Біздің Сайраш апай

Белгілі педагог-журналист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Платиналы «Тарлан» сыйлығының, сондай-ақ «Құрмет» орденінің иегері Сайраш Әбішқызы – елім, жерім, туған халқымның тілі мен ділінің тағдыры деп жастайынан жан сала тер төгіп келе жатқан қазақтың ардақты қызы. Өмір жолымен таныс адамдар осынау жанның қастерлі Ұлттық, Мемлекеттік мүдде жолындағы небір жеңістерге сонау совет өкіметі заманынан басын бәйгеге тіге жүріп қол жеткізгенін жақсы біледі. Бұл ретте қысқа ғана бір мысал айтар болсақ, талай жылдар мызғымай келген «Алма-Ата» атауының бүгінгі Алматыға ауысуына тікелей ықпал еткен осы кісі еді. Міне, Сәкең үнемі осындай игі істердің басы-қасында жүріп, оң өзгерістерге мұрындық болып келе жатқан қайраткер. Оқырман назарына әріптес сіңлілері мен інілерінің Сайраш Әбішқызы туралы лебізі ұсынылып отыр. Қазақтың қайраткер қызы Қашанда әділетті, шындықты бетке айту қиын. Ол үшін адам ішкі-сыртқы дайындық жасап, алдымен өз шындығын айтуы керек. Бұл ретте Сайраш апай өмірлік шындықты өзінше айтып, өзінше жазып жүрген адам. Әсіресе,қай жерде Тіл туралы, Қазақ туралы әңгіме басталса, астына сексеуіл жаққан қазандай көп уақытқа дейін суи қоймайды. «Аяғы лас есік пен төрді былғар, тілі лас бесіктен көрге дейін былғар» деген, Сайраш апай сол тіл «былғағыштармен», қазақтың әдет-ғұрпын қүрметтемейтіндермен хал-қадерінше айтысып келеді. Кейде небір мықты деген, аузының дуасы бар азаматтарымыз шындықты айтатын кезде тартынып тұрғанда, кез келген мінберде өзінің сыңғыр үнімен айбар көрсетіп бебеулеп кететіні ақиқат. Өйткені қазақ тілі ол кісінің қанында, миында, жанында берік орныққан. Орнығып алған соң да оның ауруымен ауырады, ыстығына күйеді, суығына тоңады. Оны, тіпті, мінез етіп қалыптастырған. Ал мінезің – өз қадірің. Ендеше, бүгінгіСайраш апай туралы сөз еткенде, журналистігінен, көп жылдар бойы тапжылмай ұстаз деген үлкен зиялы қауымға арналған жорналды басқарған басшыдан гөрі көз алдыма қайраткерлік санаттағы қасиеттері басымырақ келеді. Ал кешегі Сайраш апай жайында да біраз сыр шертуге болады. Ол кісімен бірнеше жыл бойы бұрынғы «Социалистік Қазақстан», қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінде бірге қызметтес болдық, сыйлас, сырлас жүрдік. Сол жылдарды жинақтай келгенде, Сайраш апай ұжым арасында осы белсенділігімен, көргенділігімен, тіпті жып-жинақы киім киіс, жүріс-тұрысымен де жақсы әсер қалдырған жан. Әсіресе, газеттің қоғамдық жұмысына жанын салып араласты. Ол кезде кәсіподақ ұйымының беделі де бедері бар кез. Сайраш апайдың журналистігі өз алдына, партбюро мүшесі болып, білдей газеттің кәсіподақ комитетін басқаруға сенім білдірілуінің өзі көп нәрсені аңғартса керек. Жұмыс істеймін деген жанға кәсіподақ ұйымының беделі бүгінгідей емес, әжептәуір, талай мәселенің басын қайыруға жарайтын кез. Сайраш апай сол мүмкіндікті пайдаланып, ұжымның бірлігін арттыруға, жақындастыруға, ұрпақ жалғастығының жібін үзіп алмай, сабақтастыруға