Мұстафа Шоқай ұлт зиялысын қалай түсініп еді?

83

Энциклопедиялық деңгейдегі білімдар, жалынды публицист, заңгер-ғалым, сыртқы саясаттың майталман маманы, терең тарихшы Мұстафа Шоқай өз заманында сан тақырыпқа қалам тартқан болатын. Осылардың ішінде қоғам дамуында айрықша рөл атқаратын ұлттың зиялысы туралы мақалаларындағы өсиеттер мен аманаттар әлі күнге жарқырап тұр.

Ұлттық салт-дәстүрі жеткілікті Торғай датқа мен би-болыс Шоқайдың шаңырағында дүниеге келген, жасынан саяси-әлеуметтік өмірдің қызығын да, қиыншылығын да көріп өскен, өз заманына сәйкес білім алған, жиырма жылдан астам демократиялық дәстүрі жеткілікті Францияны мекен еткен, Түркістанның бүгіні мен ертеңін, болашағы мен келешегін ойлаған Мұстафа Шоқай қоғамның ұлттық зиялысы туралы ретті жерінде әңгіме етумен, пікір айтумен шектелмей, арнайы бірнеше мақала жазған болатын. Өзі шын мәнісіндегі ұлтының толыққанды зиялысы болған саяси қайраткердің бұл тақырыпты қозғауға, оның мәні мен мазмұнын ашуға толық құқығы бар еді. «Ұлттық зиялы», «Ұлттық зиялы жөнінде», «Ұлттық зиялы (Национальная интеллигенция), «Ұлт зиялыларын жетілдіру саясаты» т.б. кадрлар туралы еңбектерінде зиялылар табиғаты мен болмысы жан-жақты әңгіме болады.

Орыс және қазақ тіліндегі «Ұлттық зиялы» деген мақалаларын Мұстафа Шоқай «Ұлт зиялысы деген кім?» деп тікелей сұрақ қоюдан бастайды. Бұған дұрыс жауап қайыру шын мәнісінде оңай емес екенін атап көрсетеді де, оған байыпты әрі жан-жақты жауап береді. Оқығанның барлығын олардың біліміне қарап, зиялы деуге болмайтыны сияқты, белгілі бір ұлттың өкілі болғанына қарап, оны сол ұлттың зиялысы деуге болмайды деп кесіп айтады. Сонан соң белгілі бір ортақ идеяларды жете ұғынған және сонымен өзара байланысқа түскен білімділерді зиялы, ал саяси, қоғамдық немесе мәдени салалардың қайсысында болмасын өз халқына қызмет ету идеясын терең ұғынған зиялыны ұлттық деп санады.

Бүкіл түркі халқының азаттығы үшін күресіп, зиялыға тән міндетті өз басынан өткізген Мұстафа Шоқай зиялылардың миссиясы қаншалықты жоғары болса, оны атқару да соншалықты қиын екенін жақсы білді. Сондықтан ол зиялылардың міндетін одан әрі кеңейте, байыта түсіп, халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни шығу тегі, салт-дәстүрі, тілі мен діні бір болған халық бұқарасын біртұтас саяси және әлеуметтік санаға жеткізу сияқты аса маңызды да жоғары міндет ұлттық зиялылардың үлесіне тиеді дейді.

Түркістанның азаттығы үшін күресте оның ең бірінші ішкі бірлігін аңсаған Мұстафа Шоқай ұлттық зиялылардың басшылығынсыз халықтың саяси, әлеуметтік бірлігіне айналған ұлттың болмайтынындай, халық бұқарасынан қолдау көрмеген зиялы қауымның жалғыз өзі де ештеңе істей алмайды деп ашық айтады. Сол себепті халықты ұлт деңгейіне көтеру тәрізді негізгі міндетті жүзеге асырып, оны жат үстемдіктің тепкісінен құтқарып, өз мекемелеріне өзін ие етіп, тәуелсіздік сияқты негізгі мақсатқа жету үшін ұлттың зиялы қауым мен өзі өкілі болып отырған ұлттық қасиет иесі халықтың

арасында бір ортақ сана болуы керектігін ескертеді. Осындай жарасымды үйлесімділікті, яғни халық тілегі мен оның мазмұнын дұрыс айқындау, белгіленген мақсатқа жету үшін іс пен әрекет бағдарламасын жасау да зиялылардың борышы мен міндеті деп есептелген.

