Демократия және Бостандық аралы

Демократия термині екі латын сөзінен қалыптасқан. Демос – халық, кратос – Егеменділік. Қысқаша айтсақ, Демократия – Егеменді елдің өзін-өзі басқаруы. Тәуелсіздік кезеңінде алдымен экономика, кейін саясат деген ұстаныммен дамыдық. Қазір болса үлкен лауазым иелері, қоғамның жаңа кезеңде қойған талаптарына жауап ретінде, саяси шешімдердің, реформалардың қажеттілігін тілге тиек етуде. Халықты еститін билік концепциясын жариялап, саяси дағдарыстан шығу жолдарын іздестіріп, белгілі сарапшылар мен қоғам қайраткерлерін ұлттық комиссияларға жинауда. Осы тұста көбіміздің ойымызға заңды сұрақ келеді, бұл қалай, ел үшін аса маңызды сұрақтар біздің демократиялық, көппартиялық, екі палаталық Парламентімізде қарастырылуы керек емес пе?! Шамасы осындай маңызды сұрақтардың ұлттық комиссияларда қаралу себебі – Парламенттегі партияларға және олардың өкілдеріне биліктің, қоғамның сенбеушілігінде жатыр ма екен? Бұл сұрақтардың жауабы біреу – кешіктірмей шынайы демократиялық, толыққанды көппартиялық жүйенің қалыптасуы. Парламенттегі "Ақ Жол" партиясы дұрыс заң жобаларының ұсынылуы мен қабылдануын іске асыруға тырысса да, үкімет мүшелерін сынап-ақ жатса да, фракция мүшелерінің саны, дауысы аздығынан көп нәтижеге жете алмауда. Парламентте көпшілік дауысқа ие билік партиясының сөзі мен ісі өтуде. "Ақ Жол" партиясы – Мәжіліс жиналысының тәртібі, дауыс беру, заң қабылдау үрдістерін дамыған елдер Парламенттерінің жұмыс атқару стандарттарына жеткізу мақсатында, 2013 жылдан бері бірнеше рет «Парламенттік оппозиция туралы» Заң жобасын дайындап ұсынды. Аталмыш құжат, Парламентке ұсынылмай тұрып, бірқатар Батыс Европа елдерінің заң комиссияларының тексерістерінен өткен болатын. Дамыған елдердің қатарына өтуде жол ашар, парламенттік оппозицияны, толыққанды көппартиялық жүйені қалыптастырар Заң жобасы күні бүгінге дейін қабылданбауда. Бүгін Заң жобасы  Мәжілісте қабылданды. Көпшілік дауысқа негізделген «демократиялық» ережелер, аз дауысты партиялардың ұсынылған заң жобаларының еленбей, өтпей қалуына себеп болуда. Демократиялық дамудың тренді – толыққанды көппартиялық жүйенің қалыптасуы, «Парламенттік оппозиция туралы» Заңының қабылдануында жатыр. Парламенттегі көп мүшелі партияның ғана дегені болмай, аз дауысқа ие партиялардың да ұсыныстары заңды түрде ескерілуі қажет. Оппозиция және парламенттік оппозиция термині мен түсініктемелері қалыптастырылып, заңға еңгізіліп, негізделуі уақыт күттірмейтін іс. Бұл жолда Ақ Жол партиясының атқарған істері жеткілікті. Қоғам қайраткерлерін, азаматтық белсенділерді, саяси сарапшыларды, жалпы, елдің ертеңін ойлайтын азаматтарды осы маңызды мәселеге көңіл бөліп, ортаға ой салуға шақырамын. Осы орайда, өткенге көз жүгіртетін болсақ, көппартиялық жүйенің қалыптасуы оңай жолдардан өтпегенін байқаймыз. Мысалы, өзімізге жақын Түркия Республикасының бірпартиялық жүйеден көппартиялық жүйеге өткеніне қарайықшы. Мұстафа Кемал Ататүрік құрған партия елді жиырма жеті жыл басқарды. Түркия Республикасының құрушысы Ататүріктің қаһарман, ел құтқарушы