«Адамның кейбір кездері...»

«Адамның кейбір кездері, Көңілде алаң басылса, Тәңірінің берген өнері Көк бұлттан ашылса...». Кей шақтарда ойдың тереңіне сүңгіп, сананы сансыратып, мыңғырған мың ойлар миымызды толқытқанда, шешімін таппаған сұрақтар шер көңілдің шеменін жібіту үшін Абайға жүгінеді. Қарап отырып, оқып отырып, бағанағы ойлар хакім ойларымен астасып, өріліп, көңілің рақат, ал сұрақтар шешімін табады. Міне, жазылған бұл бір ауыз сөз – осы сезім түйірлері. Абай атамызға өзі өмір сүрген уақытты, кезеңді сынау қаншалықты қажет? Сынамай-ақ байдың баласы ретінде өз өмірін «іші толған у мен өрт» етпей-ақ, қызықшылықпен өткізсе, болмас па еді? «Қымбат күлкімен», «ырду-дырдумен» өмірін өткізе берсе де, әке малы жетер еді ғой. Бірақ Абай олай ете қоймады. Елінің қайратын жинап, ойын ұйықтатпай, ояту мақсаты – оған тыным бермеді. «Жүректе қайрат болмаса, ұйықтаған ойды кім түртпек, Ақылға сәуле қонбаса, Хайуанша жүріп күнелтпек» деген Абай: Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын» деп, хайуан мен адамның арасын, одан соң барып адам мен наданның ара жігін ашып береді. Абай атамыздың ұлылығы сонда – қай кезең болмасын адамзатқа ортақ күйді табуға, заманауи, санаға сәуле төгердей етіп сипаттауында. Адамға тән мінез-құлық, сезім, түйсіну бәрі де таяз аяда емес, өзі осы заманда өмір сүре тұра,  орта жайын майдалықтан ада, таза күйінде жырлағанында деп білеміз. «Аспаса, ақыл қайраттан, Тереңге бармас, үстірттер, Қартыңның ойы шар тартқан, Әдеті жеңіп, күңгірттер» деп өзі айтқандай, ақылы қайраттан асып, үстірттемей, тереңге барып, ойы шар тартпай, күңгірттемей, қара сөзге де дес беріп, сөз шығармашылығының қос қанатының бірі – прозаға да ден қояды. Абай прозасы – бір ғана қарасөз жанрымен өмірлік сипат алған. Абай атамыз үшінші қарасөзінде өз заманының ащы шындығын жазады. Соған күйінеді, қазақтың болашағы қандай болар екен деп уайымдайды. Айналасындағылардың билік, байлық, мәртебе үшін таласын көріп, оларға қарны ашады. Ел ішіндегі арызқойлық, бірін-бірі азғыру, бірін-бірі жеп қоярдай жек көру, аяқтарынан шалу, құлап жатқан қазақты орынан тұрғызудың орнына үстінен таптап өтіп кеткісі келіп тұратын қазақ қоғамын түзелсе, жөнделсе деп армандайды. Ел ішіндегі даудың көбеюін де шешуге тұрарлық адамның болмағанымен түсіндіреді. Ал шешеді деген билердің өздері де жақ-жақ болып, салғыласатынына наразылық білдіреді. «Ет сасыса, тұз себер, тұз сасыса не себер» деген қазақ мақалының осы жерде айтылар тұсы деп білемін. Елдің қаймағы, тұтқасы деп жүрген билердің өздері осындай болса, өзгелерге не жорық деп қатты толғанады, терең күрсінеді. Абай атамыздың Абайлығы сонда, тек қана өзі сүрген кезеңнің ғана мәселесі емес, әр дәуірге лайық келетін, адамзатпен бірге қатар жүретін алаңдаушылық екен. Абай атамыздың осы сөздерін, менің ойымша, көңілге түю керек. Төртінші қарасөзінде әрбір есті адам ойына түйер болса, күлкі өзі бір мастық екенін ұғынсын делінген. Күлкіге мас болып, ғафилдікке салынған кісі осы дүниесіне не о дүниесіне жинақы бола алмайды. Егер алды-артын ойлап, уайым-қайғы туралы бас ауыртатын болса, онда ол кісіден асқан «жинақы»  адам болмас еді. Ол туралы Абай атамыз: «Әрбір уайым-қайғы ойлаған кісі не дүние шаруасына, не ахирет шаруасына өзгеден жинақырақ болса керек. Әрбір жинақылықтың түбі кәніш болса керек» деген еді. Қамшының сабындай ғана бес күндік өмірге келген соң, тек уайым-қайғымен күн өткізбей, рахаттана өмір сүру керек. Ал біздің қазақ бар дүниесін өзге үшін жинап, өзгеге қызмет ету үшін жияды. Бар жақсысын қонаққа төсейді, бар жақсысын қонаққа береді, бар жақсысын қонаққа кигізеді. Сонда адамзат қашан өзіне қызмет етеді? Өмірді біреу үшін сүре ме? Әркім өз өміріне өзі ие болуы керек қой. Міне, бәрін орнымен