АЛТЫН ОРДА КІМДІКІ?

6361

Алтын Орда – 750

Бұрынғы Кеңес мемлекеті құрамында болған елдердің сол тұстағы мектеп есігін ашқан ұрпақтарын  былай қойғанда, әлем халқының бүгінгі таңдағы барша зиялылары арасында да Шыңғыс хан есімі мен «Алтын Орда» мемлекеті туралы азды-көпті мәлімет естімегені жоқ болса керек-ті. Әсіресе, соңғы екі мың жылдықтың ең ұлы адамы ретінде Шыңғыс хан есімі аталғаннан бертінгі жерде естияр жұрт түгел елеңдегені анық. Әлемдік тарихта өшпес із қалдырған ұлы реформатор жаугершінің өмірі мен тегі жөніндегі әңгіме содан бері толастар емес. Әрине, одан қазақ зиялылары да тыс қалған жоқ.Өйткені қазақ халқының  жеті жүз жылға жуық әлеуметтік тарихы мен мемлекеттілігін (шамамен 1206-1845 жж.) Шыңғыс хан мен оның ұрпағынсыз елестету мүмкін емес.

Көзі қарақты қазақ зиялылары байқап жүрген болар, соңғы кездері Ресей телеарналары мен интернет тораптары «Алтын орданың» 750 жылдығын кең көлемде атап өту жөніндегі шараларды бастап кетті. Біздің елде де осы оқиғаға міндетті түрде үн қосатынымыз түсінікті. Өйткені «Алтын орда» мемлекетінің шын мәніндегі мұрагері қазақ елі екені – әлем мойындаған ақиқат. Оның бүгінгі моңғол аталатын халыққа еш қатысы жоқ деуге әбден болады.Неліктен дейсіз ғой. Оған қағаз бетіне түскен көне нақты деректермен жауап беріп көрейік.

Кеңестік дәуірдегі орыс ғалымдары қалыптастырған тарихи түсінік бойынша, Шыңғыс ханның атамекені Моңғол халық республикасы аумағы (МХР) деп есептеледі, бірақ ешқандай түпнұсқа тарихи құжатта мұндай дерек жоқ. Шыңғысхан әулетінің ең негізгі көне жылнамасы саналатын «Жәмиғ ат-тауарихта» олардың ата-бабалары Сайрам, Талас, Ұлытау, Борсық, Қарақұм (Арал теңізі маңы) өлкелерінде өмір сүргені анық көрсетілген («Жәмиғ ат-тауарих», 1-дәптер, 1-кітәп, 1-тарау). Бұлардың барлығы қазіргі Қазақстан территориясындағы жерлер. Кейінгі дәуірде, Шыңғыс ханның алтыншы атасы Қайдау (Қайду) хан заманында, олар Моғолстан деген өлкеге қоныстанады. Ол Өнен (Өнән), Орған (Organ) деген екі өңірге бөлінетін («Жәмиғ ат-тауарих»,Плано Карпини). Ол өңірде Алатақ (Алатау), Алақкөл (Алакөл), Көкшетеңіз (Балқаш), Құлжа, Нарат, Шаты, Ілеті, Алмалық, Бұрқан (Бұрхан), Түрген, Жәркент, Текес (Текелік), Шарын (Чарғын), Қарқара, Алматы (Алмалық), Қапшағай, Шілікті, Сөгеті, Кеген, Тарғап, Көде арал (Арал төбе), Күйтің, Керулен (Кері өлен – яғни Кері өзен, кәзір оны «Теріс аққан» дейді), т.б. жиырмадан астам жер-су аттары аталады («Тарих-и жаһангушай», «Жаңа Үйән тарихы» («新元史»), «Жәмиғ ат-тауарих», «Құпия шежіре» («蒙古秘史»)). Мұны басқа тарихи құжаттар да растайды: Моғолстанның аумағында Іле, Шу, Талас, Еміл, Нарын, Көкшетеңіз (Балқаш), Отар қатарлы жерлер болған («Тарих-и рәшиди», Мұхаммет Хайдар Дулати, 2-кітәп, 68-бет). Мұның бәрі түгелдей  дерлік Жетісу өлкесіне тән топонимдер. М. Дулати Көкше теңізді, яғни Балқаш көлін, Моғолстан мен Өзбекияның шекарасы деп атап көрсетеді («Тарих-и рәшиди», 2-кітәп, 68-тарау). Бұл деректі Қадырғали би Қосымұлы Жалайыри да растай түседі: ол үш сан Алаштың ағасы – жалайыр, территорисы –  Өзбекия деп анық хаттаған («Жәмиғ ат-тауарих», Қ. Жалайыри, «Армысың, әз баба» ). Соған орай жоғарыдағы тізімді ары жалғастырсақ: Сыр, Әму (Өксүс), Мауранахр, Еділ (Етіл), Жайық (Йайық), Каспий (Әбескүн), Қарақұм, Құмания, Моғолстан (Жетісу), Сарай, Сарайшық, Йәнкент, Бұхара, Самарқант, Бестам, Балық, Үргеніш, Баршынкент (Барчынкент), т.т. осылай ұласа береді. Демек, барша мұсылман тарихшылары да, батыстық және қазақ тарихшылары да Шыңғыс ханның атамекені Орта Азия, Қазақстан территориясы екенін нақтылап, сенімді түрде көрсеткен. Ешқайсысы қазіргі МҚР немесе Солтүстік Шығыс Азия жері туралы сөз қозғамаған. Аталмыш жер-су аттары Шыңғыс ханның туып өскен өлкесіндегі, оның бозбала шағында басынан өткерген қиыншылықтарына куә болған өңірдің, алғашқы жортуылдары өткен өлкенің топонимдері. Бір қызығы, олар әлі күнге солай аталады. Демек, бұл өңірде қазір де Шыңғыс хан заманында жайлаған халықтың ұрпағы өмір сүріп жатыр деген сөз. Бұны бір деп қойыңыз.

