ШЫҢҒЫСХАННЫҢ ДІНИ СЕНІМІ ҚАНДАЙ БОЛҒАН?!.
2020 ж. 16 маусым
7552
0
Шыңғыс хан қайсы дінге сенген? Бұл сұраққа еліміздегі және шетелдік тарихшылар да әлі дұрыс жауап тапқан жоқ. Себебі – олардың ешқайсысы түпнұсқа тарихи құжаттарға жүгінбейді, өйтсе Шыңғыс хан моңғол емес, түрік болып кетер деп қорқатындай. Бұрын шаманизм нанымында болған деушілер көп еді, таяу жылдардан бері «тәңіршілдік» (тенгрианство) дейтін әлде бір дінге сенген деушілер пайда бола бастады. Алайда, бұл пікірдің де тарихи деректік, ғылыми тұжырымдық негізі жоқ. Жаратушыны Тәңір (Тәңгір, Денгір) деп атау – сонау шумерлер дәуірінен бастау алғанымен, оның теологиялық мағынасы адамзаттың діни танымына ілесе өзгеріп отырған. Тұтас халық немесе шағын этникалық топтар сол байырғы атаудың ықпалымен өздері жаратушы, құдыретті күш иесі ретінде таныған рухани, тылсым болмысты Тәңір деп атай беретін. Тәңір монотеизмнің бастауында тұрған, аса байырғы теологиялық термин болғанымен, кемінде соңғы мыңжылдықтан бері «тәңіршілдік» деп атайтындай дін болған емес. Сенімді тарихи құжаттарға жүгінсек, түрік халықтары, ең беріден қарағанның өзінде, X ғ. бастап Алланы Тәңір деп атап келеді. «Диуан-и лұғат ат-түрік» (Махмұт Қашқари / XI ғ., 70 жж.), «Құтадғұ білік» (Жүсіп Баласағүни, XI ғ., 60 жж.) қатарлы түрік текті, ислам дінді авторлар жазған тарихи еңбектердің барлығында үнемі Тәңір мен Алла бір мағынада қолданылған. Яғни түрік халқы бір жаратушыны – Алланы – Тәңір деп атаған әрі бұл қолданыс «күпірлік», «мүшіріктік» деп саналмаған. Сол көне түріктердің заңды жалғасы саналатын қазақ халқы да «Тәңір», «Құдай», «Жаратушы», «Жасаған», т.б. теологиялық атауларды Алла деген ислами терминнің орнына қолдана береді. Тек «Құран» аяттарын оқығанда ғана түпнұсқа атаулар өзгеріссіз айтылады.
Шыңғыс хан және оның әулетіне қатысты тарихи құжаттарда да дәл солай – Тәңір мен Алла бір мағынада, исламияттық термин ретінде қолданылған. Демек ондағы тарихи тұлғалардың Тәңір дегені – Алла дегені. Шыңғысхан әулетінің орда жылнамасы бойынша, моғолдар бастапқыда Оғыз ханға қарсы шығып, оның әкесін – Қараханды қолдаса да, бас-аяғы жетпіс жыл ішінде толықтай Аллаға иман келтірген («Жәмиғ ат-тауарих», Рәшит әд-Дін (XIII – XIV ғғ.), 1-дәптер, 1-кітәп, басқы бап). Автор осы тұста Пайғамбар с.ғ.с. хадисіне сай түсінік беріп, исламнан бұрынғы Аллаға иман келтірушілер – қанифтер мұсылман ретінде бағаланатынын, моғолдардың хақ мұсылман екенін атап түсіндіреді. Демек тұтас түрік халқы, оның ішінде моғол түріктері де Оғыз хан заманынан бастап бір Аллаға иман келтірген. Ең маңыздысы, ежелгі аңыздағы түсінік бойынша, Аллаға иман келтіру парызы
нәресте Оғыз ханға илаһи аян арқылы уахи етіледі. Оғыз хан заманындағы түріктер ұйғыр (ұйғұр), моғол (мұғұл) сынды екі үлкен саладан құрам тапқан. Ұйғыр саласына қаңлы, қыпшақ қатарлы түріктер, ал моғолға жалайыр, қоңырат, дулат, алшын (алчын татар), керей, найман, т.б. түрки ру-арыстар қарайтын. Шыңғысхан соның моғол саласынан, оның ішінде қият тармағынан шыққан. Ал қияттар жалайыр, қоңырат қатарлы бірқанша түрік ру-арыстарынан құрам тапқан-ды. Тарихқа осы тұрғыдан назар салсақ, Шыңғыс ханның ата-бабалары сонау Оғыз ханның заманынан тартып бір Аллаға иман келтірген, сондай-ақ олар таза түрік нәсілді болған.
