ЕНДІ СЕН ЕЛІҢМЕН ӘНІҢ АРҚЫЛЫ БІРГЕСІҢ, ЖАЛҒАС!

614

Белгілі композитор, әнші, ҚР Мәдениет қайраткері, жерлесіміз Жалғас Кеңесовты да жалмап бара жатқан атың өшкір жаман індет алып кетіпті…

Алла алдынан жарылқап, арты қайырлы болсын! Алды пейіш, арты кеніш болғай!

Өткен күзде ғана Шардара ауданының 55 жылдығында концертін беріп еді әйгілі әнші Сембек Жұмағалиевтерді алып барып… Бірге жүріп едік. Қоштасқан екен ғой… Кезінде «Қазақстан» ауылында, қазіргі Алатау батыр ауылындағы мектепте мұғалім болғанда, мен көрші «Қызылқұмдағы» мектепте мұғаліммін, шардаралық ақын, әнші, суретші, өнер адамдары талай бірге жүрген едік… Өтіп бара жатқан өмір-ай десеңші…

Жалғас Кеңесовтың жақсы әндері көп еді. Ерекшесі, дүлдүл әнші Нұрлан Өнербаевтың керемет орындауындағы «Қайран дүние» әні.

Жалғас фейсбуктағы парақшасына 11 мамыр күні белгілі ақын Өтеген Оралбайұлының сөзіне жазған «Шәй құйған қыз» атты жаңа, соңғы әнін салған екен. Өзі беріле әдемі шырқаған екен әсем әнін… Оның алдында 25 сәуірде «Түпқараған» әнін салыпты. «Түпқарағандықтар індеттен Алла сақтасын, ел аман, жер тыныш болсын. Ән шашуымды қабыл алыңыздар!» деп жазыпты! Парақшасына білгендей көп әнін өз орындауында салып кетіпті… Әр орындаған әнінің соңында «Елге келген індеттен аман болайық! Біз біргеміз!» деп айтып отырыпты… Өзі аман қала алмады – Алла ісіне амал жоқ! Енді сен еліңмен әнің арқылы біргесің, Жалғас!

Ұрпақтарына ұзақ ғұмыр берсін құдай.
Отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтамыз. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!
Иманы саламат болсын!
Дүние жалған деген осы!

Қазыбек Иса, 

Қазақ үні