ТОҚАЕВ ТОЙТАРЫСЫ "ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚТЫҢ" ЕСІН ЖИҒЫЗДЫ

Кешегі Еуразия Экономикалық Одақ елдері президенттері кеңесінің басты кейіпкері - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болды! Осы Одақ құрылғалы алты жылдың ішінде тұңғыш рет тең атаның текті ұлындай теңдік сұрап, әділдікті талап еткен сөзді естіп, "ел екенбіз ғой" деп, еңсеміз бір көтеріліп қалды. Бұрын бұндай сөздерді тек Белоруссия президенті Александр Лукошенкодан естіп, қызығып қарап отыратын едік... Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің бейне конференция форматында өткен кезекті отырысына қатысқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ мүддесін қорғап, ЕАЭО елдері арасындағы экономикалық байланыста біржақты заңсыз және жасанды кедергілердің жойылмай отырғанын сынады. Сонымен бірге «2025 жылға дейінгі Еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық даму бағыттары туралы» құжаттың жобасына назар аударып, онда Одаққа мүше елдердің егемендігіне елеулі нұқсан келтірер ережелер бар екеніне ерекше тоқталды. Еуразиялық экономикалық комиссияның Одаққа мүше елдердің кеңесі қорытындысын күтпей-ақ алдын-ала ол стратегиялық құжатты "қабылдап қойған" анонстарына тойтарыс беріп, "Ондай мемлекеттер үшін ерекше маңызды құжатты қабылдау-қабылдамау мәселесін біз, мемлекет басшылары шешеміз!"-деп бір-ақ кесті!.. – Алдағы бірнеше жылға арналған интеграцияның негізін қалайтын аталған құжаттың ерекше маңызды екенін ескере отырып, оны әлі де талқылап, бетпе-бет кездесу барысында қабылдаған жөн. Ерте ме, кеш пе, біз бір-бірімізбен кездесеміз, – деді Мемлекет басшысы. Одаққа мүше елдер арасындағы екіжақты ынтымақтастық ең алдымен саяси емес, экономикалық, әлеуметтік, гуманитарлық қатынастарды қамтитынын атап өтті. – Сондықтан аталған мәселелерді бесжақты форматта Еуразиялық экономикалық комиссияны қатыстыра отырып қарастыру, оның нақты іске асуын қиындатады. Денсаулық сақтау, білім және ғылым салаларын Еуразиялық экономикалық комиссияның құзыретіне толық көлемде беру, оның экономикалық бағытын айтарлықтай өзгертіп жіберуі мүмкін. Яғни, 2015 жылғы Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімнің мәніне қайшы келеді, – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев. – Стратегияда ұсынылған заңнаманың «үйлестіруге және біріздендіруге» қатысты құқықтық жауапкершілік орнату бөліміндегі әкімшілік және қылмыстық, кеден ісі, техникалық реттеу, тұтынушылардың құқығын қорғау сияқты бірқатар сала, біздің пікірімізше, ақылға қонымды жеткіліктілік қағидатына әлі де толық жауап бермейді. Ал бұл ұлттық қоғамдық ой-пікірдің Стратегияны қабылдамауына алып келеді. Өйткені Стратегия үкіметтер мен парламенттердің дербес құқығын шектейді, – деп атап көрсетті Қазақстан Президенті. Қасым-Жомарт Тоқаев Еуоазиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық дамуы туралы құжатқа қатысты түсіндірме жасағанда бірінші кезекте тауарлардың кедергісіз әрі шектеусіз тасымалын іс-жүзінде қамтамасыз етуге босқа назар аударған жоқ. Өйткені ЕАЭО-ға мүше болғалы бері Қазақстанның табысы кеміп келе жатыр. Мысалы, 2019 жылы қаңтар-қыркүйек айларында бюджет дефициті айқын байқалды. Еліміздің кірісі 7,7 трлн теңге болғанда, шығысы 8,5 трлн теңгеге өсіп кетіп, бюджет дефициті 813,1 млрд