Жеңіл атлетикадағы жүйріктер

31

Қазақстанда алғашқы ресми жеңіл атлетикалық жарыс – Бүкілқазақстандық 1-спартакиада 1928 жылы Петропавл қаласында өтті. Республикада жеңіл атлетикадан тұңғыш рет КСРО-ның спорт шебері атағын 1943 жылы Ш.Бекбаев алды. Қазақстанның жеңіл атлеттері Олимпия ойындарында, дүниежүзілік чемпионаттар мен халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерді көрсетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер атанды.

Олар: Е.Кадяйкин, Ғ.Қосанов, Ә.Тұяқов, В.Савинков, Л.Кононова, С.Исабаев, Б.Күреңкеев, В.Муравьев, В.Савин, В.Солдатенко, Л.Микитенко, А.Бадранков, т.б. Қазақстандықтар арасында Олимпиялық ойындарға тұңғыш қатысқан спортшы Е.Кадяйкин болды. Тәуелсіз елімізге тұңғыш алтын медальді 2000 жылы Сиднейде өткен 27-Олимпиялық ойындарда кедергі арқылы жүгіруші О.Шишигина әкелді.

Ғұсман Қосанов – КСРО құрамында Олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ желаяғы. 1960 жылы ХVІІ-нші Рим Олимпиадасынан эстафеташылар жарысынан күміс медалға ие болды. КСРО чемпионатының жеңімпазы, КСРО чемпионатының күміс жүлдегері. КСРО – АҚШ кездесуінің эстафеташылар жарысының жеңімпазы болды. 1968 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері атағына ие болды. Қосанов құрметіне арналған жеңіл атлетикадан  халықаралық жарыс 1991 жылдан бастап өткізіліп келеді.

Солдатенко Вениамин – жеңіл атлет, спорттық жаяу жүрістен 1976 жылы КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері. Қазақстанның және халықаралық турнирлердің жеңімпазы. 50 км. қашықтыққа спорттық жаяу жүрістен жеті дүркін КСРО чемпионы. Сонымен қатар, Еуропа чемпионы, Әлем чемпионы атанған қазақстандық желаяқ. ХХ-Олимпия ойындарының күміс жүлдегері атанған ол Құрмет белгісі орденімен және басқа да көптеген медальдармен марапатталған.

Муравьев Владимир Павлович  – жеңіл атлет, техникалық ғылымдар кандидаты. Спорт шебері, КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы.

Еуропа кубогінің иегері, Дүниежүзілік чемпионаттың күміс жүлдегері, КСРО чемпионы, ХХІV-Олимпия ойындарының чемпионы. 2 рет Құрмет белгісі орденімен марапатталған.

Шишигина Ольга Васильевна – қазақстандық жеңіл атлет, кедергілі жүгіру спринтершісі, 2000 жылы Сидней олимпиадасының чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. 1994 жылғы Жапонияның Хиросима қаласында өткен Азия ойындарында жеңімпаз болған, осыдан кейін оған «Қазақстан Республикасының спортқа еңбек сіңірген шебері» атағы берілген. 1995 жылдардағы жазғы және қысқы әлем чемпионаттарының күміс медаль иегері. 1999 жылғы әлем чемпионатында алтын жүлде иегері.

Дмитрий Карпов – қазақ жеңіл атлетикасының серкесі, қарағандылық онсайысшы. 2004 жылы Афины олимпиадасының қола жүлдегері. Әлем чемпионаттарының қола жүлде иегері, Азия ойындары жеңімпазы. 2007 жылғы Әлем рейтингісінде онсайыстан 4-ші орында табан тіреді.

Ольга Сергейқызы Рыпакова – Қазақстанның үш аттап секіруден жеңіл атлеті. Ольга Рыпакова 2008 жылғы Бейжің олимпиадасында үш аттап секіруден Азия рекордын жаңартып, 4-інші орынды иеленгенді. Ал, 2010 жылы Шанхайда өткен «Гауһар лига» деп аталатын жеңіл атлетика сериясының бірінші кезеңінде алтын медальді жеңіп алды. 2010 жылы қысқы әлем чемпионатында әлем чемпионы атанды. 2011 жылғы жеңіл атлетикадан Тэгу қаласында өткен әлем чемпионатында Ольга Рыпакова күміс медаль, 2012 жылғы жеңіл атлетикадан Лондон қаласында өткен олимпиадада алтын медальды жеңіп алды.

Біз жоғарыда атап өткен жеңіл атлетиканың жүйріктері шыққан Қазақстаннан әлі талай жеңімпаздар шығып, әлемді таңдай қақтырады деп сенеміз.

Кенесары СЕЙДАЛИЕВ

qazaquni.kz