Олай болса, бұл өңірде кәзір өмір сүріп жатқан халықтың ол ата-бабалары кімдер екен?

Осы заманғы тарихшылар Шыңғысхан құрған ұлы мемлекеттің аты туралы да бірауызды пікірде емес, керісінше, мүлде тарихи құжаттық негізі жоқ, жалған көзқарастар айтылуда. Біреулер осы заманғы моңғол (монгол) ұлтына апарып телиді, алайда түпнұсқа құжаттардың ешқайсысында ондай этноним жоқ. Қайта моғол (мұғұл) деген этноним бар әрі олардың мекені Моғолстан, яғни Жетісу өлкесі деп көрсетілген. Сонымен қатар ол моғолдардың тайпалық құрамы да нақты аталады: жалайыр, қоңырат, дулат, керей, найман, уақ (оңғыт), арғын, қаңлы, алшын (алчын), дөйт (әлім), таз, тана қатарлы түрік ру-арыстары. Бұны екі деп қойыңыз.

Ол ғана емес, әлгі моғолдар – татар, керей, алшындар… – бәрі бір тілде сөйлейтіні дәйекті түрде айтылады («Жәмиғ ат-тауарих», 1-дәптер, 1-кітәп). Мұны батыстық авторлар да растайды, мәселен, Марко Поло өз естелігінде: олар –  «он» (on), «жүз» (guz), «мың» (ming), «түмен» (toman) деп санайтынын нақты жазып қалдырған (М. Поло естелігі, татарлар туралы баян, 69-тарау). Басқа тарихи құжаттарда да Шыңғыс хан ордасы «бір», «икі», «үч»… «он», «йигірма»… «йүз», т.б. деп санайтыны туралы деректер қалдырған. Ал қазіргі моңғол халқы бұл сандарды «нэг» (бір), «хоёр» (екі), «гурав» (үш),.. «арав» (он), «хорь» (жиырма), «зуу» (жүз), т.б. деп, мүлде басқаша атайды («Қазақша-моңғолша сөздік», авт., Б. Базылхан, МХР, Ұланбатыр: «Ғылым академиясының тіл мен әдебиет институты», 1977 ж.) Түпнұсқалық тарихи құжаттарда жазылып қалған, моғалдар тіліндегі өзге де бірер қарапайым сөздерді келтіре кетелік: қымыз, гурт (құрт), ут  (от), уруг(ұрық), таңсық, маңдай, кежіге, сақ барақ (иттің аты), құла жебелек (сәйгүліктің аты) т.т. Сондай-ақ,  Шыңғысхан әулетіндегілер «үлкен үй», «қара шаңырақ» дегенді «ұлық еп» деп атаған. Мұндағы «ұлық» үлкен деген мағына берсе, «еп» (еб) ежелгі тілімізде баспана, үй, шаңырақ деген сөз. Егер орда моңғол тілді болса, аса зор этнографиялық мәні бар бұл атау «их гэр» деп аталар еді. Бұл ғана емес, Шыңғыс хан ордасы қолданған және біздің заманымызға жеткен лауазым, шен-атақ, туыстық атаулардың бәрі де түрікше, тіпті таза қазақша дерлік. Оған мысал: қаған, хан, ел-хан, бек, би, бітікші (бітікчі), атабек, кешіктен, есіктен, қоршы (қорчы), ақташы, басқақ, жасақ, кептеуіл, тұрғақ,  қатұн, бике, ата, аға (ақа), іні (аға уә іні); сөздердің ендігі бір парасы: жосық (йосұқ), бұйрық, жарғы (иарғы), жарғышы (иарғычұ), билік (билик), шерби (черби), түмен (түмөн), кежіге, маңдай т.