Қызмет көрсету саласында Мемлекеттік тілде сөйлеу керек - Ерлан Саиров

Ана тіліміз шынайы қатынас тіліне айналуы үшін қызмет ету саласында (магазин, маркет, асхана, кафе, шаштараз т.б.) мемлекеттік тілде сөйлеуі керек.

Осыдан он жыл бұрын қызмет саласында еңбек ететін азаматтардың қазақ тілін меңгеру мәселесін көтерген болатынбыз. Өкінішке орай, мәселе сол қалпында. Өзіміздің қаракөздердің өзі ана тілінде сөйлегісі келмейді.

Мен кей кездері "Астаналық" маркетінде азық-түлік аламын. Сол жердегі ана тіліне байланысты менің сатушымен қарым-қатынас эволюциямды баяндап берейін.

Басында сатушы қыздар қазақша сөйлесең орысша жауап беріп жүрді. Бір ескерту жасадым, екі жасадым, содан кейін орталықтың меңгерушісін шақыруды өтіндім. (Қазақ қызы) Ол қарындасқа (сыпайы түрде) мынандай принцип ұсындым, "егер кімде-кім қазақша сұраса, сатушылар қазақша жауап берсін, орысша сұраса, орысша жауап берсін". Сатушының басым көпшілігі қазақ бола тұра орысша жауап береді, бірен- саран басқа ұлттардың өкілдеріне де, мемлекеттік тілді білу артық болмайды.

Қазір, бүкіл персонал (анда-санда, сырттай бақылап жүремін) ана тілімізде сұрақ қойғандарға тек қазақша жауап береді.

Жалпы, қызмет беру саласында ана тілімізді дамытудың әдіс- тәсілдерін жасау керек. Және де бұл әдіс тәсіл мәжбүрлеу, бұйрық беру, ұрсысу емес, адамдарға сүйкімді, тартымды, адамды ана тілімізге жақындата білетін әдіс болғаны дұрыс. Адамдарды елігітіп алып кететін тәсіл маңызды.

Мемлекеттік деңгейде, қызмет беру саласының ана тілімізді меңгерудің стандарттарын енгізу өте маңызды.

Ерлан Саиров,

Фейсбук парақшасынан