Абайша өмір сүру

Пайғамбар жасынан асқаныма талай жыл болды. Азды-көпті, ірілі-уақты кітап оқыдым, шығарма жаздым. Өмірімді әдебиетке арнадым. Еліміздің белгілі ақын-жазушыларымен араластым. Әдебиеттің судай қажет болған кездерін, қаламгерді құрметтейтін сәулелі күндерді көрдім. Ой салар дүниелерге қызығып отырамын. Бірақ ондай дүниелер көп емес. Қолымдағы «Бір қайыры бар дүние» деп аталатын туынды ойды қозғайтын, жан дүниені байытатын қызықты кітаптардың бірі екені анық. Бірі болғанда да өзгешелеу. Автордың оқыған жүздеген кітабының әсерінен туған, шабытты шақтарының синтезделген, сығымдалған, жаңартылған, замандастарымызға лайықталған түрі екені белгілі. Бұл сөзіме қарап еліктеу әлде мазмұндама екен деп ойлап қалмаңыз, онда қателесесіз. Автор созылып жатқан сан сүрлеулерден кесіп өтіп, өз соқпағын тапқан. Мынау кітаптағы әр шығармасы бір хикаят немесе бір романның жүгі. «Ерінбеген етікші болады» деп, шеберлікке басып қаламына шек қоймай көсілетін адам болса, сұранып тұрған кесек-кесек еңбектерді туындатуға болатынын байқайсың. Сөйте тұра «Бір қайыры бар дүниенің» авторы Мәлік Отарбаев олай етпепті.Ол айтар ойының тоқ етер жерін біліп, дәнін алып қауызын тастапты. Бүгінгідей ақпарат тасқыны тұншықтырып бара жатқан «сел заманда» екінің бірі көп сөзді көркем әдебиетке мойын бұра алмайды. Соны жақсы сезінген қаламгер көк сүтін емес, қаймағын қалқып, көбігін емес, тұнығын тапқан. Жоғарыда айтқанымдай, кітапты оқып отырған адам автордың Батыс пен Шығысқа тән қыруар еңбектерді екшеп барып, осы қадамға барғанын аңғарар еді. Аңыз, әфсана, философия, тарих, Шығыс әлемінің ғұламалары мен данышпандарының тірі рухы шығармадан шығып тұрады. Сондықтан әрбір шағын әңгіменің өзін оқып алып, сәл-кем тоқтап толғануға, бас-аяғына көз жіберіп жүрекпен сырласып құпиясын ашуға талпынасың. Қызық қуып, құмарлыққа бой ұрған оқырман үшін тылсымдығы тіпті салмақты, нені меңзегенін аңғара алмай есеңгіреп қалуы мүмкін. Ой қуып жүрек ләззатын аңсаған адам үшін жұтқан сайын сарайы ашылып санаға түсірер сәулесі мол. Уақыт деген байлықты қалай пайдалануды жақсы білетін жазушы оқырманын да қатты құрметтепті. Қалың қасат қарға малтықтырып шаршатпай, төте жолдарға салып діттеген жеріне тез жеткізуді көздепті. Осыған дейінгі «Ойқазан» кітабы да сол жолдың бірінші қадамы болатын, енді онан ары тереңдеп кіріп, «Бір қайыры бар дүние» қайырлы қадамдар жасапты. Баяғыда алыс түкпірдегі бір елдің патшасы алманың қабығын аршып отырып, абайсызда өткір кездігімен бармағын жонып түсіріпті. Мұны көрген уәзірі: «Абыржымаңыз патшам, бұдан да бір қайыр бар», – депті. Жаны ауырып ашулы отырған патша уәзірдің орынсыз сөзіне қапаланып, зынданға қаматыпты. Ол зынданға түсіп бара жатып, «Бұдан да бір қайыр бар», – деп, қарсылықсыз кіріп кетіпті. Күндердің бірінде патша нөкерлерін ілестіріп аңға шығыпты. Аң аулаудың