ОТЫРАРДЫҢ ТӨЛ ПЕРЗЕНТІ

Талай көне тарихи құндылықтарды қойнауына сыйдырып жатқан Отырар жері бұл күндері бүкіл әлем ғалымдарының, ЮНЕСКО-ның назарын өзіне аударған киелі өңір. Отырар – адамзаттың екінші ұстазы атанған, әлем мойындаған Әл-Фарабидің отаны. Белгілі ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің ғылыми зерттеулеріне сүйенсек, ерте заманның өзінде-ақ қасиетті Отырардан Әл-Фараби бабамызбен қатар отыздан астам ғалым шыққан екен. Сол ғалымдар арасында 870-950 жылдары өмір сүрген Әл-Фараби бабамыз бірінші болып тұр дей келе, «Отырар қаласы ертеде Фараби деп аталып, шаһардан шыққан ғалымдар өздеріне Фараби есімін қосқан», – дейді еліміздің 2000-2013 жылдардағы бас муфтиі лауазымын атқарған ғалым.

Кейінгі ғасырлар жайлы сыр шертсек, Отырар жерінен жүзден аса ғалым, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері мен өнер адамдары шықты. Бұл жерде күллі күншығыс мұсылмандарының рухани пірі, діни қайраткер Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы, бабтардың бабы Арыстанбаб жерленген. Отырар жері өзінің даңқты перзенттерімен, шежірелі тарихымен құнды.

Ұлы ғұлама Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы тұсында осы Отырардан шыққан ғалымдарды сөз еткенде, солардың бірі де, бірегейі Әбдірахман Молданазарұлы Омбаев ағамыздың ғылымдағы дара жолына тоқтала кетуді жөн көрдім. Әбдірахман Молданазарұлы осы топырақта туып, ержетіп, өзі таңдаған ғылымның биігіне жетіп, адал еңбегімен, білім-білігімен, парасаттылығымен көпке үлгі болған көзі тірі ғалымдардың көшін бастап тұрған тұлға. Олай дейтінім, Отырар перзенттерінің арасында осы Әбдірахман Молданазарұлы Омбаев қана Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі. Сонау VIII-X ғасырлардың өзінде-ақ отыздан аса ғұлама Фарабилер шыққан Отырар топырағының бүгінде көзі тірі бірде-бір академигінің Ұлттық ғылым академиясының құрамына ілікпеуі өкінішті-ақ. Отырар ауданының тарихын зерттеуші, жазушы Абдолла Жұмашевтың «Отырар алқабы» газетінде (24 сәуір, 2009 ж.) жариялаған «Әбдірахман Омбаевтың ғылымға сіңірген еңбегіне қарап ғұлама жерлесі, қандасы Әбу Нәсір әл-Фарабидің ізбасары демеске шараң жоқ» деген мақаласында ғалымның ғылымдағы жолы жан-жақты қамтылған.

Енді Әбдірахман Молданазарұлының ғылымдағы жолына тоқталып өтсек, ғалым – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы (1991 ж.), профессор (1994 ж.), Ғылым, техника және білім беру салалары бойынша Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2005 ж.), Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі (2017 ж.), Қазақстан Ауыл шаруашылығы академиясының академигі (2006), Ресей Ғылым академиясының шетелдік мүшесі (2007 ж.), Моңғол ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі (2013 ж.), Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері (1996 ж.), «Құрмет» орденінің иегері (2008 ж.), Моңғолияның

ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкер (2010 ж.), Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы (2014 ж.), Созақ (1997 ж.), Отырар (2007 ж.) аудандарының құрметті азаматы. Ұлыбританияның Кембридж қаласында орналасқан Халықаралық библиографиялық орталық оны Алтын белгімен марапаттап, 2008 жылғы әлемге танымал ғалымдардың тізіміне енгізді. Зоотехника ғылымы мен білімінің өркендеуіне қосқан үлесі үшін К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік ауылшаруашылығы университеті – Мәскеу ауылшаруашылығы академиясының ғылыми кеңесінің шешімімен Эфим Федорович Лискун атындағы медальмен марапатталған (2014 ж.).