б. болып кете береді. Бұл сөздер ордада әскери, саяси термин есебінде де, күнделікті қарапайым лексикон есебінде де кең қолданыста болған (Р. Ад-дин мен А.Жувейни еңбектері бойынша). Тіпті бұның бәрін былай қойғанда, Шыңғыс ханның мөріндегі жазудың өзі түрікше екені әлемге мәлім емес пе?! Бұны үш деп қойыңыз.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Шыңғыс хан тарихына қатысты жер-су аттарының көбісі түрікше болғанына орай, ол атыраптардағы рулар да түгелдей дерлік түріктер. Бұл сөзімізге  көп қиналмай-ақ қыруар дәйек келтіруге болады. Нақтылай айтсақ, олар: керей (керейт), найман, жалайыр, дулат (дұғлат), қоңырат (қоңғырат), қыпшақ, қаңлы, тана, таз, дөйт (дөйтіғұт), алшын, байұлы (байоқұ, байұрқы, баяут), адай (дай), тама, кете, бес шекті (бес ермен), сіргелі (сіргеті), шанышқылы (чанчығұт), қылыш (қылыч, қалач), салжұқ (селжүк), құман, башқұрт (башқырт), түркімен, бұлғар, ұйғыр, қырғыз, т.б. болып  жалғасады. Мұндай ірі арыстарды былай қойғанда, жаныс, тарақты, аққойлы, қарақойлы, орақты (орақчыл), андас (анда), торы (торук), маңғытай (маңғыт), қият, төре, қарақас, қоралас, құлшығаш (құлшынты), күрлеуіт (қыпшақтың кіші руы), тағы сол сияқты ру-тайпалар. Осынау рулардың аты ғана түрікше емес, заты да таза түркі. Олар түрік халықтарының арасында, әсіресе қазақ ұлтының ішінде бүгінге дейін бәз-баяғысындай сақталған. Ал моңғол тайпаларынан тек ойрат қана аталады. Бұны төрт деп қойыңыз.

Осынау түпнұсқалық деректер Шыңғыс ханды жарық дүниеге әкелген   халық көне түріктердің тікелей жалғасы және бүгінгі түріктердің, әсіресе қазақтардың биологиялық ата-бабасы екенін нақты дәлелдеп береді. Оның күмәнсіз тағы бір дәлелі ретінде Шыңғысханның айналасындағы замандастарының, қолбасы батырларының, мемлекеттік қайраткерлерінің тегі де анық жазылған: Таян, Күшлүк, Бұйрұқ – найман хандары, Ақшырын – татар ханы, Елшітей, Тұғырул – керей хандары, Тоқтабек – меркіт ханы; батырлары Саба, Мұқалы, Жебе, Жамуқа, Сүбітей, Желме, Бала – жалайырлар; Тататұңға, Кетбұқа – найман; Чынхай (Шыңғай),Бұлғай, Күйтемір – керей; Найаға – сіргелі, Сызған Құтқа – татар, Борашы – арғын, Бөріқұл – үйсін, Шормақан – тама; Көргүз (Көргіз) – ұйғыр, т.т.    Бұл нені көрсетеді? Шыңғыс хан әулеті де, олар құрған мемлекет те моңғол халқымен және олардың территориясымен ешқандай қатыссыз болғанын көрсетсе керек! Бұны бес деп қойыңыз.