ұйытқы бола білді. Ондай адами, азаматтың қасиеттерге өте бейім. Сонымен бірге алғырлығы, өжеттігі, жұртты бауырына тартып алатын «магниті» өз алдына. Баршаға аян, ол уақыттарда «Социалистік Қазақстан» газетінде журналист қыздардың жұмыс істеуі некен-саяқ. Тіпті, 60-70-жылдары мүлдем болмаған. Ол қалам ұстаған қыздардың аздығынан ба, әлде айдарынан жел есіп тұрған газетте «нәзік жандыларға» көрсетілген сенімсіздік пе, білмеймін, бұл басылымға орналасу қиынның қиыны еді ғой. Сайраш апай газет тарихында жұмыс істеген қыздардың ішінде ондықтың бел ортасына кірсе, ал қыздар арасынан аға әдеби қызметкер болғандардың алғашқысы шығар. Содан да болар, Сайраш апайға кілең «сен тұр, мен атайын» жігіттердің арасында сын көз де, жауапкершілік те жоғары еді. Бірақ ол сыннан мүдірмей өтті. Тек қағылез, шапшаң журналистігімен ғана емес, онда жас, әдемі кезі болатын, барлық жағынан үлгі бола білді. Апайға қарап бой түзедік. Өйткені апайдың талғаммен киім киісі, жүріс-тұрысы сол кездегі уақытқа да, газеттің «мазмұнына» сай болатын. Тік жүріп, тік тұрды. «СҚ»-ның өз «ережесіне» сай қызмет етті. Кейде әзілқой құрдас әріптестері әзіл әңгімеге тартып жатса, орынды қалжыңмен жауап беріп, өзін сыйлата білетін. Менің есімде, Сайраш апай «СҚ»-ның ерке қызы ретінде есте қалды. Ағайлар еркелетуші еді, өзі де еркелей алды. Ал еркелей білудің өзі де үлкен қасиет. Өйткені «СҚ» жұрттың бәрін еркелете бермейтін. Лайым, солай бола бергей...

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, журналист-жазушы

  Ақиық ана қыран аспанында! Жүрегіңе көктем күніндей нұр шуағын төгетін, жаныңды түсініп, жабырқасаң, маңдайыңнан сипап, жабықсаң, қайрат-жігер беретін жаратылысы бөлек, жайсаң жандардың жер бетінде жүргеніне не жетсін, шіркін! Тіпті, кейде өміріңнің бар мағына-мазмұны мен қадір-қасиетін де сол бір адамдарға қарап өлшеп-пішетін сияқтысың. Өйткені нағыз адал таразы, айқын жол бағыты да сол адамдардың іс-әрекеті мен мақсат-мұратынан көрініп тұрады. Менің өмірімде сондай бір өшпес өнегесімен із қалдырған адам – Сайраш апай Әбішқызы. Елі мен жерінің алдындағы парыз-қарызын бір адамдай өтеп шыққан, сонысымен асқақ арман-мұраттар үдесінен көріне алған осы апайымның қабағына көлеңке түспесе екен, Құдай деніне саулық берсе екен деген тілегімді іштей жиі қайталаймын. Иә, мұның себебі де жетерлік. 1986жылы «Жалын» баспасында жүргізілген сұрапыл «қысқартуға» ұшырап, «Қазақстан мектебіне» жұмыс іздеп келгенімде, шын адамдық мейір-шапағатымен жұмысқа қабылдаған апайымның сол бір кездегі бет-ажары, жылы сөзі мен қайрат беріп қайрауы бүгінгідей есімде. Мен «Қазақстан мектебіне» дейін журналистік мектептен өтпеген, таза әдебиетші қатарындағы жан едім. Екі жылдық мұғалімдік қызметтен кейін үш жыл «Балдырған» журналында поэзия бөлімін басқардым. Одан кейін «Жалын» баспасы. Мұндағы жұмысым – адамның ішін пыстыратын бір авторлардың түкке тұрмайтын өлеңдерін өңдеп-жөндеп, өндіріске өткізу болатын. Әрине, ол кезде де