ҒАЛЫМНЫҢ ЖАН ӘЛЕМІ

Белгілі тілтанушы, тіл ғылымына еңбегі сіңген ғалым, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор

ЖАМАЛ АЙТҚАЛИҚЫЗЫ МАНКЕЕВА

мерейлі 70 жаста

ҒАЛЫМНЫҢ ЖАН ӘЛЕМІ

Оразбаева Фаузия Шәмсиқызы,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,

педагогика ғылымдарының докторы,

профессор

Адалдық пен табандылық – ғалым үшін таптырмайтын қасиет. Өзіңнің кәсібіңе, тәлім берген ұстаздарына, ортаңа деген адалдықты аялап сақтау байыпты мінезді керек етеді. Біз білетін Жамал осы мінезінен айныған емес. Докторлық зерттеу жұмысын аяқтаған соң, мен Жамалды біздің университетке қызметке шақырдым. Қазіргі ғылымдағы жаңа бағыттармен студенттер білімін кеңейту үшін ұстанымы мықты ұстаздар керек-ақ. Оның үстіне өзі – парасатты педагог, жаңашыл ғалым, озық маман, тәрбиелі мұғалім, ақылды әріптес..

Құрбым маған жайлап қана өз шешімін айтты:

- Маған студенттерге дәріс берген ұнайды. Бірақ шәкірт кезімде осы жұмысқа қабылдаған, ғылымда да, өмірде де көп нәрсені үйреткен, қазір жастары ұлғая бастаған ұстаз апа-ағаларымды қалдырып кете алмаймын ғой... Әйтпесе, барғым-ақ келеді...

Мен әрі таңданып, әрі риза болдым. Бұл университет қабырғасынан аспирантураны үздік бітіріп, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына ғылыми қызметкер болып барған құрбымның жеке басынан гөрі, аяулы ұстаздарын, ғылыми ортасын ерекше бағалағанының белгісі еді. Биік адамгершілік пен адалдықтың, тазалық пен табандылықтың нышаны осындай болар. Адам бойында ішкі рухани дүниесі мен сыртқы іс-әрекетінің үндесуі, даралық тұлғасымен қоғамдық-әлеуметтік ортасының үйлесуі жарасым тапса, ол кімді болса да сүйсіндірері хақ.

Жамал Манкееваның ғылыми зерттеулерінің нысаны – халық санасында сақталып, жадында жатталған, өмірдің барлық салаларында қолданылатын; тарихи бай, тамыры терең, ұлттық тілдің мол қазынасын құрайтын бірліктер – мәдени лексика. Ғалымның түйіні бойынша: «...мәдени лексика ұлттық рух пен талғам негізінде, ұлттық тұрмыс пен шаруашылық ерекшелігіне сай, технологиялық процесс нәтижесінде, өз мәні мен атқаратын қызметіне сай, сөз тудырушы моделдер арқылы жасалатын, материалдық өндіріс пен мәдени туындылар атауларынан тұратын лексика-семантикалық категория деп анықталады». Тілшінің мақсаты – осы этномәдени атаулардың мәні мен мағынасын, табиғи болмысы мен мазмұнын, ішкі сыры мен сынын, сөздік қорда алатын орны мен маңызын айқындау, дәлелдеу, тұжырымдау.

