Мемлекеттік тілді міндеттейтін құқықтық норма енгізетін уақыт жетті - Салауат Кәрім

Құрметті «Қазақ үні» газеті мен сайтының ұжымы мен редакциясы Сіздерге «Қазақстан Республикасы Конституцияның 7 бабының 2 тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау қажеттілігі» туралы Ашық хаттарыңызды қолдай отырып, осы пікірімді жолдап отырмын.

Ізгі құрметпен, Салауат Кәрім,

Нұр - Сұлтан қаласы,

2020 жылғы 21 мамыр

Қазіргі қазақ тілінің мемлекеттегі, әлеуметтегі жағдайы біздің қандай ұлт екеніміздің көрсеткіші, біздің кім екеніміздің анық айғағы. Иә, тіл мәселесінде бізге тәуекел де, тегеурін де жетіспеді, дәрменсіздік таныттық, намыссыз жұрт екінімізді байқаттық.

Қазақтың жазба, ресми тілі - өткен ғасырдан бері, жүз жылдан асты, бұрынғы колониялық кездегідей орыс тіліне жүгінеді.

Қазіргі ел заңдары, билік жарлықтары, қаулылары, өкімдері, атқарушы орталық және жергілікті мемлекеттік басқару жүйесінің іс қағаздары, құжаттары мен қатынас хаттары өзге тілде әзірленеді (яғни, орысша жазылады), содан кейін аударылып қазақшаланады, өзімізді алдап, отыз жыл көзбояушылықпен, тілімізді амалсыз халге жеткізген түріміз бар.

Бұл барша қазаққа, мемлекеттігімізге, билікке сын, ғасырлар аңсаған тәуелсіздік алдында ұят, былай қарасаң, құқықтық жағынан мүлдем қисынсыз, тәуелсіз мемлекеті, бай ұлттық тілі бола тұра өзге тілде ойлап жазу ақылға көнбейтін нәрсе.

Тіл дамыту ісінде мемлекеттік бағдарламалар жеткілікті болды, тілдің адамшылық пен отаншылдықты қалыптастырушы қасиеттері, қазақты біріктіруші құрал екені туралы да аз айтылмады, сөйткенмен де осы мәселеге орала соға беруіміздің сыры, мүмкін өзімізге, елге, тілге деген қатынастан шығар, кінә өзімізде шығар?!

Қазақ ССР-ы кезінде, яғни, 1990 жылы 23 қыркүйектегі «1990-2000 жылдарға арналған «Қазақ тілін және басқа да ұлт тілдерін дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама» да ( 1-інші мемлекеттік бағдарлама), 2001 жылғы 7 ақпанда қабылданған «Қазақстан Республикасында тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» (2-інші мемлекеттік бағдарлама) – сол кездің өзінде уәкілетті органның «ведомстволық» деңгейінде қалған нашар бағдарлама еді, 2011 жылғы 29 маусымдағы №110 «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада» (3 -інші бағдарлама) сәтсіздікке ұшырады, мемлекет тілінің қолданысын кеңейте алмады.

Тілдің ішкі заңдылықтарына қатысты тілтанушылар: «сырт ықпалдар – тілдің әлсіреуіне, оның тоқтауына, қатынас қызметінен айырылуына соқтыруы мүмкін» (В.Гумбольдт) деп көрсетеді, «тіл адамның ойлау, сана - сезім, танымы қасиеттерімен дамып, сөйлеуші ұлттың дамуына ықпал етеді» (А. Реформатский), қазақ тілі – қазақ халқының өсу, өркендеу құралы, халық рухының негізі, «қазақ тілі – қазақтың өзі, қазақтың жаны» (А. Байтұрсынов) деген қағидаларды бүгін де ұмытпауымыз керек, қайталаудан бүгінде жалықпауымыз керек шығар.

Ұлттық Қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, ақын, қоғам қайраткері Қазыбек Иса Конституцияның 7 бабының 2 тармағындағы: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген тұжырым ( Ескерту: Қазақ АССР Орталық Атқару комитетінің 1923 жылғы 23 қарашадағы №103 декретінде осылай жазылды, автор С.К.) мемлекеттік тілге қарсы тосқауыл, шешімі табылмаған мемлекеттік маңызды мәселені жеткізіп ҚР Президенті Қасым - Жомарт Тоқаевтан ел Конституциясынан алып тастауды сұрады.

Қадыр Мырза Әлінің: «Тілің - елдігің, бірлік – белдігің» деген қағидалық ойын қайталай отырып, Қазақстан Республикасы Конституцияның 7 бабының 2 тармағын алып тастап, ел тәуелсіздігінің өскелең талаптарына сай құқықтық негіздерге құрылған «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдау қажет деген бастаманы қолдаймын.

Ең бастысы, жаңа заңда мемлекеттік тілді қолдану заңнамалық негізде құқықтық – нормалық қорғалуын қамтамасыз ету қажет деп санаймын.

Сонымен қатар мемлекеттік билік және басқару органдарында, олардың басқару және құжаттық іс жүргізу қызметінде мемлекеттік тілдің тікелей қолданысын қамтамасыз етудің құқықтық нормаларын енгізетін уақыт жетті.

Еліміздің аумағында орналасқан және қызмет атқаратын, меншік нысандарына қарамастан барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың, оның ішінде, инвестициялық қызмет жүргізетін шетелдік компанияларда, бірлескен кәсіпорындар мен заңды тұлғалардың мемлекеттік тілге құрмет көрсетуі, олардың іскерлік қатынастары мен іс жүргізу қызметінде мемлекеттік тілді қолданудың сақталу талаптары мен құқықтық нормаларын күшейту керегін де жеткізсем деп едім.

Салауат Кәрім,

тіл жанашыры, аудармашы