қызығына еніп кетіп, өз шегінен өтіп басқа бір адам етін жейтін жабайы тайпаның қолына түсіпті. Олар тұтқындарды бірінен соң бірін сойып жей беріпті. Кезек патшаға келгенде оны аударып, төңкеріп, қарап, көріп, бармағы жоқ шолақ екенін байқап, бастарын шайқап, босатып жіберіпті. Сөйтсе, олардың құрбандығының он екі мүшесі толық болу керек екен. Сондықтан шолақ адам жеуге жарамсыз болып қалыпты. Арып-ашып еліне жетіп, әлгі зындандағы уәзірін шақыртып, болған жағдайды айтып беріпті. Сонда уәзір «Патшам, бұдан да бір қайыр бар», – деп, баяғы сөзін қайталап патшаның кесілген саусағының орнын көрсетіпті. «Сен неге бір сөзді қайталай бересің?» – деп ашуға булыққан патшаға, асықпай тіл қатқан уәзір: «Егер сіз саусағыңызды кесіп алмасаңыз осы жолы тұтқынға түскенде олар сізді де жеп қоятын еді, мені зынданға тастамағаныңызда мен де сізбен бірге аңға барар едім, сосын олар мені де жеп қояр еді ғой», – деп түсіндіргенде, ашуланып тұрған патша тағына «сылқ» етіп отыра кеткен екен. Иә, мынау дүниенің бір қайыры бар. Болып жатқан оқиғалар, өтіп жатқан істердің бәрінің бір қайыры бар. Оны біреу көреді, біреу көрмейді. Автор осы оқиғаны баяндап отырып, адамдарға ой салады, қиялына қанат бітіреді. Қазақ әдебиетінің қоржынына енген жинақты автор «эсселер» деп атапты, сондықтан да жанрына құрметпен қарап эссе деп қабылдадық. Дегенмен, өзіме ыңғайлы болу үшін кітапқа енген әрбір алақандай шығарманы «әңгіме» деп атағым келеді. «Қалың кітап» деген әңгімесінде автор терең ой қозғайды. Түріктің белгілі қаламгерін сөйлетеді. «Үйімде үлкен кітапхана бар. Мінеки, өзіме қарама-қарсы қалыңдығы кереқарыс заң саласына арналған кітап тұр. Бұл кітапта заң да бар, ереже де бар, түрлі түсініктеме де, ақыл-кеңес те бар… Неге бұл кітап соншалықты қалың? Заң саласына қалыңдығы кереқарыс кітап керек пе?..» Бұл әңгіменің соңында мынадай қорытынды бар: «Сөйтсем, елдің руханияты неғұрлым әлсіресе, көркем мінезінен ажырап, мәдениетсіздікке бет бұрса, соғұрлым заң көбейе береді екен ғой.» – деп жазады. Заманы жұтап, жұқарып бара жатқан қоғамның кітабы (заңы) қалыңдай береді екен. Саналы түрде өмір салтына бағынудан жаңылған жұртқа мәжбүрлейтін ереже-тәртіптер көбейеді екен. Климаты қиындаған қоғамның кітабы қалыңдап, атқарылмайтын кереқарыс заңдар жазыла береді екен емес пе!.. Әр әңгімесін толығымен баяндап отырсам менде бір кітап жазып кетермін, сол үшін қысқаша, түйінін жеткізуге тырысайын. Ертеде Англия елінде қарапайым кісі қайтыс болса шіркеу қоңырауы бір рет, оқымысты зиялы адам өлсе екі рет, патшаның жақындары қайтса үш рет, патшаның өзі көз жұмса төрт рет соғылатын болыпты. Күндердің бірінде шіркеу қоңырауы бес рет соғылыпты. «Патшадан да қадірлі кім бар еді?» деп халық жиналып, шіркеудің побына барып: «Ойбай-ау! Бес мәрте соғыл­ғаны қалай? Патшадан асқан кім бар? Кімнен айрылдық?» – деп сұрапты. «Иә, патшадан