ТЕТЕЛЕСІМ, ТЕЛҚОҢЫРЫМ

Қасыңда қырық жыл бойы бірге келе жатқан адам туралы жазудың соншалықты қиын болатынын дəл осы жолы анық аңғардым. Жəне ол адам анау-мынау емес, етене жақын сырлас досың болса ақиқатына келер кейбір тұста тіпті тартыншақтайтын көрінесің. Алдында ойлағам, «бəрі алақанымда тұр ғой, бір отырсам болды, лезде-ақ көсілтіп жазып тастайтын шығармын» деп. Сөйтсем... Қалам ұстағаным сол еді, бірден кібіртіктей бастадым. «Ана мінезін айтсам қалай, мына бір деректі кіргізіп жіберсем қайтеді, ой мына бір қылығын тіпті қозғап қажеті не» деген сияқты ойлар əр жерден анталап шыға келді де, қараптан-қарап берекем қашты. Бəрін айтқың, бəрін қамтығың-ақ келеді, алайда бұл мақаланың дəмін кіргізе алармысың? Өстіп біраз уақыт оздырдық. Нұрлан екеуміз сонау 1980 жылдың əлде қысы, əлде көктемі ме екен, əйтеуір осы «Екпінді еңбектің» редакциясында алғаш жүздестік. Қуана қауыштық. Екеуміз де айналайын Аққайнарда адам қатарына қосылып, сол қасиетті ауылдың май топырағына аунап өскен екенбіз. «Екенбіз» деп екпін қойып отырғаным, бір ауылдың перзенті болсақ та, бұған дейін бір-бірімізді көрмегендіктен. Өйткені ол малды ауылда өсіп, Үңгіртастағы интернатта оқыпты. Ауылға ауысып келген жылы мен Қарғалыға көшіп кетіппін де, бала кезімізде тоқайласа алмай қалыппыз. Иə, содан кейінгі өміріміз бір өзеннің қатарласа аққан екі жылғасындай бірқалыпты шымырлап, бірде тереңдеген, бірде саязданған телағыспен кетіп барады. Жалындаған жастық шақты, жадыраған жарқын күндерді бірге өткіздік. Жас отау тіккен жылдары ол Алматы мен Ұзынағашта, мен Ұзынағаш пен Қарғалыда бірнеше пəтер ауыстырдық. Балаларымыз да кезектесе дүниеге келді. Ертеңгі жақсылықтан ерен үміт күткен шіркін сол ақжарылқап таңдарда барды-жоқты сезінбеген, балағымыздан жел есіп жүретін шақтарды бүгін елжірей сағынатынымыз да бекер емес. Ақыры, 1986 жылы көктемде Ұзынағашқа тиянақтадық. Бір қуыс көшеге қатарласып үй салдық.