Әбдірахман Молданазарұлы 1971 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын ойдағыдай бітіргеннен соң, еңбек жолын Шымкент қаласында орналасқан Қазақ қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аға лаборанты қызметінен бастады. Содан кейін ғылыми қызметтің барлық сатыларынан өтіп, 25 жыл республикадағы мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарының бас директоры қызметін атқарды. Бұл жылдар еліміздің ғылымы үшін өте қиын да күрделі кезең болды. Жалпы, оның аграрлық ғылымдағы ең ірі жетістігі – ол Қазақ қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын сақтай отырып, оның негізінде Оңтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығын құруды тікелей өз қолына алуында. Оның құрамына енген Тараз қаласында орналасқан Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын, Атырау қаласындағы Атырау ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын, Ақтөбе облысының Шалқар қаласындағы Вавилов атындағы Арал өңірі өсімдіктің гендік қоры тәжірибе станциясын, Шымкент қаласындағы Қазақ қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын, Оңтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын, Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын жүйелі түрде басқаруы оның ірі қабілетті басшы екендігін көрсетті. Ең бастысы ол Оңтүстік-Батыс өңірінің ғылыми мекемелері мен ғалымдарын ұзақ жылдар бойы басқара отырып өзі еңбек жолын бастаған Қазақ қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында еңбек еткен ғалымдарға ғылыми зерттеулер жүргізіп, аграрлық ғылымға сүбелі үлес қосуларына мүмкіндіктер туғызды. Тіпті, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де еліміздегі ең ірі, әрі осы саладағы үйлестіруші мекеме – Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтын басқарудың жүктелуі, оған деген Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі басшылығының сенім білдіруінде де негіз бар болатын. Өйткені, 2011 жылдан бастап елімізде мал шаруашылығын өркендету бағытында төрт-бес мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, оны іске асыру көзделген. Ал, оларды іс жүзіне асыруда ғылыми мекемелердің, ғалымдардың орны, қосар үлесі қомақты. Ғылымды да, өндірісті де, шаруаны да білетін іскер басшы ретінде Әбдірахман Молданазарұлына ірі ғылыми мекемені басқару 2012 жылдың 4 қаңтарынан бастап жүктелді. Ол өз қызметін аса жауапкершілікпен атқара отырып, 2015

жылдан бастап елімізде Жоғарғы ғылыми-техникалық комиссияның шешімімен қабылданған мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі салалары бағытындағы «Мал шаруашылығы салаларында селекциялық-генетикалық үдерісті тұрақты басқару», «Мал шаруашылығын қарқынды дамыту технологиясы», «Жасыл» ауылшаруашылығы қағидаларына сүйене отыра егістік жем-шөп өндіруді дамыту негізінде тұрақты мал азығын қорын жасақтау» бағдарламалары оның басшылығымен жасақталынып, оны іс жүзіне асыру мақсатында институт 22 ғылыми мекемелерді үйлестіруші, әрі қаржыландырушы жетекші мекемеге айналдырылды. Бұл Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы ғылыми-зерттеу институтының 83 жылдық тарихи жолында ешуақытта болмаған шешім еді. Ол іске асты. Оған Әбдірахман Молданазарұлы қол жеткізді. Тек, өзі басқарып отырған ғылыми-зерттеу институтына ғана емес, жалпы мал шаруашылығының салаларымен (генетика, селекция, технология, механизация, малды азықтандыру, мал азығы өндіріс, экономика) айналысатын ғылыми мекемелерді бір жүйеге топтастырып, бір бағытта жұмыс істеулеріне жаңа бет бұрыс жасалды.

Әбдірахман Молданазарұлының ұсынысымен, әрі тікелей араласуымен 1997 жылы Қазақ қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында кандидаттық диссертация қорғау жөнінде кеңес ашылып, ол 2003 жылы докторлық диссертация қорғау мәртебесіне ие болды. Диссертациялық кеңестің ашылуы Оңтүстік-Батыс өңіріндегі ғылыми жұмыспен айналысып жүрген жас ғалымдардың ғылымда қалыптасуына әрі диссертацияларын қорғауларына мүмкіндік туғызды. Нәтижесінде,1997-2010 жылдары аймақ бойынша 12 докторлық, 120 кандидаттық диссертациялар қорғалды. Оның тікелей ұсынысының және басшылығының арқасында 2001 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында қаракөл қойының, қалмақ тұқымы сиырының, түйе тұқымдарының гендік қорын сақтау мақсатында селекциялық-генетикалық орталық құрылып оған мал тұқымдары жинақталды. Ол 1976-2011 жылдары Оңтүстік-Батыс аймағындағы мал шаруашылығы ғылыми жобаларының негізгі орындаушысы, жетекшісі, 2015-2017 жылдары «Мал шаруашылығы салалары бойынша селекциялық-асылдандыру үрдістерін тұрақты басқару» Республикалық ғылыми-техникалық бағдарламасының жетекшісі, 2018-2020 жылдары Мал шаруашылығы салалары бойынша жеделдетілген технологияларды жасау Республикалық ғылыми-техникалық бағдарламасының жетекшісі ретінде еліміздің ғылыми жобалары мен ғылыми мекемелерін және ғалымдарын үйлестіре білді.