үзіп-жұлып болса да баспасөз бетіне әр түрлі тақырыпта мақалалар жариялап тұратынмын. «Қазақстан мектебінің» педагогика-психология бөлімінің редакторы ретінде, педагог-журналист ретінде мақалалар жазуға тура келгенде, алғашында қорқақтағаныммен, ең бастысы, Сайраш апайдың демеу-қолдауының арқасында тез арада-ақ бұл қызметке де төселіп кеттім. Апай қашанда маған күш-жігер беріп отырушы еді. Шындығын айту керек, жастық пен мастықтың арқасында жаза басқан кездерім де аз болған жоқ. Анамдай аяулы адамды ренжіткен кездерім де жоқ емес. Сол туралы ойласам, жүрегім сазып арқам терлеп кеткендей боламын. Әрине, ол қателіктерімде арамдықтың көлеңкесі де жоқ болатын, сол баяғы жұмысқа келе алмай «ауырып» қала беретінім... Сайраш апайымның арқасында қаншама жер көрдім, ел таныдым. Үлкен-үлкен проблемалық мақалалар жазу бақытына ие болдым. Қазір «Қазақстан мектебінің» сол кездегі сандарын парақтап отырсам, Қазақстанның біраз түкпірлерін сол кезде аралаппын, сол кезде тәуір мақалаларды дүниеге әкеліппін. Менің кейіннен «Қазақ әдебиетінде» де қамшы салдырмай кеткеніме осы бір «Қазақстан мектебінің» сабақтары үлкен көмегін тигізгені анық. Бұл өзі – мен үшін, мен ғана емес, осында істеген, істеп жүрген көптеген азаматтардың аяулы мектебі. Олардың қай-қайсысы болсын, Сайраш апайға деген алғыстарын айтып жеткізе алмай әлек болады. Әрине, оған себеп, осы «Қазақстан мектебінің» қатардағы қызметкері мен үй сыпырушысына дейін пәтерлі болуы және олардың бүкіл үй-ішілік жағдайларына дейін Бас редактордың назарынан тыс қалмауы, ең бастысы – мейірім, шапағат! Өзім ойлаймын, егер осы апайымның мейір, шапағаты болмағанда, қай уақытта үй алып, қай уақытта қатарға қосылар едім деп. Иә, бұл бір айтып жеткізе алмас ізгілік... Мен осы адамның сарқылмас қайратына, жемірілмес жігеріне таң қаламын. Бұл кісі тек халық үшін, адам үшін жаратылған сияқты. Қанша жылдар қатар жүріп, өз басының қамын күйттегенін көзім көрмепті. Тіпті, кейде ауырып отырған кезінің өзінде журналдың немесе әлдебір қызметкерінің қамын ойлап отыратынына таңғаласың. Жатып қалған кезінің өзінде телефон соғып, шаруаның мән-жайын тексеріп отыратыны тағы бар. Менің осы жазғандарымды оқып отырған әлдекім «апайын әбден мақтапты» деп күлуі де мүмкін. Бірақ Сайраш апай туралы, әсіресе, ол кісінің тіл жетпес адамгершілік қасиеттері туралы осынау бір кішкентай ой-толғауда айтып шығу тіпті мүмкін емес. Өз басым осынау бір қазақтың нағыз біртуар адамымен әріптес, қызметтес болғаныма, қала берді бауыр, іні болғаныма шексіз ризамын. Біздің қай-қайсымыз­дың болсын кішкентай ғана жетістігімізге шексіз қуанып, ажарланып, нұрланып кететін, ауыз толтырып айтып жүретін алтын апайымызға көңіл өтеуінен басқа ешқандай жақсылық істей алмадың-ау деп ойлағанда, өзімнен-өзім ұялатыным да рас. Бірақ «Көп тілеуі – көл» деген ғой, сол көптің біреуі ретінде, жанымен жақсы көретін бауыры ретінде Сайраш апайыма сәт сайын саулық, саламаттық тілеп отыратыным – Алла алдында ақиқат!

