«Алтынтөбедегі» жер дауы

 «Алтынтөбе» ауылы кезінде Оңтүстік Қазақстан (бүгінгі Түркістан) облысы, Бөген (кәзіргі Ордабасы) ауданы, Киров кеңшарының бір бөлімшесі болатын. Кеңес өкіметі құлап, кеңшарлар тарқаған кезде бөлімше халқы жерден, техникадан, т.б. өз үлесін алып, өндірістік кооператив болып бөлек отау құрғанда, көп жыл осы кеңшарда зоотехник болып істеген Шымкентбай Түктібаев есімді азамат оның төрағасы болып сайланған еді. Кейінірек оның орнына – бұл кеңшарда жұмыс істемесе де, бұл ауылда тұрмаса да, кооперативте тиесілі үлесі болмаса да  – Әбдімәлік Тұрниязұлы Сатқанбаев келіп отырады. Отырғаннан кейін кооперативтің суармалы және тәлімі жерін – жайылымнан басқасын – «кооперативтен шыққан» кооператив мүшелеріне беріп отырады. Ә.Сатқанбаев «кооператив мүшелігінен шықты» деп жүрген адамдар заң тұрғысынан шықпаған болып саналады, себебі шығу үшін ол адам өзінің жайылым жердегі үлесін де алу қажет. Ал, олардың алмай келген себебі, 1996 жылы кооператив құрылған жиналыста оның мүшелері, бәрі бір ауылдың тұрғындары болғандықтан, «жайылым жер – ортақ пайдаланыста болады» деген арнайы келісімге келген, оны жиналыс хаттамасына да түсірген еді. 2018 жылғы 10-қыркүйекте «Алтынтобе» ӨК-і мүшелері жалпы жиналыс жасап, «ауылға ешқандай жанашырлық танытқан жоқ, есесіне кооператив мүлкін сатып жатыр» деп, Ә. Сатқанбаевтың  орнына Ердан Нұрлыбаевты төраға  етіп сайлайды. Ә.Сатқанбаев болса «билікті заңсыз тартып алды» деп сотқа шағымданады және оның шағымын қанағаттандырған сот шешімімен өз орнына қайта отырады. Осы сот барысында Ордабасы ауданы әкімінің 2003 жылғы 29-тамыздағы №922  шешімен 445 гектар жер мемлекет қорына өтіп кеткені, 01.07.2005 жылдан бері «Алтын тобе» ӨК-і мүшелері болып Ә.Сатқанбаев пен М.Сатрабов қана қалғаны белгілі болады. Сатқанбаев түрлі аларманға жайылым жерді (дәлірегі оны пайдалану құқығын) сатқысы келген. Сату үшін алдымен оны әкімшіліктің жер қорына өткізу керек болған, Сатқанбаев оны да істеген. Кооперативтің Жарғысын өзгерткен Ә.Сатқанбаев кооперативке мүше емес екі баласына, Нұржан Тұрниязов деген ұлына 494 га, о.і. 174 га суармалы жер, Нұрбек Тұрниязов деген ұлына 59,67 га. тәлімі жер берген екен. (Ол осының бәрін істеген кезде 1992 жылы осы ауданның тұңғыш әкімі болып тағайындалған туған ағасы Еркін Тұрниязұлы Сатқанбаевтың абыройына қаншалықты нұқсан келтіретінін ойлады ма екен?..) Ә.Сатқанбаев төрағалық тізгінді қолына алған кезде «Алтынтөбе» ӨК-нің иелігінде 1996 жылы кадастрлық нөмірі №02912 жердің жалпы ауданы –1845 га, оның ішінде жайылым – 930 га. , тәлімі жер – 491 га., суармалы жер – 328 га., арық-атыз – 96 га. болған. Өз құзыретін асыра пайдаланған Ә.Сатқанбаев ол жерлерді кезінде кепілдікке қойып, «Валют-Транзит-Банктен» 5,5 млн.теңге  несие алады. Несиесін қайтармайды. «Валют-Транзит-Банк» Ә.Сатқанбаев несиесі үшін кепілдікке қойған жерді сатуға шығарады. Оны көрген Е.Қалдыбаев есімді азамат электронды аукционға қатысып, ақшасын төлеп, ұтып алады. Ал, енді жерге иелік етейін деп келсе, өндірістік кооперативтің атында ондай жер жоқ болып шығады. Ол жер бөлшектеніп, талай жеке тұлға мен ұйымға сатылып кеткен екен. Шақшадай басы шарадай болған Е.