Ғалымның зерттеуіне арқау болған этномәдени аталымдар қазақ тілінің сөз байлығын аңғартар басты көрсеткіш қана емес, олар ұлттың рухани келбетін: халықтың әлеуметтік, тұрмыстық, мәдени деңгейін, танымдық, психологиялық болмысын, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлерін бейнелейтін, сөз арқылы халықтың мәдени деңгейін көрсететін, ұлттың өндіріспен байланысты тұрмыс-тіршілігін, материалдық күйін айғақтайтын, оның өмір сүру ұстыны мен ұстанымдарын анықтайтын тілдік құрал есебінде қарастырылады. Ғалым зерделеген этномәдени аталымдар ғылым объектісі болуымен қатар, халықты, ұлтты, адамзатты танудың да кепілі болып табылады. Ұлт пен ұлыс туралы, ел мен елдік қасиеттер туралы, адам мен жалпы адамзаттық құндылықтар туралы дүниетанымдық ой-пікірлер айту нақты фактілерді, айқын тілдік деректерді қажет етеді. Бұл бағыттағы ғылыми тұжырымдар зерттеуші-ғалымның жауапкершілік міндетін арттыра түседі. Жамал Манкеева – тілді зерттеуші, танымал ғалым ғана емес, елдің берекесі мен бірлігін тілеп, адамдар арасына жарасты ынтымақ орнықтыруға ұмтылатын, Алла-тағала бойына айырықша кісілік қасиеттерді дарытқан ел-жұртына елеулі мінезімен танылған үлкен жүректі ұстаз-ғалым.

Ғалым үшін адалдық қасиет қалай керек болса, ұқыптылық пен ыждаһаттылық та солай қажет. Бұл – адамның адамшылығын, көңілі жақын дос-жарандарына деген ықыласын айғақтар сирек қасиеттер. Жамалда да осы қасиет мол. Оған көзім талай жеткен. Соның бірі есіме түсіп отыр. Иә, биылғы қыстың тым қытымыр болғанын ел біледі. Ауа райы адамдарға, әсіресе, қар қалың түскен шалғай жерлерге оңай соқпағаны белгілі.

Бірде маған Жамал телефон соқты:

- Жаңа теледидардан естіп, уайымдап қалдым. Бөгет бұзылып, Көкжыра, Самарды су алып кетті деді ғой... Сенің аулың емес пе?! Елден хабар бар ма?:

Даусы солғын естілді.

- Иә, Менің аулым... Бірақ ел аман, - дедім мен де іштей досыма риза болып. Қазақстанның шығысында, оның бір бүйірінде жатқан менің туған жерімді аты мен затына дейін біліп, жанашырлық танытып жатқан жанға қалай ғана риза болмассың... Мен Жамалдың Батыс Қазақстаннан – Оралдан екенін білсем де, қырық жыл қатар келе жатқан дос-құрбы, әріптесімнің қай ауылдан екенін білмейтінім еске түсіп, іштей қысылыңқырап қалдым... «Ауылың апаттан аман ба?» деген Жамалдың үні әлі күнге құлағымда тұр.

Ұқыптылық – кісілік нышаны деген... Сол рас-ау... Құрбымның мұқияттылығына, ықыласына тәнті болдым. Ол үнемі өзге де көңілі жақын жүретін адамдарының, елінің, жұртының, ағайын-туысының амандығын сұрап, тілеулес болып отырады. Осылай амандық сұрау арқылы адамдар бір-біріне деген құрметті қалғытпайды. Елдің, жердің саулығын білу арқылы тұтас қазақ елінің, қазақ жұртының берекесін түгендейтініміз ақиқат... Жамалдың бойындағы сөз бен істің, ішкі рухани тазалық пен адами принциптердің сәйкесіп отыруы кім-кімді болса да әркез риза етеді.

Профессор Жамал Манкеева – шынайы ғалымдық жаратылысымен, табиғи болмысымен және өмір сүру ұстанымдарымен қоғамда, әлеуметтік ортада, қызметте, жанұясында тазалық пен ізгіліктің білімдарлық пен біліктіліктің, үндесім мен үйлесімділіктің үлгісін көрсетіп, өнегелі ғұмыр кешіп келе жатқан замандасымыз. Сондықтан да ұлағатты ұстаздың, нағыз ғалымның, адал жардың, ардақты ананың, құрметті әріптестің, қадірлі құрбының, аяулы достың кісілігі – еліміздің рухани байлығын сақтауға, білімі – құндылықтарымыздың бағасын арттыруға, «мейірімі мен сезімі бізді құтты өмірге жетелеуге» (Скиф Анахарсис), білігі жеткіншек буын жастарға, келешек ұрпаққа тәлім беруге өлшеусіз үлес қосады.