асқандар бар… Артының қайырын берсін!.. Әділдіктен айрылдық!» – деп жауап беріпті. Мінеки, бұл әңгіменің қаншама мәселені айтып тұрғанын аңғарған боларсыздар. Жайдан-жай әңгімені айта салу бар да, әңгіме айтқанда да ойды қозғау бар. Мұнда да автор атан түйе тарта алмайтын салмақты дүниені ұсынады. Ол әңгімеде айтылған Англияға ғана тән нәрсе ме екен? Мынау бізді қоршаған ортада әр күні бір әділдік шырылдап жан тәсілім етіп жатқан жоқ па?! Ойландыратын мәселе. «Авторы жоқ кітап» деген әңгімесі жазушылар өмірін, атақ абыройға деген анталаған аранды, атаққұмарлықты, даңқ сүйгіштікті сайқы мазақ етеді. Ол індет жазушылар арасында ғана емес, тұтас қоғамды жайлаған рухани ауру екені анық. Сондықтан да М.Отарбаев авторсыз кітапты, атақсыз қызметті, мақтансыз дүниені, халыққа қалтқысыз еңбекті аңсайды. «Шаруам қанша!» деп аталатын әңгімесі «шаруам қанша» деген сөзбен «шаруам бітті» деген сөздің терең философиясын таратып, ара-жігін ашып көрсетеді. Естір құлаққа «шаруам қанша» десе, немкеттілік, менің оған қатысым жоқ деген сияқты елестейді. Ал үңіліп қарасаң, менің бітірмеген шаруам қаншама, істелмей жатқан жұмысым қаншама дегенді аңғартады екен де, құлшынатынын, кірісетінін сездіреді. Ал «шаруам бітті» деп, бәрін тындырып тастадым, түгел жасап қойдым деген пенде үшін өзінің де шаруасы бітетінін, тоқмейілсудің соңы оны тоқырататынын, тоқтататынын  аңғартса керек. «Әлем аруы» деген әңгіме – әлемге әдептілігімен, ибасымен, иманымен, көркем мәдениетімен үлгі-өнеге болған Шығыстың күйреуін, шытырман тағдырын, азып-тозуын ымдайтын кесек дүние. Батыс пен Шығыстың мың жылдар бойы арбасқан, алысқан теке-тіресіндегі шығыстың жеңілісін, шыңғырған шындықты бетке басатын шығарма. «Тоңғақ ақын» деген әңгімеде ақын Нұрлан Оразалиннің: Несіне ой тоқып қиналам, Ойларым тыңдалар болмаса?! Мына кең ғаламға сыймаған, Ақындар ақын ба тоңбаса?! – деген өлең жолдарынан басталады да, Шығыстың жарық жұлдызы Жәлаледдин Руми мен Шәмс Тебризидің кездесуіне дейін кеңістігі кеңейіп, тоңудың мәні ашылады. Осылайша жан әлеміндегі шындықтың беті ашылып, Румидің:  «Жер бетінде бір адамның өзі тоңып жатса, сен жылына алмайсың. Бір адам аш жүрсе, сен тоқ жүре алмайсың. Бір адам азап шексе, сен жайбарақат ұйықтап жата алмайсың!» – деген жанғылымы (психология) алдыңа тартылып, ақындардың жан-азабы жария етіледі. Әрине, бұл күндері ақындардың біразы шеберлікке салып құбылтып, сөз ойнатып «әдемі жыр» жаза береді. Техникасын меңгерген адамның сылдыратып сырғыта берері анық. Күйдім-жандым деп, жалындап-маздап, лапылдап-шарпып жазуға болатын шығар, алайда дірілдеп тоңып, қалтырап мұздап отырып, жанымен сезініп өлең жазатындар қалды ма? «Дауасыз дерттің» сабағы: «Жақсылық жамандықтан қайыр сұраса дауасыз дертке айналады» – депті. «Сонда не істеу керек?» – деген қайтарма сұраққа: «Білім мен өнерді қайыршыға