Ә.М.Омбаевтың мал шаруашылығындағы білікті ғалым және іскер ұйымдастырушы ретінде осы саланы дамытуға да сіңірген еңбегі зор. Оның ғылыми жүмысының маңыздылығы мынада: автор қаракөл қойы козысының ене жатырында пайда болған уақытынан бастап, туылғанға дейінгі өсіп-жетілу кезеңін толығымен зерттеп, ондағы биологиялық зандылықты тұжырымдап, қаракөл елтірісінің құнды түрлері мен сорттарының пайда болу мерзімін анықтады, қаракөлше елтірісін өндіру технологиясын жан-жақты зерттеді. Оның жетекшілігімен және өзінің тікелей қатысуымен дүние

жүзінде алғашқы болып ақ түсті қаракөлше өндіру тәсілі ғылыми тұрғыда дәлелденіп, оған тұңғыш рет сипаттама берілді. Қаракөлше өндіруге арналған кәрі саулықтарды семірту жолдары ғылыми - практикалық тұрғыда зерттеліп, шаруашылықтарға ұсыныстар енгізілді. Қаракөл шаруашылығында алғашқы болып қозыларды енесінен ерте бөлу технологиясы зерттелді, түрлі-түсті және әр типті қаракөл қошқарларының қаракөл елтірісінің сорттылығына әсері зерттеліп, ғылыми деректер алынды. Оның қаракөл қойлары төлінің құрсақта даму заңдылықтарын айқындауға бағытталған зерттеулері үлкен теориялық және практикалық қызығушылық тудырып, оның негізінде қаракөл елтірілерінің қалыптасу және елтірінің түзілу заңдылықтары анықталды, әр түрлі елтірілік типті және әр түр-түсті жарамсыздыққа шығарылған саулықтарды союдың нақты мерзімі анықталды, тәжірибелік және өндірістік жағдайда биязы жүнді қой тұқымы саулықтарынан жоғары сапалы қаракөлше елтірісін алудың мүмкіншілігі теориялық негізде дәлелденіп, оның нәтижесінде дүние жүзілік практикада алғашқы рет ақ түсті қаракөлше елтірісін алудың тәсілі жасалынды. Бұл жаңалыққа ғылым мен техника салалары бойынша КСРО Мемлекеттік комитетіне қарасты Өнертабыс және жаңалықтар бойынша Мемлекеттік комитеті 1989 жылы оған №4756742 авторлық куәлік берді. Ол алғаш рет Қазақстанның жағдайында қаракөлше елтірісі мен қой етін өндірудің прогрессивті технологиясын ғылыми негізде дәлелдеді, ата-аналық жұпты елтірілік типтері мен түстері бойынша әр түрлі шағылыстыру амалдарының тері сапасына ықпалы зерттелді, көлемі ірі бірінші сортты, сондай-ақ, тауарлық және эстетикалық қасиеттері жоғары қаракөл терілерін алуға мүмкіндік беретін аталық-аналық жұбын шағылыстырудың тиімді жолдары ғылыми түрде негізделді. Жұмыстардың жаңалықтары жоғары бағаланып, оған Өнер табыс және Жаңалықтар бойынша КСРО Мемлекеттік Комитетінің (1977-1990 ж.ж.) үш авторлық куәлігі тапсырылды. Малды азықтандыру бойынша бірқатар зерттеулер жүргізіліп, соның ішінде қаракөл тұқымына жататын ұрық қошқарлардың өнімділігіне дәруменді азықтандырудың тигізер әсері зерттелді, жарамсыздыққа шығарылған саулықтарды бордақылау және қаракөлше өндірісі барысында үйлесімді мөлшерін анықтай отырып, құрама жемге синтетикалық метионинді қосып азықтандыру арқылы қаракөлшенің сапасын арттыруға болатындығы дәлелденді (1986-1991 жж.). Институттың директоры қызметіне тағайындалған 1994 жылдың алғашқы күнінен бастап ол ғалымдардың алдына нарықтық қатынастың қатаң заңдарына сәйкес талап қоя білді. Оның негізі қаракөл шаруашылығымен айналысатын мемлекеттермен бәсекелестікте тек сапа жағынан ғана емес, сонымен қатар түрлі-түсті қаракөл қойын өсіруді дамыту арқылы, озып шығуға болатындығын дәлелдеп, оны институт алдындағы үлкен міндет ретінде қойды. Бұл міндет институттың 1995-2005 жылдардағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының болашақ бағдарламасына енгізіліп, осы бағытта ғылыми-зерттеулер жүргізілді. Нәтижесінде алғаш рет Қазақстанның жағдайында өсіруге ерекше бейімділігімен, жоғары елтірілік өнімділігі және тірілей