Осы арада тағы бір жәйтті айта кетейік. Осыған дейін жазылған барша еңбектерімізде Шыңғыс ханның туған өлкесі Моғолстан яғни Жетісу деп көне деректерді ұсынып келдік. Бұл өлке тұрғындары Шыңғыс хан дүниеге келген тұста мұсылман қауымына айналып үлгіргені жалпыға аян жәйт. Сондықтан да, басқаны былай қойғанда, жоғарыда есімдері аталған түрік текті екі ұлы бабамыз, Моғолстанда туып, кейін Қашқарда ғұмыр кешкен Жүсіп Баласағұни мен Махмуд Қашқаридың мұсылман екенін жоққа шығару мүмкін емес. Ол екеуінен қалған асыл мұралар араб әрпімен түрік тілінде жазылғанын тағы білеміз. Тіпті Махмуд Қашқари бабамыз кітабының әр тарауын «Бисмиллаһи рахмани рахим» деп бастап, соңын «Алланың рахымымен бұл тарауды да аяқтадық» деп бітіріп отырмаушы ма еді! Бұл нені байқатады? Шыңғыс жорығы басталардан екі ғасырға жуық бұрын түрік халқының бұл өңірдегі өкілдері осы дінге кіріп үлгерген екен. Демек, Шыңғыс хан мұсылман қауымының ортасында ғұмыр кешкен деген сөз (М.Ысқақбай «Шыңғысханның нәсілі маңғол ма, түрік пе?» Қазақ әдебиеті, 27.08.2010ж.)
Орда тарихшысы Атамәлік Жөбенейдің дерегі бойынша, Шыңғыс хан және оның әулеті исламның Ханафи бағытын ұстанған. Атамәлік: «Шыңғысхан әулетінің болуы – ислам, Ханафи дінінің бақыты болды» - деп жазған-ды («Тарих-и жаһангушай», Атамәлік Жөбеней (XIII ғ.), 1-дәптер және 2-дәптер, Мөңке қаған туралы тарау / бап). Келесі бір орда ұлығы, әлемге әйгілі тарихшы Рәшид әд-Дін: «Шыңғысханның мақсаты, ислам дінін секталарға бөлініп қан төгісуден құтқару, біртұтастыққа келтіру болатын» - деп атап көрсетеді (жоғарыдағы еңбек, 1-дәптер, 1-кітәп, басқы бап). Мұны «Құпия шежіре» дерегі де растай түседі, Шыңғысхан ешқашан да дәретсіз жүрмеген. Қағанның өкіл інісі Сызған Құтқа (Құтқа ноян) бала күнінде оның дәрет құманын көтеріп жүріп, қызмет еткен («Құпия шежіре» («蒙古秘史», түпнұсқа), Шыңғысханның тоқсан бес мыңдық құруы және енші бөлуі туралы бөлім / үзік). Шыңғысхан әулеті келелі істер барысында «Құран» аяттарын оқи отырып, пәтуә көрсететін. Атамәлік өз көзімен көрген Бату хан, Күйік хан, т.б. хан-сұлтандар туралы баяндағанда, олардың «Құран» аяттарын оқи отырып пәтуә сөйлегенінен нақты деректер келтіреді (жоғарыдағы еңбек, 1, 2-дәптер, сәйкесті баптар). Қағандар таққа отырғанда: «Әлһәмдүлилла!» - деп Аллаға шүкіршілік ететін («Жәмиғ ат-тауарих», 2-дәптер, 3-кітәп, Мөңке қаған туралы бап / тарау).