Әбубәкір ҚАЙРАН,

ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

  Ғұмыры ғибратқа толы жан Мен Сайраш апайды бала күнімнен білемін. Отбасымыз араласып тұрды. Әкем Жақан Құсайынов апайды «қарындасым» дейтін. Ал анам Рза Қунақова, Күләш апай Бейсенбиева мен Сайраш апай үшеуі «Қазақстан әйелдері» журналында бірге қызмет атқарды.Әрине, мен ол кезде жас болдым және апайды үйде қонақта болғанда ғана көріп, сол кісілердің қарым-қатынастары арқылы ғана таныған болатынмын. Үлкендердің бұл әдемі сыйластықтары өнегеге толы еді... 2000 жылы қыркүйек айында Жамбыл облысы Қордай ауданы Ноғайбай ауылының орта мектебіне анам Рза Қунақованың аты берілді. Мектептің салтанатты ашылу рәсіміне бірқатар ақын-жазушылар, ата-анамның ағайын-туысы, жекжаттары, жолдастары қатысты. Күләш апай Бейсенбиева мен Сайраш апай анамның аруағын құрметтеп, құрбыларының туған жеріне бәрінен бұрын келіп жеткен болатын.Сондай-ақ 2008 жылдың күзінде анамның туғанына 70 жыл толуына орай Қазақстан Жазушылар одағында өткен еске алу кешіне Сайраш апай келіп, анам туралы біраз естеліктерін ортаға салды. Содан бері үзілген байланысымыз жалғанып, телефон арқылы хабар алысып тұратын болдық. Осыдан бірталай бұрын Сайраш апай Астанаға көшіп келуге ниеті барлығын білдіріп, Елордаға келгенін хабарлағанда қатты қуандым. Ата-анамның «көзіндей» болып жүрген апайды тез арада үйге қонаққа шақырып, емен-жарқын араласып, біраз шер тар­қаттым. Сонда апайға: «Сіз менің төркі­німсіз, мұнда мен жалғызсырап жүр едім, енді сіз келіп, ортамыз толатын болды» деген едім. Аллаға шүкір, Сайраш апай Сарыарқаның төсіне қоныс аударып, зиялы қауым қатарын толықтыра түсті. Содан бері апайға әбден бауыр басып, етене араласа жүріп, мен ол кісінің рухы биік, үлкен жүрек иесі екенін таныдым. Апайдың өз аузынан өмір жолы туралы айтқан әңгімелерін тыңдай отырып, қиындықты жеңіп сынақтан сүрінбей өтуіне құдіретті Алла Тағаланың берген таудай талап, сыйымды сабырлылық, тозбас төзімділігіне тамсандым. Еліне жасаған қызметінің еленіп, жоғары бағаланғанына қуандым. «Бақыт бағасын білгеннің басында ғана тұрады» демекші, мемлекет тарапынан зор марапат иеленіп, үлкен құрметке бөленсе де, апай өте қарапайым, жаны таза, мейірімді жан болып қалғанына тәнтімін.Қай тақырыпта болсын, апайдың айтқан әңгімесі мәнді де мағыналы, өнеге мен үлгіге толы. Өмірден көргені мол, түйгені көп. Қашан да апайдың үйіне бара қалсам, жайылған ақ дастарханы басында замандастары, ағайын-туыс, бауырлары толып отырады. Мен де апамыздың арқасында талай игі жақсылармен туыс болып кеттім. Халқымызда жақсы сөз бар: «Адам мен адамды қоса білген адам – жақсы кісі, ел мен елді қоса білген – дана кісі», көпшіл және дархан мінезді болу да Сайраш апайдың ерекшелігі деп білемін. Қазіргі уақытта әр адам өз қара басының қамын күйттеп, «маған ғана таң атсын, маған ғана күн шықсын» деген заманда маңайындағы адамдарға сая, жан-жағына пана, ағайынға жанашыр болатын адам кемде-кем. Ал Сайраш апай болса, адами қасиеттердің бәрін жоғары ұстап, өзінің бауыр­малдылығымен, жүрегінің ақты­ғымен, пейілінің кеңдігімен айналасына шуағын төгіп, шарапат-шапағатын жау­дырып, барлығына қамқор болып жүр. Бұл – әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Адам­­ның ірілігі оның кісілігімен бағаланады емес пе. Бұл орайда, Сайраш апай ірі тұлға дер едім.