Тағы да тарихи құжаттарға жүгінелік: Қ.Жалайыри Шыңғыс хан құрған 95 мыңдықты «Алаш мыңы» деп атайды («Жәмиғ ат-тауарих», Қ. Жалайыри, «Армысың, әз баба»,129-бет). Бұл түпнұсқалық тарихи дерек Шыңғыс хан құрған ұлы империяның аты «Алаш» болғанын, сондықтан оның армиясы «Алаш мыңы» деп аталғанын  дәлелдейді.

Ал қазақ халқы «алаш» деп аталатыны, қазақ хандары Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы,тақ мұрагерлері екені – көпке аян тарихи шындық. Керісінше, моңғол халқының ешбір әміршісі Шыңғыс хан нәсілінен емес. Тарихи құжаттарда: «Шыңғыс ханның тегі, түбі – түрік» деп, сондай-ақ «халқалар, моңғолдар» Шыңғыс хан шыққан халықтан емес, олар – басқа, қараша қауымнан деп нақты жазылған («Жаңа Үйән (Юань) тарихы» («新元史»), «Өмірбаян» («本纪») бөлімі, 1-орамға (卷一) және 3-орамға (卷三) қараңыз). Ал Шыңғыс ханның Алаш ханы (Алаша хан), Жошының Алаш іде, яғни Алаштың иесі деп аталғаны тарихи құжаттардан жақсы мәлім («ҚСЭ», 4-том, «Жошы хан күмбезі», 481-бет. / «Тарих-и Жаһангушай» (1260 жж. жазылған), Атамәлік Жөбеней (Шыңғысхан әулетінің тарихшысы, орда ұлығы), 1-кітәп, Жошы хан туралы тарау). Демек түпнұсқа тарихи құжаттар әкелі-балалы екеуін де алаштың – қазақтың ханы, иесі деп көрсеткен. Екінші сөзбен айтқанда, Шыңғыс хан да, оның баласы Жошы хан да алаштың, қазақ халқының төл перзенттері болатын. Бұны алты деңіз.

Кейбіреулер ертеде «қазақ» деген ел болмаған деп қарайды, алайда тарихи құжаттарға жүгінсек, сонау XII ғ-да. «қазақ терген» деген сәулетті арба, Қазақты (Қазақтұ) деп аталатын тарихи территория болған («Құпия шежіре» («蒙古秘史») / «Моңғолдың ұлттық тарихы» («蒙古族通史»), ҚХР, Бейжің: «民族出版社», 2000ж., 1-кітәп / 上卷). Егер «қазақ» деген этноним болмаса, оған байланысты туынды сөз және сөз тіркестері – жоғарыдағы атаулар қайдан келіп шыққан? Ертедегі мұсылман тарихшылары IX ғ-да тіпті жылсанауымыздан мыңдаған жылдар бұрын «Қазақия» деген територия және антропоним болғанын ап-анық хатқа түсірген. Олардан өзге «Қазақ тауы» деген жер, «Шымкент» деген  қала қатар аталады («黄金草原» («Алтын дала») 947 жж. жазылған, авт., әл-Мәсуди, ҚХР,  西宁: «青海人民出版社», 1998 ж. / «Хұдұд әл-әлем» (IX ғғ. жазылған), авт., белгісіз, ұйғыршаға аударған, Абләт Нұрдұн Құрығар, ҚХР, Үрімжі: «Шыңжаң халық баспасы», 1987 ж., 18-бет). Егер Шымкент – осы заманғы Қазақстан территориясындағы тарихи қала екенін ескерсек, онда «қазақ» деген атау да осы аймақтағы халыққа тиесілі екеніне көз жеткізу қиынға соқпайды. Міне, осы тарихи құжаттық деректердің барлығы «Қазақ» атты халық та, оған қатысты этноним, топоним және антропонимдер де жыл санауымыздан бұрын бар екенін әрі ол бүгінгі Қазақстан территориясындағы титулдық халыққа тән болғанын анық дәлелдеп береді.