Өйткені, ғалым ұстанымынан біз кісілік пен кішіліктің үндесімін, ой мен істің жымдаса біріккен әдемі үйлесімін көреміз.

Бұл – ғалымның болмысын танытып, адами жан дүниесін жарқыратып ашар үндесу мен үйлесімнің көрінісі.

«ЕКІ ЖАҚСЫ ҚОСЫЛМАЙДЫ» ДЕП КІМ АЙТТЫ?

Құралай Күдеринова,

А.Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының

бас ғылыми қызметкері,

филология ғылымдарының докторы,

профессор

Мен Жамал апайды емес, алғаш Зейнол ағайды көрдім.

Зейнол ағай Бейсенғалиев (ол кездегі фамилиясы осылай болатын) 80- жылдардағы ҚазМУда дәріс берген әдебиетші ағайлардың ең қаталы, ең «қиыны», ең жасы болатын. Атақты Х.Сүйіншәлиев, З.Қабдолов, Ордалиев, Т.Кәкішев, С.Садырбаев, Р.Бердібаев cынды ағайларымыздан гөрі Зейнол ағайдан көбірек қорқатынбыз, Зейнол ағайдың сабағына көбірек дайындалатынбыз.

Бірақ мені (бәлкім, өзгелерді де) Әуезов атындағы дәрісханада «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» пәнінен 3-4 топтың басын қосып дәріс оқитын Зейнол ағайдың мазмұнды лекциясы, қызық деректері, өзіне тән әдістемесі ғана таңғалдырмайтын. Ол кісінің бақытты жүзі (иә, иә!), шадыман көңілі, бәріне риза болмысы таңғалдыратын. Лекциясын тыңдап отырып, «мына кісі өміріне қатты разы-ау, осы... жолдасы кім екен? Әйелін өте жақсы көретін шығар... Әйелі жақсы адам шығар... Сүйгеніне қосылған шығар» деп ойлайтын да отыратынмын. Отбасы, балалары, туғандары, достарының бақытымен бақытты болатын кісінің бейнесін көретінмін.

Сол 19-20 жастағы көкіреккөзім қалт етіп қате кетпепті. Кейін 1995 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына жұмысқа келгенде Жамал апайды көргенде, міне сонда апайға да, өзіме де таңғалдым. Өзіме таңғалғаным түсінікті. Ал Жамал апайға таңғалғаным «мына қалада мынадай да кісі болады екен-ау» деген ой болды.

Ең бірінші – тазалық. Кіршіксіз жан тазалығын көрдім, оған ілесіп адалдық, оның қасында қарапайымдылық, одан өтіп МЕЙІР отыр: үлкенге де, кішіге де, алысқа да, жақынға да, танитынына да, танымайтынына да. Және осылардың бірде-біреуімен мақтануға жібермейтін ар, ұят, ождан деген тіптен көп екен.

Ғалыммын деп шікіреймейд, білмейсің деп шұқымайд. Жассың деп баласынбайд. Үлкенмін деп басынбайд. Мынадай кісінің қасында жүргеннің өзі рақат қой. Ендеше ондай жанға ғашық болу, ғашық болып қана емес-ау, қол жеткізіп, бір шаңырақтың астында ерлі-зайыпты боп, тіршілік ету тіптен бақыт шығар.

Зейнол ағайдың бақытты тұлғасының себебін, бірнеше жылдан кейін, сөйтіп, Жамал апайдан таптым. Жамал апайдың мейірге толы жүрегі күн сайын жақсы көру, махаббат, сүйіспеншілікпен қоректеніп, одан сайын мейірленеді екен. Таза көңілден шыққан сүйіспеншілік, жақсы көру де еш қартаймай, балаң қалпын, пәк қалпын сақтайды екен. Риясыз көңіл үлкен жүректі, мейірім мен қайырымға ғана толы жүректі жасайды екен.

Сөйтіп, екі жақсы қосылғанда ол адамдар маңайына тек қана шуағын төгеді екен!

Апайдың кең көңіліне, көл-көсір пейіліне, ақтілеу жүрегіне, риясыз жайылған дастарқанына куә болмаған жақын-жұрағаты жоқ шығар!

Мансаптан гөрі отбасын, ақшадан гөрі жүректің тазалығын, қызметтен гөрі жолдастарының көңілін жоғары қойған Жамал апай мен Зейнол ағайдың өмірлік ұстанымы бұл тіршіліктің мәніне сай! Қанағат, шүкірлік, тәуба, сүйіспеншілік – осы өлшемдер екі жанның жанына жақын, көңілдерін байытып, төрт құбыласын түгендейді.

Кейде адамдарды не үшін жақсы көретініңді білмейтін кез болады. Жамал апаймен бірге 25 жыл қызметтес болып келе жатсам да, бұл кісінің тұлғасы жайлы ұзақ жаза алмағанымның себебі, шамасы, жақсы қасиеттерін, жақсылығын түгендеп жеткізе алмайтынымда болса керек. Жақсы көретінім рас екен.

«БҰЛАҚ КӨРСЕ КӨЗІН АШАТЫН» МЕЙІРБАН ЖАН

Айман Жаңабекова,

А.Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері,

филология ғылымдарының докторы, профессор

«Білім – инемен құдық қазғандай». «Ғылым жолы – қиын жол». Ия, осы қиын-қыстауы мол ғылым жолына кез келген адамның бас сұқпасы анық. Не білімі барлар, не еңбекқор, пысықтар, не қайратты, жігерлі адамдар ғана бұл жолға түспек. Алайда бұл қиын жолда білсе де, білгенін жеткізе алмайтын, кейде өз пікірін дәлелдеуге келгенде күш-жігері жеткіліксіз болып жататын да адамдар болады. Қазақта «бұлақ көрсең көзін аш» деген мақал бар. Жамал апай, міне, осындай көмулі бұлақ боп жатқан қаншама дарындарды жолға салған, жоғын жасырып, барын асырып, ақыл-кеңесін беріп, демеу болған, апалық ақ жүрегін ашқан қамқор жан! Апайдың мұндай мейірбан болмысы, әсіресе, Тіл білімі институтында өтетін диссертациялық талқылау, қорғау жұмыстары кезінде айқын көрінетін. Орта бойлы, аққұба, дөңгелек жылы шырайлы жүзінен мейірім шапағаты төгіліп тұратын. Диссертациялық жұмысын қорғау үстінде тұрғандардың кейбірі батыл, кейбірі білгенін ұмытып, не айтып, не қойғанын да білмей қалатын жағдайлар да болады. Ғалым деген дәрежені қорғап шығу оңай сынақ емес-ақ. Осындай сынға түскен қиын сәттерде Жамал апайымыздың жылы сөздері, ізденушінің жеткізе алмаған сұрақтарға шырылдап тұрып жауап беріп жататыны біздің есімізде. Апайдың қорғау үстінде ғана емес, қорғауға дейін де тікелей шәкірті болмаса да, кеңес сұрай келген ізденушілерге ынты-шынтысымен бағыт-бағдар беріп жататыны да үйреншікті жағдай. Жамал апайдың демеуінің арқасында ғылыми жұмыстарын қорғап, бүгінде ғылым кандидаттары мен докторлары болып отырған шәкірттер еліміздің түкпір-түкпірінде жоғары оқу орындарында беделді ғалым, белді қызметкер болып, жоғарғы қызметтерді атқарып жүр. Олардың Жамал апайға деген ыстық ықыластары, шексіз ризашылықтары облыстарға іссапармен барғанымызда тіпті біздің алдымыздан шығып жатады. Олар әрдайым біздің институттың аурасын аңсайтынын айтады. Үлкен кісілерімізді сұрастырады, институт қабырғасында жүрген ғылыми процесс кезеңдерін қимастықпен еске алады. Тіл білімі институтына деген осындай сағынышты сезімді қалыптастырған кім еді, не еді? десеңіз, әрине ол – Жамал апай, ол кісінің төккен нұры, жылы шуағы, шапағаты дер едік. Апай өзінің сөзімен, өзін ұстай білуімен, өзінің ойды жеткізе білуімен айналасына да өзіндей болуға еріксіз ықпал етеді. Ғылыми ортаға әлі төселе қоймаған жастарға да апайдың жылы шырайы мен жылы сөздері жанға медеу, сөзге демеу еді. Қай кезде де Жамал апай отырған жердің барлығы жадырап қоя береді. Бұған қарап, әрине, Жамал апайды бәріне жалпақтай беретін бос сөздің адамы деуге әсті болмас. Апай қай кезде де ақиқатты астарлап айтатын, шындықты бетке басып, кісінің тауын шақпайтын, майдалап отырып, үйрете білетін, сөздің майын тамызып, ойды жұмсақ жеткізе білетін тактик, стратег десек болады. Ешкімнің көңілін қалдырмау, кісінің көңіліне тимеу – апайдың коммуникативтік ұстанымы, ізгі қасиеттерінің бірі. Қысқасы, Жамал апай – тірі жан баласын азулыға тістетпеуге, тұмсықтыға шұқытпауға тырысатын жанашыр да мейірбан жан. Сондықтан да болар, ұжымға жаңадан келгендер, әлі ғылыми ортада ширамаған тәжірибесі аз жастар, бағыт-бағдары әлі орнықпаған қолдауға зәру адамдар Жамал апайдың қасынан табылады. Жамал апай мұндай адамдарға қолынан келгенше көмектесуге әзір тұрады. Тіпті орта буын, аға буын ғалымдарының ғылыми пікірталастары арасында да да Жамал апай таразыны ұстап тұрып, о жақ бұ жақтың арасындағы ізгі қатынасты барынша сақтап қалуға тырысады. Ғылыми пікірталастардың субъективтік қатынастарға кері әсер етпеуін қадағалап, жібін жатқызып отыратындығы да бәрімізге белгілі. Жамал апай отырған жерде әрдайым жылылық қоршап тұрады.