Ғалия ҚҰСАЙЫНОВА, ақын Рза Қунақованың қызы.

Тарлан бозын үміттің таң асырған Сонау бір соғыстың сұрапыл жылдары еді. Шалғайдағы «Ерназар» ауылының да есіл ерлері бірінен соң бірі майданға аттанып жатты. Солардың тілеуін тілеп, жаутаңдаған жар, аңыраған ана қалды. Соның бірі – Рахима әже болатын. Соғысқа дейін мектеп директоры болған Тілегені, ұжымшар құруға қатысып, ел алдында жүрген Әбіші мен Әбіжаны – үш ұлы бірдей батыстағы қанды қасапқа кетті. Тілеген мен Әбіжанның артында жеті бала қалды. Ал өздері болса, бірі – Будапешт түбінде, бірі – Белоруссия ормандарында соғыс құрбанына айналып, мәңгі мекен тапты. Әбішті тағдыр желі Сталинград қырғынына апарып салды. Бір рет жараланып, ұрысқа қайта кіргенімен, Ростов түбінде екінші рет жараланғаннан кейін 1943 жылы елге оралды. Ауыр жылдар сынына барлық аналар сияқты қайыспай төзген Рахима әже тұңғышын аман көргеніне тәуба қылған. Бұл кез соғыстың беті түзелгендей болып, жеңіске деген сенім де молая түскен. 1944 жылдың көктемінде Әбіштің шаңырағында шыр етіп дүниеге келген тұңғыш сәби үні ауыл-аймақты қуанышқа бөледі. Нәрестеге Сайрангүл деп ат қойылды. Ердің жүгін арқалаған қайсар жан, ақыл-парасаты мен өмір тәжірибесі бір басына жетерлік Рахима әжені жұрт ерекше сыйлайтын. Сол асыл әжесін Сайраш Әбішқызы бүгінде сағынышпен еске алады. – Әжем мені тұңғышымнан туған тұңғыш деп өз бауырына салып, еркелетіп Сайраш деп атады. Туған шешемнен ерте көз жазып қалдым. Сөйтіп, мен әжемнің және екінші шешем Нұрбәтиманың тәрбиесінде болдым. Ол кісі маған өгейлік жасаған емес. «Майлыаяғым» деп, «балалардың ағасы» деп аялады. Әже тәрбиесінің де құдіреті ерекше ғой. Ол кісі соғыстан оралмаған екі ұлының отбасына да өзі ие болып, ұстап отырды. «Қайран біздің аналар арды ойлаған» дегендей, әжем сияқты адамдар қатал еді, қайсар еді, бірақ қатыгез емес еді. Әрдайым адамгершілік жолын іздейтін. Міне, осындай туған дала, өскен орта, ұшқан ұя тәрбиесі жас адамның алдағы ғұмырына азық болып, шыңдаған үстіне шыңдай беріп еді. Жасынан өжет, турашыл, еңбекқор Сайраштан ел үлкен үміт күтті. Алматыдан оқу бітіріп, туған ауылына келгеннен кейін еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған жас маманға үйіп-төгіп берілген жүктеме, қосымша жұмыстармен қоса, мектептің комсомол ұйымының хатшылығы да міндеттелді. Ал келесі жылы оған аудандық комсомол комитетінің хатшысы болуды ұсынды. Айналасы бір жылдың ішінде Сайраш Әбішқызы аудан жастарының танымал жетекшісі бола білді. Газет бетіне жастарды жалынды іске шақырған, жағымсыз көріністерді сынаған мақалаларды жиі жазып тұрды. Адам баласының тағдыр жолы бұралаң келеді ғой. Өмір оны біртіндеп туған ауылынан алыстата берді. Бірақ халқынан алыстаған жоқ, тұлғасы еңселеніп, қай істе болсын ел тағдырымен біте қайнасумен болды. Ғылым соқпағына түсті, қалам