Кейбір тарихшылар «Тарих-и рәшиди» дерегіндегі «қазақ шығу» (қазақ болу) деген саяси терминге негіздеп, «қазақ» этнонимі содан келіп шыққан деп қарайды. Бұл, мүлде қате пікір. Керісінше үшбу саяси атау әуелде әлеуметтік, кейіннен этнонимге айналған «қазақ» сөзінен келіп шыққан. Нақты айтқанда, ханға немесе қағанға оппозиция солтандар олардан барлық туыстық, бауырлық қатынасын үзіп, тек ұлттық тегін – қазақтығын ғана сақтап қалады. Міне, осы саяси тәсіл – «қазақ шығу» немесе «қазақ болу» деп аталған. Бұлай ету (қазақ шығу) билік басындағы хан (қаған) үшін өте қатерлі оппозициялық шара саналған. Өйткені қазақ шыққан сұлтандарды қолдайтын тұлғалар да жаппай саяси шешім қабылдауға, билік басындағы топты, орданы тастап шығуға тиіс болатын. Керей және Жәнібек сұлтандар Әбілхайыр ханға қарсы, дәл осындай саяси шара қолданды. Олар өз ордаларын Қозыбасыға көшіргенде, жүз мыңдаған халық – өзбек қазақ – Әбілхайыр ханды жұртқа тастап кетті. Сөйтіп Шәйбән (Сибан) әулеті әлсіреді де, хандық тақ, ұлыс билігі Орда әулетіне қайта оралды. Әсілі бұл екі әулеттің еншілі территориялары бұрыннан қанаттас болатын әрі Шәйбәнилер Орда хан әулетіне бағынатын. Олардың ұлыстық астаналары Жошы ханның қарашаңырағында – Қайылық (Қойлық) қаласында болған («Тарих-и жаһангушай» және П. Карпини, Г. (У.) Рубрук сапар естеліктері).

Қазақ этнонимінің ежелден бар екенін М. Дулати де растайды, ол қазақты: қырғыз қазақ, өзбек қазақ және тұр қазақ деген үш үлкен құрамға бөліп көрсеткен («Тарих-и рәшиди»). Олар Моғолстан, Өзбекия және Қыпшақбашы түріктерін тұтастай қамтиды. Қауғаз (Кавказ) аймағында және қазіргі Әзербайжан жерінде қазаққа қатысты атаулар болуының тарихи төркіні, міне, осындай. М. Дулатиге жүгінсек, Моғолстан Балқаш көлінің оңтүстігін, Іле, Нарын және Шу, Талас бойларын қамтыған үлкен аймақты танытады. Өзбекия Балқаштың солтүстік батысынан Қазар (Каспий) теңізіне дейінгі аймақты меңзейді. Ал тұр қазақтың мекендері тарихи құжаттарда Қыпшақбашы, Қыпшақия немесе Қыпшақ ұлысы деп, әр түрлі хатталады («Жәмиғ ат-тауарих», 3-дәптер, 4-кітәп, 60, 71, 169-беттер). Демек осы өлкедегі қыпшақ және олармен туыстас түрік халықтары, біртұтас тұр қазақ, яғни қазақ болып табылады. (Бұны жеті деңіз).