Жамал апайдың аузынан әріптес құрбылары туралы ешқашан жаман сөз шықпайтын. Жалпы, Жамал апай – адам баласы туралы жаман сөз айтпайтын адам. Жамал апай кез келген адамның жақсы қасиетін көре білетін шамшырақ деуге болады.

Жамал апай қазақ тіл білімінде өзіндік мектеп қалыптастырған белгілі ғалым. Жаңа ғылыми парадигма болып отырған лексикология саласының дамыған формалары когнитивтік лингвистика, лингвомәдениеттану, лингвоелтану, психолингвистика, этнолингвистика, сонымен қатар дәстүрлі тарихи тіл білімі (тарихи түбір) саласы профессор Жамал Манкееваның есімімен тығыз байланысты. Жаңа бағыттар бойынша Жамал апай қаншама шәкірт дайындап, осы жаңа салалардың қазақ тіл білімінде қалыптасуына зор ықпал етті. Бүгінде Жамал апай қазақ тілінің мәдени кеңістігінде өз мектебін қалыптастырып отыр. Әбдуәли Қайдар, Ербол Жанпейісов салған этнолингвистика мектебінің бүгінгі жалғастырушысы, сол сияқты лингвомәдениеттану саласының негізін қалыптастырып отырған Ж.Манкееваның бүгінгі ғалымдық болмысы осы ұлттық тіл білімінің туын көтеруімен құнды деп санаймыз. Тілде таңбаланған ұлттық мәдени құндылықтарымыз туралы жазылған Жамал апайдың ғылыми еңбектері бүгінгі күні жарық көріп жатса, ол бүгінгі жас ғалымдардың ғана емес, ұлтымыздың келешегі үшін, ана тіліміз бен ұлттық мәдениетіміздің өсіп-өркендеуі үшін де аса маңызды еңбектер болып табылады. Осы орайда бүгінгі күні 70 жасқа келіп отырған Жамал апаймызға «қаламыңыз талмасын, шабытыңыз шарықтасын!» дей отырып, ұзақ та бақытты ғұмыр тілеймін!