Өз ойларын әрі қарай өрбіте отырып, Мұстафа Шоқай тағы да «Зиялылар қауымы өздерінің тарихи міндетін орындау үшін не істеуі керек?» деп сұрақ қояды да, тағы да өзі зиялылардың өздеріне жүктелген міндеттерін атқаруы жеткіліксіз екенін, олардың өз халқына қызмет етудің, онымен ортақ тіл та-быса білудің неғұрлым тиімді жолдарын табуы тиіс деп жауап қайтарады. Әрине, бұл зиялыдан адалдықты, әділеттілікті, аса зор жауапкершілік пен қажыр-қайратты қажет етсе, сондай-ақ бұқара халықтың да зиялыны түсіне алатын тиісті санасы болуы керектігін атап көрсетеді.

Мұстафа Шоқайдың осындай кемел әрі мәңгі өлмес өсиетін тағы да іштей еске түсіре отырып, еріксіз мынандай ойға кетесің. Бүгін ата-бабаларымыз сан ғасыр күресіп, керек болса, ғұмырын сарп етіп, азаттыққа қол жеткізген ұрпақ осыны түгел түсініп, бар күш-жігерін, рухани қуатын тәуелсіздікті тұғырлы етуге бағыттай алып отыр ма? Бірыңғай жауап беру қиын. Мысалы, қазір қоғамымызды жегідей жеп, кең етек алып отырған сыбайлас жемқорлықпен ұсталып жатқандардың көбісі – сауатсыздар, оқымағандар емес, алды бірнеше жоғары, тіпті шетелдік оқу орындарын бітіргендер және жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер. Жеке мүддені халық, мемлекет мүддесінен жоғары қою, нарықтық экономиканың жекеменшік иесі ететін құдіретті күшін тек өз басына қатысты түсіну талайды қылмысқа апарып, түрмеге тықты. Бұлар әсте білімсіз бейшаралар емес, адалдықты аяққа басқан, дүние көрсе бас салатын, құлқынның құлы, алдын-дағыны асап қалудың сан айласын игерген, белгілі бір «мектептерден» өткен, өздерінше «ұрлай алмайтындарды» бейшара санайтын «білімпаздар». Міне, осындай жағдайдан еліміз әлемдегі екі жүзге тарта мемлекеттің ішінде жүз қырқыншы орынға ие болып отыр.

Мұстафа Шоқай зиялы қауымның қалыптасуында ұлттық тәрбиенің рөліне ерекше көңіл бөлген болатын. Өзі де тәрбиенің темір қазығы отбасында барды көрген, жастай зеректігімен көпті түсінген болатын. Ал кейінгі өмірінде, азаттық үшін күрес жолында, жиырма жылдан астам эмиграциялық жағдайда талай ұлттың қайраткерлермен кездескен, жүздескен, ретті жерінде айтысқа да түскен ол Батыс мектептерінде тәрбиеленген зиялылар өз халқына ұлттық тәрбие беріп жарытпайды және халық та олардан пәлендей бір ұлттық тәрбие алып жарымайтынына әбден көзі жеткен. Сондықтан «ұлттық рухтың» қайнар бұлағынан сусындаған, тек Батыс тәрбиесін алған, онда жинаған білімдерін өз халқының өмірімен (Шығыс рухпен) бірлестіре алмаған көптеген туыстарымызды халқымыздың жан-дүниесіне сіңген, ұлттық тарихымыздың өн бойында жатқан «шығыс зердесінен» айырғанын, сондықтан ондай зиялылар рухани жақтан өз халқына өгей болып қалатынын да ескертті. Батыс тәрбиесін алған туыстарымыз басқа жақтан жинаған білімдерін өз халқының өмірімен (Шығыс зердесімен) бірлестіре алмады дегендегі ойдың мәні, Мұстафа Шоқай өз тілімен айтқанда, олардың

«шығыстық рухтың», «ұлттық рухтың» қайнар бұлағынан сусындай алмауында еді.

