ПАРАСАТЫ БӨЛЕК, ПАЙЫМЫ ЕРЕК…

78

Желіден сөйлегенді уақытша тоқтата тұрып, Дәулеткерей (Кәпұлы) інімнің бір жауапты тапсырмасын жасырын орындап жатыр едім. Кездейсоқ есітіп, көңілім құлазып сала берді. Бейсен… Бейсен Құранбек қайтыс болыпты. Журналистикадағы жан тартып жақсы көретін інім. Азаматқа ажал сағаты соғыпты. Ел қайғысы. Ел түгілі өзіме қалай тоқтам айтарымды, жабыланған көңілімді қалай жұбатарымды, өзімді – өзім қалай алдарқатарымды білмей әбіржіп отырғаным. Бір қабырғамды, ерен қабырғамды әлдекім сөгіп әкеткендей болып отырмын.

Теледидар қазақтың өміріне байырқаланып, дендеп енгелі қашан?!. Корифей Сұлтан Оразалин қаршадайымнан араластырып баулып бастап еді. Сосын Сағат марқұм, Әшімбаев әуелгі «Жүректен қозғайық», сәл кейін «Қарыз бен парыз» секілді айтулы бағдарламаларға жегіп, қамаутерімді алып, додаға салып жіберді. Телемэтр Нұртілеу Иманғалиұлымен экранда «шайқасып» отырар едік. Еріксіз тележурналистиканың тарихына көз жіберіп, ойша салмақтап отыратын әдетті солай таптық.

Қазір қай салада да оқымайтын, білімсіздігін (тіл білмейтіні тағы бар) мін көрмейтін көсіліп көсемситін шолақ белсендінің заманы. Әсіресе журналист ағайынның киім киісі, жүріс-тұрысы… қазақ қоғамының бүгіні, әмсе ертеңі үшін үлкен тәрбие. Бізде ол жоқ. Тал бойында сол қасиеттер молынан табылатын азамат опат! Көңіл құлазымағанда қайтеді?!

Көңіл құлазытар бірөңкей сұрқай Бағдарламалар арасынан «Айтуға оңай…» жарқ ете қалғанда атсейіс секілді Бейсен экранда жалт ете түсер еді еріксіз көңіліңді өзіне – хабарға аударып. Бейсен сорлы қазақты езіп, жаншып келе жатқан небір сорақы мәселені түп етегінен ұстап кейіпкермен бірге ит сілікпесін шығарып талдайды, сол жолда толғап-толғап сөйлейді…жанып жүргізеді! Журналист білім, білігіне жаның марқаяды. Ал хабарға қарай жаның күйзеледі. Қазақты сырт ел жеп жатыр. Қазақты қазақ жеп жатыр. Байы ұры, батыры рэкет… сорлы қазақ кеудесін сүйретіп жүріп келеді. Өз жерінде,өз елінде өзі жетім… Бейсеннің «Айтуға оңай» бәсіре хабарынан мен осыны түсінемін. Бейсен жеткізіп айтады. Бар бәле билікте. Билік назар аудармайды. Мал құлағы саңырау!

Асыл ойлы журналисті шаршатқан халықтың жүдеу өгей өмірі, жадау күйбең тіршілігі! Көтерілген мәселенің қайырсыз қалуы қажытты божы ұстаған Бейсенді. Күрескер рух жасыды. Сындырғысы келді. Сынбады. Ақыры ту бастауында отқайнар Қайнар Олжай әбзелдеп берген, Бейсен батыр үкілеп дүйім жұртқа қызмет еткізген «Айтуға оңай…» жабылып тынды. Хабар өлді. Хабармен бірге Бейсен де! Берідегі Малаховты қоя тұрып, әрідегі «Час пикті» еске аламын. Влад Листьев өлді, «Час пик» бірге өлді. Құйтұрқылық құрбаны!

Қаракетсіз жүрмесін деген шығар, аузынан от шыққан жалын журналистке жаңа Бағдарлама ұсынылды. «Қаракет»… «Қаракет» «Айтуға оңай емес…» еді бірақ. Бола алмады..»

Сағат Әшімбаев, Бейбіт Құсанбек, енді міне, Бейсен Құранбек! Тележурналистиканың тас диірменін шыр айналдырып, халық мұң-мұқтажын парасат биігіне көтеріп, ойлы толғаған оғландар-ай! Олар бейне ел-жұрты үшін жанын құрбандыққа шалып от тасыған Прометейдей! Халықшыл бейілімен халық жанынан берік орын алған ойпаз оғландар-ай! Халық бойындағы қайғыны өз бойына көшіріп, қайғы отын жағып, бірақ өшіре алмай, күйіп-жанып жүріп өртеніп кеткен мәңгі жас бозымдар-ай!

Бейсен Құранбек ойы терең, сөзі берен, бергенінен берері мол, парасаты бөлек, пайымы ерек от жалын жас еді. Қыршын! Амал не? Қара жер бәрін көтереді. Қара жер көтерген қайғыны қалың ел – қазағы да көтереді! Басқалай шараң қайсы?!

Халыққа көңіл айтушы,

Құлбек Ергөбек,

Қазақ үні