теңге (2,1 млрд доллар) болды! Өйткені ЕАЭО елдерінен келген импорт өнімдер бір жылда 7,1% өсіп, 10,3 млрд теңгені құраса, біздің Одақ елдеріне экспортымыз тек 2 % ғана құрап, 4,4 млрд теңгеге зорға жетті. Яғни, импорт экспорттан 2,3 есе асып түсті. Мұндай Одаққа өз тауарымызды өзге елдерге өткізе алмай, Ресейдің тауарларын тұтынушы ел болу үшін ғана, өзге елді байыту үшін ғана кірудің не керегі бар еді? Иә, Қазақстан тауарларының Ресейге кіре алмай кедергілерге ұшырап, шығынға батып жатқанымызды, яғни теңсіздікті "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев та парламентте талай көтеріп, мемлекеттік мүддемізді қорғай алмай отырған Үкіметімізді сынаған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев барлығын нақты дәлелдермен қаққан қазықтай қадап тұрып шешімін шегелеп сөйлеуі де Ресей президенті Путиннен бастап бәрін састырды. Путин Тоқаев сөйлеп отырғанда өзін қоярға жер таппай, оң жағындағы біреуге еңкейіп бірдеңе сұрап, әбігерге түсті. Соған қарағанда Еуразиялық экономикалық комиссияның бесжылдық стратегиялық даму жоспарын алдын-ала "қабылдап қою" шешімі қайдан шыққаны және оған қарсы Тоқаевтың тойтарысы кімге барып тигені белгілі болды... Соған қарағанда біз Тәуелсіздік алғалы отыз жыл болса да, Одаққа кіргелі алты жыл болса да, "айттым-болды" деп келген Ресей Президенті өзге мемлекеттердің де мүддесі барын, олардың да ұлттық мүддесін қорғайтын халқы мен қоғамдық күштері барлығын ұмытып кеткен секілді. Еуразиялық одақтың кеңесінде Қазақстан Президентінің қандай да бір шешім қабылдауда ең алдымен мемлекет мүддесі мен ұлттық қоғамдық пікірге баса назар аударылатынын атап өтуі де "енді бұрынғыдай болмайды" дегенді анық аңғартқандай еді... Екі күннен бері еңсесі биіктеп, жалы көтеріліп қалған жалпы Қазақ Елі азаматтары да әлеуметтік желіні желпіндіріп, тоқетерін айтқан Тоқаевқа деген шынайы ризашылықтары мен зор қолдауларын жарыса жазып жатыр. Ал Қырғыз Республикасы Президенті Сооронбай Жиенбековтың көрші елге бағыттап, "көрпені өзіне тарта" сөйлеуінің онша салмағы бола қойған жоқ. Сонымен саммит қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен «2025 жылға дейінгі еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық даму бағыттары туралы» құжат негізінен мақұлданғанымен, қабылданған жоқ. Одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтері мен Комиссияға Стратегияны пысықтау тапсырылды. ЕАЭО көшбасшылары Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысын 2020 жылдың күзінде Минск қаласында өткізіледі. ЕАЭО тарихына келсек, Еуразиялық экономикалық одақ құру келісім-шартына 2014 жылы 29 мамырда Астанада қол қойылып, 2015 жылғы қаңтардан күшіне енді. Сөйтіп, Қазақ Елі Кеңес Одағы отарынан ең соңғы болып шығып,  Тәуелсіздіктің дәмін толық сезініп болмай жатып, тағы бір Одақтың құрсауына ең алғашқы болып қайта қіріп кетті... "Қамыттан босап қалғанда, Қай жаққа қарай жүрерсің"- деп, қауіп еткеннен айтқанымыздың ақыры осыған әкеп соқты... Енді кеше "экономикалық" деп құрылған Одақтың саяси сарыны да естіле бастады... Қалай болғанда да Тоқаевтың тойтарысы "Еуразиялық одақтың" екпінін тежеп, есін жиғызды. Ал батыр батько Лукашенконың еліндегі Одақ отырысы қалай болатынын уақыт көрсетеді. Қазыбек ИСА, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі