Арман Сқабылұлы: "ҰРДАЖЫҚ" ПОЛИЦИЯ МОДЕЛІНЕН ҚАШАН ҚҰТЫЛАМЫЗ?

Соңғы бір-екі жылда Ішкі Істер министрлігі реформа бастап, елде сервистік полиция моделін енгізбек болып жатыр. Тіпті үш-төрт қалада сервистік полицияның алғашқы ошақтары пайда болғанынан да хабардармыз. Сервистік полиция деген не? Француздар мұны "жанға жақын полиция" (Police de proximit) дейді. Немістер "халықтың қамқоры" деседі. Америкада да солай. Олар қылмыскерді ұстау үшін емес, сол қылмысты болдырмау үшін жұмыс істейді. Кеңселері әйнекпен қоршалған. Бәрі көрініп тұрады. Халықпен етене араласып жатыр. Психолог те, әлеуметтік сала маманы да осында отыр. Ең бастысы- полиция халықпен тілдесуді біледі. Керек болса кешқұрым көшеде кофе ішіп отырып мұң-мұқтажыңды тыңдауға әзір. Полицияны осыған арнайы дайындаған. Бізде ше? Бізде тәуелсіздіктің отыз жылында полиция қатарына қара күші көп, миы жоқ, ұрдажық кадрларды топырлатып жинап алдық. Аздаған ақылды, халыққа жақын, көкірегін кермейтіндері әлгі ұрдажықтардың көлеңкесінде қалып кетті. Нәтижесінде Қазақстан полициясы "ұрдажық полиция моделіне" көшіп алды. Әлі солай. Кеше Ағаділді төсегінен жұлып алып кеткен де, көшеде кәрі адамдарды сүйреп жүргендер де, бүгін Павлодарда бейбіт адамдармен "разборка" жасап, аспанға оқ атып жүргендер де осы ұрдажықтар! Мысал жетеді. Әттең, Грузиядағыдай бір сәтте полиция қатарын тазалап, адами кадрларды полицияға жинар ма еді. Адами кадрлар табылар-ау, "Саакашвилиді" қайдан табамыз? Арман Сқабылұлы, Фейсбук парақшасынан