Қазақ мемлекетінде қазақ тіліне қажеттілік жоқ болып тұр - Ержан Әділ

Шенділер тілін шайнайды, қайнайды қаның қайнайды...

Біз жылдар бойы мемлекеттің көлемді қаржысына мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді үйретіп, оқытып келдік. Жалпы сау ақылға симайтын дүние болса да қазақы кеңшілігімізге әлде қорқақтығымызға (батырлық өтті) басып солай істедік. Жарнамаң, анауың-мынауың қазақ тілінде қате екен деп әркімнің есігін жағаладық. Түзетсең қайтеді деп жалынғандай күй кештік. Бірақ, тіл үйрету курстарына бұлданып барып, сызданып сұрақ қойып, сытылып кеткендер көп болды. Кейбіреуі, керек еді маған қазақ тілі деп шалқайды. Үйренуге ниет танытқандар тым аз болды. Себебі, ҚАЖЕТТІЛІК болмады. Қазақ мемлекетінде қазақ тіліне қажеттілік жоқ болып тұр. Бұл қасіретті шындық. Халық сабырмен сұрады, талап етті. Сан түрлі іс-шара өткізді, айтты, тіресті, күресті сонда да ала алмады үлесті. Өйткені, барлық қызмет саласында қазақ тіліне ешқандай қажеттілік жоқ. Тіпті мекемелер үшін қазақ тілі қанжығада сүйретіліп, ат үркітер артық заттай сезіле бастады. Өзге ұлт өкілімен жиналыста қатар отырып 100% өзгенің тілінде ақпарат алуға мәжбүр етті. Ол паң, біз аң-таң. Бұл қорлықты екі иығың түсіп көтеріп отыруың керек. Тәртіп солай. Жиындағы 80% қазақ жат тілін толық түсіне ме, онда ешкімнің шаруасы жоқ. Ең бастысы ана 20% түсінсе болды. Алда-жалда «бір тентек» шығып «әу, халайық, мен де түсінгім келеді, біз өзі қай мемлекетте отырмыз десе» әр жерден жылт-жылт етіп жанып-өшіп дұрыс деген үмітті көздер мен тіліңді кесіп алардай одырайып, жұтып қоярдай жексұрын немесе «енді былай ғой» деп түлкі бұлаңға салатын жылмақай көздер саған ентелей қарап, соңғы екеуі талап жей салады. Бұл не сонда? Халықты алалау ма? Әлде Қазақстан бар болғаны бәріміздің «ортақ үйіміз» бе? Мемлекет емес, жай ғана үй. Үй болғанда әркім келіп ойына келгенін істей беретін, айта беретін, есігі жоқ тесігі көп «ортақ үй». Ауыр сөз. Бірақ солай боп тұр. Үйдің иесі шаңырағына ие болайын деп басын көтерсе көтенінен қағып түсіреді. Өйткені, бұл ортақ үй. Сарыарқаның төрінде сары сідік (пиво) сапыратын зауыттың сары қызы «қазақ тілінде шлабра, тряпкамен сөйлесіңдер» деп соқталдай жігіттерді сызып өтті. Селт еттік де қоя салдық. Кеңдік пе, кемдік пе? Сотқа берді. Сотта да сары қыздың сағы сынбады. Сызданып тұрып кешір деді? Кешіре салдық. Қазақтың тілін қорлау одан кейін тоқтаса кәне. Үдей түсті. Ал күйінген талай қазақтың тілін буып, өшіре салдық. Ашуға булығып, атқа мінді. Сабады, қамады. Не істемеді? Сәлделі мен сақалдылар сабыр деуден танбады. Көндік. Сөзге тоқтадық. Өшкен отты жоқтадық та ішімізден боқтадық. Бірақ үміт оты бәрібір жанбады. Баяғы жартас, сол жартас. Жаңғырық жүр қаңғырып. Әркімдер жүр тілімізге саңғырып. Шенділер тілін шайнайды, қайнайды қаның қайнайды. Жүзіміз қашан жайнайды. Шырмауға алып шықдықты, үлгі қылдық құлдықты. Мәселемен күреспей, адамдармен күрестік. Енді не істейміз деп күлтөбенің басында күнде жиын өткіздік. Ақылдасқандай, халық пен билік жақындасқандай болдық. Не пайда, ҚАЖЕТТІЛІК жасай алмадық. Анығы жасағысы келмей отыр. Иә, дұрыс түсіндіңіз. Дәл солар. Кім өзіне ор қазсын. Ержан Әділ, Фейсбук парақшасынан