ретіндегі жеке тарихи рөлі Республиқалық Халық Партиясының билікте ұзақ қалуына себепші болды. Көшбасшы өмірден қайтқаннан кейін, елдің дамуы бәсеңсіп, түрік қоғамы саяси-әлеуметтік дағдарысқа ұшырады. Осы кезеңде тығырықтан жол көрсетер жаңа тұлғалар саяси сахнаға шықты. Қоғамды бірпартиялық тар жолдан шығып, демократиялық көппартиялық даңғыл жолға шақырған, Түрік Президенті Тайып Ердоған айтқандай, «түрік елінің алғашқы демократы» Аднан Мендерес келді. 1946 жылдың 7 қаңтарында Желал Байар, Аднан Мендерес, Фуат Көпрүлі және Рефақ Королтан Демократиялық партиясын құрып, Түркияда көппартиялық дәуірдің есігін ашты. 1950 жылдың 14 мамырында «Жетер, сөз халықтікі» ұранымен бірнеше партиялар қатысқан сайлауда жеңіске жетіп, тұңғыш демократиялық Түрік Үкіметін құрды. Демократиялық партиясы 1960 жылдың 27-ші мамырына дейін билік басында болды. 10 жылдан кейін Түрік генералдары әскери көтеріліс жасады. Заңсыз жолмен келген әскери хунта, билікті қолға көшірді. Ата заңның күші жойылып, партиялар жабылды. Жаңа үкімет құрылып, генерал Жемал Гюрсел бастаған әскер басшыларының ұйымдастырған соты Башбақан, яғни Премьер-Министр Аднан Мендересті, Сыртқы істер министрі Фатих Рүштіні, қаржы министрі Хасан Полатқанды өлім жазасына қиып, дарға асты. Одан басқа партия мүшелері мен қолдаушылардан 15 адам өлім жазасына, 31 адам өмір бойы бас бостандығынан айрылды және 418 адам түрлі жазаларға тартылды. Сөйтіп Түркияда бұл күн, Демократиялық халық билігінің және көппартиялық кезеңнің қанға боялған оқиғасы ретінде еске алынатын күн болып тарихқа енді. 2019 жылдың 16 қыркүйегінде Отан үшін жан берген, шейіт саналатын бұл тұлғаларды еске алған Түркия Президенті Тайып Ердоған, олардың есімдерінің тарихта өшпейтінін баса айтты. Тарихи тұлғалардың соты өткен Яссы аралына «Демократия және Бостандық аралы» деген жаңа атау берілді. Демократияға арналған кездесулер, арнайы іс-шаралар өткізетін мекен ретінде бұл аралда жаңа конгресс холдар, мейрамханалар салынды. Демократиялық толғақ қысқан еліміздің қазіргі жағдайы, өсудің жаңа жолын табуға деген құлшынысы түріктердің сол кезеңдегі толғағына ұқсайды. Арада алпыс жыл бар екен. Түріктердің Отан Ана жатырынан шыққан баласы – Демократия қанымен бірге аралас туды, бірақ сондай жолмен келсе де өміршеңдігін дәлелдеді, тәй-тәй басып, шапшаң есейді. Әлсіз болмады, бүкіл Түркі дүниесіне үлгі боларлық демократиясы бар ел болып өсті. Қазір Түркия сол кісілердің салып өткен Демократия жолымен келеді, сол принциптерді ұстанып, көппартиялық саяси жүйемен дамуда. Жергілікті муниципалдық өзін-өзі басқару жүйесінен бастап, Президентті сайлауға дейінгі заңдар, барлық партиялар қатыса алатын заңдармен негізделіп, қолданылуда. Тек биліктегі ғана емес, оппозициялық партиялардың дауысы естіліп, ескерілетін саяси жүйе құрылған. Әлбетте, Қазақ елінің ұлтжандылары, осы тарихи мысалдарды ескере отырып, қиын жолдардан өткен мысалдардан сабақ алып, заңның берген мүмкіндіктерін қолдана отырып жаңа демократиялық көппартиялық жүйені құруға атсалысуы қажет. Бейбіт КҮЛМАҒАМБЕТ, Қазақ үні