Менің Алмасым мен оның Талғаты екі жасынан бірге ойнап өсті. Кейін бұл Нұрекең Алматыға ауысып, Қазақ телевидениесіне қызметке кірді де қаланың қым-қуыт тіршілігіне, қазақтың мұңы мен мұратын арқалаған бейнелі ақпарат саласының шым тұңғиығына сүңгіді де кетті. Біз болсақ, аудандық газеттен аудан əкімдігіне жылжи қонып, осы Ұзынағаштың аясында қала бердік. Десек те, тағдыр жазмышына байланысты əке тəрбиесінен ерте ажыраған екеуміздің арамыздағы сол баяғы əдемі əдіптелген достық қарым- қатынас үзілген жоқ. Екеуміз бір-бірімізді тəрбиеледік, бір-бірімізге қарап ой түзедік, біріміздің білімімізді біріміз шыңдадық, біріміз білмегенді біріміз үйреткен де шығармыз, кім біледі. Кейін өзінің бір елжірей сыр ашқан сəтінде Нұрлан інімнің: «Мен саған еліктеп өстім ғой» деп риясыз мойындағанын іштей малданып, кейде масаттанып қалатынымыз да сондықтан. Нұрлан жаратылысынан ақын. Ақын болғанда да анау-мынау өлеңшілердің санатынан емес, жан қуаты тегеурінді, əріден сілтейтін өткір алмастай семсер сөздің саңлағы. Жазба поэзиясының мөлдірлігі мен көркемдігі өз алдына, айтыс сахнасына шыққан кезінде арқаланып сала беретін суырып салмалық өнеріне тең келер ешкім болмас еді-ау шіркін, əттең соның жолына өзі діттеп түспеді. Неден тартыншақтағанын əлі күнге дейін түсінбеймін. Ол 1983 жылы Алматы қалалық студент жастар арасындағы айтыста бас бəйгеге, 1989 жылы Қазақстанның халық ақыны Үмбетəлі Кəрібаевтың 100 жылдығына орай өткізілген республикалық айтыста бас бəйгеге ие болды. Сондай-ақ, көптеген облыстық, республикалық айтыстарға қатысып жүлдегер атанды. Мықтап ден қойса, таңды таңға ұрып мүдірмей сапырар сөз оның санасынан саулап, көмейінен төгіліп тұрғанын өз көзіміз көрді. Суырып салма айтыскерлікке тəн батылдық пен тапқырлық, тайсалмас табандылық, қисынын тауып қиыннан қиыстыра соғу, ұйқас үйлесімі, тіл көркемдігі, ақындық этика, бəрі- бəрі жүрегі мен мыйында бейне бір үнтаспаға жазылғандай сайрап тұр еді ғой, шіркін! Алла берген кірпияз өнерді малданбады біздің бала. Мүмкін, місе тұтпаған да шығар. Өйткені оның өресі сол кездегі айтыс ақындарының бəрінен де биік тұрды-ау деймін. Қазақ теледидарында жүрген жылдары Нұрлан Əбдібеков «Көкпар» ток-шоуының редакторы болды, ұлы Жамбылдың 150 жылдық мерейіне байланысты «Жамбыл» атты циклды хабарлар ұйымдастырып, миллиондаған көрерменге шығармашылық əлеуетінің қарымын танытты. Мамандар кезіндегі «Көкпар» туралы «соңғы жиырма жылда мұндай хабар болмаған» деп лайықты бағасын берді. Ақпарат құралдарының арасында телевидение деген ғажайып мүмкіндігімен ерекшелене танылған, бірнеше өнердің синтезделген нұсқасы тəрізді ең бір қуатты, ең бір өрісті дүние емес пе. Мұнда бəрі-бəрі – журналистикаға тəн жеделдік, сахналық драматургия, актерлік мінез əрекеті, кинематографиялық режиссура, операторлық шеберлік, редакторлық талғам, шешендік тіл бір арнада тоғысқанда ғана татымды өнімнің тиянағы көрінеді. Жəне телевидениенің айналасында жүрген шығармашылық адамының бойында да осынау өнер жиынтығының сипаты белгілі бір мөлшерде болуы керек шығар деп ойлаймын мен. Осындай қасиеттер біздің Нұрланның бойынан молынан табылды. Ол шыңдала келе өзі редактор, өзі режиссер, тіпті кейде өзіндік дауыс мəнері келіскен диктор да болды. Оншақты деректі фильмдердің сценарийін жазды. Режиссер Текеев түсірген «Сағадат Нұрмағанбетов» атты фильмі Одессада «Гран- При» алды. Дəулескер күйші Құрманғазы, ақын Есенқұл Жақыпбеков туралы т.б. деректі фильмдері де көпшілік көрерменнің көңілінен шықты. «Орбұлақ шайқасы» атты киноповесі түсірушісі табылмай əлі күнге дейін тартпасында жатқаны əрине, қынжыларлық жайт. Киномамандар тарапынан əсіресе жоғары бағаланған «Қарқара көтерілісі» атты бес сериялы деректі фильмнің сценарийін жазған Нұрланның бұл еңбегі де əзірге қағаз жүзінде тұрғаны жəне бір өкініш. Осы фильм туралы белгілі сценарист, режиссер, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы «Кино жəне ТВ» факультетінің доценті, телевидение саласы бойынша Мəскеу қаласындағы Еуразиялық академияның академигі Əсия Байғожинаның мына пікіріне зер салсақ, жоғарыдағы өкінішіміз тіпті қоюлана түсетіндей. «Сценарий сериала написан автором, глубоко вникшим в тему: это драма, основанная на реальных событиях, с привлечением огромного массива архивных документов, мнений компетентных специалистов, личностной интонацией и художественным воплощением. Драматургически и концептуально сценарий выстроен грамотно и убедительно, местами даже избыточен. Прослеживается четкая структура, есть ритм, а главное, – есть характеры и герои, так необходимые сегодня нашему зрителю – автору удалось «раскопать» истории конкретных людей и показать их живо, ярко, убедительно, не впадая в дидактику и риторику. Полагаю, режиссерский сценарий, который в данном случае должен писаться совместно с драматургом, проявит все достоинства данной работы. Новизна, актуальность сценария не вызывает сомнений» дейді. Бұдан артық қандай баға болуы мүмкін.