айналдырмай, қамқорлықпен қарау керек. Өйткені қолдау таппаған елден, демеу көрмеген жерден білім де, өнер де безіп қашады.» – деп түйін түйеді. Бұл жағдайды ат арытып алыстан іздемей-ақ, айналамыздан, ақсап жатқан жұмыстан, алдырмай жатқан асудан анық көрер едік. Кітапта қамтылған мәселелер өте көп, ауқымы үлкен. Онда бір эсседе әдебиеттегі аударманың жағдайы да сөз болады. Жұрттың бәрі мың тіл білетін данышпан полиглот емес, көп адам әлемді, әдебиетті аударма арқылы танып, аударма арқылы біледі. Аудармашы – ел мен елдің, халық пен халықтың көпірі. Өкініштісі, олар атсыз, атақсыз тасада қала береді. Ол туралы әңгімеде мынадай түйін бар: «Аударма әйелге ұқсайды, сұлуы – адал, ал адалы – сұлу болмауы мүмкін» деген де сөз бар. Дегенмен, кейде аудармашының жазушыдан асып түсетін кезі де болады. Сондықтан әдебиеттің өрісін кеңейтетін де, ғылымды дамытатын да солар екенін ескеруіміз керек», – дейді кейіпкеріміз. «Кітапқұмар президент» деген әңгімесін оқып отырып, Түркияның тұңғыш президенті атақты Ататүріктің кітапқұмарлығымен, оның кітапханасы туралы қызықты мәліметтерге жолығамыз. Оның: «Өмірімдегі барлық жетістіктерім – осы кітаптың арқасында» деп жауап бергенін айтады. Осы әңгімені оқып отырып, жуықтағы «Алматы Ақшамы» газетінің бір саны есіме түсіп кетті. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазіргідей елең-алаң уақытта баршаңыздың күнделікті тіршілігіңіз өзгеріске ұшырағаны белгілі. Пандемиядан қорғанудың бірден-бір жолы – әлеуметтік оқшаулану, яғни үйде болу керек екенін жаһан жұртшылығы мойындап отыр. Әрине, бұл – уақытша құбылыс, өтпелі кезең. Дегенмен, осы уақытты барынша тиімді пайдалану – әрбір адамның өз қолында» дей келіп, «Осы мүмкіндікті пайдаланып, бұл эстефетаны барша отандастарыма, әсіресе, жастарға жолдаймын және осы әдебиеттерді оқуға кеңес беремін» депті. Осы сөзінде ол оқитын кітаптар мен газеттердің де атын атапты. Міне өткен ғасырдың басындағы президенттер мен біздің ғасырымыздың басындағы президенттердің үндестігі осылай болса керек. Бұл «Кітапқұмар президент» деген әңгіме автордың арманы екені анық. Ол өз отанының басшысының да кітапқұмар болғанын қалайтын сияқты. Әңгіме осыдан әлденеше жыл бұрын жазылғанымен, мінеки, Президент аузынан үндеу болып тасталып, іске асуға бет алды. «Бір қайыры бар дүниені» оқып отырып, «Рухани індет» деген әңгімеге тап болдым. «Иә, шығыс әлеміне рухани індет жайылды. Әлем жұртшылығы осы жұқпалы ауруға шалықты… Әлемді жайлаған осы рухани індетке төтеп бере аламыз ба?» – деген жолдарды оқып өне-бойым «дір» ете қалды. «Неге?» десеңіз, бүгінгі таңда әлем коронавирус деп аталатын сұмдық дертке шалдықты. Індет күн өткен сайын асқынып, жер бетін жайлап барады. Пойыз жүрмей, самолет ұшпай, қалалар құрсауланып, жолдар тосылды. Бұл ауыр сынақ, жұқпалы пандемия қайдан тап болды? Бұл «жаза» не үшін берілді? Міне, осындай