Алдыңғы еңбектерде көп қайтара айтылғанындай, тарихи құжаттарда Шыңғыс ханның «Жосық» заңы шариғатқа толықтай үйлеседі деп жазылған («Тарих-и жаһангушай»). Мұны осы заманғы ирандық тарихшылар да растайды, доктор Ширин Баяни Шығыс пен Батыстың мұрағаттарында сақталған көптеген түпнұсқа тарихи құжаттарға сілтеме жасай отырып, Шыңғысхан әулетінің жосық (йосұқ), жарғы (йарғұ) сынды заңдары шариғатқа сай келетінін атап көрсетеді («Бағдадтағы қазақ билігі» немесе «Бағдадтағы жалайыр билігі», 196 және басқа беттер). Ирандағы түрік халықтары өз ішіндегі дау-шарларды жарғыға салу арқылы өздері шешіп отырған. Ал басқа халықтармен арада болған дау-шарларды моғол имамдары мен қазылары шариғат үкімдеріне сай пәтуә шығыру арқылы тындыратын (жоғарыдағы еңбек, 196-бет). Демек моғолдар ислам дініне сенгені өз алдына, олардың арасында шариғатқа жүйрік ғұламалар, фиқхия іліміне жеттік имам, қазылар көп болған. «Тарих-и жаһангушайда» Шыңғысханның қарашаңырақтағы келіні Бұхарада екі оқу орнын салдырғаны, онда имани және дүниелік ғылымдар оқытылғаны жөнінде дерек береді (жоғарыдағы еңбек, Төле хан әулеті туралы бап). Дәл сондай оқу орындарын Әлеке (Хулагу) хан мен оның әулеті Иран, Ирақ және Кіші Азия жерлерінде де ашқан. Онда исламтану, фиқх ғылымдары, сондай-ақ математика, техника, астрономия, зат тану (физика), зат өзгерісін тану (химия), философия, логика, әдебиет, тарих, бухгалтерия, т.б. ғылымдар оқытылатын (жоғарыдағы еңбек, Ширин Баяни). Олардан шыққан түлектер мемлекеттік мекемелерде, оқу және ғылым ордаларында жоғары еңбекақы алу немесе жеке меншік мүлікке ие болу арқылы, бақуатты жағдайда қызмет еткен.
Шыңғысхан және оның ордасы ислам дінінде болғанын батыстық авторлар да растайды. П. Карпини: олардың дінінде де Иса пайғамбар ұлықталады, ғибадат орындарының сыртқы көріністері шіркеуге ұқсайды деп жазған («Маңғұл тарихы», Плано Карпини). Әрине яһудилер мен буддистердің діндерінде христиандардың пайғамбары туралы түсінік жоқ, тек «Құранда» ғана Иса ғ.с. пайғамбар деп көрсетілген әрі есімі көп рет қайталанған. Сондай-ақ оның анасының есімімен аталған «Мәриям» сүресі де бар (19-сүре, Меккеде түскен, 98 аяттан тұрады). Демек көзекі куәгер бұл автор Шыңғыс хан мен оның халқы ислам дініне сенетінін нақты білген, өйткені ол XIII ғ. 40-жылдары ордада бір жыл шамасында жүрген-ді. Ал У. (Г.) Рубрук Қарақорым қаласында, қаған ордасында екі мешіт және медресе бар екенін атап көрсеткен («Рубруктің шығысқа сапар естелігі»). Бұл автор да XIII ғ. 50- жылдары ордада бір жылдай тұрған, сондықтан оның да қателесуі мүмкін емес. Ол басқа діннің ғибадат орындары, әсіресе ондағы жалғыз шіркеу қаладан тысқары орналасқанын, тым жұпыны екенін мән бере баяндаған-ды. Оның айтысынша, Шыңғысхан ордасында ислам діні ерекше зор құрметке ие. Демек ордадағылар да, ондағы титулдық халық та ислам дінді болғаны талассыз.
Қазір тарихтағы моғолдар мен осы күнгі моңғол халқы шатастырылып көрсетілуде. Іс жүсінде Иран және басқа да мұсылман тарихшылары жоғарыда аталған жалайыр, қоңырат, алшын, үйсін қатарлы Орта Азия
түріктерін моғол, ал салжұқ (селжүк), қайы (кайы) бастатқан Кавказ, Кіші Азия түріктерін түрік деп атаған. Ал олардан басқа Иран мен Ирақ жерлерін ертеден мекендеп келе жатқан аққойлы, қарақойлы қатарлы түрки ру-арыстарды түгелдей түркімен деп атаған. Нақтырақ айтқанда, оларды бір-бірінен парықтандыру үшін, түріктің әрбір этникалық топтарын сондай шартты атаулармен атаған. Әйпесе, олардың барлығы да тілі бір, мәдениеті ортақ, діни нанымы бірыңғай болып келетін түрки ру-арыстар болатын.