ұстап сөз семсерінсілтеді. Ол туралы сәл кейінірек... Халық кез келген танымал тұлғаның жеке өмірін білуге тым әуес келеді. Тіпті, біле алмаған күнде өз қиялынан әр түрлі аңыз тудырып, орынды-орынсыз жапсыра беруге ұмтылатыны тағы бар. Оқырман көңілінде ондай сауал қалмас үшін Сайраш Әбішқызының осы төңіректе әңгімелеуін өтінген едік. – Адам өмірі екі арнадан тұратын сияқты, – деді апай сәл ойланып, – қоғамдық өмір және пенде ретіндегі жеке өмір. Жаңа айттым ғой, тәрбиеден кенде болған жоқпын, маңтаулы қыз болып өстім. Мезгілі жеткенде өз көңіл қалауыммен тұрмыс құрдым. Жастықтың думанды ортасынан отбасылық өмірге бет бұрдық. Тәңірім маған перзент сүюді жазбапты. Дәрігер: «Бала өз орнында емес, ана өмірін сақтау үшін операция жасау керек» деген қорытынды шығарды. Операцияны бастан өткердім де, тұңғышымды өмірге әкеле алмадым. Жүрегімнің астында үш айға жетер-жетпес уақыт қана жүрді... Уақыт өте берді. Тұрдалы анасының жалғыз ұлы болатын. Енемнің де қабағы пәс болды. Бәрін де түсіндім. Жарымның бақыты ашылсын, өзім рұқсат берейін деген шешімге келдім. Солай біз екі жаққа кеткенбіз. Кінә, тағдырдан ғой, сәлеміміз әрқашан түзу. Одан бері біраз жылдар өтті, өзімді бақытсыз сезінбеймін. Бақытымды еңбектен таптым, өкінішім жоқ. Жора-жолдастарым өте көп, олардың адал көңілі, туыс-бауырларымның құрметі айрықша. Өзім үлкендер қамқорлығын көп көргендіктен болар, жастарға жаным ашып тұрады. Қазақтың әр баласы маған бала сияқты. Отбасымда өз бауырларымның балалары «апамыз» деп, алдымнан өтпейді. Оларға бас-көз болсам, мекеме басшысы ретінде де аналық қамқорлықты бірінші орынға қоямын. Апай осыны айтқанда мейірленіп, жанарынан шуақ төгіле бастағандай болды. Сана мен сезімді құрсаулап, жаңғырықтан басқа үн шығармайтын тас қамалдай көрінген кеңестік қоғам ыдырауға айналған кез. Ұлтын сүйген жүрек болса, ұмтылып қайрат жияр сәт енді келді. Бұл күндерге небір өткелектен өтіп, ел танып, жер танып, терең білім мен парасат, қажыр-қайрат иесі болып жеткен Сайраш Әбішқызы халқына жан аямай қызмет ететін кезең туғанын айқын сезінді. Ұлтты тұншықтырудың алуан түрлі айла-амалын қолданған кеңестік саясаттың түпкі мақсатын о бастан-ақ түйсінген жан, ең алдымен, ана тілін арашалауға белсене араласты. 1989-1992 жылдарда Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы болды. Осы жылдары астанадағы қазақ тіліне деген немқұрайдылықтың тоңын жібітіп, сірескен мұзын бұзу үшін мұзжарғыштай болат күш керек еді. Отаршыл жүйенің салып кеткен сансыз кедергілеріне қарамастан, қаланың ірі мекемелері мен ұйымдарында, зауыт-фабрикаларда қазақ тілін оқыту курстары ашылды, өнер мен мәдениет кештері ұйымдастырылды. Сайраш Әбішқызы сол тұстарда орыс тіліндегі басылымдарға да өткір мақалалар жазып, ұлт мүддесін ашық айтты, батыра жеткізді. Қазақ мектептері мен балабақшаларының санын көбейтіп, оларды қазақ ұлтының шын мәніндегі бесігі, ана тілінің ордасы ету үшін қаншама қажыр-қайрат жұмсалды десеңізші?! 