дәрістер өткізу керек
Өткен наурыз айының 19-нан басталған Төтенше жағдай мен карантин кезінде Ұлттық арна, «Балапан» арнасы мектеп оқушыларына арнап «сабақ берді». Аталған екі арнаның қызметін сол кезде ата-аналар да, оқушылар да мейілінше пайдаланып, тәп-тәуір нәтижеге қол артқан еді. Қысқасы сондағы теле-дәрісті теріс көрген жан болған жоқ. Сол дәріс бүгін тағы да керек болып тұр, керек болғанда өте-мөте керек болып тұр. Өйткені осы күні екінің бірі пневмония дертіне шалдығып, өкпесі қабынып үйінде жатыр. Ал үйде жатқан адамға ақылшы көп: біреу ана дәріні іш дейді, біреу мына дәріні іш дейді. Енді біреу қоңырау шалып, алай істесең айығасың десе, біреу былай істесең сауығасың деп насихат соғады. Жарық дүние үшін жанталасып жатқан жан бұндайда кім не айтса, соған мақұл ғой. Сөйтіп өз бетінше емделемін деп ауруын асқындырып алғандар көп. Сондықтан... ақыры ауруханалар аздық етеді екен, бар ауруханаларда төсек орындар жетпейді екен, ендеше үйінде ем-дом қабылдаумен жатқандарға арнап телеарналардан ағартушылық бағытта бағдарламалар жүргізілуі қажет. Бағдарламаға білікті дәрігерлер шақырылып, олар 24 сағат дәріс оқып, сақтық шараларын ескертіп отыруы керек. Осы 24 сағаттың ішінде маман-дәрігерлер тікелей эфирге шығып, науқастардың сұрақтарына жауап беріп отырса, тіпті жақсы болар еді. Сосын ең басты ескеретін жайт: маманның мемлекеттік тілді біліп, мемлекеттік тілде сөйлейтіндігі аса қажет болып тұр. Өйткені, науқастардың дені қазақтар, соның ішінде орыс тілінде берілетін ақпараттар мен мәлімет-кеңестерді түсіне алмайтын қазақтар. Бұны маған ауруханада жатқан бір танысым айтып отыр.
«Аурухана толған қазақ, өлім мен өмірдің ортасында жанталасып жатыр байқұстар. Ал оларды кеп тексеретін, дәрі-дәрмек беріп, жәрдем көрсетететіндердің көбі орыс тілінде сөйлейтін ұлты қазақ дәрігерлер. «Айналайындар-ау, қазақсыңдар ғой, қазаққа қазақша сөйлесеңдерші» десең ұқпайды», – деп ашынады танысым. Ол танысым қазір өз жанының дертін ұмытып тілмаш болып жүр. Демек, алда-жалда телеарналар ковид пен пневмонияға қарсы күрес жүргізіп, эфирге инфекционист-мамандарды шақыратын болса, әлгі маманның міндетті түрде қазақ тілін білгені абзал.
... Карантин қайталап жарияланды. Бұл өте дұрыс. Мына қағынған пәленің беті қайтқанша, барлық қарым-қатынастан тиылып, барыс-келісті тоқтата тұруымыз керек. Деніміз сау болса, алдағы күндері той-томалақ та табылады, кем-кетік те орнына келеді. Жалғанның жарты күнін аста төк байлыққа, ақшаға толтырамын деп арпалысуда еш мән-мағына қалған жоқ қазір. Осыны ұғатын уақыттың қыспағында отырмыз. Екі күннің бірінде ет жақынын немесе етене танысын жер қойнына беріп қойып отырған ел іші қазір ғасыр індетінің сұмдығын түсініп үлгерді. Енді тек аман қалудың қамын ойлауымыз керек. Жуырда Американың Джон Хопкинс Университеті мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) індет тараған елдердің картасын жасаған екен, Қазақстан территориясы өрт алғандай қызарып ерекше көрінеді. Өзге мемлекеттер жартылай сары, жартылай сұр түспен көрініс тапса, Қазақстан ерекше: қып-қызыл! Бұл – пандемия байтақ қазақ даласын тұтас жапты деген сөз. Құдай сақтасын!
Дәурен Қуат,
Фейсбук парақшасынан