Осы заманғы Иран тарихшылары Шыңғысханның атамекені болған Өнен (Онон) мен Керуленді (Карулан) жалайырлардың ата қонысы деп көрсетеді (жоғарыдағы еңбек, 11-бер). Ал XIV ғ. жасаған орда тарихшысы, дарынды ақын Салман Сабажи жалайыр Шейх Хасанды: «Шыңғысханның көзі, тұқымы» - деп жазады (жоғарыдағы еңбек, 21-бет және басқа да беттер). Осы тарихи деректерді құнттай зерделесек, Шыңғысхан мен Хасан ханның ататектері де, атамекендері де бір болғанын аңғарамыз. Басқаша айтқанда, олардың атамекендері Өнен алқабы болса, ататектері түріктің жалайыр арысы болатын. Ал жалайырлардың хақ мұсылман болғанын Шыңғыс ханның ең сенімді қолбасысы, өзінен кейінгі екінші адам болған Мұқалы (Мұқали), яғни Мұқағали сынды ислами антропоним толықтай дәлелдеп бере алады.
Бұл тарихи тұжырымды батыстық куәгерлер де растай түседі, П. Карпини мен У. Рубрук Шыңғысханның атамекені Талас пен Шудан шығысқа қарай, үлкен өзеннен – Іледен өткенде, сол түстігі үлкен көл (Балқаш), оңтүстігі қарлы тау (Алатау) болып келетін аймақта деп көрсетеді (жоғарыдағы еңбектер). Бұл аймақта Шыңғыс хан әулетімен қатар наймандар да болған. Дәл қазір де солай, екі автор көрсеткен аймақта түріктің бір тармағы – қазақ халқының жалайыр және найман арыстары баяғыдан бері қанаттас, аралас-құралас тұрып жатыр. У. Рубрук Қойлық қаласы тұрған аймақ Алатаудың солтүстік етегіндегі Орған (Organ) деп аталатын алқапта екенін ерекше діттеп хатқа түсірген (жоғарыдағы еңбек, 54-бет). Бұл автор сол жылғы қысты Алатаудың тағы бір қойнауындағы Қарақорым қаласында өткізеді әрі мұндағы өзен шығыстан батысқа қарай ағатынын сипаттап жазған (сонда). Түпнұсқа тарихи құжаттардың барлығы Шыңғысханның атамекенінде Бұрқан, Түрген деген жерлер болғанын баяндайды. Ал осылай аталатын жерлер Алатаудың сағасында, Іле алқабында көнеден бүгінге дейін бар. Керісінше, Моңғолия территорисында олай аталатын жерлер ешқашан да болған емес.
Шыңғыс ханның атамекенінде алма, өрік өсетіні туралы деректер де осы аймақтың флорасына дәл келеді. Жетісу – алманың отаны екені, әлем ботаниктері таныған шындық. Сондай-ақ Моғолстан деген тарихи аймақ та, тек Жетісу екені көпке аян. Жоғарыдағы батыстық автордың гидрографиялық сипаттамасы да Іле өзеніне тура келеді. Бұл тарихи, жағрапиялық шындықты М. Дулати «Тарих-и жаһангушай» мен «Жәмиғ ат-тауарихқа» сілтеме жасай отырып анық суреттеп көрсеткен-ді («Тарих-и рәшиди», 2-кітәп, 68 және басқа тараулар). Үшбу автор бүкіл ата-бабалары Өртөбеден бері тартып Шыңғысхан ордасында мәртебелі қызмет атқарып
келе жатқан ақсүйек әулеттің тұқымы болатын. Демек оның бұл тарихи шындықты білмей қалуы мүмкін емес. Басқаша айтқанда, М. Дулати Шыңғысхан Моғолстанда туып-өскенін, ата-бабасынан бері хақ мұсылман болғанын өте жақсы білген. Автордың өзі де хақ мұсылман болумен бірге, кемел білім, бай тәжірибеге ие ғұлама ғалым болатын.