Отаршыл жүйе тарихшылары мен идеологтары шынайы тарихты жоққа шығару мақсатымен, дәл осы арада қазақ, алаш сынды атауларды ғылыми айналыстан ығыстырып, олардың орнына қыпшақ (половцы) деген этнонимді ғана сақтап қалды. Келесі қадамда қыпшақты да тарихи қолданыстан шығарып, есесіне «Бату ұлысы», «Алтын Орда» деген жасанды атауларды айналысқа салып жіберді. Олай дейтініміз, түпнұсқа тарихи құжаттарда ондай атты ұлыстар хатталмаған. Рәшит әд-Дін бойынша, Шыңғысхан Жошының тағына үлкен ұлы Орда сұлтанды отырғызбақ болады. Бірақ ол бұл орынға інісі Батуды ұсынып, өзі әке қарашаңырағында, Қойлық қаласын орталық еткен атажұртта қалып қойған. Шыңғысхан өз кезінде үлкен ұлы Жошыға Сақсонға (Саксонияға) дейінгі және одан да арғы, ат тұяғы жетер өлкелердің барлығын еншілеп бергені тарихи құжаттардан белгілі («Жәмиғ ат-тауарих», 2-дәптер, 3-кітәп, «Шыңғысханның ұлы Жошы хан туралы баян», 112 – 170-беттер). Демек, ұлыс Жошының атымен аталған, Бату хан соның бір бөлігінің, Еділ бойынан батысқа қарайғы аймақтың ғана иесі болатын. Ал ұлыстың Жошы ханнан кейінгі нағыз иесі – Орда хан және оның әулеті еді, оны М. Дулати дерегі де растайды. Ол Қасым ханды Жошыдан кейінгі осы ұлыстан шыққан ең қуатты хан деп көрсеткен, сондай-ақ оның әскер саны мың мыңға, яғни миллионға жеткенін атап айтады («Тарихи рәшиди»). Қасым ханның түп атасы Орда екені көпке аян. Өз кезегінде Орда хан  Жошының қарашаңырағында, Қойлық қаласында отырғанын батыстық авторлар да растайды (П. Карпини, Г. Рубрук сапар естеліктеріне қараңыз).

Ендеше «Алтын Орда» деген атау қайдан келіп шыққан? Жоғарыдағы екі батыстық автор да Шыңғысханның атамекені «үлкен судың», яғни Балқаштың оңтүстік жағында, «биік таудың», яғни Алатаудың қойнауында деп көрсетеді. Екеуі де Шыңғысхан мұрагерлерінің ордаларында бір жылдан аса уақыт бойы жүрген еді, демек олар берген тарихи ақпардың сенімділігі күмән тудырмайды. Әрі мұны басқа да көзекі куәгер авторлардың дерегі нақтылай түседі. Осы өлке тіршілігіне жақсы қанық орда ұлығы, орда тарихшысы Атамәлік Жөбеней Қарақорымның орнын Алмалық, Қойлық, Еміл (Алтынеміл) сынды үш қаладан қалыптасқан шеңбердің өзегінде, яғни Жетісу өлкесінде екенін картографиялық тілмен сыйпаттап түсіндірген еді («Тарих-и жаһангушай»). Мұны пішік (иероглиф) жазуындағы деректер де растайды. Қарақорым қаласы Алмалықтың батыс жағында болған (Жоғарыдағы «Жаңа Үйән тарихы» және «Үйән тарихы» («元史») ҚХР, 北京: «中华书局», 1976 ж., «志» (шежіре) бөлімі). П. Карпинидің ордаға келуі 1245 – 1246 жж. еді, ол Қарақорымға жарты күншілік (20 – 25 км) жерден қайтады. Ал Г. Рубрук қаған ордасында 1253 – 1254 жж. болған, ол Қарақорымда бір қыс жатады. Демек олардың Шыңғысханның астанасы мен атамекені туралы дерек беруде қателесулері мүмкін емес.