Осы бір сәтте өзінің досы, 1942 жылғы 8 ақпанда Парижде Мұстафа Шоқайды еске түсіруге арналған салтанатты мәжілісте 1927 жылдан Францияда тұратын, бұрынғы Украина Халық Республикасының сыртқы істер министрі А.Я.Шулбгиннің мына сөзін назарларыңызға ұсына кетейін: «Мұстафа-би кім еді? Бір жағынан ол таза мұслман. өзінің жақсы жақтарын жүзеге асыруға бар ынта-жігерін салған Ұлы Түркістанның және Шығыстың адамы еді. Екінші жағынан бұл адам, өзінің өте керемет қабілетімен Батыстың өркениеттілігін сіңіріп, сол арқылы орыс мәдениетіне терең енді».

Қазіргі күнгі біздің шындығымыз – кешегі кеңес заманы орнатқан «Қытай қорғаны» алынып, ұл-қыздарымыз шетелге еркін барып, қажетті білім, өнегелерді алып жатыр. Біздің елімізге де әлемдік өркениет әсте жат емес. Бұл – алға дамуымыздың маңызды факторларының бірі. Әңгіме сол алған білімді, көрген өнегені ұлтымыздың пайдасына қалай тиімді жаратамыз дегенде емес пе? Батыс өнегесін де дұрыс қабылдай алмаған білім саласының басшыларының балабақшаның төрт-бес жасар, тіпті өзінің ана тілін де білмейтін ұл-қыздарымызға үш тілді үйретуінен пәлен жылда зорға құтылдық. Ал орыс мектебін бітірген, жоғары оқу орнында білім алған, алайда ұлттық рухтан жұрдай кейбір лауазымды қызметте жүрген қаракөз бауырларымыз аузына ана тілін алмай, орыс тілін қызғыштай қорып жүрген жоқ па? Шындап келгенде, орыс тілі біздің қорғауымызға мәжбүр емес. Оның әсте рухы да кем емес халқы бар, ұлттық құндылықтарын қастерлеп, берік сақтап отырған елі бар.

Мұстафа Шоқай өз тарихымыздың патшалық Ресей дәуірінен ащы бір мысал келтіріліп, содан сабақ алуды ұсынады. Ол аса дарынды, данышпандық деңгейге көтерілген қыр баласы Шоқан Уәлихановтың берісі орыс, әрісі Батыстың рухымен өз халқын бақытты ету мүмкіндігін іздегені, бірақ таба ал-май, өз басынан кешірген ащы сабақтардан, қайғылы оқиғалардан кейін барып, өз халқына өгей болып бара жатқанын сезінгені, барлығынан бас тартып, ауылға кеткен тағдыры еді. Ал мұндай мысалдар бізде аз ба? Шетелде, өз еліміздегі жоғары оқу орындарында өзге тілде білім-тәрбие алып, алған білімдерін түрлі себептермен күнделікті өмірде пайдалана алмай, дал болып жүргендер де, шетелге кетіп жатқандар да, кеткісі келетін жастар да аз емес. «Шығыс» және «Батыс» рухын үйлестіре алмай, ажырасып жатқандар жас отбасылары да баршылық.