Алдыңғы мақалаларда айтылғандай, Жошының бір баласының есімі Мұхамед еді, ол да Шыңғыс хан мен оның әулеті хақ мұсылман болғанының анық дәлелі. Ал Хожа, Ибраһим, т.б. мұсылманша есімдер бұл әулетте көп кездеседі. Үкітәй қағанның бір аты Ақтай болса, бір немересінің есімі Оғыз болған. Енді бұған Шыңғысханның ұлы Жошы мен жары Құлан қатұнның мұсылмандық дәстүрде жерленгенін қосыңыз, осының бәрі жайдан-жай болуы мүмкін емес. Тірісіне арнап мешіт, медресе, ханақа салдырса, өлісінің басына мұсылманша күмбез тұрғызса, ол халық – мұсылман болмағанда, кім болмақ? Мұсылман емес адам өз перзентіне Пайғамбардың (с.ғ.с.) атын қоя ма? Тегі түрік болмаса, Оғыз ханның есімін кие тұтып, оны өз баласына қалай қоймақ? Оғыз хан әрі илаһи уахи арқылы бір Аллаға иман келтіруші хақ мұсылман, әрі барша түрік мемлекеттілігінің түп атасы, алғашқы ханы. Ең маңыздысы, ол – Шыңғысханның да түп атасы, оған хан деген қасиетті науғы, ұлы титул содан қалған. Оғыз ханның нәсілінен болмаса, түрік халқының перзенті емес болса, ондай адамның хан сынды мәртебені иеленуге қақы жоқ. Ендеше Шыңғысханның шын тегі кім, ол түріктің қайсы арысынан шыққан?
«Жәмиғ ат-тауарихта» жалайырдың бір саласы он атаға бөлінетіні, оның біреуі төре екені анық таратылып түсіндірілген (жоғарыдағы еңбек, 1-дәптер, 1-кітәп, «Жалайыр руы» тарауы, 149 – 150-беттер). Ал, төре Шыңғысхан әулетінің кіші руы екенін барша қазақ біледі. Бұл деректі «Құпия шежіре» де растайды, онда Шыңғысханның кіші руы «дөрө», яғни «төре» деп көрсетілген (жоғарыдағы құжат, «Құпия шежіре», Шыңғысхан мен Жамұқаның ірге бөлісуі туралы үзіктерде). Тарихи құжаттардан белгілі болғанындай, Шыңғыс ханның алтыншы атасы Қабыл (Қабұл) ханнан тараған бір әулет тәйжігіт (тайчиут) деп аталады. Міне, сол ата: «Жалайырдың тәйжігіт руы» - деп, ап-анық хатталған (сонда, түпмәтінеге, көне қытайшаға қараңыз).
Қорыта айтқанда, Шыңғысхан – ешқашан да «тәңіршіл» немесе «шаманизмшіл» болған емес. Ол сонау Оғыз ханнан тартып, бір Аллаға иман келтірген халықтың – ұлы түріктің ұрпағы. Таратып айтар болсақ, Оғыз хан заманындағы Тұран түріктері ұйғыр және моғол сынды екі үлкен саладан құрам тапқан. Ұйғырлар Таластан Бұхараға дейінгі аймақты, ал моғолдар Талас пен Шудан шығысқа қарайғы аймақты – Моғолстанды орталық ете қоныстанған. Одан бұрын, Қарахан заманына дейін, Шыңғыс ханның ата-бабалары Сайрам, Талас, Ұлытау (Ұлықтақ), Борсық, Қарақұм өлкелерін мекендеген-ді. Ал Оғыз хан тұсынан бастап түріктің екі саласына тән этнотерриториялар жоғарыдағы негізде қалыптасты, сөйтіп бұл еншілі аймақтар мыңдаған жылдар бойы өзгеріссіз сақталды. «Жәмиғ ат-тауарихта» бұл туралы: «Түрік руларының ежелдің ең күнінен бері қалыптасқан еншілі жұрттары (йұрттары) бар, ол ешқашан да өзгермейді» - деп анық жазылған
