Әйгілі әндердің авторы Гүлнәр Дәукенова дүниеден өтті

Белгілі әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, ҚР Композиторлар Одағының мүшесі Гүлнәр Дәукенова өмірден өтті, - деп хабарлайды baq.kz.

Бұл туралы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры, режиссер Асхат Маемиров Facebook парақшасында жазды.

Гүлнәр Дәукенова халық арасына кеңінен танылған "Сағындым сағым жылдар", "Күрең күз", "Қайран уақыт", "Шыңдағы шынарым-ай", "Мөлдір сезім" секілді көптеген әндердің авторы.

Ширек ғасырдан астам уақыт ұлттық музыкамыздың қара шаңырағы Құрманғазы оркестрінде еңбек етті. Еліміз тәуелсіздігін алған тұста үлкен толғаныстан туған "Жасай бер, Қазақстаным!" күйі көптеген оркестрлердің репертуарының алтын қорына енді. Елге деген махаббатын әнмен, күймен өрнектеген Гүлнәр апа  өмірде кішілік пен кісілікті, адалдық пен мейірімді, адамгершілік асыл қасиеттерді ту етті. Көптеген әндері марқұм Мәдина Ералиева шығармашылығының бойтұмарына айналды. Халық артистері Н.Нүсіпжанов, Р.Рымбаева, М.Жүнісова және А.Қосанова, Г.Дәуірбаева, М.Түсіпбаева, А.Иманбай, Г.Оразымбетова, А.Керімбекова, Мирас пен Құралай, "Жігіттер" квартеті, "Кешью" топтарының репетуарынан Г.Дәукенованың әндері берік орын алды - деп жазды ол.

Сонымен қатар Асхат Маемиров марқұмның артында қалған туыс-туғанына көңіл айтиты.

Өнер әлемінде өзіндік орны, өз биігі бар Гүлнар Даукенова - Үржардың қасиетті топырағынан түлеп ұшып, Шығыстың Шынары атанды. Гүлнәр әпке ақжарқын жеңгеміз еді, Ақжайық өңірінің сыйлы келіні еді. Тағдыр қосқан серігі - Донеділ Қажымов та елімізге танымал әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қош болыңыз, шыңдағы шынар сынды  Гүлнәр әпке, Гүлнәр жеңеше! Сағым жылдардың ішінде Сізді сағынған шақтарда, әр қазақтың жүрегінде Сіздің әндеріңіз жүретініне сенемін! Иманыңыз жолдас болсын, аяулы Гүлнар-Жеңеше, Гүлнәр-Әпке! - деп жазды Асхат Маемиров.