Мұстафа Шоқай кезінде: «Біз бүгін «Шығыс рухы басым болуы себепті мешеу қалған» деп саналатын Түркияда Батыс білімі жергілікті жағдайларға сәйкес сәтті қолданылып жатқанын көріп отырмыз» деп «Батыс білімін» «Шығыс рухымен» ұштастыру үстіндегі Түркия тәжірибесін түркістандықтар үшін аса құнды деп санаған болатын. Бұл бүгініміз үшін де құнын әсте жойған жоқ. Бұдан түйетін қорытынды – бүгін сыртта оқудың мүмкіндіктері мол болып отырғанда жастарымызды соған дайындау, олардың ұлттық рухтан молырақ сусындауына ерекше көңіл бөлу керек. Рухты сырттағы оқумен

астастыра, қиыстыра алатындай қабілетті болғандары, оны халқымыздың игілігіне жарату жолдарын да білгендері маңызды.

Ұлттық тәрбиесінің де, ұлттық рухтың да негізі – ұлттық тіл. Қазіргі тиісті білім алған жастарымыздың, жас мамандарымыздың, тіпті билік басында жүргендердің өз ана тілінде еркін сөйлей алмауы, тіпті кейбіреулерінің сөйлесуге талпынбайтыны көңілді алаңдатады. Өйткені олар ондай лауазымды қызметке бару үшін қазақ тілін білу міндетті емес екенін жақсы біледі. Сондықтан бүгін өзінің ана тілін жеткілікті білмей-ақ басшылықта жүргендер жүздеп саналады. Кешірерсіздер, олардың ойына ұлттық рух, ұлттық намыс деген кіріп-шықпайды. Өйткені әзір қоғамымыз ондай талап қоя алмай отыр.

«Шығыс рухы» туралы Мұстафа Шоқайдың айтқаны биыл елімізде туғанына 175 жыл толуы кеңінен аталып жатқан хакім Абайдың «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста зор» дей отырып, «Залалынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек» дегендегі ойларын еріксіз еске түсіреді. Мұны сонау Францияда жүріп ұлы ақынның қайтыс болғанына 30 жыл толуына байланысты арнайы мақала жазған автордың білмеуі мүмкін емес.

Шынында да, «Шығыс рухы», біздіңше, ұлттық рух – тамаша қасиеттерге ие етумен бірге өз ұлтыңды шынайы тануға, өз халқыңның алдындағы өз борышыңды жоғары сезіне білуге көмектесетін құдіретті күш. Ал ол шынайы ұлтшылдық үдерісінде қалыптасатыны аян. Халқымыздың мәдени және рухани саладағы жетістіктерінің барлығы ұлтшылдық қозғалы-сына тән деумен шектелмей, Мұстафа Шоқай Түркістанда ұлттық өкіметтің үстемдігінен басқа ешбір күшті мойындамау негізіне құрылған ұлтшылдық идеясын «халқымыздың жаны мен жүрегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да бірге өмір сүреді» деп түсіндірген болатын.

Ескерте кетер бір мәселе – біз әлі Алаш көсемдері тұтынған «ұлтшылдық» ұғымын кешегі кеңестік түсініктен азат ете алмай келеміз. Бұл кейде қайшылықты жағдайларға соқтырып жүр. Шовинизмнің тікелей антонимы ретінде ұлтшылдық өз халқына шын берілгендіктің, өз халқын шынайы сүюдің көрінісі деп танығанымыз дұрыс болар еді. Ал жиі ауызға алатын «ұлтжанды» деген сөз есіме түскенде «итжанды, қатынжанды» деген теңеулер де қосарлана жүреді. Бәлкім, маған осылай көрінетін шығар.

Мұстафа Шоқай «Біз саяси қайраткерлерді оның ұрандарына қарап емес, іс-қимылдарына қарап бағалаймыз» – деп өзі айтқандай, ұлы күрескердің сонау лицейдегі оқушы және Петербордағы студенттік кездері, одан кейінгі саналы да сан салалы, қиын да күрделі күрескерлік жолы, кейін жат жерде де қайғы мен қасіретті аз тарпаған, алайда бір сәт толастамаған арпалысқа толы жалынды өмірі бұған бұлтартпас дәлел. Мария Шоқай «халқының келешегі мен тыныштығы үшін еш аянбайтын, социализмнің титтей қоспасы жоқ демократ» Мұстафа Шоқай туралы былай жазған болатын: «Саясатта да ол намысқой әрі жанға жақын болуы арқылы адамдардың жүрегіне жол табатын. Пікірталаста қызу қанды болушы еді. Өз пікірін дәлелдеуде қарсыласының намысына тиюден аулақ болатын. Көзқарас жиегі кең болғандықтан, өзінің