салмағымен ерекешеленетін, ақ түсті қаракөл қойларының жаңа типі шығарылды. Жаңа тип өзінің тіршілік ету ортасының табиғи-климаттық және технологиялық ерекшеліктеріне барынша бейімделген, генетикалық потенциалы азықтандыру мен күтіп-бағу жағдайы жасалса көп күттірместен, малдың зауыттық және тұқыммал бөлігінде елтірілік өнімділігін арттыру мен жетілдіру жан-жақты зерттелді (1991-2007 жж.). Қазақстан Республикасында алғаш рет қара және ақ түсті қаракөл қойларының өнімділік және биологиялық ерекшеліктері салыстырмалы түрде зерттеліп, түстері мен шаруашылыққа пайдалы белгілерінің тұқым қуалау заңдылықтары айқындалды. Ақ түсті қаракөл қойларының елтірілік белгілерінің тұқым қуалауы, шығу тегіне байланысты тірі салмағы мен экстерьерінің жасына қарай өзгергіштігі зерттелді; шаруашылыққа пайдалы белгілерінің коррелятивті байланысы айқындалып, қаракөл шикізатына зоотехникалық баға берілді, қара, ақ және басқа түсті қозылардың тері-түк жамылғысының гистоморфологиялық ерекшеліктері анықталды. Қошқарлар мен саулықтарды елтірілік типтері бойынша жұптаудың ақ түсті қойлардың сапасына тигізер әсері айқындалды, өнімділігі жоғары қозыларды барынша көбірек алу үшін оларды шағылыстырудың үйлесімді амалы анықталды. Қазақстан Республикасының Интеллектуалды жекешелік құқықтары бойынша комитеті оған осы селекциялық жетістіктеріне 2007 жылғы 12 шілдеде №52 патент берді. 1999-2004 жылдары алғаш рет қызғылт түсті қаракөл қойларының селекциялық-генетикалық параметрлері зерттеліп, айқындалды. Жүргізген зерттеулерінде анықталғаны, ата-енелерінің түстері бойынша әр түрлі нұсқада жұптау негізінде туылған бірінші буын ұрпақтарының түстер бойынша талдау қоңыр, көк, алтын реңді сұр және тоқсары қошқарлармен шағылыстыру нәтижесінде көк және қоңыр саулықтардан алынған ұрпақтар туылған кезде мейлінше әр түрлі түсте болатындығын көрсетті. Солай бола тұра, ұрпақтардың түстер бойынша бөлінуінің белгілі бір заңдылықтары бар екені анықталды. Зерттеудің жаңалығына Қазақстан Республикасының интеллектуалды жекешелік құқықтары бойынша Комитеті 2005 жылғы 24 сәуірде №18576 патент берді.

