Сұлулықты жырлаған Омар Хаям

146

Ирандық күнтізбеде 28 ордибехешт, сәйкесінше, 17 мамыр Хайям Нишапуриді ұлықтау күні болып белгіленген. Бұл осы ғылыми, әдеби ғұлама әрі пәлсапашының  ой-пікірі негіздері мен өмірін талдауға арқау болып отыр.

Хайям Нишапуридің өмірбаянында келтірілгендей, ақын қамари жыл санағы бойынша V ғасырда Иран Ислам Республикасының Хорасан облысындағы Нишапур қаласында дүниеге келді. Шамамен 517-520 жылдар аралығында (1123-1134 жылдар) өз туған жерінде дүниеден озды. Хайям ақын ретінде танымал боланымен, ол түрлі ғылымдарды соның ішінде, пәлсапа, хадис, тәпсір, хикмет, астрономия, математика мен музыканы жетік меңгерген.

Хайям еркін ойшыл болатын әрі өз шәкірттерін  тән және жан тазалығына шақырып, өз істерінде ақыл мен ойды тірек етуге кеңес берген. Хайям өлеңдерінде жиі кездесетін «шарап» сөзі өмірдегі ауытқушылықтарды жоятын  «тазартушы» мағынасын білдіреді. Хайямның шарабы өтірікке қарсы, қайғы-қасіретке қарсы, әдепсіздікке және адамның жанын мазалайтын барлық жамандықтарға қарсы.

گویند بهشت با حور خوش است         من می گویم که اب انگور خوش است

(Олар жәннат хор қызымен жақсы дейді, ал мен жүзім суымен жақсы деймін.)

Айта кетер жайт, парсы әдебиетінде шарап тақырыбы – күрделі әрі терең тақырыптардың бірі. Алайда Хайямның шарабы адамның өз өмірін түсінуіне жол ашатын өмір туралы толғануымен байланысты.

Сұлулық пен табиғат – Хайямның ой толғаныстарының келесі бір өзегі. Өмірдің сұлулығын оған деген құштарлыққа лайықты деп санайды. Хайям өмір азабын жеңілдету мақсатымен сұлулықты сұлулық үшін қажет етеді.

Хайямның әлемдік және ирандық аспектілері

Әлемнің Хайямға қатысты көзқарасы өз еліндегі көзқарастан өзгеше. Хайямның өмірге қатысты көзқарасы жаман емес. Ол бұл өмірді қандай болса солай тануға шақырады: одан кем де емес, артық та емес. Хайям сопылар сияқты барлық нәрсені бақилық әлеммен байланыстырмайды әрі ризашылық үшін материалдық дүниеден бас тартуды дұрыс санамайды. Керісінше, өмірдің барлық нығметтерін пайдаланып, өмірдің әр сәтін бағалауға шақырады:

بازامدنت نیست جو رفتی رفتی

(Кеткеннен кейін қайта оралмайсың.)

Хайям  дүниеден қашпаған және еш уақытта өмірден бас тартпаған: ол өлім аузында да өмірге құштар болған.

Хайямның философия, логика, метафизика және математика саласындағы данышпандығының арқасында оны Ибн Сина мұрагері және табиғи (материалдық) пәлсапаның теңдессіз шебері деп аталатынын білгеніміз жөн.

Математика мен астрономия:

Хайям бірінші, екінші және үшінші дәрежелі теңдеулерді жүйелі түрде зерттеп, оларды дәл жіктеген алғашқы адам болды. Ақынның алгебра туралы кітабы оның зерттеулерін қамтыған. Хайямның ең маңызды және көрнекті еңбектерінің бірі Малек шах Селджуқи патшалығы кезінде Низам-ол-Молк уәзірлік етіп тұрғанда Иран күнтізбесін есептеп шығару болды.

Музыка мен әдебиет:

Хәкім Омар Хайям өз заманында әдебиет пен музыка саласында да зерттеулер жүргізген. Айтып өткеніміздей, Омар Хайям бүкіл өмірін пәлсапашы әрі математик ретінде  талпыныстарға сарп еткен. Ол тіпті өз заманында ақын ретінде аса танымал болмаған. Тіпті оның замандастары Абулхасан Бейхақи мен Низами Арузи сынды ақындар қазіргі таңда Хайямды әлемдік даңққа жеткізген өлеңдері мен рубаяттарынан хабардар болмаған. Хайямның артынан қалған 75 рубаяты ақынның поэтикалық тілі және пәлсапалық ойлау жүйесіне талдау жасауға мүмкіндік береді. Хайям Нишапуридің поэтикалық тілі қарапайым, табиғи әрі қоспасыз. Хайям мақала жалғасында ұсынылған өз өлеңдерінде дүниенің жалғандығы мен тұрақсыздығын баян етеді.

از آمدنم نبود گردون را سود                    وز رفتن من جاه و جلالش نفزود

وز هیچ‌کسی نیز دو گوشم نشنود             کاین آمدن و رفتنم از بهر چه بود

Дүниеге келгенімнен пайда жоқ,

Ғайып болсам өзгеріс жоқ, пайда жоқ.

Естімедім тірі жаннан дариға-ай,

Не үшін келдім, не үшін кеттім пайда жоқ.

 

گر کار فلک به عدل سنجیده بدی                احوال فلک جمله پسندیده بدی

ور عدل بدی بکارها در گردون                  کی خاطر اهل فضل رنجیده بدی

Жетіқат аспан жаратылса жақсы боп,

Көктің жүзі жайғасады сақшы боп.

Егер тағдыр қайырымды болса, егер

Данышпандар азап шекпес тапшы боп.

Айта кетер жайт, Омар Хайямның Нишапур қаласындағы кесенесі 1963 жылдың сәуір айының екісі күні ашылған. Кесене қазіргі заманғы ирандық архитектураның көрнекті үлгісі болып табылады. Оның жобасы Хайямның өмірі, заманы мен ой-пікіріне негізделіп жасалып, ақын тұлғасының математик, астроном және ақын ретіндегі үш қырын да қамтыған.

Балзия Бейсенғалиқызы,

аудармашы, ирантанушы