ойын еркін жеткізетін және айтқан пікірінің тыңдаушыға ұнаған-ұнамағанына мән бермейтін. Мұстафа тар ауқымды ұлтшылдықтың дұшпаны еді. Ол бүкіл Түркістан ұлттарының бірігуі жолындағы күрескер еді».

Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық зиялы жөнінде» деген келесі мақаласында соңғы кездері Түркістандағы кеңес баспасөзінде жергілікті ұлтшылдардың өлкені орыс пролетариатының тепкісінен құтқару мақсатында астыртын және ашық түрде жүргізіп отырған іс-қимылдарын көп жаза бастағанына назар аударады. Сондай-ақ Ташкенттегі Хамза атындағы театрда көрсетіліп жатқан «Түркістан ұлттық комитеті» деп аталатын астыртын ұйымның қызметін арқау еткен, көрермендер пікірі бойынша, Түркістан ұлтшылдарының іс-қимылын большевиктік тұрғыдан көрсеткен «Тарихқа тіл бітті» атты пьесаға қатысты екі мәселеге арнайы тоқтайды.

Пьесада Түркістандағы астыртын комитет мүшелерінің орыс пролетариатының үстемдігінен ұлттық буржуазияны құтқару мақсатында дегендегі буржуазия туралы кеңестік түсінікке талдау жасалады және олардың «Англия мен Жапония үкіметтеріне жобалар тапсырғаны» туралы айтылады. Автордың талдауынша, бұл өңірде «ұлттық буржуазияға» жатпайтын адам қалмаған. Ал пьесадағы екінші мәселе Кеңес үкіметінің уайымын үдетіп отыр-ған Түркия мен Алманияда оқып жатқан түркістандық жастар жайы еді. Қойылымда авторлар Түркістан ұлтшылдарын Түркия мен Алманияға жас-тарды оқуға жіберіп, Түркістанның ұлттық мүддесін жан пида етіп қорғайтын кадрлар дайындауды мақсат етеді деп айыптайды. Мұстафа Шоқай Түркістан зиялылары жастардың орыс оқу орындарында оқуына ешқашан қарсы болмағанын айта отырып, атамекеніміздің қоғамдық саяси өмірінде елеулі рөл атқарған адамдардың көбі Ресейде оқығандар деп бұған нақты мысалдар келтіреді. Мақала соңында автор: «адаспау үшін, адаса қалғанда дұрыс жолды қайта табу үшін де білімнің керектігін» айтып, аса маңызды қорытынды жасайды.

Саяси күрестің от-жалынында шыныққан, өмір жолында сан түрлі, сан мінезді саяси қайраткерлермен жолығып, олардың кейбіреулерімен айтысқа да түскен Мұстафа Шоқайдың саяси тұлғалар туралы айтқандары да ұлт зиялылары жөніндегі ойлармен сабақтас. Өзінің қайтыс боларынан бес жыл бұрын жазылған «1936 жыл» деген мақаласында: «Жалпы ұлттың мүддесін жеке қожалықтар мен жеке топтардың мүддесінен жоғары қоя білген, өзінің белгілі бір түзімге белгілі бір себептермен қалыптасқан қатынасын, оған тәуелділігін жалпы ұлт мүддесі тұрғысына сәйкес, ұлттың жалпы жағдайына үйлесетін түзім жолында құрбан ете білген адамдар ғана нағыз ұлттық патриот және ұлтқа пайдалы қызметші бола алады» деген болатын.