Әбдірахман Омбаевтың басшылығымен және тікелей қатысуымен Оңтүстік Қазақстан жағдайында Ордабасы құйрықты етті-майлы өнімді қой тұқымын шығару бойынша ғылыми зерттеулер жүргізілді. Қой тұқымы жергілікті қазақтың құйрықты қылшық жүнді қой саулықтарын еділбай (отандық) және гиссар (шетелдік) қой тұқымдарының қошқарларымен күрделі шағылыстыру әрі қарай «өз ара» өсіру арқылы шығарылды. Негізгі қошқарларының тірі салмағы 110-123 кг, саулықтарының - 68-80 кг, еркек қозыларының енесінен бөлгендегі тірі салмағы 38-43 кг. Қой тұқымның 6 аталық ізі бар. Селекциялық жетістікке Қазақстан Республикасының 12 наурыз 2013 жылғы №282 патенті берілді. Ә.Омбаевтың қатысуымен Қазақстанның Оңтүстік-Батыс өңіріндегі осы саланы ғылыми қолдаудың қосалқы бөлігі болып табылатын, түйе шаруашылығын дамытуға бағытталған зерттеулер жүргізілді. Зерттеулердің нәтижелері бойынша алғаш

рет ақ түсті казақтың бактриан түйелердің өсу және даму серпіні зерттелінді; сүт, ет, жүн өнімділігі және көбейту қабілетілігі анықталды. Ақ түсті казақтың бактриан мен басқа түсті түйелердің жұптастыру арқылы оларды жетілдіру жолдарын әзірлеп және өндіріске енгізілді.

Профессор Ә.М.Омбаевтың әлемдік деңгейдегі ғылымға тікелей қатысуымен келесі Халықаралық ғылыми жобалар орындалды:

-1977-1980 жылдары «Моңғол Халық Республикасының Сумбэр мемлекеттік шаруашылығында каракөл қойының өнімін өндіру көлемін және оның өнімінің сапасын арттыру жөніндегі іс-шаралар» туралы Үкіметаралық Кеңес-Моңғолдық тапсырмасының жетекшісі.

-1995-2001 жылдары Сирия мемлекетінің Алеппо қаласында орналасқан «Икарда» халықаралық ғылыми орталығының «Орталық Азия даласында мал шаруашылығымен мал азығын өндіруді үйлестіру» жобасының орындаушысы.

-2006-2010 жылдары «Орталық және Оңтүстік Азияда мал шаруашылығымен мал азығын өндіруді үй шаруасы және базар нарығына байланысты қауымдастықтарға бірлескен ауыл тұрғындарының іс-әрекеті» жобасының Қазақстан бойынша Ұлттық үйлестірушісі.

-2011 жылы «ИКАРДА» Халықаралық ғылыми орталығы көпжылдық бірлескен зерттеулердің нәтижелерін ескере отырып оны арнайы медальме марапаттады.

-1997-2000 жылдары "Интас" бағдарламасы бойынша "Арал теңізі бассейніндегі өзен жазықтары мен дельт тозған экожүйелерін оңалту бойынша әдістерді әзірлеу" жобасының орындаушысы.

-2012 жылғы 9-15 мамыр аралығында ҚХР ШҰАР мал шаруашылығы академиясының Мал шаруашылығы, жайылымдар және жем-шөп өндірісі институттарында оның тікелей қатысуымен ҚХР Үрімші қаласында мал шаруашылығы өнімдерінің сапасын зерттеу орталығы құрылды, одан әрі осындай орталық Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ҒЗИ жанынан құрылды (Алматы қаласы).

Жалпы, профессор Әбдірахман Омбаев әлемнің төрт құрлығындағы 18 мемлекетте өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияларға, семинар-кеңестерге қатысып, ой-пікір бөлісіп еліміздің мал шаруашылығы ғылымын халықаралық деңгейге көтеруге үлес қосқан ғалым.

Ол ақ қаракөлше алу тәсілінің (1989 ж.), қойды азықтандыру тәсілінің (1992 ж.), қызғылт түсті қаракөл қойын асылдандыруға таңдау тәсілінің (2005 ж.), қоңыр түсті қаракөл қойын асылдандыру тәсілінің (2010 ж.), ақ түсті қаракөл қойының Отырар ішкітұқымдық сүлесінің (2007 ж.), қара түсті қаракөлше типті қаракөл қойының тасты ішкітұқымдық сүлесінің (2011 ж.), аспан түсті қөқ түсті қаракөл қойының Құмкент зауыттық сүлесінің (2011 ж.), Ордабасы етті-майлы қой тұқымының (2013 ж.), қазақ бактрианы түйе тұқымының Орал-Бөкей ішкітұқымдық сүлесінің (2013 ж.), қазақтың кетпен құйрықты қылшық жүнді қой тұқымының Ақтастау зауыттық сүлесінің (2014 ж.), Ордабасы қой тұқымының бадам ішкі тұқымдық сүлесінің (2017 ж.),

жайылым ресурстарының географиялық ақпарат жүйесінің (2017 ж.) авторы. Ол әлемде теңдесі жоқ елтірілі-етті-майлы қазақ (Атырау) тұқымын (1998 ж.) шығаруға үлес қосқан ғалым.