Қалдыбаев қайтсем жерге иелік етемін деп жүргенде бес жыл зу етіп өте шығады. Ақыры болмаған соң, ол сотқа жүгінеді. Бірақ, ол жерді иеленіп қойған заңды және жеке тұлғалар өздерінің ісінің дұрыстығын сотта дәлелдеп бергендіктен, Шымкент қаласының Абай аудандық соты, төрағалық етуші А.Омарова, 11.02.2019 жылғы өз отырысында Е.Қалдыбаевтың арызын қанағаттандырусыз қалдырады. Шымкент қалалық апелляциялық сот алқасы Абай аудандық сотының шешімін өз күшінде қалдырады. Жайылым жердің осылайша сатылып кеткенін Е.Қалдыбаевтың сотқа жүгінуінің арқасында біліп қалған, кооперативтен суармалы және тәлімі жерден өз үлестерін алған, ал, жайылым жердің тұсына тек сызықша қойылған ауыл азаматтары, атап айтсақ Шымкентбай Ағыбайұлы 40,06 гектар, Тайытбек Тұрлыбай 35,34 гектар, Құрманғали Төленді 21,4 гектар, Асан Ибрашов 20,2 гектар, Әбдіхан Нұрлыбай  16,3 гектар, Құралбек Сүлеймен 2,66 гектар, Әлжаппар Нұрлыбай 17,6 гектар, Теміртай Жолымбек 6,10 гектар, Алмас Түктібаев 37,0 гектар, Әмір Карабеков 57,0 гектар, талан-таражға түскен, өздеріне тиесілі жайылымды қайтару үшін сотқа арыз береді. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы А.Қаппарбекова 2019 жылғы 19-желтоқсандағы ашық сот отырысында 1) «Алтын төбе» өндірістік кооперативінің мүшеліктен шығару жиналыс хаттамалары заңсыз деп танып, бұзу, жер үлестеріне құқықтарын қалпына келтіру туралы; 2) Ордабасы ауданы әкімінің 29.08.2003 жылы №922 санды, №923 санды қаулыларын  заңсыз деп тануды; 3) 2005 жылғы 28-маусымдағы «Алтын төбе» өндірістік кооперативіне өзгеріс енгізуін, яғни, 48 адамды мүшеліктен шығару туралы тіркеуді заңсыз деп тану туралы талапкерлер арызын қанағатсыз қалдырылсын деп шешім етті. Судья  өзінің шешімін кооператив адвокатының «талап қою мерзімі өтіп кеткен» дегеннен танбаған сөзіне сүйеніп шығарса керек. Ол адвокат болса «бұл кісілер бәрін баяғыда білген, білсе де әдейі көтермей, Шымкенттің мегаполиске айналғанын, ауылдары қаланың аумағына кіргенін күтіп жүрген» дегенге дейін барды. Сонда ауылдағылар бар күн көріп отырған малын үйінің төбесіне жаяды дей ме екен? Қорғаушы емес, қияли-фантаст жазушы ғой дайын...  Ал, «ҚР Азаматтық кодексінің 180-бабына сәйкес талап қою мерзімі адам құқық бұзушылық туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен басталады» деген адвокаттардың уәжін құлаққа ілген жоқ. Сонда іске тіркелген, «жайылымдар – жалпыға ортақ мүлік болып саналады» деген хаттама қол сүртуге ғана жарайтын бос қағаз болғаны ма?  Сонда «судьяның шешімі істің жан-жақты, толық та объективті (шынайы) негізде қаралуын қамтамасыз етуі тиіс» деген заңның басты талабы қайда қалады? Сот шешімі бәрінен бұрын осы үш негіз арқылы әділетті болуға міндетті емес пе? «Бір ауылдың халқы жайылым жерінен айрылып қала берсін, әділеті де – осы» дейміз бе?.. Шымкент қаласы, Абай ауданы, «Алтынтөбе» алабы. Ауыл тұрғындарының талабын хатқа түсірген: Өмірзақ Ақжігіт. Шымкент қ., «Ұлағат» м/а, Ұлар көшесі, 4а үй. Ұялы тел. 8-701-682-5652     qazaquni.kz