беріп, орнымен өзгелерден де ала білу керек деген ой жатыр екен астарында. «Сегіз аяқ» өлеңінде «орынсыз ыржаң, болымсыз қылжаң бола ма дәулет, нәсіп бұл, - деп, орынсыз ыржақтаудан аулақ болуға шақырады. Сонымен қатар төртінші қарасөзінде үнемі күліп жүруге жанның шыдай алмайтындығы да айтылады. Бәрі де өз орнымен болу керек деген ой түйіндеуге болады. Маған ерекше ой салғаны – соңғы жолдар болды: «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды». Расында, көп өмірімізді жұртқа ренжумен, ұрсумен, қырғи-қабақ болумен өткізетін сияқтымыз. Құдайдың өзімізге өлшеп берген өмірін біреудің қылығына шыж-быж болып, бір бөлшегін соларға арнайтынымыз несі екен?! Сондықтан, әркім өз өмірінің иесі атанып, риза өмір сүру керек деген ой түйіндетеді. Философ Абайдың осы сөзіне саналы түрде келіссек те, адамзат баласы жеке-дара өмір сүрмей, қауымдасып өмір сүретін болғандықтан, оған күю-жану, риза болу, ренжу, кешіру секілді сезім бергендіктен, оларға тағы неге бұлай етесің деп айтуға да келмес. Себебі адамзат өмір сүрумен қатар, сезімді де пайдаланып тұр емес пе? Бірақ, қалай десек те, адам өзін-өзі тәрбиелеп отыру керек. Абай атамыз бесінші қарасөзінде не айтқысы келгенін білесіз бе, құрметті оқырманым?! Талайды тамсандырған хакім Абай бұл жолы да таңқалдырмай қоймады. Өзінің өткен өмірінен мол түйін түйген ақынның көпті көріп, молды түйіндегенін қайдан білеміз? Меніңше, бұның жауабын атамыздың бесінші қарасөзінен көруімізге болады. Менің ұғымымда, атамыз қазақтың мақалдарын сынап жатқан жоқ. Сол мақалдар арқылы қазақтын таным-түсінігін, өмірінің мәнін сынап жатыр деуге болады. Аталған мақалдарының барлығы да мал жию, дүние жию болып келеді де, бір де бірі білімді болайық, тапқан малымызды білімге жұмсайық демейтіндігін сынайды. Адамзат баласы бір-бірімен тек малдарымен ғана теңеседі деген ауыр ойдар арылтқысы келеді. Ол үшін «қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам жейді екен, бірақ ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малдыларды алдап алмақ яки мақтап алмақ екен, бермесе оныменен жауласпақ екен» деп, сол кезең психологиясын талдайды екен. «Іздеген еліміз сол ма?» деп сұрақ қояды. Негізінен, қазаққа мал да керек. Бірақ ол малды ілім-білімге жұмсау керек дегенді айтқысы келеді Абай атамыз. Абай атамыздың осы сөздерін, менің ойымша, көңілге түю керек. Талайды тамсандырған хакім Абай алтыншы қара сөзінде де таңқалдырмай қоймады. Өзінің өткен өмірінен мол түйін түйген ақынның көпті көріп, молды түйіндегенін бірлік пен тірлікке берген анықтамасынан байқаймыз. Қайткенде адамзат бірлікшіл болады, қалайша тірлік жасау керек деген сұрақтарға жауап іздейді. Ең бірінші, ағайын арасындағы ауызбіршілік туралы айтады: «Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін құдайдан тілейді, әйтпесе құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі біріне-бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?» деп сынай отырып, өз халқынан сұрақ бере отырып, өздері жауап бергенін қалайды. Қазақтың «Ырыс алды – тірлік» деген мақалды да атамыз өзінше талдайды. Бұл қай тірлік, кеудеден жан шықпағандық па деп, сұрайды, ары қарай өзі жауап береді: «Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады» деп, жай ғана тірі жүруді емес, өмір сүруді, бірлікпен өмір сүруді айтып отыр. Абай атамыздың осы сөздерін, менің ойымша, көңілге түю керек. Ал егер түймесек, Абай атам айтқандай, «өз сөзі» өзіне де қалды, біз де пайдаланып, талдау жасап, эссе жазып, түйсініп, тұшынып, өз керегімізге жаратып, ата сөздерінен, даналық ойларынан дән теріп отырмыз. Абай ойы – адамзат дәрісі. Шойбекова Ғ.Б. Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының шебер-педагогі, Филология ғылымдарының кандидаты, қауымд. профессор