Жалпы, профессор Ә.Омбаевтың тікелей басшылығымен осы саладағы жан-жақты зерттеу жұмыстарының нәтижесінде тартымды деректер алынып, ғылыми және практикалық зор маңызы бар теориялық қорытындылар тұжырымдалынды. Ол 1991 жылы «Қазақстанда каракөлше өндірудің ғылыми негіздері мен өндірістік жолдары» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Мал шаруашылығы салалары бойынша жүргізілген ғылыми-зерттеулердің барысында ұсынған теориялық және практикалық жетістіктері, оның 4 монографиясында, 14 кітабында, 66 авторлық куәлік пен патенттерінде және 510 ғылыми еңбектерінде басылып шықты. Оның жетекшілігімен 9 докторлық, 28 кандидаттық диссертация корғалды, оның ішінде Отырарлық 3 ғылым докторы, 7 ғылым кандидаты дайындалды.

2019 жылы Әбдірахман Молданазарұлының «Ғылымға телінген ғұмырым» атты кітабы жарық көрді. Кітапта мал шаруашылығы салалары бойынша ғылыми-зерттеулер мен жетістіктермен қатар республикалық, облыстық ақпарат құралдары беттерінде жарияланған мал шаруашылығының өзекті мәселелері, аграрлық ғылым мен шаруа жайлы сұхбаттар мен ой-пікірлер, дала даналары мен дарабоздары туралы өте құнды тақырыптар қамтылған.

Әбдірахман Молданазарұлы қазіргі таңда Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде еңбек етуде. Ол өз сөзінде: «Енді ғылымнан білім саласына ауысуыма келер болсақ, ғылымда «симбиоз» немесе «үйлесім» деген термин бар. Қай заманда да болмасын ғылым мен білімді бір-бірінен бөлектелмеген. Білімсіз адам еш уақытта ғалым бола алмайды, ал ғылымсыз білім де болуы мүмкін емес. Ендеше, маған да ғылым саласында, өндірісте жинаған көп жылғы тәжірибемді енді ел болашағы – жас мамандарды тәрбиелеуге, үйретуге арнайтын да кез келді. Оны іске асыру әрине, күрделі де болар, бірақ, оған белсене бел буған жағдайым бар. Өйткені, мал шаруашылығындағы әлемдік ғылым алға кетті, ал оның жаңа бағыттарын студенттерге, магистранттарға, PhD докторанттарға жеткізу, үйрету, одан әрі олар арқылы шаруаға ендіру басты міндет болып тұр. Ал, қазіргі жастарда білім мен ғылымға деген талпыныс зор. «Мен де осы ортаға жиған тәжірибемді, ғылымдағы ашқан жаңалықтарымды, әдіс-тәсілдерімді, әлемдік деңгейдегі селекциялық-технологиялық зерттеулерді мал шаруашылығы саласына маман дайындауға бағыттауға шешім қабылдадым» – дейді ғалым.

Ол, Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының баяндамалары, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының хабаршысы, республикалық «Жаршы» және «Вестник сельскохозяйственной науки Казахстана», «Научный мир Казахстана», Поиск-Ізденіс, «Зоотехния и аграрная наука» Ресей журналдарының және «Қырғыз Ұлттық аграрлық университетінің жаршысы» журналдарының редакциялық алқасының мүшесі.

Білім мен ғылымның арқалаған жүгін инемен құдық қазуға теңеген бабалар нақылы неткен көрегенділік десеңізші. Ғылым сан-салалы десек, Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Нәсір әл-Фарабидің жолын жалғастырушы Әбдірахман Молданазарұлы секілді ұстаз, көшбасшылардың соңынан әлі талай ғалымның ілесетініне сенімдіміз.

Мейрамкүл ҚҰРМАНАЛИЕВА,

Қазақ үні