Шіркін, Нұрланның қаламынан туған осы жəне басқа да сценарийлер бойынша қазақ теледидарындағы əлеуетті арналар деректі фильмдер легін түсірсе, ұтылмайтын еді ғой деген ой осыдан кейін көкейден кетпей тұрып алады да қояды. Анау бір жылдары тұрмыс жағдайы мен денсаулығына байланысты Нұрлан теледидар саласындағы қызметінен қол үзген соң ақындар шығармашылығын зерттеуге бетбұрыс жасап, бұл бағытта да бірқатар тың дүниелердің жарыққа шығуына жол ашты. Атап айтқанда, азаттық идеясы насихатшыларының бірі, табиғатынан аса дарынды жаратылған Көдек ақын Байшығанұлының (1888-1937) үш томдық толық шығармаларын жинақтады. Оның бірінші томы жарық көрді. Қалған екі томы демеушісін күтіп баспада жатыр. Кейінгі жылдары зерттеу жұмысымен мықтап айналыса бастағанда ол Қазақстанның халық ақыны, Жамбылдың ізбасар шəкірті, «өлеңнің қара жорғасы» атанған Үмбетəлі Кəрібаевтың туғанына 125 жыл толуы қарсаңында 2014 жылы ақынның үш томдығын жаңаша зерттеп, құрастыруға өлшеусіз еңбек сіңірді. Содан кейін Қазақстанның халық ақыны Əбдіғали Сариевтің үш томдық жинағын баспаға тиянақтап əзірледі. Оның бірінші томы жарыққа шықты. Жоғарыда аталған Көдек ақынның «Қайтейін жалған дүние» атты таңдамалы жинағын, «Үмбетəлі Кəрібаев» таңдамалы жинағын шығарды. «Есаға» кітабының құрастырушылары қатарында болды. 2010 жылы екеуміз бірлесе жазған «Қаз тұрған Қазақстаным» атты тарихи- публицистикалық очерктің екінші бөлімі тікелей Нұрланның қаламынан шыққанын айта кету менің достық əрі азаматтық парызым. Сол сияқты екеуміз 2011 жылы «Тəуелсіздік шежіресі» кітабын шығарсақ, өткен 2019 жылы Нұрлан Райымбек ауданының энциклопедиясы іспеттес «Ата тарих. Тоқсан жылдың толғауы» атты кітапты белгілі тарихшы Рəшид Оразов екеуі бірлесе шығарып, оқырмандардың шексіз алғысына бөленді.