1990 жылы «Қазақ тілі» қоғамының ұсынуымен Алматы қалалық кеңесінің депутаты болып сайланды. Сайраш Әбішқызының есімі Алатаудың арғы бетіндегі Манас елі –қырғыз бауырларға да жақсы таныс. «Қазақ-қырғыз бауырластығы» қоғамының төрайымы бола жүріп, еңі ел арасындағы рухани-мәдени қарым-қатынасты жақсартуға көп ықпал етті. «Чуй Баяны» газетінде қырғыз тілінде жарық көрген «Қазақ, қырғыз бір туған» мақаласында екі ел арасындағы тамыры тереңге кеткен достықты паш етті. Осылайша, әрбір игілікті істің басында жүретін, жалынды сөзімен, батыл әрекетімен небір қиын түйіндерді шеше білетін Сайраштай қызына халықтың да ықыласы ерекше. 1995 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өз қолынан «Құрмет» орденін алғанда, басқа да мерейлі шақтарда, тіпті, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы атанғанда жер-жерден жылы лебіздер, құттықтаған жеделхаттар жаңбырша жауды. Олардың кейбірі өлең жолымен де өріліп жатады. Болса екен деп ғалам нұр, Болса екен деп далам гүл. Халқым халық болса деп, Мазасыз бір адам жүр. Бары – халқы – базары, Сонда ғана назары, Ажары да қазағы, Азабы да қазағы... Иә, халқын ойлап мазасыз күн кешіп, азабын көтеріскен қайрат иелері барда қазақтың бақыты ортаймайды. Тәуелсіздіктің он жылдың тойы қарсаңында Алматы қалалық әкімшілігінде Сайраш Әбішқызына Елбасының алғыс хаты табыс етілді. Таратып айтсақ, бұл – бір журнал аясынан жеті журнал шығарып, оның төртеуін жеке басылым етіп, қазақ тіліндегі педагогикалық журналдарды көбейту, қазақстандық мектепті қалыптастыру, «Қазақ тілі» қоғамын басқарып, мемлекеттік тілді дамыту, т.б. игі істері арқылы Тәуелсіздікке қосқан үлесі үшін көрсетілген лайықты құрмет. Шапағатты шақтар. Сонау 1965 жылы сегіз жылдық ауыл мектебінде тыным көрмей мұғалімдік жолын бастаған Сайраш Әбішқызының көмекші серігіне айналған журнал – «Қазақстан мектебі» еді. Өзі ұзақ жыл тұрақты оқырманы, белсенді авторы болған осы журналға ол 1983 жылы бас редакторының орынбасары әрі «Бастауыш мектеп» қосымшасының редакторы болып келді. Баспасөз жұмысының ыстық-суығын көрген педагог-журналиске бұл міндет қиын соқпағанымен, тарихы тереңде жатқан журнал алдындағы жауапкершілікті бірден сезінген. Бұл сезім, әсіресе, 1987 жылы шілдеде зейнеткерлікке шыққан Мұқаш Сәрсекеевтің орнына бас редактор қызметіне тағайындалғанда арта түсті. Ең алдымен, журналдың өрісін кеңейту керек болды. Себебі, Кеңес Одағы тұсында Мәскеуден орыс тілінде педагогикалық жиырма шақты журнал шығып тұратын, ал Қазақстанда соның бәрінің дерлік міндетін жалғыз «Қазақстан мектебі» атқарды. Мұнымен барлық пәндерді қамту, әрбір мұғалімнің қажетін өтеу мүмкін емес-ті. Қосымшалардың ашылуы осылай басталды. Қаншама есіктер қағылды, мөрлер мен қолдар жиналды. Әуелі 1959 жылы жабылып қалған «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы шыға бастады. 