(жоғарыдағы еңбек, 1-дәптер, 1-кітәп, алғашқы бап). Демек Шыңғыс хан әулеті және жалайыр, қоңырат, керей, найман, үйсін (үсін), алшын (алчын татар) қатарлы түрік ру-арыстары Солтүстік Шығыс Азиядан ауып, қаңғып келді деген сандырақтардың ешқандай тарихи құжаттық негізі, ғылыми тұжырымдық құны жоқ. Түпнұсқа тарихи құжаттарда айтылған жоғарыдағы аймақтар және Балқаш (Көкшетеңіз), Іле (Ілеті), Алакөл (Алақкөл), Алатау (Алақтақ), Қалжыр (Қалжұр), Қалғұты, Еділ (Етіл), Жайық (Йайық), Екі көл немесе Екі теңіз (Арал, Әбескүн / Каспий), Сауыр, Қобық, Еміл, Шыршық, Сарысу, т.б. жер-сулар Орта Азия мен Қазақстан жерінде әлі де бар. Қазақтың барлық ру-арыстары дәл бүгінге дейін тарихи құжаттарда көрсетілген сол жер-суларды мекендеп келеді. Тіпті осы заманғы моңғол ғалымдары да жоғарыдағы қазақ, түрік ру-арыстарын «Шыңғысхан ұлысының соңғы мұрагерлері» деп көрсетуде («成吉思汗蒙古帝国的后人» (Шыңғысхан Моғол ұлысының соңғы мұрагерлері), ҚХР, Көкхот: «Ішкі Моңғол Халық баспасы», 2009 ж., 41, 73, 109 және басқа беттр). Демек ұлттық тарихымызды нағыз бұрмалаушылар, тегі бөтендер емес, керісінше өзіміздің отандық, қазақ қанды кейбір тарихшылар екені осы арада айпарадай ашылуда. Басқаша айтқанда, қазақ, түрік халқының тарихын бұрмалауда ондайлар жат елдің тарихшыларынан да асып кетті. Бір Американдық тарихшы «Үшінші империяның гүлденуі мен күйреуі» («第三帝国的兴亡» / авт. Уильям Ширер) атты үш томдық моногрфияның авторы: «Тарихшылардың қателігі – қажетті құжаттарды оқымайтындығы, саясаткерлердің қателігі – қажетсіз деректерге сенетіндігі. Сол себепті Мысыр Храмдары мен Қос өзен сына тәрізді жазуларының сырларын кәсіпқой тарихшылар емес, әуесқой тарихшылар ашты. Сондықтан да Адольф Гитлер сынды шала сауат, әумесер біреу тұтас әлемді табанына салып таптауға сәл-ақ қалды» - деген екен. Егер отандық немесе түрік дүниесіндегі тарихшылардың біреуі түпнұсқа тарихи құжаттарды дұрыстап оқыған болса, Шыңғысханның тегі түрік, діні ислам екенін әлем баяғыда-ақ танып болар еді ғой. Өйткені түпнұсқа тарихи құжаттарда Шыңғыс ханның түбі түрік, моғол, қият, жалайыр, оның ішінде төре екені ап-анық жазылған. Тек сол деректерді дұрыс жинақтап, тұжырымдап көрсетуге ешқандай тарихи зерттеу орны немесе құзыретті маман құлықты болмаған. Көл-көсір болмаса да, тәуелсіздіктен бері тарих саласына бөлінген қаржы аз емес, сонда осыған қазыр не қолбайлау болып тұр? Жауапсыздық яки жалқаулық па, біліксіздік пе, трайбализм бе, әлде соның барлығы ма?
Түгел сөзді түйіндесек, Шыңғысханның діні хақ ислам, оның ішінде Ханафи бағыты, яғни Имам Ағзам жолы – Нұғман ибн Сәбит мазғабы. Ал тегі – түрік, оның ішінде Қазақтың жалайыр арысынан. Олар күні бүгінге дейін бізбен бірге жасап келеді. Орта Азия мен Қазақстанда Шыңғыс хан әулетінен қалған неше ондаған қала, бірнеше жүздеген ескерткіштер бар. Керісінше, Монғолияда мұндай этникалық сабақтастықтар да, археологиялық ескерткіштер де жоқ. Өйткені Шыңғысхан және оның әулеті онда ешқашан болмаған. Ұлттық тарихымызды, мемлекеттік хақымызды саясаттың жемтігіне айналдыруға тыиым салатын уақыт жетті ағайын.
Тілеуберді Тыныбайын,
ҚР ҰҒА Құрметті академигі,
Қазақ үні