Жаңыл Асылбекова: Тойға шетелден әнші шақыратындар салық төлесін

397

Бергісіне 1 млн теңге, арғысына 4-5 млн теңге төлеп бір емес, бірнеше әншіні тойыңызға шақырар ма едіңіз?

Мен шақырмас едім.

Әнді ұнатпау, әншіні жек көруден емес. Араласып жүрген адамдарымды сыйлап қонаққа шақырам, оған сөз жоқ, бірақ анадай ақша төлеп емес. «Анау тойына осынша әнші шақырыпты, осынша қонақ шақырыпты, мынау жүргізіпті» деген ешкімге қажеті жоқ бәсекелестіктің бар екені рас. Әйтпесе, бір кеште 3-4 әнін фонограммамен айтқан әншіге миллиондап беретін адам, өмірін сақтап ажалдан алып қалған дәрігерге сонша ақша бермейді. Тіпті ол туралы ойланбайды да.. Рас қой. Той жасайтындарға айтарым, сол ақшаны әншіге бергенше жастарға бер. Қажеттеріне жаратсын. Қиналмай өмір сүрсін. Кредитке той жасап, сол тойға миллиондап төлеп әнші шақыру – абсурд. Абсурдтың көкесі, жастар сондай шығынға толы құрметті түсінбей ажырасып кететіні. Құдай сақтасын. Былай ойланып қарасаңыз, «түсініксіз бәсекелестік, ұят болады, елден қаламыз ба, жұрт не айтады» деген жалған намысты қоятын кез келді. Ал, мұртын балта шаппайтындар үшін карантин де, кризис те сөз емес. Ондайлар тойларына әншілерді бір-бірлеп емес, ұшақтап шақырады. Сен оларға шақырма деп қалай айтасың?! Байдың асын байқұс қызғанғандай. Олар 4-5 млн. теңге тұрмақ одан зорғысын төлеп шетелден Галкинді, Басковты, Лопесті шақырады. Шетелде той жасап әншілерді рейстеп шақыратындар да бар. Оларға қалай қой дейсің? Өз ақшасы, өз еркі. Әншілердің арқасынан қағып, аяқтарын жерге тигізбей отыратын да солар. Әйтпесе қарапайым халықта қайдағы ақша, әрқайсысының басында бір бір кредит.

Айтайын дегенім, миллиондап ақша төлейтіндер үкіметке салық төлесін де, күнде той жасап, әншілерді шақыра берсін. Төленген салық халық игілігіне жұмсалады.

Оған бола дауласып, өнерін бұлдаған әншілерді жерден алып жерге салып қайтеміз?!

Жаңыл Асылбекова,

Фейсбук парақшасынан