Журналист ретінде жазған публицистикалық ойлы мақалалары да өз алдына бір тарау. Соның ішінде саяси- қоғамдық мəселелерді көтерген «Баспа өндірісін бар деуге бола ма?», «Қазақы болмыс қасіреті», тарихи тақырыптарды тереңнен тарта қозғаған «Алаш алаш болғанда», «Қошекеңнен хан Жайнақ сен бір бұлбұл», «Тұрлықожа Жансеркеұлы», «Түнқатар қажы», «Менің атым Шалтабай» атты мақалаларын ерекше атап айтуға болады. Сондай-ақ, «Иығына лашын болып жыр қонған» (Үмбетəлі ақын туралы), «Төкпе жырдың тарланы» (Өмірзақ жыршы Қарғабайұлы туралы), «Бабалар сөзі – ұлттық бренд» (əдебиеттанушы ғалым Тоқтар Əлібек туралы) атты кезінде қазақ баспасөзінде жарияланған сұхбаттары да оқырмандар ілтипатына ие болғаны есімізде. Оның жазғанынан алда жазары көп. Алла денсаулық берсе біздің тетелес ініміз шығармашылық лəззатына əлі талай рет бөленеріне күмəн келтірмеймін. Өйткені осындай ізгі мұратқа оны табиғи əлеуеті, ішкі жан қуаты, əбден толысқан білім тəжірибесі күн сайын жетелеп келе жатыр. Оның тарих пен əдебиеттен жинақтаған ұшан-теңіз білімі кез келген ғалымнан еш кем емес. Тіпті кейде тарихшымын деп жүрген бəз біреулерден артық десек те жаңылмаймыз. Асқан сұңғыла сезімді азаматтың деректерді қабылдау, ұғыну, сараптау, талдап пайымдау, ой қорытып түйіндеу қабілетіне өз басым əрқашан тəнтімін. Нұрлан екеуміз бір-бірімізді білгелі қырық жылдан асыпты. Осы аралықта мен оның білімі мен ақындық қабілетін, адамгершілігі мен алғырлығын əрдайым іштей құрмет тұттым, қай жерде де жаныма жалау санадым, сеніп сыр ақтардым. Ол – нағыз азамат. Ол – ұлтын шексіз сүйетін нағыз патриот. Осы күні екеуміз кейде сағаттап телефон арқылы сырласамыз, мына жаһандану мұхитына шым батып бара жатқан ұлттық салт-сана мен дəстүрлі болмысымыздың келбеті, еліміздің ертеңгі болашағы қалай болар екен деп мұңдасамыз. Маған кейде Нұрланның рухани потенциалын орнымен пайдалана алмай қалған мына қоғам көп ұтылғандай көрінеді. Шіркін, оның ойынан туған, əлі де туа беретін тарихи, экономикалық, əлеуметтік, рухани саладағы, кино өнері мен теледидар бағдарламасына тəн тың идеяларды қазақ қоғамы іліп əкетіп жүзеге асырса, мына дүние жарқырап шыға келетіндей болады да тұрады. Бірі кем дүние. Енді міне, Нұрлан да шілденің 7-сі күні алпысқа келіпті.

***

«Осы мен өзім қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе?» дейтін ұлы данышпан Абайдың риторикалық сауалы бар емес пе, Нұрлан екеуміздің ара қатынасымыз туралы айтар тұста тура сол сұрақтың кейде көлденеңдей қалатыны несі екен деймін. «...Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді... ...Егер жек көрсем, сөйлеспесем, мəжілістес, сырлас, кеңестес болмасам керек еді...». Иə, екеуміз арамызды қаншама рет ажыратайық десек те ажырата алмадық. Ит тірлікпен арпалысып жүргенде қаншама рет ренжіссек те бір-бірімізді қимадық, арамыздағы белгісіз бір нəзік дүниенің жібек жібі жібермеді ме, өзара қанша рет өкпелессек те ақыры кешірімге келдік. Бұл қалай? Бұл не өзі сонда? Өйткені біз екеуміз де кемшілігі көп пендеміз, нағыз қазақпыз. Кешегі Абайды жоғарыда айтқан «Тоғызыншы сөзін» жазуға мəжбүрлеген қазақтан көп өзгере қоймаған, солардың бүгінгі ХХІ ғасырға əупірімдеп аман жеткен ұрпағымыз. Бəлкім бəрі содан да шығар. Тетелесім, телқоңырым, артымнан ерген ақылдым, АЛПЫС атты айтулы белесің құтты болсын!

Рəтбек САҒИД-УАҺАС,

Қазақстан Республикасы «Ақпарат саласының үздігі»