Ұлттың зиялысы кім дегенді біліп қана қоймай, олардың еліне сіңірген ерен еңбектерін ұрпақтар жадында сақтай білуді ұйымдастырып жатсақ, ортақ ісіміз тек ұтар еді. Бұрын-сонды қазақ тарихында ұлтымыздың саяси-әлеуметтік дамуына ерекше үлес қосқан, бүгінгі тәуелсіздігіміздің теориялық жағын да, практикалық мүмкіндіктерін жан-жақты сипаттап берген Әлихан Бөкейхан бастаған Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай сияқты ұлтымыздың шынайы көсемдерін есте қалдыруды

ойлап, қаламыздың әдемі бір жерінен Алаш алаңын ұйымдастырып, тұлғалар ескерткіштерін өздерінің асыл сөздерімен жұрт назарына ұсынып жатса, аса бір орынды тірлік болар еді. Сондай-ақ Қазақстанның партия жетекшісі мені қабырғаға қысты, сондықтан еліміздің Солтүстік бес облысын Ресейге қосып алуына келісім бердім дегенде, бұдан кейін келісім бермеген, онда мұны Саяси бюрода қараймыз деген Н.С. Хрущевке жер халықтың байлығы оны қарай алмайсыз деп қасқиып қарсы тұрған Ж. Тәшеневтің 100 жылдығы бейресми жиналыспен ғана атап өтілді. Сәл ғана ойланып, ағайын, егер осы кезде бес облыстан айрылғанды еске түсіріп көріңізші, қалай сезінер екенсіз. Ең болмаса қазіргі өз атындағы көшенің бір қолайлы жеріне бейбіт күннің нағыз қас батырына ескерткіш орнатып жатсақ, келер ұрпаққа қандай өнеге болар еді.

Әрбір қоғамның мақтанышы саналатын оқыған, білімді, сауатты, ұлттық рухы жоғары зиялы қауым ондаған, тіпті жүздеген жылдардың ішінде қалыптасады. Сондықтан тәуелсіздік жылдары шынайы зиялы қауымның қа-лыптасуы күрделі жағдайда өтуде. Оның бірнеше себептері бар. Біріншіден, ғасырларға созылған патшалық Ресейдің отарлық саясаты ата-баба дәстүрінің арқанын кесті. Ал соның саяси жалғасындай болған кеңестік кезең ұл-тымыздың бар зиялысын, сүттің қаймағын қалқып алды, қуғын-сүргінге түсірді, айдады, атты. Содан халқымыздың өркениетті ұлт болып қалыптасуына мүмкіндік берілмеді. Мемлекетіміздің жағдайы да солай болды. Екіншіден, кешегі қайта құрудан дем алған ұлттық рух, азаттықтың басты көрсеткіші ана тіліміз үшін күрес еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен соң басылып қалды. Бұл көңіл күйді ары қарай тиімді жалғастыра алмадық. Үшіншіден, тәуелсіздік жылдары демократиялық үрдістер зиялы кісілердің ой-тұжырымдарымен санасатын, қоғам үшін аса қажетті субъективті фактор – зиялылар институтын қалыптаса алмай отыр. Төртіншіден, осындай себептерден зиялы деген кісілеріміздің қоғамда кездесіп жатқан қиыншылық-тардан шығар жолды сілтеп, билікке көмектесудің орнына, оның алдына түсіп алып, өзі қайда бара жатқанын түсінбей, жүрегін алып жүгірушілік бүгін аз емес.

Сөзімізді Мұстафа Шоқайдың «Зиялы қауымның өкілдері қоғамның кішігірім әлеуметтік тобын құрайды да, өз ұлтының терең парасатын, шығар-машылық қабілетін жария етушісі, жақтаушысы ғана емес, сонымен бірге оның адамгершілік, мәдени, рухани үлгісі (эталон) болып саналады» деген ойымен аяқтай отырып, ұлттық рухсыз ұлт зиялысы толыққанды бола алмайды, шынайы мағынасындағы ұлтшылдықсыз зиялы қауым да әсте қалыптаспайды дегіміз келеді.

Әбдіжәлел Бәкір,

саяси ғылымдар докторы

Қазақ үні