1991 жылы «Отбасы және балабақша», 1992 жылы «Информатика, физика, математика», 1993 жылы «Қазақ тарихы», 1996 жылы «Биология, география және химия» қосымша журналдарының тұсауы кесілді. Сөйтіп, бір шаңырақтан бес журнал шығып тұрған кездері де болды. Оның қаншалықты қаржы мен шығармашылық күш-қуат талап ететіні тағы бар. Кейін біртіндеп бұл журналдар жеке отау тігіп, бөлініп шықты. Қазіргі уақытта «Биология, география және химия» журналы, «Биология және салауаттылық негізі», «Химия – мектепте», «География және табиғат» деген үш журналға айналған. Осылардың және тәрбие саласына арналған «Тәрбие құралы» журналының жарық көруі де С.Әбішқызының тікелей басшылығымен жүзеге асты. «Қазақ тарихы» журналының дүниеге келуі тәуелсіз Қазақстанның елеулі табысы десек артық емес. Осы уақыт ішінде журнал өткен тарихымыздың небір ақтаңдақ беттерінің орнын толтырып үлгерді десеңізші. 1995 жылы «Қазақ тарихы» журналына Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты дипломы берілді. Педагогикалық баспасөз саласындағы осындай еңбегі жоғары багаланып, Сайраш Әбішқызы «Құрмет» орденін алған тұңғыш ұстаз әрі журналист, қазақ әйелдері арасында да мемлекет тарапынан марапатталғандардың алдында тұр. Ойымызды осы «тұңғыш» сөзінің төңірегінде өрбітіп көрейікші. Ата-ананың тұңғыш перзенті... «Қазақстан мектебі» журналының тұңғыш әйел редакторы... Қазақ тіліндегі жеке пәндерге арналған тұңғыш журналдарды дүниеге әкелуші... Шетелге сапар барысынан жазылған жолжазба очерктері үшін 1997 жылы М.Сералин атындағы сыйлықтың тұңғыш иегері... Алыстағы Англияның үздік жетістіктер мәліметтерін тіркейтін Кембридж ғұмырнамалың орталық жылнамасының 2000 жылғы анықтамалығының бірінші басылымына білім беру мен журналистика саласындағы үздік жетістіктері үшін есімі енгізіліп, арнайы Дипломмен марапатталған тұңғыш қазақ әйелі... осылай жалғаса береді. Осылайша әрбір жақсы істің басында тұру үшін «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп, Абай айтқан үш қасиетті бойға сіңірген бөлек жаратылыс иесі болу керек шығар. Бұл қасиеттердің алғашқысы – халық үшін қызмет еткізіп, қайраткерлікке жеткізсе, екіншісі – жан байлығымен жарасым тапқан қаламгерлікке жетелейді, ал үшіншісі – табиғатына біткен тәлімгер ұстаздықтан туатын жылы жүрек пен мейірім. «Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған» деген осы болар. Ы.Алтынсарин медалі мен білім беру ісінің үздігі атағы Сайраш Әбішқызының ұстаздықтағы белесі десек, оның жылы жүрегі мен адамгершілік шапағатын көрген сансыз ұл-қыздардың алғысы сол көңілдерде жазылып жатқан жеке бір тарих.

Қайырбек ШАҒЫР, ақын

qazaquni.kz