сан сұрақ жағама келіп жармасты. Сөйтсек, біздер алдымен рухани жақтан қауіпті дертке ұшыраптық, адамдар арасында тағылық пен тұрпайылық асқынып хайуандық белең алды. Мысалы, еркек пен әйелдің заңды некесі бір жаққа қайырылып қалып, адам мен мақұлықтың, еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің некесі заңдасып жатыр екен. Мұндай сұрқиялық осыдан жиырма ғасыр бұрын да болып, оның жазасы ретінде «Ад қауымы» топан суға тап болып, Үнді мұхитының астына көмілген. Ондаған жыл бұрын асқынған аярлық пен зинақорлықтан  оңтүстікте сұмдық цунами болып, жеті елді жайпап өткенін жақсы білесіздер. Ер мен әйелдің табиғи байланысы шетте қалып зинақорлық, ойнасқұмарлық  мақтанға айналды. Өсімқорлық, парақорлық, өтірік пен ғайбат, нақақтан қан төгу, ұрлық пен арамдық жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай жамырады. Ендеше Мәлік Отарбаев дұрыс айтады: «Әлемді рухани дерт жайлады». Сол рухани дерттің «жазасы» ретінде «КОВИД-19» дерті әлемді әбігерге салып, кеулеп, дендеп барады. «Қазақстан» телеарнасын қарап отырсам, «Оразаң қабыл болсын!» деген рухани-имани бағдарлама эфирге шықты. Бұл жақсы бастама. Демек, жершары тұрғындары рухани дертке шипа іздей бастады деген сөз. Біздер «коронавирусты» жеңу үшін, алдымен жанымызды жайлаған, жүрегімізді шеңбектеген, ластыққа батырған рухани дерттен арылуымыз керек. Тәртіпке келіп, өзіміздің сондай шарасыз, әлсіз пенде екенімізді мойындасақ бұл індеттен де арыламыз. Мәлік Отарбаев айтқандай, «Абай атамыз айтқан «толық адам» мен кәдуілгі нәпсіқұмар «семіз адамды» ажыратуымыз керек».  Ол «Абайша өмір сүру» деген эссесінде: «Абай жолы – Алланың жолы. Ойшыл ақын иманның нұрымен, көкіректің көзімен суарды емес пе?! Абай атаны білетін қазақ көп. Бірақ, «Абайша» өмір сүріп жүргендер аз», – депті. Мен мүлде түңілушілерден емеспін, Президентіміздің «Абай әлемі және ХХІ ғасыр» деген мақаласына, сол үлкен үндеуіне үн қосып, мақала жазып, газетте жариялаттым. Сондағы байқағаным, «Сөз түзелген екен, ендеше тыңдаушым сенде түзелуің керек». Демек, жазушы Мәлік Отарбаевтың да қатты алаңдап кетуінің орны жоқ деп санаймын. Бірақ бұл еңбектің осыдан әлде неше жыл бұрын жазылғанын ойласақ, автордың алаңдауы, жазушының қамығуы заңды құбылыс. Қаламгер – дәуірді, заманды өзгертетін, жаңалыққа жаны құмар жан. Оның түйсігі өзгелерден бұрын сезеді. Жұрт қарғып-шоршып, күйіп, секіріп, сері болып жүргенде, ол дірілдеп, қалтырап бір бұрышта тіршіліктен мұздап отырады. Мынау тіршілікті кінәлай бергенше, үздіксіз өкпелей бергенше, жақсылық пен жамандықтың астарынан мән іздеп, хикмет тауып, «Бір қайыры бар дүние» деп, жарқын болашаққа үмітпен қараған абзал. Мәлік Отарбаев шығармаларының философиясы да осы болса керек. Ахметжан АШИРИ, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,«Құрмет» орденінің иегері Дереккөз: Астана ақшамы