Мақтааралдағы су басқан ауылдардан 931 бас мал өлексесі шығарылды

Су тасқыны болған аймақ мал өлекселерінен толықтай тазартылды. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылық басқармасы ветеринариялық шараларды ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Арман Тағаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте бас маман топан су басқан 5 ауылда мал ауру түрлерінің таралу қауіпі жоқ екенін атап өтті. Оның сөзінше, топан су басқан ауылдардан жалпы 931 бас мал өлексесі шығарылған. Оның 40-ы ірі қара, 876-сы уақ мал, 9-ы жылқы, 6-уы түйе.

«Төтенше жағдайдан келген зардаптарын жою мақсатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, Мақтаарал аудандық аумақтық инспекциясы және Мақтаарал аудандық «Ветеринариялық қызметі» өкілдерінен арнайы комиссиясы құрылған болатын. Жұмыс барысында мал өлекселерінің саны анықталып, оның көпшілігі Өзбекстаннан ағып келгені белгілі болды. Қазіргі таңда мақтааралдықтардың 46 бас ауыл шаруашылығы жануарлары мен 98 бас үй құстары өлгені анықталып отыр. Кеткен шығын толығымен есептеліп, нәтижесінде 10,6 млн теңге облыстық қордан төлеу жолдары қарастырылуда» , – деді А.Тағаев.

Айта кетейік, бүгінгі таңға топан су шайған аймақтарда аурудың таралуын болдырмау мақсатында 1 018,5 мың шаршы метр аумақ залалсыздандырылған. Бұл жұмыстарды атқаруға барлығы 39 маман мен 16 техника жұмылдырылған.

Сондай-ақ, ауданда ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өлекседен тазартылған аумақтарды 3 пайыз каустикалық содамен залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде.