Мақсат Жақауов: Білім уақытқа икемделмесе, білім болмас...

«Біз не көрмедік, пілді де, зілді де көрдік» деген еліміздің бүгінгі карантиндік науқандағы қам-харекеті, қандай жағдай туындамасын өз шешімін тауып, икемін келтірген заманды басынынан кешуде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының кешегі "Egemen Qazaqstan" газетіне берген «Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады» сұхбатында (https://egemen.kz/…/233344-prezident-qasym-zhomart-toqaev-e…), уақытша қиындықтағы университет пен мектеп білім алушыларының қашықтан білім алудағы процесіне ұласқандығы, оның басы-қасында білім беру майданындағы ұстаздардың еңбегіне оң ризашылығын білдіруі, ұстаздық етіп жалықпай тақтаның алдынан сандық пернелердің алдына отырған мұғалімдердің жүректеріне жылу сезімін ұялатқандай болды.

Бұрын-соңды болмаған жағдайда, дәл осы күнгі ұстаз барлық ғаламтордың сандық мүмкіндіктерін қолданып, кемінде жиырма оқушыдан арысы жүздеген дәріс алушыға дейін әрбір тақырыбынан айнымай, таңнын атысынан күннің батысына дейін оқу бағдарламасындағы дәрістерін мүлтіксіз орындап келеді.

Қырықжанды сынып жетекшісінен бастап, кафедра меңгерушісінің дәрістері, семинарлары, қосымша факультативтері тоқсанның аяғына дейін, аралық бақылаулардың нәтижесіне дейін үздіксіз тоқтамай жатыр. Әлбетте, карантин науқанында оқушыға да, мұғалімге де оңай тиіп жатқан жоқ. Өз сыныптастарымен балалық балғын шағын көре алмай мектебін сағынған оқушы болса, студенттік кезеңінің ыстық сәттерінен қол үзген бозбала студенттердің Алматысымен, Нұр-Сұлтанынан алыс ауылдарында дәстүрлі тәртіпке сыймай білімін жалғастырып жүр.

Расымен, ел Президенті айтпақшы, бұның бәрі – уақытша қиындықтар. Жалғыз біз емес, бүкіл әлем даму процесінің керуенінен қалып қоймай, осындай қашықтан оқу жүйесіне көшіп, болашақ саналы ұрпағына білім бағдарламаларынан үзбеуде. Десек те, барлық жағдайда еңбегіне тәрбиені, білімді, мәдениетті, ғылымды жинаған ұстаздардың үлес-салмағы ерекше. Олардың әлеуметтік-кәсіби деңгейіне мемлекет те арнайы «Педагог мәртебесі туралы» заңымен қорғап қолдауда. Бұл да қазіргі кезде мұғалімдер қауымының өз еңбектерінің тұрақты жүруіне, сенімді дамуына, сапалы қызметіне кепіл болатыны анық.

Айтпақшы, болашақ мұғалімдерді даярлайтын қара шаңырақ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бүгінгі жай-күйі, білім алушылардың қажетті білімін он бес апталық дәрісін, оның қорытынды бақылауларын қашықтан білім алуына жағдай жасап отыр. Студенттердің бір семестрлік еңбектерін өз таңдауларымен жинаған аралық бақылау нәтижелерімен, немесе таңдаған емтихан түрімен онлайндық, тестілік деңгейде өткізу жүйесіне бел буып отыр.

Университет басшылығы бұндай байламға, әуелі студенттердің өзінен тікелей эфирде ақылдасып, ойларын тыңдап, өтініштерін қабылдап, сонан соң профессорлық-оқытушылық құрамның Ғылыми кеңесінде анықтап бекітті. Шешім уақытылы әрі әркімге де тиімді болды.

Ал ақылы бөлімдегі білім алушылардың мерзімдік кезеңін ұзартуға, әлеуметтік жағдайларына қарай жеңілдіктерді қарастыруға дейін барған қадамдары осы қиын кездегі екіден бірі бара бермейтін тірлік болар еді.

Университет басшылығының басты құндылығы – студент деп табатын дара да парасатты әрекеттері, биылғы оқу жылын ел Президентінің тікелей білім саласына қойған тапсырмаларына сәйкес дер кезінде орынды жасалуда. Бастысы, биылғы курстың студенттері келесі курстарға күйзеліссіз, кедергісіз аяқ басады, бітіруші түлектер уақытында дипломдарын алады. Ал жыл бойы еңбегі еш кетпеген ұстаздарымыз болса, кезекті жазғы демалысына шығады. Бұндай ахуал барлық білім деңгейлерінде де орын алып отыр. Яғни, жүйе тоқтаған жоқ, жүйе жұмысын атқаруда деген сөз... Мақсат Жақауов,

Абай атындағы ҚазҰПУ

Жастар ісі жөнінен ректор кеңесшісі, саясаттанушы