Бәрінен де маңыздысы сол – П. Карпини 1246 ж. тамызда өткен Күзек (Күйүк) ханды таққа отырғызу рәсімі қарсаңында «Алтын Орда» атты қаған шатырын, ғажайып сәулет туындысын өз көзімен тамашалау мүмкіндігіне ие болған. Ол онда 1246 ж. 15 және 24-тамыз күндері екі қайтара барған (П.Карпини, 9-тарау, 32-мазмұн, 114-115 беттер). Шатырдың орны жоғарыдағы қарлы таудың, яғни Алатаудың қойнауындағы бір нулы, сулы, табиғаты ерекше көркем, кең алқапта болған. Міне, осынау түпнұсқалық тарихи дерек нағыз Алтын Орда Қазақстан террторисында, Жетісу өлкесінде екенін ешбір қатесіз көрсетіп береді. Демек оны бүгінгі Россияның жерінен іздеудің ешқандай тарихи құжаттық негізі жоқ. Оның үстіне Жошы ханның мәңгілік мекені – күмбезі де өз елімізде, Ұлытаудың төсінде әлі еңсе көтеріп тұр. (Бұны сегіз деңіз). Сол себепті де Мемлекет Басшысы – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 750 жылдық туралы шешімін Ұлатауда, Алашахан мен Жошы ханның ұлы рухы қалған, киелі тәні жатқан жерде жария еткен болатын. Демек, бұл жәйт ұлықтау нысаны, зерттеу түйіні осы екі тұлға болатынын көрсетіп береді. Мемлекет Басшысының бізге нұсқаған бағыт-бағдарының саяси, тарихи мәні, міне, осылай.

Ал Алаша хан – Шыңғыс хан, Алаш империясын құрушы, «Жосық» заңын, алаштың ата заңын қалыптастурушы тұлға. Ұлы «Жосықтың» жолға қойылуы, шын мәнінде адамзаттың зайырлы қоғамға кіруінің бастамасы болатын. Өйткені онда адам құқығы анық көтерілген-ді. Шыңғыс хан мұрагерлерінің діни, ұлттық, нәсілдік тұрғыда өз замандастарынан әлде қайда толерантты болуының мәнісі сонда – «Жосық» заңының құқықтық талабында болып табылады. Жошы хан туралы айтар болсақ, оның тұңғыш ұлы Орда хан, жоғарыда айтылғандай, ол – әке тағының және қарашаңырағының мұрагері. «Тарих-и жаһангушайда» көрсетілгендей, Шыңғыс хан тұңғыш ұлы Жошыға еншілі астана ретінде Қойлық қаласын береді. Ол жалпы тұрғыда Қарақорымдағы орталық билікке – Алаш қағанатына тәуелді болып, ішкі жағындағы істерін дербес басқара алатын. Бұл хандық тарихта Жошы ұлысы деп аталады. Атап өтілгендей, оның негізгі территориясы қазіргі Қазақстан көлемінде, қарашаңырағы – бас астанасы Жетісу өлкесінде болған. Жошы Шыңғысханның тұңғыш ұлы болғандықтан, оның ұлысы Ақорда, яғни аға орда деп те аталады. Оның көрнекті өкілдерінің бірі, әйгілі әміршісі Орыс хан (1361 – 1376 жж.) болатын. Ол 1372 – 1375 жж. Жошы ұлысын тұтасқа жуық қайта бірлікке келтірді. Ісжүзінде, бұл – Алаш қағанатының қайта жаңғыруы болып табылады. Өйткені Төле хан әулетінен шыққан ұлыс қағаны Тоқантемір 1368 ж. тақтан тайдырылып, орталық билік күйреген-ді. Сол тарихи орайда Орыс ханның мықты қарсыластары, Әмір Темір мен Тоқтамыс хан да күшейе түсті, бірақ Шыңғысхан әулетіндегі ең қуатты билік, бәрібір Орыс хан әулетіне қайта оралды. Ұлыс тағына Орыс ханның ұлы Құйыршық (Қойыршақ) хан келді. Қазақ хандары Керей мен Жәнібек – сол Құйыршық ханның немерелері болатын.

Шын тарих, міне, осылай – Шыңғыс хан мен оның әулеті қазіргі моңғол халқына биологиялық, территориялық тұрғыдан ешқашан, ешқандай қатысты болған емес. Біз Мемлекет Басшысының сілтеген бағдарын дұрыс ұстануымыз, Шыңғыс ханның түріктік, қазақтық тегін – ақиқат тарихын өз елімізге, күллі әлемге танытуымыз керек. Қытайдың «Юань тарихы» аталатын, Миң әулеті тұсында – 14 ғасырда жазылған көптомдық көне еңбекте Шыңғыс ханның Кеңгір алқабыында жерленгенін нақты атап көрсететін дерегін жалпыға жариялап, Алашахан – Шыңғыс хан екенін шетел тарихшыларына мойындату, біз үшін әрі ғылыми міндет, әрі перзенттік парыз (Т.Әбенайұлының «Таныс та бейтаныс Шыңғысхан әулеті..» монографиясын қараңыз,224-225 беттер). Әлемдік туризмнің назарын Ұлытауға, Алашахан мен Жошы ханның, сондай-ақ Құлан (Күлән) ана мен Болған ананың киелі күмбездеріне аударуымыз қажет. Сонда еліміз рухани және экономикалық жақтан бірдей игілікке кенеледі. Әйтпесе тойдың қаржылық шығынынан басқа, ешқандай да әлеуметтік, ұлттық маңызы қалмайды. 750 жыл, шын мәнінде Құбылай қаған орталық билікті Моғолстаннан (Жетісудан) Ханбалыққа (Бейжіңге) көшірген уақытқа, XIII ғ. 60 – 70 жж. тұспа-тұс келеді. Тарихшыларымыз Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы шешімінің осындай тарихи-стратегилық мәнін дұрыс түсінуі қажет деп ойлаймыз. Біз Қазақ халқының ұлттық тарихын моңғол ұлтына тәуелді қылып қоймауымыз керек. Әрқандай тәуелділіктің артында саяси, территориялық талаптар жасырынып тұрады. Яғни одан ұлттық қауіпсіздікке, мемлекеттілікке зор қатер, орны толмас апат келері сөзсіз. Сондықтан отаршыл жүйе салған қатерлі сүрлеуден шығуымыз, ұлттық тарихтануды тәуелсіз, ғылыми түрде қалыптастыруымыз қажет.

Осыған дейін біз негізінен көне жазба деректер төңірегінде сөз қозғадық қой. Бұл ұлы тұлға туралы әр түрлі әдеби туындылар да, зерттеу еңбектер де әлі де жазылып келеді. Әр кезде әртүрлі еңбектер қалдырған жапон И.Ясачи, О.Матсуо, француз Р.Гроузет, поляк К.Каралевский, орыс В.Бартольд, Л.Гумилев, т.б. секілді ірі авторларды былай қойғанда, бүгінгі өзіміз тұстас зерттеушілер де баршылық: орыс ғалымдары А.Бушков, А.Оловинцов, О.Петренко, И.Захаров, украиндық В.Блинский,т.т. Осылардың бәрі де Шыңғыс ханның моңғол халқына қатысы шамалы екенін, керісінше, қазаққа тікелей қатысты екенін қадап айтады. Сонымен қатар олар Алтын орда мемлекеті бір-бірімен жауласып келген орыс княздіктерінің басын біріктіріп, ұлы империя болып қалыптасуына  тікелей әсер еткенін де ашық айтып жүр. Орыс оқымыстылары осы тақырыпты қаузап, «дөңгелек үстел» өткізіп жатқанына біраз болды (Бұны тоғыз деңіз).

Қорыта келгенде, «Алтын орданың» 750 жылдығын атап өту кезінде айдаладағы бөтен халықтың «жыртысын жыртып» – «Алтын орда» империясын қазіргі «моңғолдардың ата-бабасы құрған-мыс» дейтін тарихи өтіріктің жетегінде кетпеуіміз керек. Олай ететін болсақ, онда қазақ елін 280 жыл бодандықта ұстаған Ресей  империясының құрылуының алдағы 330 жылдығын да сол империяның құрамында болғанымыздың өтеуіндей қылып, арнайы тойлауға «міндетті» болатын шығармыз. 1981 жылы Ресеймен қосылғанымыздың 250 жылдығын өте жоғары дәрежеде «тойлағанымыз» да жетер. Құдай енді ондай тәуелділікті басымызға бермесін! Өз тарихымызды өзіміз түгендейтін кез жетті.

Шыңғысхан танушылар:

Марал Ысқақбай, жазушы,

Бексұлтан Нұржеке, жазушы,

Тілеуберді Әбенайұлы, тарихшы.

17.05.2020 ж.